Соңғы кездері елімізде өзіне қол жұмсау оқиғалары орын алуда. Бұған байланысты мамандар өздерінің әртүрлі пікірлерін білдіріп жатыр. Мысалы, психолог-ғалымдар бұл оқиғаларға байланысты «адамның ішкі сезіміндегі үмітсіздік, өмірден күдер үзу» деп бағалап жатса, ал кейбір сарапшылар «әлеуметтік мәселелерден туындаған оқиға» деген көзқарастарын білдіруде. Бұдан өзге әлеуметтанушы ғалымдар болса, «бұл – отбасындағы ұрыс-керістің, тұрақсыздықтың салдарынан орын алған жағдай» деген пікірлерін айтуда.
Біз осы мәселені исламдық тұрғыдан қарап, яғни шариғат жағынан қарастырып көрсек. Расында да, Ислам – екі дүние бақытына жетелейтін Алланың соңғы діні. Асыл дінімізде қамтылмай қалған мәселе жоқ. Сондықтан адам баласы қуанышта немесе қайғылы жағдайға тап болса да Исламға жүгінуі тиіс. Демек, иман таразысына салғаны жөн. Иманды адам қиын жағдайда сабыр етеді, ал қуанышты сәтте Аллаға шүкір айтады. Міне, бұл мүміннің сипаты.
Муслим риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ لَهُ خَيْرٌ، وَلَيْسَ ذٰلِكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ: إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ
«Мүміннің жағдайы қандай ғажап! Шын мәнінде оның әрбір жай-күйі өзі үшін қайырлы болмақ, бұл – одан өзгеге бұйырмаған бақыт. Ол қандай да бір қуанышқа бөленсе, бірден шүкір етеді. Мұнысы өзі үшін қайырлы болады. Ал басына бір қиындық келсе, сабырлылық танытады. Түбінде мұнысы да, өзі үшін қайырлы болады».
Көрдіңіз бе, мұсылман адамның өмірі еш зая кетпейді әрі оның әрбір амалына сауап жазылады. Осы хадисті тарқатып айтар болсақ, кез келген пенде басына қиындық жағдай тап болса, Алланың разылығы үшін сабыр етеді. «Бұдан да ауыр жағдай болуы мүмкін ғой», – деген оймен болған оқиға үшін мазасызданып, әбігерге түспейді. Расында да біз кейде болмашы жағдайлар үшін күпірлікке салынып, «әттең былай еткенде, олай болмас еді» деген сезіммен өкініш білдіреміз. Бұл – шүкірсіздік болып табылады. Тағдырға разы болмау дегенді білдіреді.
Ал мұсылман адам қуанышқа бөленсе, сол сәттен бастап Аллаға шүкіршілік айтып, сол істің қайырын тілеп, дұға жасайды. Халқымызда тауып айтылған жақсы сөз бар: «Адам баласы бақыттың келгенін емес, кеткенін ғана сезінеді». Шынында да, кейде денсаулығымыздың жақсы болғаны үшін, бала-шағамыздың амандығы үшін Аллаға шүкір айтуды ұмытып кетеміз. Мінер көлігіміз болмаса да, екі аяғымыздың сау болғаны үшін қуана бермейміз. Көлікке қол жеткізсек те, одан да жақсысын ала алмай жүрмін деп іштей сол көлікті қалап жүреміз. Демек, мұсылман жақсы күндерде де, қиыншылық сәттерде де Аллаға шүкір айтып, сабырлық танытса, сол амалы үшін сауапқа кенеледі.
Өз өмірін өлімге қиып, сабырсыздық танытудың шариғатымыздағы үкіміне келсек, бұл – ауыр күнә. Асыл дінімізде жазықсыз адамды өлімге қию немесе өзіне-өзі қол жұмсау – Алланың ашуы мен азабын тудырады. Егер Құранға назар аударсақ, қасиетті кітабымызда Алла Тағала адам баласын осы тіршілікте бәрінен жоғары, ардақты етіп жаратқанын аңғарамыз. Жаратушы Иеміз «Әл-Исра» сүресінде былай деген:
وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُم مِّنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَىٰ كَثِيرٍ مِّمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا
«Біз шынында адам баласын ардақтадық. Оларға құрлықта да, теңізде де көлікпен жүруді нәсіп еттік. Әрі оларға жақсы тағамдар жібердік. Оларды жаратқандарымыздың көбінен үстем етіп артықшылық бердік».
Осы аятқа назар аударсақ, әрбір адам баласының ардақты етіп жаратылғанын және әрбір пенденің жаны қымбат екенін анық көреміз. Адам баласының өміріне қол сұғу былай тұрсын, оның ары мен намысына, мал-мүлкіне зұлымдық жасауға әсте болмайды. Ендеше, Құрандағы «Әл-Мәида» сүресінің 32-аятын оқып көрелік:
مِنْ أَجْلِ ذَٰلِكَ كَتَبْنَا عَلَىٰ بَنِي إِسْرَائِيلَ أَنَّهُ مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا ۚ وَلَقَدْ جَاءَتْهُمْ رُسُلُنَا بِالْبَيِّنَاتِ ثُمَّ إِنَّ كَثِيرًا مِنْهُمْ بَعْدَ ذَٰلِكَ فِي الْأَرْضِ لَمُسْرِفُون
«Осының салдарынан Исраил ұрпақтарына: «Бұрын адам өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған адамды өлтірген кісінің күнәсі барлық адам баласын өлтіргенмен тең болады. Кім оны тірілтсе немесе өлімнен құтқарса, барлық адамды тірілткенмен тең болады», – деп үкім шығардық. Расында, оларға елшілеріміз ашық дәлелдермен келді. Бірақ содан кейін де олардың көпшілігі күпірлік етіп жер бетінде шектен шығушылардан болды».
Осы аяттан байқайтынымыз, Алла Тағала бұрын адам өлтірмеген немесе бұзақылық жасамаған бір адамның өлімін бүкіл адамды бақилық етумен теңестіріп отыр. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде:
«Мүмін арам қанға былғанбайынша (малынбайынша), дінінде кеңдік ішінде», – деген. Бұдан ұғатынымыз: мүмін өзінің немесе өзгенің қанын төкпесе, күндердің бір күнінде Алланың рақымы мен мейіріміне бөленуі мүмкін дегенді білдіріп отыр. Өзін немесе өзгенің қанын төккен адам Алланың ашуына ұшырап, Оның мейірімінен құр қалады.
Қазір қоғамға қарасақ, суицидке барып жатқандардың көпшілігі өзіміздің қаракөз қарындастарымыз, іні-бауырларымыз. Тіпті, ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмай, аз балл жинап, оқуға түсе алмай жатқан кейбір жастарымыз өздеріне қол салып жатқаны баршамызды өкіндіреді.
Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Мұқағали атанып кеткен Мұхаметқали Сүлейменұлы Мақатаев ағамыз «Шыда, шыда» дейтін бір өлеңінде былай деп жырлайды:
«Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге».
Ақын Мұқағали тағы бір өлең жолдарында мынадай шумақтарды оқырмандарына жолдайды:
«Қатыгез қайсыбір сағатта
Өмірді келеді тастағың.
Сонда да үмітті жоғалтпа,
Қаралы күндерден қашпағын.
Қай жерде тіршілік, өмір бар,
Сол жерде қуаныш, қайғы да,
Болсын да алдың құз, артың жар,
Көн дағы, өмір сүр, айныма».
Иә, өмір болған соң оның қуанышы мен қайғысы алма-кезек айналып келетіні белгілі. Сондықтан хадиске амал еткен адам қуанышта шүкір етіп, қайғылы жағдайда сабыр етіп, мол сауапқа бөленеді.
Бұхари мен Муслимнен жеткен хадисте Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):
إنما الصبر عند الصدمة لأولي
«Шынайы сабыр – соққының алғашқы тиген сәтіндегі сабыр», – деген.
Мына бір хадиске назар аударып көрейікші. Бухари мен Муслимнен жеткен хадисте былай делінген:
«مَا يُصِيبُ الْمُسْلِمَ مِنْ نَصَبٍ وَلاَ وَصَبٍ وَلَا هَمٍّ وَلاَ حَزَنٍ وَلَ أَذًى وَلَا غَمٍّ حَتّى الشّوْكَةُ يُشَاكُهَا إِلاّ كَفّرَ اللُّه بِهَا مِنْ خَطَايَاهُ»
«Алла Тағала мұсылман құлының басына келетін шаршап-шалдығу, ұзаққа созылған ауру-сырқау, уайым, құса-мұң, күйініш және қайғы-қасірет секілді қандай да бір ауыртпалық үшін, тіпті қолына немесе аяғына кірген кішкене тікен үшін де күнәларын жарылқап кешіреді».
Қандай ғажап! Мүмін басына келген ауыртпашылық үшін де сауап жинайды екен. Адамның қандай жағдайға тап болса да оны осы тығырықтан алып шығатын күш – оның иманы. Иманы жоқ адам немесе иманы әлсіз пенде тамыры тереңге кетпеген терек секілді. Соққан дауыл немесе жел тамыры әлсіз теректі оңай құлатады. Сол секілді, иманы әлсіз адамды ойламаған жерден келген сынақтар оңай мазасыз күйге түсіреді. Сынаққа сабыр ете алмаған адам күпірлікке бой алдырады. Тіпті, Алланың ашуын тудыратын ауыр сөздерді айтып, өзіне зұлымдық жасайды. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды бір хабар арқылы қуантып, бір хабармен ескерткен. Муслимнен жеткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
«أَلَا أُخْبِرُكُمْ بِأَهْلِ الْجَنّةِ؟ كُلّ ضَع۪يفٍ مُتَضَعّفٍ لَوْ أَقْسَمَ عَلَى الله لابَرّهُ، أَلَا أُخْبِرُكُمْ بِأَهْلِ النّارِ؟ كُلّ عُتُلٍّ جَوّاظٍ مُسْتَكْبِرٍ»
«Сендерге кімдердің жұмаққа баратынын айтайын ба? Өзі әлжуаз әрі елеусіз болса да, Алланың атымен ант етсе, ішкен антын Алла Тағала жалғанға шығармайтын әрбір адам жұмаққа барады. Сондай-ақ, кімдердің тозаққа кіретінін айтайын ба? Әр-бір озбыр, дөрекі, сараң және тәкаппар адам тозаққа кіреді».
Адам баласы әртүрлі жағдайға тап болғанда өздерінен төмен адамдарға қарап, шүкіршілік ете білуі керек.
Осы ретте мынадай ғибратты оқиғаны айта кеткен абзал болмақ. Бір күні аяқ киімі жыртылып қалған бір адам Алладан жаңа аяқ киім сұрап, жалбарынады. Сөйтіп, мешітке барып, намаз оқиды. Намазында Алладан жаңа аяқ киім тілеп, дұға жасайды. Намазын аяқтап, оң жағына сәлем берген сәтте екі аяғынан бірдей айырылып қалған бір адамды көреді. Осы мезетте екі аяғын сау етіп, өздігінен жүре алатын жағдайға жеткізген Жаратушыға шүкіршілік етіп, тәубесіне келеді екен. Расында да біз кейде дүниелік мақсаттар үшін өзгелермен бірдей немесе олардан да жақсы болғанды қалаймыз. Асылында, дүние ісінде өзімізден төмен болған адамдарды көру, олармен сұхбаттасу, әлеуметтік жағдайына көбірек үңілу – бізді Алланың нығметтеріне шүкір етуге, сабыр етуге, барлық мүмкіндіктер үшін разы болуға жетелейді екен. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай делінген:
«اُنْظُرُوا إِلٰى مَنْ هَوَ أَسْفَلَ مِنْكُمْ وَلَا تَنْظُرُوا إِلٰى مَنْ هُوَ فَوْقَكُمْ فَهُوَ أَجْدَرُ أَنْ لاَ تَزْدَرُوا نِعْمَةَ اللّهِ عَلَيْكُمْ»
«Фәни дүниенің мүмкіндіктері (денсаулық, байлық, атақ-даңқ, шен-шекпен, білім және т.б.) тұрғысынан өздеріңнен үстем болып, жоғары тұрғандарға емес, төмен тұрғандарға көз салыңдар. Өйткені бұл – сендерді Алланың берген нығметтерін азсынып, қанағат тұтпаудан сақтайды».
Өзінің өміріне қол салған адамның өз тағдырына өзі риза болмағанын білдіреді. Жундабадан (Алла оған разы болсын) пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Көп жарақаттары бар бір адам өзін-өзі өлтірді және сонда Алла Тағала былай деді: «Менің құлым өз еркімен менен озды, сол үшін мен оған Жәннатты харам еттім».
Өмірге үмітпен қарау, жақсылықтан әрдайым үміт үзбеу – мұсылманның сипаты.
Алла Тағала баршамызды үмітсіздіктен, қорқақтықтан сақтап, өз мейіріміне бөлеп, екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей. Әмин!
Талғат ОМАРОВ,
ҚМДБ-ның Қызылорда
облысы бойынша өкіл имамы
Muftyat.kz