Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Ораза айты айлардың сұлтаны әрі күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айының жемісті нәтижесі іспетті сауабы мол мүбәрак мерекесі.
Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, бәлкім, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы.
Имам әл-Бағауи (р.х.): «Екі айт (мереке) күндерінде қуаныш таныту діннің рәсімдеріне жатады! Әрі бұл күндер басқа күндер сияқты емес!»[1],-деп айтты.
Айт сөзінің анықтамасы:
«Айт» сөзі жыл сайын қайталанып келуші мейрам деген мағынаны білдіреді.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезінде жергілікті тұрғындардың тойлайтын екі күні бар еді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.):
إِنَّ اللَّهَ قَدْ أَبْدَلَكُمْ بِهِمَا خَيْرًا مِنْهُمَا يَوْمَ الْأَضْحَى وَيَوْمَ الْفِطْرِ
«Алла Тағала сол екі күннің орнын сендерге олардан әлдеқайда жақсысымен алмастырды. Біреуі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айт»[2],- деді.
Ораза айтын тойлау құлшылық саналады:
Мұсылман үмбетінің өзге қауымдардан ерекшелігі – Жаратқанның бұл айтулы мерекені мұсылмандар үшін әрі ғибадат сатысына ұластыруында жатыр. Сондай-ақ, шариғи мейрамдар жамағатпен оқылатын арнайы намазбен басталуымен айрықша. Бұл намаз «айт намазы» деп аталады.
Әбу Сағьид әл-Худри (р.х.):
عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رضي الله عنه ، قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم يَخْرُجُ يَوْمَ الْفِطْرِ وَاْلأَضْحَى إِلَى الْمُصَلَّى، فَأَوَّلُ شَيْءٍ يَبْدَأُ بِهِ الصَّلاةُ، ثُمَّ يَنْصَرِفُ فَيَقُومُ مُقَابِلَ النَّاسِ، وَالنَّاسُ جُلُوسٌ عَلَى صُفُوفِهِمْ، فَيَعِظُهُمْ وَيُوصِيهِمْ وَيَأْمُرُهُمْ...
«Алланың елшісі (с.ғ.с.) ораза айты мен құрбан айты күндері намаз оқылатын жерге қарай шығатын. Ең әуелі намаздан бастайтын. Сосын орнынан тұрып, жүзін адамдарға қарататын. Адамдар сап құраған орындарында отыратын. Алла елшісі (с.ғ.с.) оларға уағыз, насихат айтып, әмірлерін бұйыратын»,-деп айтқан.
Айт – ағайынды жарастыра түсетін ұлық уақыт:
Аталмыш мерекесінің ел мұсылмандарын, ұлттар мен ұлыстарды біріктірудегі рөлі ерекше екендігі анық.
Алла елшісінің (с.а.с) сахих хадистерінде Айт мейрамына тамақ жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, сырқат мұсылмандардың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кембағалдарға садақа беру тән екендігі айтылған. Олай болса, айт күндерін ізгі амалдарымызды кемітпестен мерекелік көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізгеніміз жақсы болмақ.
Жанжалдасқан жандар татуласып, өзара кешірімге келіп, ағайындық байланысты нығайтуға мұрындық болатын мереке.
Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушілік салдарынан қатынасы үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды. Өйткені, Алла Тағала:
خُذِ العَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الجَاهِلِينَ
«Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр»[3],- деп, мұсылмандарды барынша кешірімді болуға шақырған.
Ораза айтқа құрмет – тақуалықтың белгісі:
Алланың қадір тұтқан қасиетті белгілері мен күндерін құрметтеу – жүректегі тақуалықтың белгісі болмақ. Бұған байланысты Құранда:
ذَلِكَوَمَنيُعَظِّمْشَعَائِرَااللهفَإِنَّهَامِنتَقْوَىالْقُلُوبِ
«Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан»[4],- делінген.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүйіншілеуі:
Расулулла (с.ғ.с.) айтады:
«Қадір түні Жәбрәйл (ғ.с.) періштелердің бір тобымен түсіп Хақ Тағаланы тұрып немесе отырған халде зікір еткен пенде үшін дұға етеді. Кейін Алла Тағала айт күні періштелерінің алдында Өзінің пенделерін мақтаныш етіп: «Періштелерім! Өз ісін атқарған қызметшінің хақы қандай?»,-деп сұрағанда, періштелер: «Уа, Раббымыз! Оның хақы – ақысын толық төлеу»,-дейді. Сонда Хақ Тағала: «Періштелерім! Менің құлдарым оларға міндеттеген парызымды орындап, Маған дұға ету үшін айт намазына шықты. Өзімнің құдіреттілігім, ұлықтығым, жомарттығым, жоғары мәртебе және дәрежеммен ант етемін! Мен олардың дұғасын қабыл етемін!»,-деп кейін пенделеріне: «Қайта беріңдер! Мен сендердің күнәларыңды кешіріп, жаман істеріңді жақсылықпен ауыстырдым»,-дейді. Осыдан соң адамдар күнәлары кешірілген халде қайтады»[5].
Айт күні орындалатын мұстахаб амалдар:
Айттың өзіне лайық жарасымды да сауабы мол амалдары жетерлік. Таңнан ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет амалдар қатарынан.
1. Айт (мереке) күні ғұсыл алу, әтір себіну:
Зазан (р.х) былай деді:
وَعَنْ زَاذَانَ : أَنَّ رَجُلاً سَأَلَ عَلِيًّا رَضِيَ الله عَنْهُعَنِ الْغُسْلِ ؟ فَقَالَ : (( اغْتَسِلْ كُلَّ يَوْمٍ إِنْ شِئْتَ ، قَالَ : لاَ بَلِ الْغُسْلُ؟ قَالَ : اغْتَسِلْ كُلَّ يَوْمِ جُمُعَةٍ ، وَيَوْمِ الْفِطْرِ ، وَيَوْمِ النَّحْرِ ، وَيَوْمِ عَرَفَةَ
«Бірде (бір кісі) Әли ибн Әбу Талибтен (Алла оған разы болсын) ғұсыл туралы сұрады. Әли: «Қаласаң, күнде шомыл», – деп жауап берді. Әлгі кісі: «Жоқ, мен шынайы ғұсыл туралы сұрап тұрмын!», – деді. Сонда Әли: «Жұма күні, ‘Арафа күні, Құрбан айт күні және Ораза айт күні!»[6], – деп айтты.
Нәфи’ғ (р.х.): «Ибн Омар әркез Ораза айт күні (намаз оқылатын орынға шығудан бұрын) ғұсыл алып, қош иістенетін»[7],- деді.
Хафиз Ибн Ражаб былай жазған: «Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – дейтін»[8].
2. Айт намазына киімнің ең жақсысын киіп шығу:
Ибн ‘Аббас:
كَانَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم يَلْبَسُ يَوْمَ الْعِيدِ بُرْدَةً حَمْرَاءَ
«Алланың елшісі (с.ғ.с.) айт күні қызыл шапанын киіп шығатын»[9],-деген.
Нәфи’ғ (р.х.) былай айтты: «Ибн Омар айт күндерінде ең жақсы киімдерін киетін»[10].
3. Көңілді болу, Құтықтау сөздерін айту:
Жүбайр ибн Нәфир:
كَانَ أَصْحَابُ رَسُولِ اللَّهِ صلَّى الله عليه وسلَّم إِذَا الْتَقَوْا يَوْمَ العِيدِ، يَقُولُ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ: تَقَبَّلَ اللَّهُ مِنَّا وَمِنْك
«Алла елшісі (с.ғ.с.)-нің сахабалары айт күні кездескенде бір-бірлеріне: «Алла бізден де сенен де қабыл етсін!»,-деп айтатын»,-деген.
4. Ораза айтының намазына үйден үш құрма жеп шығу:
Әнәс (р.ғ.):
كَانَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم لاَ يَغْدُو يَوْمَ الْفِطْرِ حَتَّى يَأْكُلَ تَمَرَاتٍ
«Алланың елшісі (с.ғ.с.) ораза айтында бірнеше тал құрма жемейінше үйден шықпайтын»[11],-деген.Тағы бір риуаятта: وَيَأْكُلُهُنَّ وِتْرً«Оны тақ сан етіп жейтін»,- делінген.
Ибн Аббас (р.ғ.с) айтты:
مِنَ السُّنَّةِ أنْ يَطْعَمَ [يومَ الفِطْرِ] قَبْلَ أنْ يَخْرُجَ وَلَوْ بِتَمْرَةٍ
«Айт күні шықпастан бұрын тіпті бір құрма болсада жеп шығу сүннет амалынан»
5. Намазға жаяу барып, жаяу қайту:
Ибн Омар (р.ғ.):
كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم يَخْرُجُ إِلَى الْعِيدِ مَاشِيًا، وَيَرْجِعُ مَاشِيًا
«Алланың елшісі (с.ғ.с.) айтқа жаяу барып, жаяу қайтатын»[12],-деп айтқан.
Әли ибн Әбу Талиб (р.ғ.): «Айт намазына жаяу бару және одан жаяу қайту сүннет болып табылады»[13],-деп айтты.
Имам Ибн Қудама «әл-Муғниде» имам Ахмадтың: «Егер айт намазы орындалатын жер алыс болмаса, біз айт намазына жаяу шығамыз, бірақ бұл орын алыс болса, онда оған салтты (көлікпен) баруда еш жаманшылық жоқ»[14],- дегенін жеткізген.
6. Үйге басқа жолмен оралу:
Жәбир ибн Абдулла (р.ғ.) жеткізген хадисте:
كَانَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم إِذَا كَانَ يَوْمُ عِيدٍ خَالَفَ الطَّرِيقَ
«Айт күні Пайғамбар (с.ғ.с.) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен оралатын»[15],-делінген.
Ғалымдар Пайғамбардың (с.ғ.с.) айт намазынан басқа жолмен қайтуының мәні мен даналығы неде болғандығы туралы түрлі пікірлер айтқан. Бұл пікірлердің арасында оның көп адамдарды құттықтауды қалағаны, немесе Қиямет күні оның басқан қадамдарына ол жүрген жерлер куә болуын қалағаны деген пікірлер бар.
7. Айт намазының алдында және одан кейін мешітте нәпіл намаз оқымау:
Ибн `Аббас (р.ғ.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.) екір ракағат ораза айт намазын оқыды да, оған дейін де, одан кейін де ешқандай намаз оқымады»[16],-деді.
Ал, кейіннен үйге оралғанда екі ракағат нәпіл намаз оқу мұстахаб.
Әбу Сағьид әл-Худри (р.ғ.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.) айт намазынан үйіне оралғанда екі ракағат нәпіл оқитын»,- деп айтты.
8. Ораза айт күні тәкбір айту:
Ғалымдар Бақара сүресінің 185-ші аятын:
شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَن كَانَ مَرِيضاً أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلاَ يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ وَلِتُكْمِلُواْ الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُواْ اللّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ
«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал, біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»[17],-деген аятқа сүйеніп, Ораза айты тәкбірлерінің уақыты оразаның аяқталу түнінде басталады әрі имам айт намазына шыққанға дейін жалғасады деген.
Ибн Кәсир (р.х.): «Ғұламалар айт күні тәкбір айтудың шариғатта бар екендігіне осы аятты дәлел ретінде келтірді»,-деген.
Имам әз-Зухри бұл жөнінде:
عَنِ الزُّهْرِيِّ : أَنَّ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم كَانَ يَخْرُجُ يَوْمَ الْفِطْرِ فَيُكَبِّرُ حَتَّى يَأْتِيَ الْمُصَلَّى ، وَحَتَّى يَقْضِيَ الصَّلاَةَ ، فَإِذَا قَضَى الصَّلاَةَ قَطَعَ التَّكْبِيرَ
«Алланың елшісі (с.ғ.с.) рамазан айтында шығып, намаз орындалатын жерге жеткенге дейін тәкбір айтатын, әрі намаз басталғанға дейін оларды айта беретін, ал намаз басталғанда, ол оларды айтуды тоқтататын»[18].
Мұсылман баласын қуанышқа бөлейтін бұл мейрам елімізге, жерімізге құт-береке мен ынтымағын, ырысы мен берекесін ала келсін деп тілейміз. Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды және сауапты істерімізді қабыл етіп, келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуді нәсіп еткей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей! Ауызбіршілігімізді арттырып, тыныштығымызды тұрақты қылғай! Әумин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ наиб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің бас имамы
[1] «Шархус-Сунна» 4/323.
[2]Хадисті Әбу Дәуіт риуаят етті.
[3] «Ағраф» сүресі, 199-аят.
[4] «Хаж» сүресі, 32-аят.
[5]Имам Бәйһақи, «Шуғабул-иман»
[6] Әш-Шәфи’и 113, әл-Бәйһақи 3/278.
[7] Мәлик 1/177.
[8]«Фатхул-Бәри» 8/414.
[9] Әт-Табарани «әл-Әусат» 2/53.
[10] Әл-Бәйһақи 3/281.
[11] Имам Бухари, 2/17.
[12] Сүнән ибн Мәжә 1/411.
[13] Ибн Мәжаһ 1297, әт-Тирмизи 530.
[14] Ибн Мәжаһ 1297, әт-Тирмизи 530.
[15] Имам Бухари, 986.
[16]Имам Бухари 945, 1364, Муслим 884.
[17]«Бақара» сүресі, 185 аят.
[18]Ибн Абу Шәйба 1/2, әл-Бәйһақи 3/279.