26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дәстүрді дәріптеу дінге қайшы емес

Мақалалар
Жарнама

Құран Кәрімде күллі адамзат баласы жаратылысының түп-негізінің бір екендігі айтылады. Айталық, «Рұм» сүресінің 22-аятында: «Көктер мен жерді жаратуы, тілдеріңнің, түстеріңнің алуан түрлі болуы да – Оның белгілерінен. Күмәнсіз, бұларда білгендер үшін белгілер бар», – деп келетін аят бар.

Шындығында бір ата мен бір анадан тараған ұрпақтың түрі мен тілінің түрлі болуының өзі таңғалдырады. Ал, қарым-қатынас жасар кезде әр ұлттың өкілі бір-бірімен тілмаш арқылы тілдесіп жатады. Оның себебін Алла тағала «Хұжырат» сүресінің 13-аятында былайша көрсетеді: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың», –дейді.

Демек, ұлттардың ұлтқа, ұлттардың руға бөлінуі, ұлттығын сақтау мақсатында  мемлекет құруы – жаратылыс заңдылығы. Демек, адамзат тарихындағы елдердің өз тәуелсіздігі үшін күресінің түпкі мақсаты Алла тағаланың аманатына  адалдық танытуда жатса керек. Өкінішке қарай, дүние жүзілік тарихта күш-қуаты мығым мемлекеттер өзінен әлсіз мемлекеттерді жаулап, боданы етуге ұмтылып отырған.

Соның бірі – қазақ халқының басынан өткен отарлық саясат десек те болады. Қазақ халқы алаштың ардақты арысы М.Дулатұлы айтқандай, «мың жеті жүз отыз бірдің санасында Руссияның фанасына» енгенде, «ғаділдік саясында тұрмақты» үміт еткен болатын-ды. Бірақ сол бабалар үміті ақталмай, Кеңес өкіметі тұсында ұлттық намыс пен тіл, дінімізден айырыла жаздағанымыз жасырын емес.

Қазіргі уақытта үш жүз жылға созылған отарлық езгіден шыққан еңсемізді тіктеп, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып жатқан жайымыз бар. Асыл дініміз елімізге қайта оралып, ұлтымыздың рухани тірегіне айналып келеді. Оған қарсы қоғамымызда ғасырлар бойы халық салт-санасына сіңісіп кеткен дінімізді салт-дәстүрден бөле жарып, ұлтымыздың ұлттық құндылықтарына балта шабуды көздейтін жат ағымдар күресіп бағуда.

«Құран, сүннет жолымен ғана жүреміз, мұнан өзгелер тек адасушылар» деген жалаң ұранның аясында адасып жүрген кей жастарымыз дінмен біте қайнасқан салтымыз бен дәстүрімізге бар болмысымен қарсы тұруда.

Дініміз бен салт-дәстүрімізге берік болғанда ғана мықты ел болатынымызды естен шығарған жастарымыздың парасатсыз әрекеттері шынымен жанды жаралап барады. Осындай парықсыздыққа жол бермей, өткен олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Жақсы бастаманың ізімен «Дін мен дәстүр» кітабы да жарыққа шықты.

Мазмұны құнды кітаптың кіріспесінде: «Ар-ұжданның ақ туын көтерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына осыншалықты кең-байтақ атамекенді аман-есен жеткізді. Сонымен қатар, бізге ең басты байлық – дін дәстүрлерімен өрілген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытып кетті. Ендеше «жаным арымның садағасы» деп мұсылманшылықты ту еткен сол баһадүр бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан айнымағанымыз жөн. Керісінше, ежелден қалыптасқан мұсылманшылық дәстүрлерімізді, мәзһабымыз бен мектебімізді қайта жаңғыртып, ғасырлардан жеткен мұраларымызды мансұқ етпей, қолда барды бағалай білгеніміз дұрыс», – делінген.

Дін мен дәстүр жылының аясында дін қызметкерлері біршама игі істер жасауда. Әрине, мұндай маңызды істер жай науқан аясында қалып қоймай, үнемі  жалғасын табуы қажет екенін ескерген жөн.

Расында қоғамды береке-бірлікке шақырып, ынтымаққа бастайтын рухани  құндылықтарды қадірлеуіміз қажет. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, күнделікті әдет-ғұрпымызды етене танып, тәрбиесі мол дәстүрімізге құрметпен қарау қашан да маңызды. Әйтпегенде, ұлттық дүниетанымымыз ұмытылып, бай мұрамыздан біржола қол үзіп қалуымыз ғажап емес. Бұл – бір. Екіншіден, бұл – біздің мәңгілік елдігіміздің кепілі.   

Сан ғасыр бойы ата-бабаларымыз тұтынып, төл дүниетанымына айналдырған салт-дәстүрлеріміз көп-ақ. Сол салт-дәстүрлерімізді күнделікті өмірімізде тұтыну арқылы халқымызды ұлтжанды етіп тәрбиелеуде де ұлттық негіз бар.

Қай халықтың салты мен дәстүріне, әдеті мен ғұрпына қарап та оның ұлттық ерекшелігін айқын аңғаруға болады. Өйткені, салт-дәстүр әрбір ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігі, ата кәсібі негізіне қарай қалыптасатын дүние. Демек, біздің сеніміміз ислам шариғатынан туындаса, ал, салт-дәстүріміз шариғи заңдылықтың аясында қалыптасып, ғасырдан-ғасырға өз жалғасын тауып келеді.

Әрине, кез келген ұлтты ұлт ретінде жоюдың бірден-бір жолы – оның ұлттық болмысынан айырудан басталады. Айталық, Кеңес Одағы кезеңінде Ислам діні «апиын» ретінде бағаланып, халық жадынан аластатылса, тәуелсіздіктен кейін бұл жат ағым тарапынан қаралана бастады. Мұндай ақпараттық соққыларға төтеп беріп, ұлттық болмысымыздың бет-бейнесін танытатын дүниелерімізбен өзгелерді мойындата  алсақ, рухымыздың күштілігін көрсетер едік.

Өзінің туған тілін білмейтін, өз дініне салғырт қарайтын, ұлттық рухы сынды салт-дәстүрінен хабары жоқ жан өзге мәдениеттің шылауына әп-сәтте шалдығып жатқанын көріп жүрміз. Соның нәтижесінде Ислам дінінің шариғатымен ұштасып жатқан, ата-бабаларымыз тұтынған дәстүрге қарсы шығып, мойындамаушылық та кездесуде. Әлбетте, мұндай теріс қадам Ислам шариғатына, қала берді, ата-дәстүр және салт-дәстүрімізге нұқсан келтіре алмайтыны ақиқат. Дегенмен, елдің бірлігі мен берекесін сақтаған дәстүр жүйесіне селкеу түспегені абзал.

Біздің бабаларымыз дәстүрін сақтаған елдің елдігіне ие болып қаларын білді. Дәстүр адамды тәрбиеге, ақылға баулиды. Қазақта ата-ананы, үлкенді құрметтеу, алғысы мен батасын алу бірінші кезекте тұрды. Дәстүр бойынша жастар үлкеннің батасын алып, алыс сапарға шықты, игі істі қолға алды, жақсы бастамалардың жаршысы болды. Бұл – айналып келгенде, дәстүрмен берілген имандылық тәрбие. Мысалы, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем бере бару т.б. сынды салт-дәстүрлеріміздің де діни салттарымызбен ұштасып жатқаны анық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек», – деп қазақ тарихында Ислам дінінің орнының өте жоғары болғанын атап көрсетеді.

Қорыта айтарымыз, дәстүрді дәріптеу дінге қайшы емес. Ендеше, халқымызға ежелден таныс һәм мұсылмандығымен ұштаса білген салт-дәстүрлерді жаңғыртып, өскелең ұрпаққа паш ету және мәңгілік елдігіміздің кепілі сонда жатқанын насихаттау – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ, 

дінтанушы

Бөлісу: