Діни басқарманың құрылтайшылығымен «Зекет» қорының құрылғанына да біршама уақыт болды. Діни басқарма осы айда "Зекет" қорына қатысты республикалық ауқымда "дөңгелек үстел" өткізбек. Сол жиын алдында қордың жалпы аяқ алысы мен қызметі туралы қордың атқарушы директоры Әлішер Спановпен сұқбаттасқан едік.
– Жалпы осы қордың мақсаты туралы айтсаңыз.
– «Зекет» сөзі Құран Кәрімде көбіне намазбен қосарланып айтылады. Себебі Ислам дінінің негізгі тіректерінің бірі ретінде де намаздан кейін келеді. Оның адамдардың жанын тазартуда, мінез-құлықтарын жақсартуда да ерекше әсер-ықпалы бары түсінікті. Зекет қоғамдағы түрлі дерттерге, қарым-қатынастардағы салқын қабақтылыққа таптырмас дауа, сонымен қатар жылылық пен мейірімнің, ынтымақ пен ақ ниеттің, жандарды жадыратып, жүректерді біріктірудің, жалпы үмбеттің әлеуметтік мүдделерін өтеудің аса көркем әрі ең ізгі құралы.
Осындай себептерге байланысты бұл парыз әрбір діннің рәмізіне айналды. Қай пайғамбар болмасын адамдарды намаз оқуға шақырғанындай, бұл парызды орындауға да үндегені тектен-тек емес.
Мысалы қасиетті Құранда Иса (а.с) пайғамбар туралы: «Ол (Алла) маған тірі болған шағымда намаз оқуымды, зекет беруімді өсиет етті» («Мариям» сүресі, 31-аят), - делінсе, ал Исмаил (а.с) пайғамбар хақында: «Ол (Исмаил) отбасын намаз оқуға, зекетті орындауға бұйырып Раббысының разылығына бөленген еді» («Мариям» сүресі, 55-аят), - дейді.
Сондықтан, діни басқарма мұсылмандар үшін парыз саналған зекетке қатысты өз құрылтайшылығымен осы
қорды құрды.
Қордың басты мақсаты – қасиетті Құран Кәрім мен сүннетті басшылыққа ала отырып, шариғат үкімдеріне сәйкес зекеттің жиналуы мен тиісінше таратылуын жүзеге асыру.
Сонымен қатар, мынадай мақсаттар да көзделген:
- Республика аумағында қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) сүннетінің жүйелі насихатталуын қамтамасыз ету;
- Ислам дінінің тұтастығы мен мұсылмандардың бірлігі сақталуына қолдау көрсету;
- Дінімізді насихаттау, діни үгіт-насихат жұмыстарын дамыту мақсатында республикалық, облыстық және аймақтық ғылыми-тәжірибиелік конференциялар, семинарлар өткізу;
- Өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттеріндегі дін қызметкерлеріне көмектесу;
- Қазақстан Республикасының діни оқу орындарын-дағы студенттерге шәкіртақы тағайындау;
- Көп балалы отбасыларын, балабақшаларды, мектептерді, емханаларды, сондай-ақ мүгедек, жетім балаларды мүмкіндігінше қамқорлыққа алу және т.б.
– Осы бағыттарда нендей жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Облыстарда қордың жергілікті өкілдіктері құрылып, өз әл-қадірінше қызмет атқаруда. Бұған мысал ретінде бір ғана Қостанай облысындағы қор өкілдігінің жұмысына аз-кем тоқталайын. Мұнда қор жұмыс істегелі оған 16 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, 13 ауылдық мешіттің имамдарына жалақы беру мәселесі шешілді, тұрақты үш шәкіртақы тағайындалды, былтырғы «Мектепке жол» акциясына ғана тұрмысы төмен отбасылардың 330 оқушы балалары тартылып, кітап және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Басқа да қайырымдылық іс-шаралары мешіттер арқылы жыл бойы жүйелі түрде жалғасуда. Мешіт діндарлары мен жергілікті ақпарат-насихат топтары жамағат арасында уағыз-насихаттарын жүргізуде.
Дәл осындай ізгі іс-шаралардың басқа облыстар мен өңірлерде де, қалалар мен аудандарда да өтіп жатқанына көпшілік куә.
– Қорды мұнан әрі дамытудың қандай жолдары көзделуде?
– Ең алдымен зекеттің Исламдағы орны мен оның парыздығы туралы халыққа жүйелі түрде уағыздау қажет. Ол үшін арнайы мәтіндер, ақпараттар дайындалып, барлық имамдарға таратылмақ. Айына бір рет әрбір мешіттегі жұма намазында осы тақырыпта уағыз айту міндеттелмек.
- Республикалық ақпарат насихат тобының мүшелері іссапарларында зекеттің парыздығын халық арасына кеңірек насихаттайтын болады;
- Ғаламтор арқылы да насихаттау. Атап айтқанда, қордың веб-сайты zeket.org.kz, ҚМДБ-ның, мешіттердің және басқа да діни және әлеуметтік желілер (Facebook, Twitter, Мой Мир) арқылы да қордың қызметі туралы ақпарат таратылмақ;
- Ғаламтор арқылы төлем карточкаларынан қорға ақша аудару (Банк центр кредит, тез түсім жинақ жүйесі арқылы);
- Төлем терминалдарын басқа да көпшілік орындарына қоюды жалғастыру;
- Бас кеңсе мен өкілдіктерде мұқтаж адамдар үшін киім-кешек, мал-мүлік жинау орталықтары құрылмақ (жиналғаны сұрыпталып, реттеліп, тіркеуге алынғаннан кейін мұқтаж жандарға тарату);
- Жергілікті әкімшіліктермен тығыз қарым-қатынас орнатылады;
- Әлемдік зекет қоры ұйымдарымен және Кувейт, Қатар, Малайзия, Түркия, Сауд Арабиясы т.б. елдердің зекет және уақып қорларымен тығыз байланыс орнатып, қорымызға қаржылай көмек көрсетуіне алғышарт дайындалады. Ол үшін аталмыш елдердің елшіліктерімен тұрақты байланыс жолға қойылады.
Инвестициялық шаралар: Ислам экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын уақып жүйесі сан ғасырлар бойы мұсылман қоғамының әлеуметтік-рухани мәселелерінің қаржылық шешімі болып келді. Уақыптың жұмыс жүйесі мынадай: қор халықтан түскен қайырымдылық төлемдерді бекітілген ережеге сәйкес үлестіреді. Мысалы, түскен қаражаттың 70 пайызы тікелей тиісті орындарға таратылса, 10 пайызы әкімшілік шығындарға бөлініп, қалған 20 пайызы айналымға инвестиция ретінде салынады. Инвестициялық жобалар, әрине қауіпі аз, тұрақты болуы керек. Ол салымдардан түскен пайда да жоғарыда бекітілген ережеге сәйкес жұмсалады. Халықтан түскен қаржы толық жұмсалады, оған қоса қор өз қаражатын тұрақты түрде арттыру арқылы көбірек қайырымдылық жасауға мүмкіндік алады. «Зекет» қоры да уақып тұжырымдамасы негізінде жұмыс жасау арқылы Ислам экономикалық жүйесіне үлес қосып, тұрақты дамуға қол жеткізбек әрі ҚМДБ-ның жан-жақты қызметіне толыққанды қолдау көрсетумен оның беделін көтере түсуге күш салады.
– Әлбетте, мұның бәрін іске асырудың өзіндік қиындықтары да бар шығар?
– Қоғамдағы көптеген игі бастамалардың іске асуы қаржыға тіреліп жататыны белгілі. Ал, сол діни де, әлеуметтік те бағыттағы игі шараларды зекеттен жиналған қаржымен қаржыландыру – мұсылман елдерінде ежелден келе жатқан шешім. Сол қаржы арқылы сапалы діни оқу орындарын ашып, еліміз сусап отырған қажетті кітаптар мен журналдар шығару, білікті мамандар дайындау үшін тұрақты шәкіртақылар тағайындап, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ұйытқы болу сияқты игі мақсаттарды жүзеге асыруға сеп болмақ.
Қорға негізінен зекет төлемдері, оған қоса садақа мен басқа да қайырымдылық төлемдері де қабылданады. Зекеттен жиналған қаражатты Құранда көрсетілген 8 топқа ғана тарату қажеттігі түсінікті. Бірақ, ғалымдардың үкімінше нақты бір басымдылық бойынша немесе 8 топтың бәріне бірдей үлестіру қажеттігі айтылмаған. Сондықтан, 8 топтың біріне немесе бірнешеуіне және қоғамдағы жағдайға байланысты басымдылықтарына да таратуға болады.
Елімізде ата дініміз – Ислам сан ғасыр бойы қалыптасып келді. Одан тек соңғы ғасырда ғана қол үзіп қалғандықтан, халық санасы Ислам құндылықтарын қайта жаңғыртуды қажет етуде. Қазақстан қоғамында туындаған бұл жағдай, ең әуелі кедейлерге ақша таратуды емес, еліміздегі шынайы Ислам дінінің дұрыс түсіндіріліп, халыққа діни қызметтер көрсетуді қамтитын 8 топтың ішіндегі «фи сәбилилләһ», яғни Алла жолына жұмсауды қажет етуде. Сондықтан, қорға жиналған зекет қаражатын үлестіруде осы бағытқа басымдық берілмек.
Одан кейінгі кезекте Құранда айтылған басқа да топтарға тікелей қаржылық көмек көрсетіледі. Олардың қатарына көпбалалы отбасылар, жетімдер үйі, қарттар үйі, мүгедектер т.б. жатқызуға болады.
Зекет институты мұсылман қоғамы үшін де, мемлекет үшін де өте маңызды. Әсіресе, оның орталықтандырылып, жүйелі түрде жұмысын жалғастыруы дініміздің одан әрі көркеюіне де, халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер етуіне де, тіпті, діни тұрақтылық пен қауіпсіздік тұрғысынан да пайдасы зор. Сондықтан, «Зекет» қорының құрылуы дер кезінде қолға алынған маңызды шара. Әлбетте, елімізде өзге де қорлар көп. Өкінішке қарай, халықтың зекеттің парыз екендігі туралы таным-түсінігінің әлі де кемшіндігінен тиісті зекеттерін сол басқа қорларға аударып жататыны ұшырасады. Сондықтан да зекет туралы уағыз-насихатты көбірек жүргізуіміз қажет. Парыздың аты парыз. Демек оны мүмкіндігі бар әр мұсылманның орындауы тиіс.
– Байыпты әңгімеңіз үшін рақмет.
Сұқбаттасқан Оңғар САПАРБЕКҰЛЫ