Исі мұсылман қасиетті Рамазан айына дайындалып жатқанда, Ақтөбеде атыс болып жатқандығы туралы ақпарат тарады. Өңірде бірнеше қару-жарақ сататын дүкендер тоналып, Ұлттық ұланның əскери бөлімшесіне шабуыл ұйымдастырылған. Күтпеген жерден болған келеңсіздік туралы еліміздің ІІМ баспасөз қызметі «дəстүрлі емес діни ағымның радикалдық ұстанушылары болуы мүмкін» деген мəлімдеме жасады.
Дəстүрлі емес діни ағымның радикалдық ұстанушылары асыл дінді бұрмалап, бүлікке алып келді. Мұндай бағытты ұстанушылар біздің елден де бой көрсетіп жүргендігі жасырын емес. Осыған байланысты Ақтөбеде болған оқиға жайында еліміздегі белгілі бірқатар исламтанушы, дін мамандарының пікірін білген болатынбыз. Соларды оқырмандар назарына ұсынғанды жөн санап отырмыз.
Лаңкестік – діннен емес
Ақтөбеде болған теракті де күтпеген жерден орын алды. Бұл – террористердің тəсілі. Олар халықтың көп шоғырланған, қаннен қаперсіз уақытында, жексенбі күні түс ауа, ораза қарсаңында жасады.
Дəстүрлі емес ағым өкілдері ортақ шешімге келіп – кəпірлерге қарсы соғыс ашып, яғни, Алла жолында, «жихад» жасауды ұйғарған. Мұның артында кімдер тұрғанын анықтау стратегиялық жəне тактикалық мəселе болып отыр. Білетініміз, бұл қылмыстық əрекеттер теріс ағымды ұстанатын жасырын жамағаттарға тиесілі.
Олардың «уағызшылары» қазіргі мемлекеттік құрылымды сынға алып, зайырлы қоғам қағидаларына қарсы шығуға үндейді. Қоғамда қылаң беретін кейбір келеңсіздіктерді, мəселен, жемқорлықты тілге тиек етіп, күнəлі қоғамды тазарту үшін жихадқа шығуға шақырады. Бұл бүгінгі күнге дейін радикалды топтардың жиі қолданатын əрекеттері. Қоғамның тыныштығын бұзатын бұл лаңкестіктің зардабы өте ауыр.
Айта кетер жайт, осы жат ағым өкілдерінің насихатының жалғандығын қанша əшкерелегенмен, олар бұл бағытынан таяр емес. Сол себепті, мешіттен тыс басқа орындардағы, үй жағдайындағы уағыз-насихаттарға топ болып, жамағатпен уағыз жүргізуге тыйым салып, дəстүрлі емес діни насихаттың таралмауын қатаң бақылауға алу керек.
Дін – қасиетті. Ең үлкен күнə діннің басты қағидаларынан ауытқу болып табылады. Яки, ешкімге зиян келтірмеу, ешкімді өлтірмеу, қоғамға қарсы болмау, білімі бар адамдарды тыңдау, т.б. діннің негізгі талаптары саналады. Біз барша ел азаматтарын ортақ құндылықтар аясында бірігіп, арандатушылыққа алданбай, қасиетті ай құндылықтарын белсенді насихаттауға шақырамыз. Терроризм ислами немесе діни болуы мүмкін емес. Себебі ислам адамзатты мейірімге шақырады.
Айдар ƏБУОВ,
Дінтанушылар конгресінің
төрағасы, профессор
Олар ең қатал жазаға тартылуы тиіс
Еліміздің мұсылмандары қасиетті Рамазан айын қарсы алуға дайындалып жатқан кезде «Ақтөбеде лаңкестік əрекеттер орын алды» деген суыт хабар шықты.
Дін атын жамылған радикалдар ислам құндылықтарын аяқ асты етіп, жан түршіктіретін қатігездікпен жазықсыз жандардың қанын төкті. Иісі мұсылман əлемінің қасиетті айында қылмыс жасаған пенделерді дін жолында жүрген мұсылман деп айтуға ауыз бармайды.
Ел аман-жұрт тынышта елдің арасына бүлік салғандар нағыз адасқан залымдар. Исламда «Режеп», «Шағбан», «Рамазан» қасиетті айларға жатады. Бұл қасиетті күндер мен түндер Алла Тағаланың пенделеріне Ұлы Жаратушыға жалбарынып тəубе-истиғфар жасауы үшін, мұсылмандардың күнəларынан арылып, жақсылық пен сауап жасауға тікелей берілген мүмкіндік.
Ал енді, осындай берекелі айларда бүлік шығарып, жазықсыз адамдардың қанын төгу үлкен күнə, кешірілмес қылмыс. Осы қылмысты жасаған адамдар Алланың ақ жолынан адасқан, құдай жолынан айнып күпірлік жолына түскендер. Өз елін сүймеген, оған құрмет көрсетпеген адамнан опасыздықтан басқа ешнəрсе күтуге болмайды.
Шынайы мұсылмандар бұл айларда Алла Тағалаға құлшылық жасап, жалбарынып кешірім тілейді, пенделеріне рызық сұрайды, ауру-сырқауға ұшырағандар үшін шипа тілейді. Бұл мүбəрак айларда Алла Тағалаға шүкіршілік етіп, пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтады. Ислам – бейбітшіліктің діні.
Құран Кəрімде: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен жəне кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең», («Маида» сүресі, 32-аят) деген илəһи қағида бар. Олай болса, Ақтөбеде жан түршігерлік қылмыс жасаған бүлікшілер адамдық қасиеттерден жұрдай болған залымдар Алланың құзырында да, мемлекетіміздің заңы алдында да жасаған қылмыстарын ақтап ала алмайды. Олар ең қатал жазаға тартылуы тиіс.
«Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп текке айтылмаған болар. Ислам діні отан сүйгіштікке ерекше мəн берген. Мұхаммед пай ғам бардан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Отан қорғаудың қаншалықты сауапты іс екендігі жөнінде көптеген хадистер жеткен. Бір сахаба Мұхаммед пайғамбардан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Расулаллаһ, ең абзал амал не?», – деп сұрағанда Алла елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нəпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы» деп бұйырған екен. Қоғамның тыныштығы діннің де дұрыс дамуына кепілдік береді. Дана халқымыз «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп өсиет қалдырған.
Біз бүлікшілер мен залымдардың арандатушылық əрекеттерінен сақ болып, білімділер мен сабырлылардың жағында болайық, ағайын!
Балғабек МЫРЗАЕВ,
теология ғылымының докторы
Ақтөбедегі содырлық әрекет – ең үлкен қылмыс
Ислам діні бұндай қылмысты қатты айыптайды, əрі өте үлкен күнә санайды. Алла Тағала «Əн-Ниса сүресінің 93 аятында: «Кімде кім бір мүмінді (мұсылманды) əдейі өлтірсе, оның жазасы – Тозақ. Онда ол мəңгі қалады. Алла оған қаһарланып, қарғыс айтады жəне оның жазасы да азапты болады», – деп, кісі өлтірудің өте ауыр күна екенін баяндайды.
Бұл оқиғаны өз басым ислам атын жамылған жат топтардың еліміздегі діни аxуалға бағыттаған идеологиялық диверсиясы (қаскүнемдігі) деп білемін. Олардың нақақтан адам өлтіруі, қоғамда бүлік тудыруы соның айғағы. Рахымды Алла Құранда: «Кімде-кім нақақтан-нақақ адам өлтірсе, барша адамзатты жойғанмен тең», – делінген («Əл-Мəидə сүресі, 32-аят).
Кісі өлтірмек түгілі біреуге тілмен немесе қолмен зарар берудің өзі исламда тыйым салынған. Бұл жөнінде ардақты Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Нағыз мұсылман өзге мұсылмандарға тілмен де, қолмен де зара р бермеуі тиіс» , – деп , өсиет айтқан (Бұхари мен Муслим риуаяты). Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі Ақтөбеде орын алған терролық актіні қатты айыптайды. Мейірімді Алла қаза болғандардың отбастарына жəне жапа шеккендерге сабырлық берсін деп тілеймін.
Ершат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы,
теолог, PhD докторы
E-Islam.kz