27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Дін тақырыбы науқандық сипатта қозғалып жүр (СҰХБАТ)

Мақалалар
Жарнама

Оңғар ӨМІРБЕК,

ҚМДБ-ның төл басылымы – «Иман» журналының бас редакторы:

ДІН ТАҚЫРЫБЫ НАУҚАНДЫҚ СИПАТТА ҚОЗҒАЛЫП ЖҮР

– Оңғар аға, сіз тәуелсіз елімізде қалыптаса бастаған ислами баспасөздің негізін қалаған қарымды да тәжірибелі қаламгерлердің бірісіз. Бүгінгі таңда еліміздегі діни журналистиканың қалыптасу үрдісіне қандай баға берер едіңіз?

– Баршаға белгілі, елімізге тәуелсіздікті нәсіп еткен Алла тағала ата-бабамыздың асыл діні – Исламға да жол ашты. 70 жылғы дінсіздіктен санасы уланған бауырларымызға асыл дінді жеткізу насихатпен жүретіні белгілі. Діни басқарманың төл басылымы – «Иман» журналы 2001 жылдың күзінен алғашында екі айда бір шыға бастады. Ал сол жылдың басынан «Ислам және өркениет» газетінің алғашқы саны 12 бетпен айына бір рет оқырман қолына тиді. Міне, осы екі басылымның да материалын дайындап, корректурасына дейін қарайтын өзім едім. Материалдардың қаншалықты қиындықпен дайындалатынын баспасөз қызметкерлері түсінер. Мұның үстіне баспасөз хатшысы міндеті де қосымша жүктелген-ді. Себебі бюджеттен қаржыландырылмайтындықтан, діни басқарма штаты саусақпен санарлық еді. Соңғы жылдары ғана штаты едәуір артты. Ай сайын шығатын журналда материал теруші мен безендірушіні қосқанда бар болғаны үш адам қызмет етеміз. Қазір ай сайын шығатын басылым оқырманының қолынан түспейді. Әр санын асыға күтеді. Әлбетте, бұл – тынымсыз ізденістің жемісі. Ең алғашқы таныстыру таралымы үш мың дана еді, қазір 18 мыңға жетті. Дінімізге қандастарымыздың жаппай бет бұрғанын ескерсек, таралымның мұнан да өсе түсері күмәнсіз. Құдайға шүкір, бұл күндері білімді де білікті, қаламы қарымды авторлар тобы да қалыптасты. Атап айтқанда, теология докторлары Алау Әділбаев, Мұхитдин Исаұлы, докторант Қайрат Жолдыбайұлы, Құдайберді Бағашар, Мұқан Исахан, Рашид Мұхитдинов, исламтанушылар Нұрлан Анарбаев, Еркебұлан Сайлауұлы, Сәбит Ибадулла және т.б. да бауырларымыздың дінімізді жіліктеп шағып, Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін тәпсірлеген мақалалары оқырманымыздың діни таным-білім көкжиектерін кеңейтіп, басылымның беделін көтеруде. Олардың алды бірнеше кітаптың авторы. Дін насихатына қосып жатқан үлестері ауыз толтырып айтарлық. Алла разы болсын!

– Отандық журналистер дін тақырыбын қаншалықты дұрыс көтере алып жүр? Кемшіліктері қандай?

– Бұл мәселені қазақ тілді дүниәуи басылымдарымыз дінді қаншалық деңгейде көтеріп жүр деген сауалға жауап іздеуден бастағанымыз дұрыс секілді. Дінімізге қатысты материалдардың жариялануы көбіне-көп, Рамазан, Ораза айт, қажылық, Құрбан айт, Мәуліт кездерінде ғана науқандық сипат алады. Онда Бас мүфтидің құттықтаулары жарияланып, сонымен, дін тақырыбы келесі бір науқанға дейін саябырсиды. Бұл басылымдардың дін насихаты осымен шектеледі. Мұнан сол газет-журналдарда қызмет ететін әріптестеріміздің дінге қаншалық қызығушылығын аңғару қиынға түспес. Діни білімі болмаған соң шығар, бұл тақырыпқа қалам тартатындары өте аз. Мұны кейбір әріптесіммен әңгіме үстінде де байқаймын. Кібіртіктеп, күмілжиді де қалады. Дін тақырыбына тісі батпайды. Мәзһабтар мен радикалды ағымдардың аражігін айыра алмайды. Ал жалпы діннің насихатпен тарайтыны белгілі. Бұл насихат тек діндарлардың ғана шаруасы дейтін біржақты қасаң түсінікті өзгертетін уақыт әлдеқашан жетті. Көпшілікке оны жеткізу – өзін мұсылман санайтын әрбір қандасымыздың борышы. Дінді сауатты жеткізу үшін, әрине білім қажет. «Тілден бал да, у да тамады» дейміз. Қаламнан да солай. Бірқатар телеарнадан дінімізге, жекелеген мешіттерге қатысты дәйексіз, үстірт те сыңаржақ материалдардың беріліп, артынша түзеткен болып жатуынан не ұтамыз? Дініміз ұта ма? Діни сауаты жеткіліксіз көрермен бұл туралы не ойлайтынын хабарды беруші тележурналист пен сол арна басшылығының бас қатырып жатпайтынына қайран қаласың. Оларға көрерменін елең еткізер лездік жеңіл сенсация ғана қажет.

– Мұндайды қазақ «Іс бітті, қу кетті» дейді ғой. Жалпы, ғайбатқа қатысты дініміз не дейді?

– Ғайбаттың қысқаша түсінігі – адамды сыртынан жамандау. Белгілі (танитын) бір мұсылманның айыбын, оны жамандау мақ­сатымен сыртынан сөйлеу ғайбат саналады. Ғайбат айту – харам. Мәселен, денесінде, тегінде, мінез-құлқында, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниесінде, киімінде, үйінде, тіпті жануарларында да бар бір кем­шілігі сыртынан айтылса, яғни ол адам мұны естігенде ренжіп сөз айтса, ғайбат болады. Естігенде ренжитін сөзді бетіне айту да – күнә. Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де – сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады. Бір мұсылманның күнәсі және кемшілігі айтылғанда: «Әлхамдулилләһ, біз ондай емеспіз» деу, ғайбаттың ең жаманы. Біреу туралы айтылып жатқанда: «Әлхамдулилләһ, Алла бізді ондай арсыз етпеді» деген сияқты сөздермен оны жамандау, өте жиіркенішті ғайбатқа жатады. Алла тағала «Хұжурат» сүресінің 12-аятында: «Бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің өлген бауырының етін жегенді қалай ма? Әрине, бұдан жиіркенесіңдер» деп бұйырған. Бұған қатысты хадис шәріптер де аз емес. Соның екеуін келтірейік: Сәһл ибн Сағыдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай де­ген: «Кімде-кім екі сақалының [мұрты мен сақалының] арасындағы [аузы мен тілі] мен екі аяғының арасындағысына (ешкімге залал тигізбесіне) кепілдік берсе, мен оған жәннат болатынына кепілдік етемін» (Бұхари).

Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға және ақирет күніне сенсе, тек қана жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деп айтты» делінген (Бұхари, Мүсілім). Бұзық, адасқан сенімдерді таратып, жария күнә істеуді әдетке айналдырып, мұсылмандарды дұрыс жолдан тайдыруға себепкер адамды, оның зиянынан қорғанулары үшін мүміндерге айту ғайбат емес. Бірақ мұны да іріткі салуға себеп болмайтындай айту керек.

Ғайбаттаудың өтеуі өкініп, тәубе ету және ғайбаттаған адамнан кешірім сұрап, разылығын алу. Кешіріп, не кешірмеу – жәбірленушінің өз еркі.

– Дінімізге, мешіттерге үстірт, сыңаржақ ғайбат айтқандардың ел заңына сәйкес сот­қа берілген кездері болды ма?

– Біздің дініміз кешірімшіл. Өз кезінде даналарымыз: «Білімсіздің білмегенін кешірмесең, білгенің қайсы» деген емес пе?! Соттасу ешкімге де абырой әпермейді. Ғайбаттаушы күнәсі үшін Алланың алдында өз жауабын берер. Жалпы, күнәнің зардабына қатысты мәселеде адамдардың көпшілігі қателесетін бір нәзік тұсы бар. Ол – жасалынған күнәнің кері әсерінің тез арада көрінбеуі.

Имам Ахмад Әбу Дарданың (р.а.) былай дегенін жеткізген: «Аллаға көріп тұрғандай құлшылық етіңдер, өздеріңді өлілердің қатарына санаңдар. Көңілдеріңде қанағат тудырып, байытатын аз нәрсе, масайратып, шектен шығаратын көп нәрседен қайырлы болатындығын біліңдер. Ізгіліктің тозбайтындығын, күнәнің ұмыт қалмайтындығын естеріңде ұстаңдар». Яхия ибн Муғаз Ар-Рази: «Ақылды адамның: «Ия, Алла! Дұшпанға таба етпе!» деп дұға жасап, өзі сол дұшпанға таба болатын барлық жағдайға түсетініне таңданамын» депті. Сонда одан: «Қалайша олай болады?» деп сұрағанда ол: «Аллаға асылық танытып, күнә жасайды да, қиямет күні барлық дұшпандарына таба болады» деген.

Елін, халқын, дінін сүйетін жан күнә жасауға Алладан қорқады.

– Өкінішке қарай, әртүрлі діни ағымдар көбейіп кетті. Бұл орайда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Қиямет күніне дейін мұсылмандар 73 ағымға бөлінеді» деген сөзі еріксіз еске түседі. Ең өкініштісі, елімізде журналистиканы күнәһар мамандыққа балайтындар да табылып жүр. Бұған не дер едіңіз?

– Рас айтасыз, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Иаһудилер жетпіс бір топқа бөлінді, христиандар жетпіс екі топқа бөлінді. Менің үмметім жетпіс үш топқа бө­лініп, олардың тек біреуінен басқасының бәрі тозаққа кіреді» деген. Сахабалар: «Ол топ қайсы?» деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Олар менің сүннетіммен және менен кейінгі сахабаларымның жолымен жүргендер» деп жауап берген. Бұл хадисті Әбу Дәуіт, Термези, Ибн Мәжә риуаят еткен. Қазірде дінді өз нәпсісіне қа­рай бұрып алатын бәзбір топтар осы хадисті алға тартып, тек өздерінің ғана тура жолда екендігін, ал олардан басқалардың адасып жүргендігін айтуда. Алайда олардың түсініктері сыңаржақ. Өйткені олар хадистің мәнін түсінбеген. Алдымен бұл хадисті Бұхари мен Мүсілім таратпаған. Себебі оның негізділігінде кінәрат бар. Екіншіден, «қалғанының барлығы тозақта» деген сөйлем кейбір риуаяттарда кездеспейді. Үшіншіден, бұл хадис сахих болғанның өзінде әлгі топтарға дәлел бола алмайды. Себебі бір риуаятта тозақтан құтылушы топтың жамағат, яки сүннет жамағаты болатындығы айтылады. Ал келесі бір хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Үмметімнің басым бөлігі адасуда болуы мүмкін емес» дейді. Тағы бір ха­дисінде: «Сендер үмметтің басым бөлігімен бірге болсаңдар адаспайсыңдар» деген. Ал осы кезге дейін үмметтің басым бөлігі шариғатта төрт мәзһабтың бірін, ал ақида, діни таным мәселелерінде екі мектептің біреуін ғана ұстанып келді. Қазір де осы ұстанымдағылар үмметтің басым бөлігін құрайды. Ал бүйректен сирақ шығарып, лаңкестікке, бөлінушілікке шақыратын топтардың саны өте аз. Осыған қарап, шын мәнінде, кімнің тозақтан құтылушы топта, ал кімнің тұтылушы топта екендігін бағамдай беріңіз.

Ал журналист мамандығын күнәлі кәсіпке санаушылар да – осы діннің мұратын бұрып сөйлейтін адасқан ағым өкілдері. Негізінде, әрбір нәрсені жақсы мақсатқа да, теріс мақсатқа да пайдалануға болады. Өнер, шығармашылық, спорт – барлығы да солай. Ал ақпарат таратушы журналистер өздерінің қарым-қабілетін қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтеруге, көптеген түйінді мәселелерді шешуге жұмсап, оңтай­лы шешілуіне ықпал жасап жатса, ол қалай күнә алмақшы?! Керісінше, журналистердің қоғамдағы рөлі қанатымен өрт сөндіруге талпынған қарлығаштай десек, артық айтқандық болмас. Халайыққа жақсы, сүйінші хабарларды жеткізіп, ал халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізетін мамандық иесін қалай күнәһар санай аламыз?!

– Отандық БАҚ-тар шулап жатыр: елімізде алдымен жас қыздарға үйленіп, кейін оларға «талақ» деп оншақты рет үйленіп-ажырасқан арам ойлы ер кісілер де бар екен. Бұларға діни басқарма қалай тосқауыл қоя алады?

– Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала бұл туралы: «Егер (үйленгенде) әйелдер жайында әділетсіздік істеуден қорықсаң­дар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреуін алыңдар немесе қолдарыңдағы күң де жарайды. Әділетсіздік болмауға жақы­нырағы осы» («Ниса» сүресі, 3-аят), - деп мәселенің басын ашып айтқан. Иддасын күтпей бірін алып, «талақ» айтып екінші­сінен ажырасып жататындардың бұл оғаш іс-әрекеті дініміз үшін мүлдем жат. Біріншіден, күту мерзімін (идда) сақтамайды. Ол күту мерзімі 4 ай, 10 күн. Мешітте имамға емес, көрінген көк аттыға некесін қидыру шариғатқа қаншалық сай? Күмәнді. Мұның асыл дініміздің атын жамылып атқарылып жатқаны өте өкінішті. Бұған расында да нәпсіқұмарлық деуден өзге сыпайы теңеу табу қиын. Өкінішке қарай, қаракөз қарын­дастарымызды жесір, сәбилерін жетім қалдыру соңғы кездері ұшырасып жатқаны арқамызға аяздай батады. Бұған діни басқарма не мешіт имамдары қандай тосқауыл қоюы мүмкін? Ешкімді де мешітке күштеп алып келіп некесін қидыру мүмкін емес. Тіпті ата-анасына да білдірмей, қыз бен жігіттің «үйленіп», іле-шала «ажырасатыны» өз араларында болмаса, былайғы көпші­лікке жария емес. Өкінішке қарай, осындай жағдайға дейін жеттік. Діндарларымыз мешіттерде, мүмкіндігі болған көпшілік орындарда насихатын айтып жатады. Біздің басылымда некелесудің де, «талақ» айтудың да шариғи тәртібі жан-жақты ашылып, жазылуда. Әрине, оны тыңдар құлақ болса?!

– Қазақ қыз-келіншектері атам заманнан орамал болсын, кимешек болсын қазақ салтына қарай киген. Ал қазір бет-аузын тұмшалайтын ниқаптар да, шииттерге тән қап-қара паранжа жамылғандар да кездеседі. Жалпы, орамал тартуды дінге сай, салтқа қайшы келмейтіндей етіп, бір ізге келтіру мүмкін бе?

– Көпшіліктің есінде болар, осыдан үш-төрт жыл бұрын діни басқарма «Әсем киім – әйел көркі» атты бәйге жариялады. Оған еліміздегі бірқатар сән ательелері мен жекелеген киім тігушілер де қатысты. Әділ­қазылар алқасы еліміздің қыз-келіншектеріне мұсылман әдебіне сай келетін ұлттық салт-дәстүрімізбен ұштасқан киім үлгілерін ұсынушылар арасынан бәйге жеңімпаздары мен жүлдегерлерді анықтады. Сол киім үлгілерін бірқатар сән ательелері қыз-келіншектеріміздің сұранысына орай тігіп шығарып жатыр. Әрине, көп те емес шығар. Жалпы, қыз-келіншектеріміздің талғамы мен талап-тілегін қанағаттандыра алады деп ойлаймын. Бәлкім, тағы да жетілдіре түсу қажет болар. Қандай заттың да өтімді әрі кең көлемде қолданысқа енуі үшін таныстыру жарнамасы жеткіліксіз екендігін мойындауға тиіспіз. Оған бұқаралық ақпарат құралдары атсалысса құба-құп болар еді.

– Байыпты да салиқалы әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбатты жүргізген

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу: