Бүгінде «таза ислам» ұранын ту еткен сәләфилік ағымын ұстанатын жастар кей мұсылман елдеріндегі билікке қол жеткізу мақсатында жасалып жатқан көтерілістерге қатысу үшін шекара асуда. Оны «Алла жолындағы жиһад» деп атау үрдісі пайда болды. Бұл – бүгінгі таңдағы ең өзекті, іріңді мәселе болып тұр. Мұндай қарулы қақтығыстарға еліміздің дипломатиялық қарым-қатынастарына, әлемдік аренадағы беделіне, тұтастығымызға кері әсерін тигізеді. Мұндайлардың Сирияда, Шешенстанда, Ауғанстанда жиһадқа аттанғанын БАҚ беттерінен көріп жүрміз. Біздің жастар не үшін осындай іс-әрекеттерге барады? Оларды өлімге итермелейтін қандай күш?
Бұған асқан қырағылықпен һәм байсалдылықпен қараған жөн. Мұндай көзсіздіктің басты себебі басын өлімге тіккен адасқан жанның шәһидтік дәрежені аңсауында. Бірақ, олардың басым көпшілігі сол «шәһид» терминінің мән-мағынасын біле бермейді. Енді осы «жиһад» және «шәһид» сөздерді түсініп алайықшы.
«Жиһад» сөзінің ұғымы өте ауқымды. Тілдік тұрғыдан қарағанда белгілі бір мақсатқа қол жеткізуге тырысу, сол жолда күресу, бар қажыр-қайратымен, ынта-жігерімен алтын уақытын, дәулетін, тіпті жанын да сол мақсатқа жетуге арнау.
Ал енді бұл сөзді ислам дінімен байланыстырып діни сенім-наным тұрғысынан қарайтын болсақ, онда «Жиһад» дегеніміз адамзат баласының Жаратушы Хақ Тағаланы дұрыс танып-білуіне, Оның бұйрықтары мен тыйымдарын орындауында, дінді еркін түрде толық ұстануға мүмкіндік тудыруға кедергі болатын тосқауылдарды барынша, әрі мүмкіндігінше жою. Осы кедергілерді жою жолында әрбір мұсылман ақыл-санамен, денемен, мал-мүлкімен өз үлесін қосуға міндеттелу дегенді білдіреді.
«Жиһад» сөзі мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімде 35 рет әр сүреде әр түрлі мағынада айтылады. Осы аяттардың төртеуі ғана қолға қару-жарақ алып дін дұшпандарына қарсы тікелей соғысу мағынасында келген. Ал қалған аяттарда басқа мағыналарда қолданылған.
Ғұламалар жиһадты екіге түрге бөледі.
Біріншісі – майдан жиһады. Ол соғыспен, қолмен, тілмен, жүрекпен іске асады. Екіншісі – нәпсі жиһады. Адам өз нәпсісімен және шайтанмен күресу.
Алғашқысы – дипломатиялық жолдармен келіссөзге келу әрекеттерінің барлығы пайда бермей, бейбіт жолмен шешуге жол болмаған жағдайда амалсыздан баратын шара. Егер қарсы жақ соғысты тоқтатып, келіссөз сұраса, мұсылмандар да соғысты тоқтатып, келіссөзге жүгінгені жөн.
«Егер олар келіссөзге, бейбітшілікке қол созса, сен де соз». («Әнфал» сүресі, 61-аят)
Исламда майдандағы қарулы жиһадқа тек төмендегі жағдайларда ғана рұқсат етіледі:
Қорғану мақсатында.
Мұсылман еліне жау шапқан жағдайда әрбір мұсылман ер мен әйелге жиһадқа шығу парыз болады. Құранда:
«Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Алла жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар. Алла Тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді» (Бақара» сүресі, 190 аят) делінеді.
Мұсылман еліне шабуыл жасайтыны нақты анықталған дұшпанға бірінші болып шабуыл жасап, соғыс тактикасын қолдану.
Елбасы соғысқа шығуды бұйырған жағдайда.
Бірақ соғыстың жоғарыдағы түрлерін жеке тұлға немесе жеке тұлғалардан құралған топ «жиһад» деп жариялай алмайды. Оны тек қана мемлекет және оның басшысы жариялайды.
Сондай-ақ, сауатсыздық, әлсіздік, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер сияқты Жаратушы мен адамның арасындағы бөгеттерді жою үшін жасалатын барлық іс-шара да «жиһад» болып есептеледі. Егер қандайда бір қоғам осы айтылған келеңсіздіктерді түзетсе оны сырттан жау алмақ түгілі, ешкім де оған шабуыл жасауға да бата алмас еді.
Екіншісі – мұсылман адам нәпсісінің, шайтанның алдауында, жетегінде жүрмейді. Нәпсі азғыра бастаған уақытында Алла Тағалаға құлшылық қылып, ғибадатқа жақын болады. Нәпсінің азғыруына бой алдырмау үшін Алла Тағаланы көп зікір етіп, Құран Кәрімнің мән-мағынасын түсінетіндей көп оқып, әрдайым Алла Тағалаға дұға етеді. Нәпсі мен шайтанның азғыруынан мүлде құтыла алады деп айта алмаймыз, дегенмен, бұл шариғи үкімдер адам бойына сіңіп тура жолдан адаспайды деген үміттеміз. Ізгі амалдар нәпсі мен шайтанның адамға деген ықпалын жоғалтуға көмекші құрал бола алады.
«Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық жасаса, Алланы естеріне алып, күнәларының жарылқануын тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім жарылқайды? Сондай-ақ олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды». («Әли Имран» сүресі, 135-аят.)
«Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Алланы еске алады да қырағылық істейді». («Ағраф сүресі», 201-аят)
«Әлдекім Рахманды еске алудан көз жұмса, оған шайтанды ерікті қыламыз да сонда ол, оның жолдасы болады». («Зухруф» сүресі, 36-аят) Нәпсі азғырды-ау деген уақытта Алла Тағаланы еске алып, Одан кешірім тілеп, қорған іздеп паналайды. Міне, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалардың бекем ұстанған әдістері осындай. Бұл әдістер олардың Алла Тағала ризалығына жетуіне себепші болған.
Ал егер әрбір мұсылман өзін өзі түзетпеген жағдайда, дүниенің түпкір-түпкіріндегі барлық мұсылманның хал-ахуалы күн өткен сайын нашарлап, қазіргідей аянышты жағдайға түсе бермек. Міне, сондықтан әрбір мұсылман ең алдымен сыртқы емес ішкі, өз бойындағы кемшілігімен күреспесе, істеген іс-әрекеттің барлығы дерлік нәтижесіз бола бермек.
Имам Әбу Ханифа мәзһабының танымал кітаптарының бірі «Ихтияр» кітабында «Шәһид» сөзінің терминдік мағынасына былайша тоқталған: «Шәһид дегеніміз – мүшріктер өлтірген немесе соғыста жарақат алып өлген және бір мұсылманның қолынан зұлымдықпен қаза тапқан адам».
Шәһидтік ұлы дәреже. Себебі, қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 154-аятында:
«Алла жолында өлтірілгендерді (шәһидтерді) өлі демеңдер, олар тірі, бірақ сендер сезіп біле алмайсыңдар» десе, «Әли Ғимран» сүресінің 169-аятында:
«Алла жолында өлтірілгендерді өлі деп ойлама, әрине, олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі» деп ашық баян етіледі.
Ұлы Рахманның құзырындағы шәһидтердің мәртебесін және ол бақытты иеленушілер жөнінде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп жеткен хадистер көп. Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Шейіттер беске бөлінеді: Оба (немесе сол сияқты жұқпалы) дертке ұшырап бақилық болғандар, іш ауруына шалдығып көз жұмғандар, суға батып өлгендер, қираған үйдің астында қалып қаза тапқандар және шыбын жанын Алла жолында пида еткендер, деп айтты» деген. Сонымен қатар, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тарапынан жәннатпен сүйіншіленген ардақты он сахабаның бірі Сағд ибн Зәйд ибн Амр ибн Нуфайл (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Дүние-мүлкін қорғап өлген адам шейіт, өзін-өзі қорғаймын деп ажал құшқан адам да шейіт, дін жолында қаза тапқан да шейіт, сондай-ақ, отбасы бала-шағасын қорғап көз жұмған да шейіт болып табылады» деп айтқанын естідім деген.
Көптеген діни кітаптарда шәһидтік дәреже туралы ақпараттар келтірілген. Мәселен:
1. Дінін үйренуге және үйретуге барар жолда өлген адам шәһид болады. Хадисте былай делінген: «Дінін үйрену, үйрету және тарату жолында өлген адам шәһид болады»; «әл-Әмру бил-маруф (ізгілікке шақыру) және ән-нәхии анил-мункәр (күнәдан, жамандықтан қайтару) кезінде өлген адам шәһид болады»; (Ибн Асакир). «Тәрк етілген бір сүннетімді жандандырған адамға жүз шәһид сауабы бар»; (Хаким) «Фитнә заманында сүннетімді ұстанғанға жүз шәһид сауабы бар» (Хаким).
2. Намазын дұрыс оқыған адам шәһид болып жан тапсырады. Хадисте былай делінген: «Бес уақыт намазын дұрыс оқыған адамға әрбір күні үшін мың шәһид сауабы беріледі» (Тәрғиби Хадими).
3. Дәретпен жүріп дүние салған адам шәһид болады. Бір хадис-шәріпте: «Дәретпен өлген мұсылман шәһид болады» делінген (Дәйләми).
4. Алла Тағаланың жолында шәһид болып өлуді қалаған адам да шәһидтік дәрежені иелене алады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла Тағаладан ықыласпен шәһид болуды тілеген адам төсегінде өлсе де шәһид болады» (Муслим), «Шәһидтердің көбі төсекте өледі. Соғыстағылардың ниетін тек Алла Тағала біледі» (Ахмад).
Халық арасында соғыста көз жұмған барлық адамдарға шәһид, тірі қайтқандарға ғази делінсе де шынайы шәһидпен, шынайы ғазиді тек Алла Тағала біледі. Иманы бар адам ғана шәһид және ғази болады. Ғазилік және шәһидтік өте үлкен мәртебе.
Мұсылман әйелдің жәннатқа кіруі, шәһид болуы жеңілдетілген. Әйел салиқалы болып, күйеуіне бойұсынса жиһад сауабына қауышады. Хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мұсылман әйел бес уақыт намазын оқыса, Рамазанда оразасын ұстаса, күйеуіне бойұсынса, намысын қорғаса жәннатқа қалаған есігінен кіреді» деп айтқанын Ибн Хиббан жеткізеді. Сондай-ақ, «Жүктілік кезінде, босанарда немесе босанғаннан кейін өлген әйел шәһид болады», - делінеді. Осыған ұқсас тағы бір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мұсылман әйел жүкті кезінен босанғанға дейін және сәбиін емшектен шығарғанға дейін Алла жолындағы күресуші секілді болады. Дүние салса шәһид дәрежесінде болады» деген.
Соңғы жылдардағы мұсылман елдеріндегі болып жатқан соғыстар, сол елдің мұсылманшылықты сауатты түрде түсінбеу, оны дұрыс орындамау салдарынан болып жатыр. Ауғанстанда, Сомалиде, Джибутиде, Шам елдері (Сирия, Иран, Ирак) т.б. елдердегі қантөгістер әлемдік және сол мемлекеттердің ішкі саясаттары салдарынан болып жатқан әрекеттер. Бүкіл Ислам әлемі мұсылмандарына парыз болатындай «жиһадқа» жатпайды. Олай болса, оның қазақстандық жастарға қандай қатысы бар?
Ислам бейбітшілік пен тыныштыққа шақырады, соғысты басқалар таңған қажеттілік, себеп ретінде ғана қарастырады.
Анығын айтқанда, – бағалай білгенге бақ қонатын кезең осы сәт. Қабылиса жырау:
– Бақыт қайдан келесің?
– Берекесіз адамнан,
Ата-анасы наданнан
Үркіп, қашып келемін.
– Бақыт қайдан келесің?
– Ораза-намаз оқымас,
Алланың атын тоқымас,
Бейнамаздан келемін.
– Бақыт қайда барасың?
– Үйінде тұрған Құраны,
Расулалла ұраны,
Тәртіпті үйге барамын.
– Бақыт қайда барасың?
– Тарауық намаз оқыған,
Көңіліне аят тоқыған,
Ниетті елге барамын.
– Бақыт қайда барасың?
– Қызы мен ұлы ибалы,
Ата-анасын сыйлайтын,
Сондай үйге барамын.
Тегі мықты бабаларымыз осылай десе, неге бас ұра келіспеске. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әрбір амал ниетке байланысты» деп текке айтпаған.
Бабамыздың:
– Бақыт қайда барасың?
– Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан-асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын, – дегені дәл бүгінгі уақытымызды суреттеп тұрғандай. Олай болса, біздің де тілегіміз осы – бейбітшілік бесігіне айналған елімізден береке кетпесе екен.
Мұсылман жамағатының назарын пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисіне аударсақ, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Денеде бір ет бөлшегі бар, егер ол жақсы, түзу болса бүкіл дене жақсы болады. Ал егер ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар ол – жүрек» деген болатын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл сөзінен мұсылман өз жүрегін, пейілін дұрыстауы үлкен жиһадқа жататынын түсінеміз.
Негізінде адамдардың жақсылықтан бас тартып, жамандықпен дос болуларының басты себебі ақиқатты түсінбеуінен немесе бұл мәселеде жол көрсетушінің болмауынан емес, жүрегінде нәпсі қалауларының үстемдік етуінде. Адамның жан-дүниесі Алла Тағалаға құлшылық ету ниетінен алыс тұрса, онда ақылдың логикалық принциптерді мойындағаны жеткіліксіз болады. Әр мұсылман ең алдымен өзін түзеуге тырысуы керек!
Шынайы исламды бетперде етіп, түбінде жеке мүддені көксейтіндер жетегінде кетуден сақ болайық, ағайын!
Алла Тағала баршамызды Өзінің тура жолына бастап, сол жолдан еш адастыра көрмесін!
Ершат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің
хатшысы, теолог, Ph.D докторы,
E-Islam.kz