28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Исра және миғраж түні

Исра және миғраж түні

Мақалалар
Жарнама

Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Харам мешітінен Ақса мешітіне дейін серуендеткен, Ақсадан жеті қат көкке көтерген, әр қабатында аяттарын көрсеткен, әр аяттарын мұсылмандарға ғибрат еткен Аллаға сансыз мақтаулар айтамын. Миғражда көргенін күмәнсіз үмметке насихат еткен Пағамбарға Алланың игілігі мен амандығы болсын. Пайғамбардың әрбір сөзін растаған Сыддық сахабаларға Алла разы болғай. Сахабалардың амалын үлгі еткен мұсылман үмметтін Алла туралықтан адастырмағай.

Исра мен Миғраж оқиғасы және осы оқиға кезінде бес уақыт намаздың парыз болғандығы ғұламалардың бір ауыздан ижмасы бойынша мутауатир (ең қуатты) дәлелмен бекітілген. Алайда Исра мен миғраж оқиғасы қай күні болғандығы жайлы ғұламаларымыз түрлі пікірге кеткен. Ең қуатты әрі көпшілік пікір исра және миғраж оқиғасын миләди 621 жылы, ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде болғандығына тоқтайды. Бұл түнде немесе күндізінде бекітілген нақты ғибадат жоқ. Күндізіндегі ораза ережеп айындағы мұстахаб ораза болып саналады.

Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда "исра” деп аталады). Одан миғражға («Миғраж» - көтерілу деген мағына береді) – жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі – аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.

Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді.

Исра және миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың шамамен оныншы жылы, яғни ислам тарихында "қайғыға толы жыл” деп аталған кезде жүзеге асты. Сол жылы пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен ұлы Қасым шетінеді. Соңынан ұлы Абдулла да қайтыс болды. Бауыр еті балаларынан айырылу Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оңайға соқпады. Осы жылдары қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз да дүние салды. Мұсылмандар кәпірлердің зорлық-зомбылығы мен ауыр азабынан қиналған-ды. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалардан Расулулланың қабырғасы қайысты.
Дегенмен, миғраж хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз үшін Алла Тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелді. Үміт шамын қайта жақты.

Осы түнде періште Жәбірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбарымызға: «Ей, Мұхаммед, Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр», – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда:

سُبْحانَ الَّذِي أَسْرى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بارَكْنا

حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آياتِنا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

 

"Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк қылған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол естуші, білуші”, – деді ("Исра” сүресі, 1-аят).

Үш мешіт қасиетті саналады. Олар Кағба мешіті (Меккеде), Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіті (Мединеде) және әл-Ақса мешіті (Иерусалимде). Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнәлар жасау харам (тиым салынған). Әл-Харам деп аталуының да себебі осында.

Аяттағы әл-Харам мешіті дегенде Мекке қаласы меңзеледі. Әл-Ақса мешіті кезінде Мұса мен Иса және ол екеуінің арасында өткен пайғамбарлардың (Алланың оларға сәлемі болсын) қыбыласы болған. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) да Меккедегі әл-Харам мешіті қыбыла болғанға дейін Ысқақ пен Яқуб екеуі салған әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқыған. Бұған қажылық сапарына барған бауырларымыз Мединедегі әл-Қибләтәйн (екі қыбылалы) мешітінде болғандарында көздері жетеді. «Ақса» ұзақ, алыс, бір шеттегі деген мағынаны білдіреді. Ол мешіт Меккеге қарағанда алыс, шеттегі ғибадатхана болғандықтан «әл-Ақса» деп атанып кеткен.

Әл-Ақса мешіті Алла тағала тарапынан берекелі мекен етілген. Оның хабарын аятта: «төңірегі тұнған береке», – делінді. Расында да, ол мекен мүбарак етілгендігінен Алла Тағала топырағын өте құнарлы, егіндерінің өнімін мол, ауа райын ғажап, суларын мөлдір әрі шипалы еткен. Сондай-ақ осы өлкеден көп пайғамбарлар шыққан.

Исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өңінде денесімен, әрі рухымен жасалған сапар. Имам Тахауи Ақида мәтінінде былай дейді:

والمعراج  حق ، وقد أسرى بالنبي صلى الله عليه وسلم ، وعرج بشخصه في اليقظة إلى السماء ، ثم إلى حيث شاء الله من العلا ، وأكرمه الله بما شاء ، وأوحى إليه ما أوحى ، ‏(‏ ما كذب الفؤاد ما رأى ‏)‏

 

Миғраж оқиғасы ақиқат. (ол түні) Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) Исра жасады. Ояу халде денесімен дүние аспанына көтерілді, одан ары Алла қалаған биіктікке көтерілді. Алла қалаған кереметтермен құрметтелді. Алла сол сәтте оған уахи берді. «(Пайғамбар) Көрген нәрселері жайлы еш өтірік айтпады» (Ән-Нәджм-11)

Ал миғраж – биікке көтерілу, жоғарылау дегенді білдіреді. Шариғатта – пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен амандығы болсын) Бәйтул-Мақдис мешітінен аспандағы Сидратул-мұнтәһәға көтерілгенін айтамыз. "Сидрат” арабшада ағаш, ал «мұнтәһә» – соңғы деген мағына береді. Мұнан әлемнің соңғы шегі түсініледі.

Алла Тағала бұл жайында Нәджім сүресінің 12-17 аяттарында былай баяндайды:

Ал енді оның көрген нәрсесіне сендер таласасыңдар ма? (12) أَفَتُمَارُونَهُ عَلَى مَا يَرَى
Расында ол, Жебрейілді екінші рет көрді. (13) وَلَقَدْ رَآهُ نَزْلَةً أُخْرَى
Тұрақтау ағашының жанында. (14) عِندَ سِدْرَةِ الْمُنتَهَى
Оның қасында Мәуа жаннаты бар. (15) عِندَهَا جَنَّةُ الْمَأْوَى
Сол уақытта ағашты қаптаған нәрсе қаптады. (16) إِذْ يَغْشَى السِّدْرَةَ مَا يَغْشَى
(Мұхаммедтің) көзі таймады да, үстірт қарамады. (17) مَا زَاغَ الْبَصَرُ وَمَا طَغَى

Адамзаттың өзінен тыс әлеммен қарым-қатынас жасауы әркімнің ақылына қона бермейді. Оған тек иман келтіргендер ғана сене алады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде де ой өрісі тар, дүниенің қалай пайда болғанын және де Жаратушы Иесінің құдіретіне күмәнмен қарап, сауатсыздықтан аса алмаған мүшріктер: «Керуен бір айда әрең барып келетін ұзақтықты Мұхаммед қалай бір түнде жүріп өтеді?» – деген күмәннан аса алмаған. Бірақ, Әбу Бәкір сияқты ислам дінін шын жүрекпен қабылдаған мұсылмандар: «Егер Мұхаммед осылай деген болса, онда ол дұрыс айтыпты. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын», –  деп жауап берген.

Миғраж оқиғасы туралы мағлұматтарды көптеген діни кітаптардан табуға болады. Олар: «Қысасул-әнбийа» (Ибн Касир), «Тәжул-қысас» (Ахмад ибн Мухаммад ал-Бухари), «Миғраж» (ибн Араби), «Мәғәрижун-нубууәт» (Абдул-Хақ ибн Сайфуд-Дин ) және т.б. кітаптар. Осы кітаптардан ортақ мағлұматты назарларыңызға ұсынамыз.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәбірейіл  маған пырақ деген жануарды жәннаттан алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар екен. Оған мініп, Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) екеуміз Бәйтул-Мақдиске келдік. Мұнда бізді дүниеден өткен пайғамбарлар күтіп алды. Сахих хадистерде Алла елшісі пайғамбар бауырларымен Ақса мешітінде екі ракағат намаз оқығаны айтылады. Екі бас намазда пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) имамдыққа өтуі Ислам діні Алла Тағаланың Өз пендесіне жолдаған соңғы сөзі екендігінің айғағы. Сондай-ақ, бұл намаз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның әкелген дінінің дәрежесін көрсетеді.

Бірінші қабат

Мен пыраққа мініп, кей хабарларда пырақты Ақса мешітіне қалдырып жер бетінен көкке көтерілдім. Жәбірейіл қасымда болды. Аспанның бірінші қабатына жеттік. Жәбірейіл оның күзетші періштесіне: «Қақпаны аш!» – деп бұйырды.

– Қасыңдағы жолдасың кім? – деп сұрады періште.

– Бұл Алланың хабибі соңғы пайғамбар Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – деп жауап берді.

– Мұхаммедтің пайғамбарлық дәуірі басталды ма? – деп таңғалып сұрады періште.

– Иә! – деп жауап қайырды Жәбірейіл.

– Қош келдің, Мұхаммед! – деп сүйіне қақпаны ашып, пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы алды ол.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті қат аспанға көтерілген сайын әр қабатта оны пайғамбар бауыры қарсы алып, «Қош келдің, ізгі бауырым!» деп өз ілтипатын көрсетіп жатты.

Бірінші болып қарсымыздан Адам (оған Алланың сәлемі болсын) шықты. Мен оған сәлем бердім. Ол маған: «Ей қадірлі перзентім, қош келдің», – деді. Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) оң мен сол жағында есік бар екен. Оң жағына қарап қуанып, сол жағына қарап көзіне жас алатын. Оң жағындағы жәннат есігі. Жәннатқа кіретін ұрпақтарының хал-жағдайын көріп, сүйсінер еді. Сол жағындағы тозақ есігі. Тозақтағы ұрпақтарының тартатын азабына қайғыратын.

Осыдан кейін Нұх (оған Алланың сәлем болсын) пайғамбармен жолықтым. Нұх пен Адамның бірге болуы жайдан-жай емес. Адам Ата жер жүзінде жаратылған бірінші адам болса, Нұх дүние жүзін су басып, барша жан иелері қайтыс болғаннан кейін, кемеде сақталып, тірі қалған халықтың атасы саналып келеді.

Алла күн мен айды және шексіз жұлдыздарды жақыннан көруді маған нәсіп етті. Сансыз періштелер Алланы дәріптеп, мадақ айтып жүргенін көрдім. Періштелердің бір тобы сапқа тізіліп, тік тұрып, Алланы ұлықтап жатыр екен. Мен Жәбірейілден: «Бұлар не істеп тұр?» – деп сұрадым. Ол маған: «Бұлар Жаратушы Иесіне ғибадат етіп тұр. Аспан жаратылғаннан қиямет күніне дейін осылай тұрып, құлшылық етеді. Бұлардың ғибадаты осылайша өтеді», – деп жауап берді. Мен де үмметіме осы ғибадатты сұрадым. Алла тағала сөзімді жерде қалдырмай, үмметіме намаз ішінде қиямда тұруды парыз етті.

Содан соң, дүниеден өтіп, түрлі азаптарға салынған күнәһарлар тобын көрдім. Жәбірейілден: «Бұлар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар кісі өлтірген, әке-шешесін қорлаған, араққа салынған, өсек, өтірік, жала сөздер айтқан, Алланың әміріне құлақ қоймаған адамдар және басқалар», – деп егжей-тегжейін баяндап берді. Бірінші аспанды еркін араладым. Аспан көркем әрі су сияқты көкпеңбек екен. Бірінші аспан мен екінші аспан арасындағы қашықтық бес жүз жылдық жол. Қалыңдығы да сонша екен.

Екінші қабат

Ол жерден аттанып аспанның екінші қабатына жеттік. Оның есігінің қасында да жоғарыдағыдай сұрақ-жауап болды. Рұқсат алып, ішкері кірдік.
Хазіреті Яһия мен Иса пайғамбарлар (оларға Алланың сәлемі болсын) осында екен. Олармен кездесіп, баталарын алдым.

Осы аспанды аралап жүргенде Мүнкир-Нәкир атты екі періштені көрдім. Бұл періштелер жерленген мәйіттің қабіріне кіріп, олардан сұрақ-жауап алады екен. Қастарына барып, сәлем бердім. Олар мені жақсы қарсы алды. Мен оларға: «Қабірде жатқан мәйіттен қалай сұрақ-жауап аласыңдар?» – деп сұрадым. Олар: «Адамдар мәйітті қабірге қойып кеткеннен соң, алдына кіріп: «Раббың кім, пайғамбарың кім, дінің не?» – деп сұрақ береміз. Шын мұсылман сұрағымызға: «Раббым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), дінім – Ислам», – деп қиналмай жауап береді. Оның жауабына қанығып, қайтып кетеміз. Пасық, мұнапық және кәпірлер сұрағымызға жөнді жауап бере алмайтыны анық. Біз оларды азапқа саламыз», – деп түсіндірді.

Үшінші қабат

Аспанның үшінші қабатына келдік. Ондағы сақшы періште де: «Қош келдің, Мұхаммед!» – деп бізді қуана қарсы алды. Мұнда жетпіс мың періштенің «Сүбхаанә зиль-мүлки уәль-мәләкуут, сүбхаанәль-мәликиль-хаййиль-ләзии ләә ямуут» (яғни, Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – барлық мүліктің әрі құдіреттің иесі. Және Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – хақиқи патша. Ол өз сипатымен тірі, ешуақытта өлмейді), деп тәсбих айтып жатқанын көрдім.
Бұл жерден өтіп, сапарымды жалғастырдым. Мұнда бастарын сәждеге қойып, Аллаға тәсбих айтып жатқан періштелерді көрдім. Мен оларға сәлем бердім. Олар бастарын сәждеден көтеріп, сәлеміме жауап айтты да, қайтып сәждеге жығылды. Мен Жәбірейілден: «Үшінші аспандағылардың ғибадаты осы екен де?» – деп сұрадым. Ол маған: «Иә, Алладан бұл ғибадатты сіз де сұрасаңыз болады», – деді. Солай істедім де. Алла тағала дұғамды қабыл етіп, намаздың әр ракатында екі рет сәжде жасауды маған парыз етті. Намаздың әр ракағатында екі сәжде жасаудың тарихи қайнары осыған саяды.

Үшінші аспанда Жүсіп, Дәуіт және Сүлеймен пайғамбарлармен (оларға Алланың сәлемі болсын) кездесіп, сұхбат құрдық.

Төртінші қабат

Төртінші қабатқа беттедік. Қақпаның сақшысынан кіруге рұқсат алып, мұндағы сапарымызды бастадық. Бұл жерде тізе бүгіп, тәсбих айтып, Аллаға құлшылық жасап отырған бір топ періштелерді көрдім. Мен Жәбірейілден: «Бұлар сонда Аллаға ғибадат етіп отыр ма?» – деп сұрадым. Ол маған: «Иә, осы аспан жаратылғаннан бері мұндағы періштелер осылайша құлшылық етеді, бұл ғибадатты сіз де Алладан сұраңыз», – деді. Шын ниет етіп, Жаратушы Иемнен осы ғибадатты сұрадым. Ниетім Аллаға жетіп, намаздың соңындағы «қағдай ахир» (соңғы отырыс) ғамалы парыз етілді.
Төртінші аспанда Ыдырыс (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбармен кездестім.

Аспанның төртінші қабатында тақта отырған суық жүзді үлкен бір періштені көрдім. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) оны маған: «Ол дүние ләззатын қырқып, жамағаттан айыратын, үйлерді тоздырып, зираттарға өмір бағыштайтын, сәбилерді жетім, қыз-келіншектерді жесір қалдыратын барлық мақұлықтардың жанын алушы Әзірейіл», – деп таныстырды. Оның жүзінде күлкі белгісін байқамайсың. Мен барып сәлем бердім. Бірақ сәлемім жауапсыз қалды. Алла тағала оған: «Хақтың хабибі, халықтың сәйідінің сәлемін қабыл ал!» – деп бұйырды. Періште дереу төмен түсіп, пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құшақтап: «Расында, Раббымыз сізді қадірлі, үмметіңізді құрметті етіп жаратты», – деп жылы қарсы алды. Жәбірейіл маған: «Иә, Расулулла! Өлім періштесі сізден басқа ешкімге орнынан тұрып, мұншалық қошемет көрсетпеген болатын», – деді. Мен оған: «Ей, бауырым Әзірейіл! Сен адамдардың жанын қалай аласың?» – деп сұрадым. Ол: «Несібесі таусылып, ажалы жеткен адамдарға жан алушы көмекші періштелерді жіберіп отырамын. Әрбір иманды ізгі адамның алдына алты жүз рахмет періштесі, әрбір имансыз жаман адамның алдына сонша азап періштесін жіберемін. Олар өлім төсегінде жатқан пенденің жанын терден, жүйкеден, еттен, қаннан ажыратып алады. Жанның шығуы тырнақ ұшынан басталып, тізеге жетеді. Аздап дем беріледі. Кейін жанталасу қайта басталып, жан кіндікке келеді, сосын жан алқымға жетіп, ғарғара сәті басталады. Періштелер жақсы адамдардың жанын қылды майдан ажыратып алғандай, жеңіл алып, оны иллийин деген орынға алып барып қояды. «Иллийин» – жәннаттың бір бау-бақшасы. Онда ізгі пенделердің жандары сақталады. Періштелер жаман адамның жанын ағашты тамырымен суырып немесе қойдың үстіне жабысқан тікенекті жұлып алғандай, денесінен қинап алады да, сижжин деген жерге алып кетеді. «Сижжин» – тозақтың бетіне жабылған бір тас. Ол тастың көптеген тесіктері бар. Кәпір, мұнапық, залым және бұзық жандар сол тесіктен тозаққа лақтырылады.

Төртінші аспанда орналасқан «Бәйтул-мәъмур» атты аспан періштелерінің қасиетті үйіне де жеттік. Жер жүзінде мұсылмандардың ең қасиетті үйі Мекке қаласындағы Кағба саналса, ал аспан әлемінде – осы үй екен. Күнде бұл үйде жетпіс мың періште тәуеп етеді, бір рет тәуеп еткен періштенің қиямет күніне дейін екінші тәуепке кезегі жетпейді екен. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) мені қолымнан ұстап, Бәйтул-мәъмурға алып кірді де, маған: «Иә, Алланың хабибі! Жер бетінде сіз барлық пайғамбарларға имам болып намаз оқып бердіңіз. Енді мұнда жеті аспан періштелерінің баршасына имам болып, екі ракағат намаз оқып берсеңіз», – деп өтініш білдірді. Мен Жәбірейіл бауырымның өтінішін қабыл алып, имам болып намаз оқып бердім. Мұндай көп жамағатты көрмеген едім. Сонда мені «менің үмметімнің де осыған ұқсас жамағаты болса еді» деген ой орады. Сонда Алла көңілімдегіні біліп: «Ей, хабибім Мұхаммед, бұл сияқты жамағатты сенің үмметіңде де пайда етемін. Ол – жұма намазына қатысқан жамағат. Бәйтул-мәъмурда оқылған намаздардың сауабын оларға да жазамын», – деді.

Бесінші қабат

Одан да жоғары көтеріліп, аспанның бесінші қабатына жеттік. Алдыңғыдай рұқсат сұрап, ішіне кірдік. Бұл жерде де Аллаға тәсбих айтып, құлшылық жасап жүрген періштелер көп екен. Мұнда Һарун және Аюб пайғамбарға (оларға Алланың сәлемі болсын) жолықтым.

Бесінші аспанда бір қауымды көрдім. Беттері қап-қара, нұрсыз, қайғылы, қорқынышқа толы. Азап періштелері оларды шыбықпен ұрып қуып жүр, заққұм атты от пен ірің аралас тағамды ауыздарына құйып тұр. Мен Жәбірейіл бауырымнан: «Бұлар кімдер?» - деп сұрадым. Ол маған: «Дүниеде Алланың берген ризық-несібесін басқалармен бөліспеген, малынан зекет шығармаған пенделер. Ондай адамдарды аспандағы періштелер Алланың күнәһар сараң дұшпаны деп әлемге жар салады. Ал, малынан зекет шығарғандарға Алла разы болып, аспандағы періштелер оларды Алланың иманды жомарт досы деп атайды. Бұл туралы Алла тағала: "Қазыналарыңды Құдай жолынан аямаңдар, өз қолдарыңды өздерің байлап (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Ізгі жандарды Тәңірі шын дос тұтады”, – дейді ("Бақара” сүресі, 195-аят).

 

Алтыншы қабат

Одан шығып, аспанның алтыншы қабатына жеттік. Қақпа алдындағы сақшы періште де мені көріп, қуана күтіп алды. Мұнда да Аллаға тәсбих айтып, құлшылық ұрып, жалбарынып жатқан көптеген періштелерді және түрлі ғажайыптарды көрдік. Алтыншы қабатта Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға жолықтым.

Алла тағала тарапынан Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне бұйырылған елу уақыт намаздың бес уақытқа қысқартылып, оларға жеңілдік жасалуына Мұса себепші болды. Үтір намазы да мұсылман үмметіне осы жерде уәжіп болған екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейілдің мақамына жеткен кезде, періште оған: «Иә Расулулла, қазір менің мақамымда тұрсыз. Сондықтан бір ракағат намаз оқыңыз, сонда Алла бұл жерді тағы да мүбәрак еткей», – деді. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір ракағат намаз оқыды, көңіліне «бір ракағат та намаз болушы ма еді» деген ой келді де, артынан тағы бір ракағат қосып, екі ракағатқа толықтырды. Алла тағаладан: «Иә, Мұхаммед! Сенің ғибадатың бізге ұнады, соның үшін тағы бір ракағат қосып қой. Оны біздің әміріміз деп білгейсің», – деп бұйырды. Үшінші ракағатты оқып, рукұге еңкейгенде Құнут деген періште: «Иә, Алланың хабибі! Құнут дұға арқылы маған ұлық дәреже берілді, сіз де осы дұғаны оқып, сыйлық ретінде қабыл етіңіз», – деп ұсыныс тастады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны да қабыл алды. Намазды оқып болғанымнан соң, Жәбірейіл маған: «Осы намазды берік ұстаңыз, мұнда жасырын хикмет жатыр», – деді.

Жетінші қабат

Аспанның ең соңғы қабатына да келдік. Мұнда да таусылмас керемет мұғжизалар бар екен. Онда бара жатып, кенет мұрнымызға хош иіс келді. Оның адамға жаққаны соншалық, жұта бергің келеді. Жәбірейілден: «Бұл не?» – деп сұрадым. Ол: «Сегіз жәннаттың иісі», – деп жауап берді. Алла тағала: «Кімде-кім Маған және пайғамбарыма иман келтіріп, ешкімді серік қоспаса, ізгі ғамал жасаса, сол пендеге жәннатыма кіру нәсіп болады», – деп хабар берді.

Жетінші аспанда Ибраһимды (оған Алланың сәлемі болсын) көріп, қасына барып, оған сәлем бердім. Сәлеміме жауап алып: «Қадірлі перзентім, қош келдің», – деп қуанышпен қарсы алды. Осыдан кейін біз ары өтіп, Сидратул – мунтәһәға да жеттік, ол Алланың құдіретіне белгі болардай, жемісті үлкен ағаш екен. «Сидратул – мұнтәһә» сөзі «шекараның соңы» деген ұғымды береді. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарлар, періштелер және ғалымдардың білім – ғылым өрісі де осында келіп бітеді»,– деген. Кейбіреулер: «Алланың ең ардақты пенделері шахидтердің рухтары осында келіп тоқтайды, одан ары өте алмайды», – дейді. Жәбірейіл періштенің мақамы да осында екен. Осы күнге дейін бұл жерден ары қарай пайғамбарлар және періштелерден ешкім өтпеген.

Жәбірейіл періште Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екеуіміздің де шекарамыз бар. Менің шекарам осы арада бітеді. Бұдан ассам, біткенім. Ал, сен Алланың мейманысың, Алла тағала сені өзіне шақырған. Сен адамзатқа жіберілген рахмет алып келуші пайғамбарсың. Мұнан ары өзің барғайсың»,- деп қоштасты.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол арадан әрі қарай қаншалықты дәреже көтерілгені, қалай көтерілгені сыр боп қалған.

التَّحِيَّاتُ لِلَّهِ وَالصَّلَوَاتُ وَالطَّيِّبَاتُ السَّلَامُ عَلَيْكَ أَيُّهَا النَّبِيُّ وَرَحْمَةُ اللَّهِ وَبَرَكَاتُهُ السَّلَامُ عَلَيْنَا وَعَلَى عِبَادِ اللَّهِ الصَّالِحِينَ

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарының жалғасы жайында: «Ғарышқа өттім. Алла тағала маған: «Ей, Мұхаммед, менімен сөйлес!» – деді. Мен: «Ей, тәңірім Алла! Тілім, жан-тәнім және мал-дәулетіммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшін», – дедім. Сонда Алла тағала: «Ей, Алланың елшісі, саған сәлем мен Алланың рахметі және берекеті болсын!” – деді. Мен: «Сәлем бізге және Алланың ізгі пенделеріне болсын», – дедім.

Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейін ұлы ғарышта – аспанның жоғарғы қабатында періштелер бір ауыздан танымал сөзді оқыды: «Алланың барлығы мен бірлігіне, хазіреті Мұхаммед Алланың пендесі және елшісі екендігіне куәлік береміз», – деді.

Біз әр намазда арабша оқып жүрген «әт-тәхийат» дұғасы осы, ол Алла Тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғражда сөйлесуінен келіп шыққан дұға. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғраж түнінде «үмметім, үмметім» деп көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, оларды ғапу етуді сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Тәңірім, мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын», – деді. Хақ тағала: «Намаз-мүминдердің миғражы», – деп Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хабармен қуантты.

Миғраж түнінде пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш сый жасалды.

1. «Бақара» сүресінің соңғы екі ("Әәмәнәр-расул”) аяты уахи етілді.

2. Қиямет күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметін шапағат ету құқығы берілді.

3. Бес уақыт намаз парыз етілді.

Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың құдіретіне белгі болатындай көп мұғжизаларды көру нәсіп етті. Ең ұлысы Алла Тағаланың кемел дидарын көру болды. Бұл ешбір пайғамбарға нәсіп етпеген ең ұлы керемет еді. Сол үшін пайғамбарымызға берілген есепсіз мұғжизалардың ең үлкендерінің бірі миғраж мұғжизасы. Өйткені, ол ең төменгі әлемдегі тозақты, ең жоғарғы әлемдегі пейішті өз көзімен көріп, тамашалады. Иә, шегі шексіз әлемді аралап шығу, көптеген оқиғаларды басынан өткізу түннің бір бөлігінде ғана болып өтті.

Оқиға соңына жетіп, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне қайтып келеді де, қуанышы қойнына сыймай миғражда көрген-білгендерін адамдарға ертерек жеткізуге асығады. Оқиғаны бастан-аяғына дейін тыңдап, мүшріктердің иман келтірмесіне көз жеткізген Әбу Тәліптің қызы Үмму һани Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) етегіне жабысып, оған: «Құрайыштықтар саған жала жаппаса екен деп қорқамын», – деп жылайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мейлі, айтқан сөздерімді жалған деп, мені өтірікшіге шығара қойсын. Оларды хабарландыру менің міндетім», – деп үйінен шығып кетеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан шығып тура Кағба алдына барады да, құрайыш қауымы өткізіп жатқан жиналысқа қатысады. Сол араға Әбу Жәһил де келіп, Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына отырады. «Көңіліне Алла иман нұры мен тәуфиқ салса, түк емес» деген жақсы ниетпен оған миғраж оқиғасын айта бастайды. Жүрегі тастай қатып, иманнан мақрұм қалған Әбу Жәһил әңгімені мұқият тыңдайды да, орнынан атып тұрып, адамдарды шақырып, оларға: «Құрметті халайық, жақын отырып, мынау "пайғамбардың” әңгімесіне құлақ түріп көріңдерші», – деп кекете бастайды. Расулулланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан әңгімесін ақылдарына сыйғыза алмаған кәпірлер: «Міне, енді жалғандығы паш болды», – деп сандарын шапалақтайды. Иманы әлсіз жандар ислам дінінен қайтып, күпірлік жолына бас ұрады. Құрайыш кәпірлері бұл оқиғаны дәлел ретінде пайдаланып: «Қалайша түннің бір сәтінде алыс жерге барып келеді, бұл өтірік емес пе?»- деп мүминдерге тиісе бастайды.

Басқа біреулер жүгіріп, Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) қасына келіп: «Ей, Әбу Бәкір, досың Мұхаммедтің айтып жатқанын естідің бе? Ол тағы бір жаңа өтірікті шығарыпты. Екі ай дегенде әрең жетіп баратын Бәйтул-Мақдиске түннің бір-ақ сәтінде барып келдім, деп лапылдап жүр. Сен не дейсің, әлде бұған да сенесің бе?» – деп оны шатастырмақшы болды. Әбу Бәкір оларға: «Осыны Мұхаммед айтқан болса, ол рас айтқан. Әрине, мен оған сенемін. Өйткені, жеті қабат аспан үстінен оған бір-ақ сәтте келген уахи хабарларына сеніп, оны мойындап жүрген мен, бұл айтқанына неге сенбейін?!» – деп жауап қайырды.

Сол күннен бастап Әбу Бәкір «сыддық», яғни шыншыл деп атала бастады. Сонымен адамдардың арасында түрлі-түрлі әңгімелер көбейді. Олардың ішінде Құдыста болған адамдар да бар еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұрын Құдыста болып көрмеп еді. Бәйтул-Мақдисты көргендер пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның қандай екендігін сұрап, сынамақ болды. Пайғамбарымыз көргенін әдемілеп сипаттап берді. Құдысты көргендер: «Иә сондай, иә сондай», – деуден ары өте алмады. Мүшріктердің бірқатары: «Біздің керуенімізді қай жерде көрдің?» – деп сұрады. Оларға да керуендерінің қай жерде келе жатқаны, онда неше адам барлығы, жағдайлары қалай екені, сол түні қай жерде қонғаны, кім басшы екені және ол қара боз түйеге мініп келе жатқаны, тіпті сол түйеге не артылғаны туралы анық сипаттама береді. Кейін адамдар керуенді күтіп алып, қараса пайғамбарымыз айтқанындай болып шығады.

Миғраж түнінен кейін Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) келіп пайғамбарымызға намаздардың уақыттары мен оның оқу тәртібін үйретеді. Сол күнге дейін ол Ибраһим (оған Алланың сәлем болсын) намаз оқығандай, күніне екі рет – таң мен кешкі уақыттарында екі ракағаттан төрт ракағат намаз оқып жүретін.

Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлық мұғжизасы исра және миғраж оқиғасын барлық мұсылмандар үлкен нығмет әрі құрмет деп қабылдаулары тиіс.

Құрметті бауырлар! Миғраж түні мен онда болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен Алла тағала иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты баршамызға нәсіп болсын. Мейірбан Алла Тағала ережеп пен шағбан айларында дүние және дін істерімізге береке беріп, рамазан айына аман-есен жеткізсін! Әмин!

 

Нұрбек Есмағанбет,

ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкiл имамы,

Алматы орталық мешiтiнiң Бас имамы 

 

 

 

Бөлісу: