Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам – деп М. Мақатаев ағамыз жырлағанындай «Ана» ұғымы кім-кімнің болмасын жүрегін елжіретпей қоймайды. Ана сөзі бір нәрсенің бастауы, негізі, асылы тб мағыналарға келеді. Жер Ана, Ана тілі деп атау берудің өзінен халқымыздың ана сөзін қастерлегенін байқаймыз. Мысалы, жалмауыз кемпір немесе мыстан кемпір деген сөзден басқа әйел-ана атауларының барлығы дерлік ерекше, қадірлі атауларға ие болған. Айталық, Хауа ана, Хадиша, Айша аналарымыз, Зере әже, Қарашаш, Домалақ ене тб есімдер аталғанда ойымызға жақсы ұғымдар оралары сөзсіз. Ата-ана деп қатар аталуының өзінен ер мен әйелдің орнының қоғамдағы рөлінің бірдей екенін аңғарамыз. Яғни, Ислам діні әйелді төмен бағалайды – деп екі әйел бір ермен бірдей куәлік беруі мен көп әйел алу тб мәселелерді алға тартып, қара күйе жағуға тырысқандарға жауап ретінде ислам дінін берік ұстанған халқымыз «Ата—ананың қадірін балалы болғанда білерсің», «Атаның құны, ананың сүті», «Ата—ананың қарызы, Ұрпақтың өмірлік парызы», «Ердің анасы — елдің анасы», «Алып анадан туады» тб көптеген мақал-мәтелдерінен ата мен ананы ажыратпағанын , бәлкім ананың сүтімен тәрбиенің сіңетінін, әрі еріне тіреу болған асыл әжелерімізді көреміз.
Анадан өнеге көрмеген қыз жаман,
Атадан тағылым алмаған ұл жаман (Қорқыт).
«Анасын көріп қызын ал» – деген ұлағатты сөздерден өмірлік жарыңды таңдағанда да «Ана» деген ардақты есім қаперден тыс қалмайды. Өкінішке орай, қазіргі уақытта ата-ананың пікірімен санаспай бір-бірін жақсы танымаған екі жастың отбасы құруындағы ажырасу мәселелерінің белең ала бастауы, қарттар үйіндегі ата-әжелердің көбейуі, жетім балалар мен жесір әйелдердің қамқоршысыз қалуы да осы асыл аналарымыздың құнын түсіріп жіберуіміз, жалпы рухани құндылықтарға мән бермей, материалдық дүниенің артынан кеткендігімізден болса керек. Әйтпесе, «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ел емес пе едік. Ел басымыз бір сөзінде: «Қазақта қарттар мен жетім балалар үйі деген болмаған, рухани жағынан құлдырамауымыз керек » – деп асыл аналарымыздың ұл-қыздары бола тұра қарттар үйінде отырғанына наразылығын білдірген еді.
Енді екі дүние сардары, соңғы елші, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед мустафаның (с.а.у) хадис шәрифтеріне назар аударғанда ата-ананың құрметтеуді анық көреміз, әрі осы мәтіндегі хадистер көптеп кездеседі: «Ең құнды амал – уақытында оқылған намаздан кейін ата-анаға жақсылық жасау» (Муслим.)
«Ата-анасына жақсылық жасаған адамның өмір жасы ұзақ және ризығы берекелі болады» (И. Ахмед)
«Ата-анаңа жақсылық етсең, кейін балаң да саған жақсылық жасайды» (Табарани)
«Сен де, мал-мүлкің де әкеңдікі» (Ибн Мажә).
Осындай хадистерді жаттап, мәніне терең үңілген дана халқымыз ұрпаққа үлгі боларлық тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған. Құраннан нәр алып, пайғамбар сүннетін орындаған елімізде қарттар үйінің болмауы да, асыл жанды аналар мен нәзік жандарға деген құрмет осы Ислам дінінен десек артық айтпаған болармыз. Алла Тағала мұсылмандарға өз ата-анасына кейіп, ренжітуге тыйым салды. Ол туралы Құран Кәрімде: «Егер ол екеуінің бірі немесе екеуіне де кәрілік жетсе, оларға “Туһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мархабат құшағын жай да: “Раббым! Ол екеуі кішкентайымда тәрбиелегендей, Сен де оларды мархабатына бөлей гөр!” – де» .
Алланың елшісіне (с.а.с.) бір кісі келіп: «Ей, Алланың елшісі, маған ең жақын адам кім?» – деп сұрайды. Ол: “Анаң,” – дейді. Содан тағы да: «Одан соң кім?» – дейді. Алланың елшісі (с.а.с.) оған тағы да: “Анаң,” — деп жауап береді. Әлгі кісі өз сұрағын үшінші қайталағанда тағы да “Анаң” деп жауап береді. Содан соң жаңағы сұрақты қайталап: «Одан кейін кім?»— дегенде: “Әкең,” – деп жауап қайтарады.
Сондай-ақ, бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп соғысқа шығуға рұқсат сұрағанда Алланың елшісі (с.а.с.): «Әке-шешең тірі ме?» – деп сұрайды. Ол: “Ия,” – деді. Оған: «Олай болса, ата-ананның қасында болып, оларға қара,» – дейді.
Асыл жанды аналарымыз бен асқар таудай әкелеріміз аман болсын, Алла тағала осы аят-хадистердің аясындағы салт-санамыздан ажыратпасын, үлкендерімізге ынсап, жастарымызға тауфиқ, дін-исламға қуат берсін!!!
«Нұр Астана» орталық мешітінің
ұстазы Отаров Ильяс.