08
Жұма,
Қараша

һижри

Түс жорығанда нені ескерген жөн?

Мақалалар
Жарнама

Имам Мәліктен «Кез келген адам түс жори ала ма?», - деп сұралғанда, ол «Түсті жақсы жори алатын адам ғана жоруы керек.

Егер түсті жақсы деп ырымдаса, жақсыға жорысын, жақсыға ырымдамаса да жақсыға жорысын яки үндемесін», - деді. «Жаман түс болса да жақсыға жору керек пе?», - дегенде, «Жоқ! Түс – пайғамбарлықтың бір бөлігі, онымен ойнауға болмайды!», - ден түсіндірді. (Құртуби, әл-Жамиу ли ахкамил-Құран, 9/122-127).

Әуелі түс жорушы түсті тыңдағанда немесе оның жаман екенін ырымдап оны жорымағанда я болмаса түсті жеткілікті түрде түсінбегенде былай деп дұшпаныңа, жақсылығын өзің көр, жамандығынан қатысты болса, осылай дұға оқиды. Ал ол түс баршаға қатысты деп есептесе, «Жақсылығы – бізге, жамандығы – дұшпандарымызға, жақсылығын біз көрейік, жамандығынан сақтанайық» деп дұға оқуы тиіс. (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 6).

Түсті таңғы уақыттарда жорыған жақсы. Өйткені бұл кезде жорушының миы тынық, ойы серген, түс көркен кісі де түсін жақсы есте ұстайды. Үш уақытта түс жорымаған дұрыс: таңертен күн шығып келе жатқанда, күнтас төбеде тұрғанда,күн қызарып батып бара жатқанда (Имам Наблуси, Та-тирул-Әнам, І, 6). Көрмеген түсін айтып келген адамның да түсі жорылуы тиіс. Ондайда түстің жақсылығы – жорушыға, жамандығы – түсті ойдан шығарып айтушыға болады. Түс жорушы қасақана түрде түсті жақсылыққа жорымаса, түстің жақсылығы – жорып беруді өтінген кісіге, жамандығы – жорушыға болады. (Имам Наблуси, Та-тирул-Әнам, І, 6). Түс жорушы бақсы, балгерлерден, жұлдызнамашылардан көмек сұрамауы тиіс. Олардың айтқандарына ілесіп, дұрыстықтан таймауы тиіс (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 6). Түс жақсылыққа не жамандыққа келмейтін аралас болса, түс жорушы міндетті түрде оны бір жағына жатқызбауы керек. Түс көрушінің уақыты мен орнын, басқа да қосымша ерекшеліктерін ескеруі тиіс. (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 6). Түс өткен өмірге қатысты болуы да мүмкін. Мәселен, бұрын орындамаған уәдесі яки қарызы, кешіктірген тәубасы есіне түсірілу үшін осындай түс көрген болуы мүмкін. Сондай-ақ түс қазіргі уақыт пен болашаққа қатысты да болуы мүмкін. Адамның жақсылыққа не жамандыққа тап болуын алдын ала сездіруі мүмкін. /Өлім-жітім, байлық-кедейлік, абырой-атақ, қиыншылық т.б. секілді/. Түс кейде оны көргенге емес, алыс-жақын басқа адамға қатысты да болуы мүмкін. /Ағайын-туысына, бауырына, көршісіне, т.б./

Үммү Фадл Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: - Уа, Алланың елшісі! Жаман бір қорқынышты түс көрдім, - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: -Көргенің жақсылық болсын, - деді. Үммү Фадл: - Уа, Алланың елшісі! Сіздің денеңізден бір ағзаңыз бөлініп кетіп, менің бөлмеме қонғанын көрдім. Бұны естігенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) күліп: - Фатима бір ұл туады. Сен оны бөлмеңе апарады екенсің, - деді. Айтқанындай, хазіреті Фатима босанып, ұлы Хасанды көтеріп келгенде, Үммү Фадл оны құшағына қысты (Ибн Мәжа, Рүя, 10).

Түс кейде керісінше де жорылады. Түсінде жылау – өңінде күлу, түсінде күлу – өңінде жылау секілді. Кейде көрілген заттың ерекшелігімен де жорылады. Исі жақсы, дәмі қышқыл жеміс болса – екіжүзділік секілді. Түстегі көрілген әрбір қимылдың, заттың өз мәні бар. Мысалы, қолы кесілгенмен, денесінен ажырамаса, оны ұстаса, бұл балаға не бауырға ишарат, ал қолдың денеден ажырап түсіп қалғанын көру, бауыры не баласының жамандыққа ұшырайтынын білдіреді. (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 6).

Түс жоруда түс жорушы үшін аса маңызды үш мәселе бар: 1. Түстегі негізі заттарды айшықтай білу, оның ерекшеліктерін саралап, жақсылыққа не жамандыққа жататынын ажырата білу. 2. Түсте көрілген әрбір нәрселердің бір-бірімен байланысын құра білу. 3. Мәселеге барынша жіті мән беріп, түстің мазмұнын толықтай ашу.

Аталған жайттар өте маңызды болғандықтан, түс жорушылардың қиналатын тұстары да осылар. Өйткені түстегі негізгі нәрселерді тауып, олардың арасында байланыс құра білу керек. Мысалы, Жүсіп пайғамбар (а.с.) дәл жорыған Мысыр патшасының түсі ұғымға сыймайтындай өте күрделі деуге болады. Патша түсінде жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатқанын, бұған қоса жеті жасыл сабақтар мен жеті қураған сабақтар көргенін айтады. Жүсіп пайғамбар оны «жеті семіз сиыр – жеті жылға жалғасатын молшылық, ал жеті арық сиырлар – молшылық жылдарынан кейін белең алатын қуаңшылық жылдар» деп жориды. Ал «жеті жасыл сабақ пен жеті қураған сабақтар бұл жорамалды растап, қуаттай түседі» деп түсіндіреді. (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 20-21).

 

Құдайберді Бағашар. «Сенім және Ақиқат»  

Бөлісу: