Диірменнің тасындай шыр айналған дүниеде отырмыз. Барлық нәрсе өзгеруде. Дүниемен бір адамдардың көзқарасы мен танымы да, қазынасы мен құндылықтары да, ой-сана, пікірлері де өте қатты жылдамдықпен өзгеріп, ауысып жатқанын көзіміз көріп отыр. Бұрынғы байлық қазір байлық емес. Бұрын ұят болған нәрсе қазір ұят емес. Ата-бабасы намыс санағанды ұрпағы намыс санамайды. Бұрынғылар қорыққан нәрседен қазіргілер шошынбайды. Керісінше, кезінде батыр бабалар шыбын шаққандай көрмеген нәрселерден бүгінгі жасық балалар зәре-құты қалмай үркиді. Мысалы, бұрын біреудің шаңырағы шайқалса, отбасы ойран болса, сүйекке түскен таңбадай көрінетін.
«Пәленшенің қызы қайтып келіпті» деген сөз кез келген ата-ана үшін ең ауыр соққымен тең саналатын. Ал қазір ше? Бүлінбей бүтін тұрған бір әулет табу қиын. Кез келген кісіден сіздің әулетіңізде ажырасқандар бар ма деп сұрасаңыз, «Иә, болғанда қандай» деген жауап естисіз. Сонда бұл біздің санамыздың өскені ме, өшкені ме? Қоғамның мәдениетке қарай биіктегені ме, әлде төмен құлдырағаны ма? Әлде ата-әжелеріміз ажырасу дегеннің жақсы қылық екенін білмегені ме? Ажырасу жастар проблемасының бір шеті ғана. Ал негізгі түйткілдер біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Бүгін біз жастарға қайтсек ие боламыз деген мазмұнда аз-кем әңгіме қозғамақпыз.
Алдымен жастар деген кім, олар неге сенеді, нені қадірлейді, өмірден не алғысы келеді, бұл шақта кімдерден үлгі алады деген секілді қарапайым сауалдарға жауап табуымыз қажет.
Жастар деп бойында қаны ойнап, алабұртқан, ақылдан гөрі сезімге берілетін, балалық шағын артқа тастап, өзіндік санасын жаңа қалыптастырып жатқан топты айтамыз. Шамалап алғанда, 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар мен азаматшалар жастар қатарына жатады.
Иә, бүгінгі жастар білімді болуы мүмкін, техниканың құлағында ойнауы да ықтимал, ақша табудың жолдарына да жетік болуы ғажап емес. Алайда осылармен қатар ол жастардың рухани байлығы тым төмен болса, олардан елге де, жұртқа да, ертеңгі келешекке де мардымды пайда келмесі анық. Жақсы жардың қадірін білмейтін жаман еркектер, ер қадірін білмейтін жайсыз әйелдер қайдан шығып жатыр? Осы рухани жұтаңдыққтан шығып жатыр.
Негізінде, бүгінгі жастардың қалыптасуына үйінде ата-анасы, көшеде достары мен ортасы, оқу орнындағы ұстаздары мен тәлімгерлері және үнемі қасынан табылатын ғаламтор желісі әсер етеді. Бүгінде ғаламтор жастардың жүрсе қолында, отырса алдында, жатса жастығының басында екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал ондағы ақпараттар батыс елдерінен алынады. Оқитыны да, көретіні де, тыңдайтыны да көбінесе, сол батыстық менталитетке сай жасалған дүниелер. Қаласақ та, қаламасақ та бүгінгі шындық осы.
Ендеше, көзіміздің нұры, келешегіміздің кепілі болатын жастарымызға үйде ата-анасы, көшеде мемлекеті жанашырлықпен қолға алып ие болмаса, бүгін аузын арандай ашқан жаһанданудан, әлемді жайлап бара жатқан рухани дағдарыстан аман шығу қиынның қиыны.
Әсіре молшылық та кейде рухани дертке айналады. Бос қиялға берілу, өзін өзі танымау, мақсатсыздық, жалқаулық, жаман әдетке құмарлық, өзіне сенімсіздік, бардың қадірін білмеушілік, дін мен тілге құрметсіздік, өзіне келер ұятты білмеу, ата баба тарихын қадірлемеу, қарсы жынысқа деген құмарлық, мода мен сәнге берілгендік, қара бастың қамынан аса алмайтын эгоистік – бұлардың бәрі жастардың ғана емес, бүкіл елдің келешегіне балта шабатын рухани кеселдер. Бүгінгі Еуропа мен Батыс мемлекеттері осы кеселдерден қалай арылудың жолдарын іздеумен бас қатыруда. Ал бұны болдырмаудың жолдары асыл дініміз Ислам мен қаймағы бұзылмаған ұлттық салт-санамызда жатқаны анық.
Мысалы, жастарды ардақты Пайғамбарымыздан артық тәрбиелей алатын кім бар? Құранда айтылғандай, ол «Барша ғаламға рақым мен мейірімнің жаршысы болып жіберілген». Оның мінезі тұнып тұрған құран болған. Оның бойында Қияметке дейін келіп кететін барша адамзатқа арналған қайталанбас үлгі-өнеге бар. Ар-намысты да, тазалық пен пәктікті де, имандылық пен жалпы рухани байлық ты да Мұхаммед Пайғамбарымыздан артық үйрететін ешбір пенде жоқ. Мысалы, Исламның алғашқы жалдарында бір жігіт Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың елшісі, бір қызбен зина жасауға рұқсат беріңіз. Шыдай алмай қиналып отырмын» деді. Қасындағылар «Сен не деп тұрсың?» деп әлгі жігітке дүрсе қоя берді. Сонда Пайғамбарымыз сабырлы қалыппен: «Сенің анаң бар ма?» деді.
- Иә, бар.
- Сен сұрап отырған істі біреу сенің анаңа жасағанын қалар ма едің?
- Әрине, жоқ, уа Алланың елшісі. Қаламаймын.
- Ешбір адам оны қаламайды. Ал қызың болса ше? Сол істің қызыңа жасалғанын қалар ма едің, деді.
- Жоқ, әрине қаламас едім.
Осылайша Пайғамбарымыз әпкеңе, қарындасыңа, жиен әпке-қарындастарыңа осындай жиіркенішті істің жасалғанын қалар ма едің?» - деп жеке-жеке сұрап шықты. Әлгі жігіт бәріне де «Жоқ!» деп жауап қайтарды. Сонда Пайғаммбарымыз оның кеудесіне қолын қойып тұрып дұға етті: «Уа, Алла Тағалам, мұның күнәсін кешір, жүрегін жамандықтан тазалай гөр, намысын сақтауға жәрдемші бола гөр!» деді. Сол сәттен бастап бұл жігіттің өмірінің соңына дейін иманына дақ түсірмегені тарихи кітаптарда анық жазылған.
Тағы бірде Пайғамбарымыз мешітте уағыз айтып тұрған кезі еді, Кенет жамағаттың ішінен бір адам атып тұрып, мешіттегі бір топ адамға құлын нұсқап былай деді: «Уа, Алланың елшісі! Мыналардың аталары біздің атамызды өлтірген. Қанға қан, жанға жан деген бар емес пе? Біз де соның кегі ретінде осылардың біреуі өлтірілсін» деп талап етеміз деді. Бұл өте ауыр жағдай еді. Қан дауы қозғалып отыр. Сонда ардақты Пайғамбарымыз жай ғана дауыспен бірақ салмақтап тұрып: «Әкенің кегі баласынан алынбайды» деді. Мәселе сол замат сөне қалды.
Мұхаммед Пайғамбарымыз осындай теңдессіз тәлімдерімен небәрі 23 жылдың ішінде мейірімсіз, қатыгез, араққұмар, зинақор, әйелді адам санамайтын елден дүние жүзіне үлгі болатындай асыл тұлғаларды өсіріп шығарды. Қарақылды қақ жарған Омарлар, босағадағы қыздан да ұялшақ Османдар, сабырдың тірі үлгісі болған Білалдер мен Хаббабтар, білім дегенде алдына жан салмайтын Әлилер, Айшалар, жомарттығынан «Қолы ұзын» деген атаққа ие болған Зейнептер сол мектептен ұшып шыққан алғашқы қарлығаштар болатын.
Кешегі ата-бабамыз да осы құдайлық тәрбие мектепбін жалғастырған, дінді дәстүрге сіңіріп жіберген мұсылман жұрты болған. Мұсылмандықты өміріне тірек еткен би-шешендеріміз бен батырларымыз қазақ даласында ондап емес, жүздеп, мыңдап саналады. Асықпай отырсақ, бір отырыста жүз би мен жүз батырдың артына қалдырған мол рухани мұрасын санап шығуға болады. Төле, Қазыбек, Әйтекелер, Байдалы, Бөлтірік, Сары билер, Ақтайлақ, Саққұлақ, Бала билер, Досбол, Ноғайбай, Қашағандар – артына өлмес, өшпес мол мұра қалдырды.
Бірақ бір өкініштісі, сол – бұл мұра сарғайған кітап беттерінде, архив парақшаларында, әрі кетсе, уорд, пдф, ебаб секілді форматтағы документтер қатарынан ғана орын алып жатқан секілді.
Қазақтың батырлық дастандары әлемнің ешбір мультфилімінен қалыспайды. Сюжеті де, суреті де әлемдік стандарттан асып түседі. Қазақы рухтағы кино түсіруге де, сериал жасауға да ата-бабамыздан қалған мол мұра жетіп артылса керек. Тек қана соны құнт қылып, бірлікпен, ынтымақпен, шын ықылас-ниетпен іске асырсақ нұр үстіне нұр болмақ. Міне, осы істер мемлекеттік деңгейде қолға алынса, жастардың бірталай проблемасы көп кешікпей шешіледі. Дініміз де, тіліміз де қайта қалпына келері сөзсіз. Алла баршамызға тас түйін береке-бірлік нәсіп етсін. Ел қамында жүрген ақ пейіл адал азаматтарға Алла екі дүниеде разы болсын деген тілек-дұғадамыз.
Асылбек Әуезханұлы
e-islam.kz