26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Үш жүз қари дайындаған қарт

Мақалалар
Жарнама

Бауырлас Түркия елінің Боғазкөй елдімекенінде бүкіл ғұмырын Құран жолына арнаған Хасан есімді қарт кісі тұрады. Халық ол кісінің жарты ғасырдан астам уақыт бұрын бастаған қарилық мектебіне тәнті болып, қадірлі ұстаз санап, ыстық-ықыластарымен құрмет етеді. 

Бүгінде жетпістің бесеуінен асқан қари Хасан Такак ұстаздық қызметінен бір ретте айныған емес. Қарт қаридың алдынан тәлім алып жатқан шәкірттердің арасынан имамды да, прокурорды да, сотты да, кәсіпкерді де, шаруа адамын да және жәй мұғалімдерді де кезіктіре аласыз.  

Әлеуметтік табысым

Осы күнге дейін мыңдаған шәкірт тәрбиелеумен аймаққа есімі ең танымал жанға айналған Хасан қари еңбегін еш пұлдаған емес. Қосымша кіріс көзі болмауына қарамастан: «Менің ең үлкен әлеуметтік табысым – Алла разылығы», - дейді қария ұстаз.  

50 жылда 300 қари 

Хасан ақсақал шынайы ниетпен бастаған ағартушылығының арқасында қазірге дейін 300 қари дайындап шығарғанын мақтан етеді. Иә, мақтанып, қуанатындай іс. Мыңдаған шәкірттерінің ішінде Республикалық қарилар арасында өткен жарыстарда жеңіп шығып, Түркияның біріншілігіне кірген шәкірті де бар екен.


250 тұрғындық ауылда 150 қари бар 

«Қарилар дайындауға қашан ден қойдыңыз?» деген сауалға Хасан ақсақал екінің біріне беріле бермейтін ұстаздыққа қалай келгенін айтып, былай дейді:

- Шәкірт оқытып келе жатқаныма елу жылдан астам уақыт болды. Сол уақыттан бері міне үзбей жұмысымды бәз-баяғы жалғастырып келемін. Ауылымыздың имамы бала оқытуды тоқтатқаннан кейін шәкірттер бос жүріп қалды. Сосын көрші-қолаңдар маған келіп, балаларының қари болғанын қалайтындығын айтып, Құраннан сабақ беруімді өтінді. Олардың өтініштерін құп көріп, әуелгіде 5-10 баланы оқытумен бастадық.

Сол уақытта ауылда мынадай бір жақсы әдет болатын. Құранды жақсы оқитындарға кешқұрым хатым рәсімін жасататын. Тынымсыз еңбектің арқасында алғашқы шәкірттерім қари бола бастады. Бұл ісіміз – ауыл халқының көңілінен шығып, назары тіпті бізге ауды. Міне, осы қарқынмен жүріп, 250 кісі тұратын ауылда 150 кісімізді Құран жаттаған қари қылдық. Олардың арасында әйел кісілер де бар. 


35 жыл үйде дәріс берген

Хасан қари өзінің үйінде 35 жыл шәкірттерге дәріс берген екен. Уақыт өте шәкірт санының артуына орай, үйдің сыйымдылығымен қамтамасыз ете алмайды. Сосын барып ауыл ішінен «Боғазкөй Құран курсын» ашуды қолға алады. Өткен күндердің естілігін былай деп еске алады: «Ашылған курсқа Түркияның түкпір-түкпірінен көптеген шәкірттер келе бастады. Әуелгі жылы қабылданған Құран курсымыздың шәкірттері имамдық мамандығына сынақ тапсырды. Сол 37 шәкірттің 37-сі де сыннан сүрінбей өтті. Кейін олар өз мамандығы бойынша имам-хатиб болды».

 Әр жыл сайын 5-10 қари

 «Қазіргі күні менің тәрбиелеген шәкірттерімнің мыңнан астамы діни мамандық бойынша қызмет етуде. Бұлардан тыс мұғалім, адвокат, сот, прокурор және мүфти болғандары да бар.  Қазіргі күні жыл аяғына дейін 5-10 қари даярлап шығарудамыз», - дейді ұстаз Хасан Такак.

   

 

 

«ummet.kz» рухани ақпараттық порталы

Бөлісу: