Ислам дінінде адамның барлық ойлары, сезімдері және әрекеттері тақуалық және Құдайдан қорқу деген түсінікпен өлшенеді. Егер де шыныменде адам баласы Жартушының жазасынан қорықса, тозақ отынан сақтана отырып, барлық күш жігерімен жәннатқа ұмтылады. Сонымен қатар Алланың тыйым салғандарынан алыс болып, өмірін адалдықпен сүруге тырысады.
Жаратушы Иеміз біздің не ішіп, не жейтінімізді, қалай кәсіп етіп, оны қайда жұсауымызды бәрін тайға таңба басқандай анық етіп көрсетіп берген. Егер адам баласы Алланың бекіткен заңдылығымен жүрер болса бақытқа жетері анық. Мал табу, кәсіп қылудың адал болуын Ризық беруші Раббымыз өзіне иман келтірген пенделеріне былай деп ескертеді:
يا أيها الذين آمنوا كلوا من طيبات ما رزقناكم واشكروا لله إن كنتم إياه تعبدون
«Уа, Иман еткендер! Оған (Аллаға) шың құлшылық ететін болсаңдар, Біздің берген ризығымыздың тазаларынан жеңдер және Аллаға шүкір етіңдер» (Бақара сүресі: 172-аят)
Алланың елшісі бір күні сахабаларына (ﷺ) «Ешбір адам өз қолымен тапқан мал-мүліктен хайырлы тағам жемеген. Расында Алланың пайғамбары Дәуіт (ғ.с) өз қолымен тапқанынан жейтін», –деп адалынан кәсіп қылуға шақыратын.
Алайда пара алу, адалынан табылған кәсіптің қатарына жатпайтын арам іс. Парақорлықтың кез-келген түрі, пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистері арқылы түбегейлі тыйым салынған. Шариғат бойынша үкімі харам.
لعن رسول الله صلى الله عليه وسلم الراشي والمرتشي والرائش, يعني الذي يمشي بينهما
Мысалға Алла елшісі (ﷺ): «Пара беруші мен пара алушыны және арасында жүрушіні лағынеттеген».(Ахмад).
Олай болса, пара беруші мен пара алушынының, тіпті олардың арасында жүруші дәнекердің екі өмірде де бақытқа жетпесі ақиқат.
Параның харамдығы ақша түрінде ғана болуы міндетті емес, пара – сыйлық, қызмет көрсету, тауар түрімен тағы басқадай болуы да мүмкін.
Бірде Алланың елшісі (ﷺ) Әзәд руынан болған ибн Ләтбияһ деген адамды садақа жинауға тағайындайды. Ол садақаны әкеліп бұл сіздерге, ал мынау маған берілген сыйлық деп, бір бөлігін алып қалады. Сонда пайғамбарымыз (ﷺ) мынаны қарай гөр, егер ол өзінің әкесінің үйінде не анасының үйінде отырса, оған осылай сыйлық беріле ме екен?! Жаным қолында болған Алламен ант етемін, «Сендердің қайсы бірің, бір нәрсе алып қойсаңдар, қиямет күні соны мойнына көтеріп келеді...».
Сол секелді мәнсап иесіне берілген сыйлық пара болып саналады. Абу Хумайда әл-Сағдиядан келеген хадисте Алланың елшісі (ﷺ): «Лауазымды тұлғаның алған сыйлықтары – арам жолмен тапқан табысы». – деді.
Пайғамбарымыз (ﷺ) Абдулла ибн Рабаханы яхудилерге құрма ағаштарына қатысты салықты есептеуге жіберген кезінде олар оны сыйлықтармен сатып алмақшы болған. Сол кезде Абдулланың оларға берген жауабы: «Ұсынған сыйлықтарыңыз параға жатып, бұл заңсыз және біз бұны қабыл етпейміз», деп парадан бас тартқаны белгілі.
Бірде Омар бин Абдулазиз халифа болған кезінде, бір адам оған сыйлық береді, сонда халифа оны қабылдамай қояды. Жаңағы адам Алла елшісі (ﷺ) сыйлықты қабылдайтын деп айтқанда, ол былай деді:
قال عمر بن عبد العزيز: كانت الهدية في زمن رسول اللَّه صلى الله عليه وسلم هدية، واليوم رشوة
«Алла елшісінің уақытында сыйлық сыйлық болған, ал бүгінгі күнімізде ол пара», – деп жауап береді.
Халыққа тиесілі болған мүлікке қиянат ету қияметте Алланың азабына душар етіп ғана қоймай өмірінде бақытсыздық пен қасіретке душар етеді. Бұл турасында Бухариде келген хадисте: «Кейбір адамдар Алланың мүлігіне қиянат етеді (қоғамдық ақшамен) олар қияметте тозаққа түседі», делінген.
Сондай-ақ, қандайда бір қызметкердің жалақысынан бөлек үстеме тапқаны арам болып табылады. Бұған Бурай ибн әл-Хусайптан келген хадис дәлел болады: «Егерде біз біреуді қызметке бекітіп оған жалақысын тағайындасақ, бұдан тыс алатын нәрсесі – арам жолмен тапқан табысы болады».
Ислам қағидалары бойынша өзіне лайықты емес нәрсені алу мақсатымен біреуге сыйлық беруді пара дейді. Шариғатымызда мұсылманға болсын мұсылман емеске болсын пара беру тыйым салынған істен. Бұл мүлікті пайдаланудың жазасы туралы көптеген хадистерде айтылады.
Расында парақорлықты тоқтату қоғамдағы әр адамның міндеті болып табылады. Себебі сүйікті пайғамбарымыздың мүбәрак хадисінде (ﷺ): «Кімде-кім қандайда бір жамандықты көрсе қолымен (күшімен) тоқтатуға міндетті, оған шамасы жетпесе тілімен қайтарсын, оған да мүмкіндігі болмаса жамандықты жүрегімен жек көрсін. Ал, бұл дегеніңіз иманның ең әлсіз дәрежесі», делінген.
Парақорлық індетін үдетіп, жер бетінде күнәлі істермен бұзушылықты таратуға мұсылмандардың көмектеспеу керектігін, қасиетті құрандағы Алланың мына аятынан аңғарамыз:
وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ ۖ وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۖ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ ﴿٢﴾
...жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты. (Мәида сүресі; 2-аят)
Параның тыйым салынуының себебі, адам өзіне тиесілі емес қызметті, өзі лайықты болмаған орынды сатып алып өзгенің ақысын жеу болып табылғандықтан харам етілген. Осы арқылы адам Жаратушының заңын ғана бұзып қоймай, өзгенің құқығын таптау арқылы қияметтің күні жауапқа тартылмақ.
Абу Зарр (р.ғ); Бір күні пайғамбарға (ﷺ) «Әй Алланың елшісі мені бір жерге басшы етіп қоймайсыз ба?», дегенде Алланың елшісі (ﷺ) иығын қағып оған былай деді: «Әй, Әбу Зарр, Ақиқатында сен әлсізсің ал, билік болса адамға сеніп тапсырылған аманат болып табылады. Міндетіне және құқығына лайықты болып, билікті орнымен атқарғандардан басқаларға, бұл аманат қияметтің күні масқара және өкінішпен алдынан шығады». (Муслим)
Парақор адам қиямет күні Алланың рақымынан және пайғамбардың шапағатынан мақұрым қалады. Ал, есеп күні әр адам тозақтан құтылу үшін тіпті тозаңның түйіріндей сауапты амалға мұқтаж болады.
Парақорлықтың кең тарауы қоғамды жемқорлыққа үйретумен қатар, ыдыратуға алып келеді: әділетті шешімдер қараусыз қалып, әділетсіздік кең етек жайып, лайықсыздарға мүмкіндік беріліп, лайықтылар шеттетіледі; әділетсіздік әрекеттер көбейіп, көпшілік жауапкершілікті сезінбейтін болады.
Параның кейбір түрлері күпірлікке алып келетіндігі туралы сахабалардың сөздерінде кездеседі.
Ибн Масғұд айтады: «Соттың шешімін шығару үшін берілген пара күпірлікке жатады және ол, адамдардың арасында тыйым салынған нәрсе» деген. Бұл турасында Алла Тағала Бақара сүресінің 188-аятында былай дейді:
ولا تأكلوا أموالكم بينكم بالباطل وتدلوا بها إلى الحكام لتأكلوا فريقا من أموال الناس بالإثم وأنتم تعلمون
«Өз араларыңда мал-мүліктеріңді жалғандықпен (заңсыз түрде) жемеңдер. Өздерің күнә екенін біліп тұрып, адамдардың мүліктерінен жеулерің үшін үкім шығарушыларға (пара етіп) ұсынбаңдар».
Имам Зәһәби: «Яғни, өздеріңе лайықты емес екенін біле тұра, өзгелердің ақысын үкім шығарушылар сендерге бөліп беруі үшін пара беріп, мал-мүлік ұсынбаңдар, деген мағына айтылуда», – деген.
Мәидә сүресінде Алла Тағала пара беріп, біреудің ақысын жейтін адамдардың сипаттарын да атап кеткен:
قال تعالى: سماعون للكذب أكالون للسحت فإن جاءوك فاحكم بينهم أو أعرض عنهم وإن تعرض عنهم فلن يضروك شيئا وإن حكمت فاحكم بينهم بالقسط إن الله يحب المقسطين
«Олар өтірікті тыңдаушылар, тыйым салынған нәрселерді жеушілер. Егер олар саған келсе, олардың арасына үкім айт немесе олардан бет бұр. Егер олардан бет бұрсаң, олар саған ешбір нәрседе зиян тигізе алмайды. Ал, егер үкім ететін болсаң, олардың арасына туралықпен үкім ет. Ақиқатында Алла туралық етушілерді жақсы көреді». Ұлы сахабалардың бірі Ибн Масғуд: «Аяттағы тыйым салынған нәрелер дегені – пара»,– деген.
Осы тұста бір ескерер нәрсе, адамның мал-мүлкі, жаны шариғатта бірінші орынға қойылады. Оның өмірін, мал-мүлкін сақтап қалу үшін шариғат кей жағдайларда рұқсат болмаған нәрселерге уақытша рұқсат етеді. Сонымен қатар өзін мүжбірлеп істеткені үшін пара алушы күнәлі болады, ал беруші күнәлі болмайды, – деп пікір айтқан ғалымдар болған.
Имам Табарани Сәубаннан риуаят етеді, Пайғамбарымыз (ﷺ) айтты:
وروى الطبراني عن ثوبان أن النبي صلى الله عليه وسلم قال: "رفع عن أمتي الخطأ والنسيانُ وما استكرهوا عليه"
«Үмметімнен қателіктің, ұмытудың, мәжбүрлі істегендерінің (күнәсі) алынған», – делінген.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жоғарыда айтылғандардан ой түйер болсақ параның зияндары мен кесапаттары төмендегідей болмақ:
1. Алланың лағнетіне ұшырау;
2. Тозақта жану;
3. Табысы арам болуы;
4. Дұға тілектері қабыл болмау;
5. Жер бетінде әділетсіздікті орнату;
6. Аманатқа қиянат жасау;
7. Қоғамды бұзу;
8. Нахақтан өзгенің мүлігін иелену;
9. Күпірлікке жол ашу;
10. Жер бетінде бұзушылық пен күнәні тарату;
11. Әлеуметтік теңсіздікке жол ашу;
12. Алланың заңын өзгертуге себепші болу;
13. Өзгелердің құқығын таптау, тағы да осы сынды кесірлері жетерлік.
Алла Тағала елімізге есендік, халқымызға ынсап пен қанағатшылдықты нәсіп етіп, қиямет күні өзінің дидарымен қауышуды жазсын.
Серікхан АХМАДИЕВ,
ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы