Бүгінде әлемді алаңдатқан экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі. Жүздеген ұлттар мен этностың, бірнеше дәстүрлі конфессиялардың басын қосқан еліміздің ерекшелігін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін топтардың төбе көтермей қалмасы да айқын.
Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылы ішінде Қазақстан халқы әуелі Алла Тағаланың мейірім-шапағатымен, ауызбіршілігінен айнымай, бірлігіне бекем ел екендігін таныта білді. Бұл жолда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың заманның тынысын алдын ала байқап, болашақты бағдарлай білген көрегендігінің арқасында еліміздегі әртүрлі дін өкілдері мен ұлттар ортақ мақсатқа ұмтылып, болашақтың іргетасын бірге қалап келеді.
Осынау бірлікке ұйыған жүздеген ұлттардың ынтымақты мекеніне айналған елдің тыныштығын бұзғысы келетін топтар дінді желеу етіп, дүйім жұртты дүрліктіргені көңіл қынжылтады. Алды-артын ойламаған кейбір азаматтардың исламның атын жамылған дінбұзар ағымдардың арбауына еріп, ислам құндылықтарын аяқасты етіп, халықты әбігерге салғаны, расында, өкінішті жайт.
Дін ұғымы – адамзатты бақытқа бастаушы, жақсылыққа жетелеуші, санаға салмақты ой салып, кемелдікке жеткізуші институт. Жалпы адами құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз Ислам да жазықсыз адамның өміріне, ар-намысына, жеке мүлкіне қол сұғуға, басқыншылық жасауға қатаң тыйым салады.
Бейбітшілік пен мейірімділікті мақсат ететін, хәкім Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақыратын Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіруші кез келген адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, ой-санасы қалыптасып, көзқарасы тұрақтап үлгермеген азаматтарды жолдан тайдырып, еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіру – келешегімізге қол салғысы, тұнығымызды ластағысы келетін қара ойлы қылмыскерлердің ғана қолынан келсе керек.
Қасиеті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәһар) болады» («Мәида» сүресінің 32-аяты) деп, адам өмірінің артықшылығын көрсетеді.
Ата Заңымызда мемлекетіміз демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жарияланды. Ал, мемлекеттің басты құндылығы адам, оның өмірі және бостандықтары болып танылады. Сіз бен біздің өміріміз ең басты әрі қымбат қазынасы ретінде белгіленген Отанымызда еркіндік, теңдік пен татулықты ту еткен, ортақ тарихы біріктірген Қазақстан халқының бейбіт өмірі мен тыныштығына жетер байлық жоқ. Дана халқымызда «Бақыт құсының қадірін қонғанда емес, ұшқанда білесің» деген тәмсіл бар. Бар бақытымыздың парқына жетіп, бүгінгі жеткен биігімізге, тату-тәтті тұрмыс-тіршілігімізге қанағат ету – осыны сан ғасыр арман еткен қаймана қазақтың бүгінгі айтар шүкірі емес пе?! Тағы да Құранға назар салсақ, «Шүкір етсеңдер арттырып беремін» деп, Алла Тағала иісі мұсылманға уәде етеді.
Аллаға шүкір, біз – бақытты заманның куәгерлеріміз. Елімізде дін, сенім еркіндігіне кепілдік берілген. Дін атын жамылып, халық арасында бүлік шығару, қару асынып адам өлтіру – кешірілмейтін үлкен күнә болып саналады. Күні кеше Ақтөбеде болған қанды оқиға адам түгілі, жан-жануар мен жәндіктердің тіршілігіне ерекше мән берген дәстүрлі Ислам құндылықтарымен еш қиыспайды және де діндар ретінде біз бұл құбылысты қатаң айыптаймыз.
Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Олай болса, Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық һәм мұсылмандық парызымыз.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің бас имамы