«Жұлдыздар – аспанның аман тұруына кепіл. Жұлдыздар аққан күні аспанға уәде етілген күн туады. Мен – сахабаларымның аман тұруына кепілмін. Мен кетсем сахабаларымның басына уәде етілген күн туады. Ал, сахабаларым – үмметімнің аман тұруына кепіл. Сахабаларым кетсе, үмметіме уәде етілген күн туады[1]», – деп Алла елшісі (ﷺ) айтып кеткен.
Сахаба – Пайғамбардың жолдасы. Алла елшісінің (ﷺ) өмірлік үзеңгілес серіктері. Пайғамбарды көріп, Аллаға иман етіп және өмірден иманды боп озған тұлға – сахаба.
Құран Кәрімде олар жайлы бірқатар аяттар бар. Пайғамбардың жолдастары мәртебесіне жеткендер жайлы:
مُحَمَّدٌ رَسُولُ اللَّهِ وَالَّذِينَ مَعَهُ أَشِدَّاءُ عَلَى الْكُفَّارِ رُحَمَاءُ بَيْنَهُمْ تَرَاهُمْ رُكَّعاً سُجَّداً يَبْتَغُونَ فَضْلاً مِنَ اللَّهِ وَرِضْوَاناً سِيمَاهُمْ فِي وُجُوهِهِمْ مِنْ أَثَرِ السُّجُودِ ذَلِكَ مَثَلُهُمْ فِي التَّوْرَاةِ وَمَثَلُهُمْ فِي الْأِنْجِيلِ كَزَرْعٍ أَخْرَجَ شَطْأَهُ فَآزَرَهُ فَاسْتَغْلَظَ فَاسْتَوَى عَلَى سُوقِهِ يُعْجِبُ الزُّرَّاعَ لِيَغِيظَ بِهِمُ الْكُفَّارَ وَعَدَ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ مِنْهُمْ مَغْفِرَةً وَأَجْراً عَظِيماً
«Мұхаммед – Алланың елшісі. Онымен бірге болғандар кәпірлерге қатаң да, өзара мейірімді, олар рукуғ, сәжде ете отырып, Алланың мол рақымы мен ризашылығын тілегенін көресің. Бұл – олардың Тәураттағы сипаттары. Ал, Інжілдегі сипаттары: көктеп өніп, одан соң әлденіп, жетіліп, өз сабағында тік тұрған, диқандарды таңқалдырған егін сияқты...[2]», – деп баян етілген.
Сахабалардың қасиеті мен мінез-құлқы Тәурат, Інжіл һәм Құранда айтылған. Бұл олардың жоғары мәртебеге және биік дәрежеге ие екенін білдіреді.
Сахабалар мұһажир және ансар деп үлкен екі топқа бөлінеді. Мұһажир – қоныс аударушы, ал ансар – жәрдемші деген мағынада. Мұһажир Меккеден Мадинаға көшіп келген сахабалар. Олар өз туған жерінде жүрегіндегі иманы және надандықтың соқыр сеніміне мойынсұнудан бастартқаны үшін адам төзгісіз сынауларға ілігеді. Жаны мен иманын аман сақтап қалу үшін Мадинаға қоныс аударуға мәжбүр болды. Құран Кәрімде:
وَالسَّابِقُونَ الْأَوَّلُونَ مِنَ الْمُهَاجِرِينَ وَالْأَنْصَارِ وَالَّذِينَ اتَّبَعُوهُمْ بِإِحْسَانٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ وَرَضُوا عَنْهُ وَأَعَدَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي تَحْتَهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَداً ذَلِكَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ
«Мұһажирлерден, Ансарлардан алғаш иман келтіргендерге, жақсылық істеумен оларға ілескендерге Алла разы болды. Әрі олар да Аллаға разы болды. Алла оларға іргесінен тамаша бұлақтар ағып жатқан жәннаттарды әзірледі. Олар онда мәңгі қалады. Міне, сол – зор бақыт[3]», – деп әмір етілген.
Ал, ансарлар Мадина шаһарының тұрғындары. Олар қонақжайлық танытып, бас саулап келген мұсылмандармен баспанасын, ас-суын бөліскен жәрдемші сахабалар. Алла елшісіне (ﷺ) қолдау көрсеткен ізгі жандар. Пайғамбарымызды (ﷺ) сағынып, сарғая күтіп алған кеңпейіл жұрт. Тіпті, Ясриб қаласын «Мадинат расулалла» – Пайғамбар қаласы деп атауын өзгертті.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:
لاَ تَسُبُّوا أَصْحَابِي لاَ تَسُبُّوا أَصْحَابِي ، فَوَالَّذِي نَفْسي بِيَدِهِ لَوْ أَنَّ أَحَدَكُمْ أَنْفَقَ مِثْلَ أُحُدٍ ذَهَباً مَا أَدْرَكَ مُدَّ أَحَدِهِمْ وَلاَ نَصِيْفَهُ
«Менің сахабаларыма тіл тигізбеңдер! Менің сахабаларыма тіл тигізбеңдер! Менің жаным қолында болған Алламен ант етемін, сендерді біреуің Ухуд тауындай алтын жұмсаса (садақа етсе) да олардың істеген қызметіне жетпейді, тіпті жартысына да», – деп айтылған.
Өйткені, сахабалар әлемді имансыздық қараңғылығы қаптап, надандық нанымы адамдардың бойына дендеп кеткен шақта табандылық танытқан тұлғалар. Олар иман еткен соң бір сәтке де жүректеріне күдік пен күмән жолатпады. Олардың әрбір іс-қимылы мен сөздері үмметке үлгі. Сахабалардың амалы биік тұрады. Себебі, олар Пайғамбарды (ﷺ) қолдап, оған қорған болу үшін мал-дүниесімен қоса жанын да құрбан етті. Сахабалар тұла бойынан адамзаттың барлық құндылығы табылды. Жер бетінде қиямет күніне дейін сахабалардай тұлғалар келмейді. Алла елшісінің (ﷺ) жолдастары адам баласына күн батыстан шығатын күнге дейін бағыт-бағдар беруші, қараңғыда жол көрсетуші жұлдыз боп қала бермек.
Имам Байдауи жоғарыдағы хадис жайлы: «Ухуд тауындай алтын жұмсаса (садақа етсе) да олардың істеген қызметіне жетпей, тіпті жартысына да жетпейді дегені: фазилет пен сауабы жағынан жетпейді деген мағынада. Өйткені, Олардың амал жасаудағы асқан ықыласы және шынайы ниеттері тым пәк және мөлдір еді. Өздерінің қолында болмашы ғана зат бола тұра және аса мұқтаждық пен қатты қиыншылық күндерде дін жолында құрбандық ете білді», – дейді.
Сондықтан да пайғамбарымыз (ﷺ):
خَيْرُ النَّاسِ قَرْنِي ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ
«Адамдардың ең жақсысы – менің ғасырымдағы адамдар. Сосын олардан кейін келетіндер. Сосын олардан кейін келетіндер», – деген.
Иә, күпірлік, имансыздық, зұлымдық сияқты адамзаттың қас жауы жер бетін жаулап алған шақта пайғамбарымызбен (ﷺ) иық тірестіріп күрескен тұлғалар ең жақсы адамдар. Олар Аллла елшісіне (ﷺ) мал-дүниесімен, жан-тәнімен қорған боп, қолдап жәрдемші бола білген жандар.
Тақуалықта Әбу Зарр әл-Ғифари, Әбу Бәкір Сыддық, Омар бин Хаттаб сынды сахабалардың мәртебесі биік еді. Әрине, барлық сахабалар ерекше тақуа, аса ғибадатшыл болды. Әбу Һурайра (р.ғ.) шаңырағында түнде құлшылық тоқтамайды. Түннің алғашқы бөлігінде өзі, түн ортасында әйелі, таңға жуық қызы үздіксіз ғибадат ететін. Бір-бірін оятып Аллаға мінәжат ететін. Әбу Бәкір мұсылмандарға қаржылай көмек ету үшін бар дүниесін Пайғамбарға алып келді, Алла елшісі (ﷺ): «Ей, Әбу Бәкір! Бала-шағаңа не қалдыңдыр?», – деп сұрағанда Сыддық: «Бала-шағама Алланы қалдырдым», – деп Алла Тағала пендесін несібесіз қалдырмайтындығына сенімі кәміл екенін көрсетті. Алайда, Әбу Зәррдің жөні бөлек еді. Оның жолы – сара жол.
Барлық сынақ пен азапты бастарынан өткерсе де жүректеріне ұялаған иман нұрын сөндірмеді. Керісінше, бойындағы имандары беки түсті. Пұтқа табынып жүрген ата-анасы мен ағайын-туыстары үшін дұға жасап ерекше өрнек көрсетті. Әбу Бәкір (р.ғ.) иманға келсе де әкесі ата дінім деп пұтқа ғибадат етуін доғармады. Алайда, қартайған әкесі мұсылман болған күні Пайғамбарға (ﷺ) арқалап әкеп сүйінші сұрады. Әбу Һурайраның (р.ғ.) анасы баласын мұсылманшылықтан қайтармақ болды. Алайда, саңлақ сахаба анасын перзенттің қамқорлығы мен жылулығын аямады. Алла Тағала ана жүрегіне иман сыйлап, Әбу Һурайра мен шешесі ана мен бала боп қауышты. Бұл тарих қойнауында қала беретін қиссалар емес. Тек, кітаптардың парақтарында қара сиямен жазылған күйде тұратын оқиғалар емес. Бұл қиссалар өзекті. Қазіргі таңда, жат ағымның торына түскен, жалған нанымның жетегінде кеткен жастар имансыз емес мұсылман ата-анасына қарсы шығуда. Раббым – Алла, дінім – Ислам, пайғамбарым – Мұхаммед (ﷺ), кітабым – Құран, жаным да тәнім де мұсылман деген ата-анасына «кәпірсің» деп жатқандар кімнен үлгі алуда?! Саңлақ сахабалардың ешбірі ондай әрекетке бармаған. Әбу Лаһабтың бала-шағасы әкесіне қарсы шыққан. Дінсізге имансыз балалары қарсы шыққан. Әлде, ол жастардың үлгі тұтар адамы солар ма?
Құран оқыса да көмейінен ары аспаса, оның не пайдасы бар. Құранды тиләуат ету – үлкен сауап. Алайда, пайғамбарымыздың (ﷺ): «...Құран (қиямет күні) сенің пайдаға немесе саған қарсы куәлік етуші (кітап)», –деген сөзін жадымыздан шығармайық. Сахабалар «Кейбір Құранды оқушылар болады. Алайда, Құран оған лағнет айтады», – деген сөздерінің астарында не жатыр. Анығында, Құран әмірлерін шеберлікпен мәнерлеп әуезді дауыспен оқыса да, иләһи бұйрықтарды мойындамай тұрған адам қарғысқа лайық.
Алла сөзі тиләует етіп, бірақ ата-анасының тілін алмаса ондай жастар кімді алдауда? Жаратқан Алланы ма?
Сахабалар мұһажир және ансар деген үлкен екі топқа жатады. Сонымен бірге, «жәннатпен сүйіншіленген ондық», Құран аяттарын жазушылар, Бадір шайқасына қатысушылар, Ухуд шайқасына қатысушылар деген сияқты бөлінді. Сахабалар қабілет-қарымына сай діндің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосты. Мәселен, хадис риуаят етуде Әбу Һурайра, Әнас, Абдулла бин Масғуд, Абдулла бин Аббас, Абдулла бин Омар есімдері көбірек аталса, ел басқаруда Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әли есімдері басымырақ айтылады. Ал, қаһармандық тақырыбында Халид бин Уалид, әбу Убайдулла бин Жаррах, Әли бин Әбу Талибтің аты-жөні бірінші кезекте тұрады. Алла баршасынан разы болсын! Мұнан, мұсылмандар өзінің шамасы келетін, ақыл-парасаты жететін іспен айналысу өзіне де, қоғамға да әлде қайда пайдалы екенін ұғынса болады.
Әбу Ханифадан аббаси халифасы: «Кімнен білім алғансың?», – деп сұрағанда, ғұлама: «Абдулла бин Масғұд шәкірттерінен, Абдулла бин Омар шекірттерінен, Әли бин Әбу Толиб шәкірттерінен», – деп жауап береді. Сонда халифа: «Айтар сөзіңді қуатты да дәйекті еткен екенсің», – деп ұстанымы мықты екенін айтқан екен.
Иә, «Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты» деген нақыл бар. Ханафи мазхабының мықтылығы оның бастауы – сахабаларға барып тіреледі. Бұл мектепке мөлдір нәр Пайғамбардан (ﷺ) тәлім алған тұлғалардан келіп тұр. Саңлақ сахабалар ізімен жүруді қалайтын кез-келген мұсылман төрт мазхабтың бірін өмірлік шам-шырақ ететіні күмәнсіз. Өйткені, бұл шариғи мектептер сол ең жақсы адамдар өмір сүрген ғасырда қаланған. Ендеше, біздің де саңлақ сахабалардан алар үлгіміз көп болғай! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің бас имамы