26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Уәдені орындау – мұсылманның асыл сипаты

Мақалалар
Жарнама

Жаратушы Иеміз адам баласын көркем бейнеде жаратты. Жаратылыс ішіндегі ақылы мен санасы бар жалғыз жаратылыс иесі адам ғана. Осындай кәміл жаратылыс иесі адам баласы дұрыс жолмен жүріп, Жаратушысына құлшылық етуі парыз. Бірақ тек құлшылықты ғана орындап қою жеткіліксіз. Алланың бұйырған жақсы амалдарын орындап, көркем мінездерін бойына серік етуі тиіс. Сол секілді жаман әдет пен мінезден де арылу міндетіне жатады.

Адам бойынан табылуы керек ең жақсы қасиеттің бірі уәдеге берік болу. Қандай қоғам болмасын, қандай адам болмасын уәдеге беріктікті қашанда құптап, сөзінде тұратын жанды құрметтеп, сыйлап өткен. Дініміз ислам да мұсылманнан уәдесіне берік болуды талап етеді. Уәдесінде тұрмауды екіжүзділікке балап,  ондай  адамның тозаққа баратынын ескертеді.

Біздің бабаларымыз үшін де уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Қазіргідей құжатқа (нотариус) жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған. Уәдеге, сөз беруге қатысты ер азаматтың намысын жігерлендіретін нақыл сөздер әлі күнге дейін өз маңызын жоймады. Мәселен:

«Екі сөйлеу - ерге сын».

«Айтылған сөз - атылған оқпен тең».

«Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені». 

Кез келген жағдайда берілген уәдені орындау мұсылмандық міндеттердің ең абзалы. Керісінше әрекет ету мұсылман кісіге жараспайтын жат әдет. Берілген уәдені орындамау Алланың құлға берген ақысын аяқ асты ету деген сөз. Мұсылман кісінің берген сөзінде тұруы діни тұрғыдан бекітілген міндеттердің бірі. Себебі, Құранда былай дейді:

 وَأَوْفُواْ بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْؤُولاً
 

«Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», («Исра» сүресі -34-аят).

 وَأَوْفُواْ بِعَهْدِ اللّهِ إِذَا عَاهَدتُّمْ وَلاَ تَنقُضُواْ الأَيْمَانَ بَعْدَ تَوْكِيدِهَا وَقَدْ جَعَلْتُمُ اللّهَ عَلَيْكُمْ كَفِيلاً إِنَّ اللّهَ يَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ   

 

«Қашан серттенсеңдер, Аллаға берген серттеріңді орындаңдар. Анттарыңды Алланы өздеріңе кепіл етіп, бекіткеннен кейін бұзбаңдар», ( «Нахыл» сүресі,  91-аят).

Мұсылман адам қолынан келмейтін, істей алмайтын істі орындауға уәде бермеуі тиіс. Сондай-ақ өзі істемейтін шаруаны да айтуы дұрыс болмайды. Өйткені Алла осы мәселеге қатысты Құранда былайша ескертеді:

  يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا لِمَ تَقُولُونَ مَا لَا تَفْعَلُونَ كَبُرَ مَقْتاً عِندَ اللَّهِ أَن تَقُولُوا مَا لَا تَفْعَلُونَ

«Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады», ( «Саф» сүресі, 2-3-аяттар).

Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың барлығына тән 5 сипат болған болса, соның бірі «сидқ» - турашыл болу. Пайғамбарлар сөзі дұрыс,  шыншылдық пен дұрыстықтан айнымаған. Пайғамбарлар өздері елші болып келген қауымға былай дейтін: «.. Мен шынында да, сендерге жіберілген сенімді елшімін» ( «Шуара» сүресі,105-аят). Ешбір пайғамбардың өмірінде уәдесін бұзғандығы яки сөзінде тұрмағаны жайында дерек жоқ. Өйткені олар Алланың сенімді елшілері еді. Оларда кемшілік болмайтын және кемшілікке бой алдырмайтын ұлы тұлғалар болатын.

Ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) өміріне көз жүгіртсек шынайылық пен турашылдықтан танбағанын, уәдесіне берік болғанын көреміз. Біз үшін үлгі алар ұлы тұлға ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) екені белгілі. Олай болса, Пайғамбарын жақсы көретін мұсылман ретінде бізде уәдемізге берік болып, сөз берсек, сөзімізде тұратын болайық.

Пайғамбарымыз (ﷺ) бір күні Сафа тауының басына шығып:

– Ей, құрайыш қауымы! Мен сендерге мына таудың артында дұшпан әскерінің келе жатқанын айтсам, сенесіңдер ме? – деп сұрайды. Сол жерге жиылғандар бірауыздан:

– Иә, сенеміз. Өйткені сен бір рет болсада жалған сөйлеген адам емессің, - дейді.

Мүшіріктер Пайғамбарымызды (ﷺ) жақсы білгендіктен оның сенімділігіне күмән келтірмейтін. Оның бір рет болса да өтірік айтқанына, уәдесінде тұрмағанына куәлік ете алмайтын. Мекке тұрғындары үшін «сенімді Мұхаммед» ретінде танылды. Мүшіріктер тек өздерінің қыңыр мінезінен  Исламды қабыл етуге құлық танытпады. Дәулетті мүшіріктер болса, «Құдай неге бізді елші етіп жібермейді? Біз барлық жағынан пайғамбарлыққа лайықпыз ғой» деген көрсоқырлық сезіммен ақиқатты қабыл еткілері келмеді. Алайда Мекке халқы үшін Мұхаммедтен (ﷺ) сенімді адам жоқ еді. Заттарын аманаттауға келгенде Оған ғана сенетін.

Пайғамбарымыз (ﷺ) көрші елдердің басшыларына хат жолдап, Исламға шақырады. Сырттағы жандар жаңа шыққан пайғамбардың кім екенін білу үшін меккеліктерден сұрастыратын. Мүшіріктер Пайғамбар (ﷺ) дағуатын қабыл етпесе де, сұраған жанға жамандайтындай кінәрат айта алмайтын. Сондай көріністің бірі Византия императоры Геракл мен Әбу Суфиян арасында мынандай әңгіме өрбиді.

Геракл патша жаңа шыққан пайғамбар жайында нақты мәлімет алу үшін Шам өлкесіне сауда мақсатымен келген меккеліктерді құзырына алып келуін бұйырады. Патша бұйрығына сәйкес құзырына меккеліктерді алып келгенде, Геракл: «Пайғамбарға (ﷺ)  туыстық жағынан ең жақыны кім?» - деп сұрайды. Сонда Әбу Суфиян: «Мен», - деп жауап береді. Геракл патша Әбу Суфиянға қарап:

– Өз араларыңда Оның шыққан тегі қалай бағаланады? – деп әуелгі сұрақты сұрайды. Әбу Суфиян:

– Ол өте текті жерден шыққан, - деп жауап бергенде Геракл:

– Ата-бабасының арасында үлкен салтанатқа ие байлар болған ба? – деп сұрайды. Әбу Суфиян:

– Жоқ, - деп жауап береді. Геракл:

– Пайғамбарлық келгенге дейін жалған сөйлеген кезі бар ма? – дейді. Әбу Суфиян:

– Жоқ, - дегенде Геракл:

– Уәдеден тайқып, сертін бұзғанын көргендерің бар ма? – деп сұрағын жалғастырады. Сонда Әбу Суфиян:

– Жоқ, бүгінге дейін болған емес, - деп жауап береді.

Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) уәдеге беріктікті тамаша етіп іс жүзінде көрсете білді. Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) әлдебір кісімен әлдеқандай шаруа қамымен уәделеседі. Ертесінде айтылған жерге Пайғамбарымыз (ﷺ) баруын барғанымен, сөз байласқан кісі келмейді. Уәдеге сай Пайғамбарымыз (ﷺ) оны сол айтылған жерде тапжылмай күтеді. Арада үш күн өткенде әлгі адамның Пайғамбарға (ﷺ)  берген уәдесі есіне түсіп, екі өкпесін қолына алып құстай ұшады. Уағдаласқан жерде Пайғамбардың (ﷺ)  тапжылмай күтіп тұрғанын көріп, бетінен оты шыға ұялып, Пайғамбардан (ﷺ)   кешірім сұрайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) оған ақырын ескертіп: «Бұдан кейін бұлай істеуші болма», – дейді.

Туралық мұсылман адамды кемелдендіретін әрі жұмаққа жетелейтін жақсы қасиет. Абдуллаһ ибн Мәсғудтан риуаят бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде былай дейді: «Туралықтан айрылмаңдар. Туралық сендерді жақсылыққа, жақсылық жәннәтқа апарады. Кісі әрдайым тура болып, туралықты іздесе,  Алла құзырында турашыл деп жазылады.

Жалғаннан сақ болыңдар. Жалғандық адамды жамандыққа, жамандық тозаққа апарады. Адам үнемі жалған сөйлеп, жалғанды іздесе, Алла жанында жалғаншы болып жазылады» (Бұхари, «Әдәб» 69; Мүсілім, «Бирр» 105).

Сөзінде тұру ең ғанибет амалдың бірі, ал сертінен бас тарту зор күнә және мунафиқтың белгісі. Пайғамбарымыз (ﷺ) мунафиқтың белгісі жайында түсіндірген кезде уәде беріп, уәдесінде тұрмау екіжүзділіктің нышаны екенін атап айтады. Демек,  екіжүзді жан ғана сөзінде тұрмайды деген сөз. Хадисте бұл мәселені былай деп келтіреді:

 عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلَاثٌ : إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ

Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят бойынша Расулалла (ﷺ) былай деді: «Мұнафиқтың үш белгісі бар: сөйлеген кезде өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат етеді», (Бұхари, Мүсілім риуаяты).

 حَدَّثَنَا قَبِيصَةُ بْنُ عُقْبَةَ قَالَ حَدَّثَنَا سُفْيَانُ عَنِ الأَعْمَشِ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُرَّةَ عَنْ مَسْرُوقٍ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو أَنَّ النَّبِيَّ -صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ- قَالَ: «أَرْبَعٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ كَانَ مُنَافِقًا خَالِصًا، وَمَنْ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْهُنَّ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنَ النِّفَاقِ حَتَّى يَدَعَهَا: إِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا عَاهَدَ غَدَرَ، وَإِذَا خَاصَمَ فَجَرَ».

Абдулла  ибн Омардан (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ)  былай деді: «Кімде төрт белгі болса, ол адам шынайы мүнафиқ болады. Ал кімде бұлардан біреуі болса, оны тастағанға дейін екіжүзділіктің белгісі болады: аманат қалдырса, қиянат етеді; сөйлеген кезде өтірік айтады; сөз берсе сөзінде тұрмайды; куә болса, жалтарады»  (Бұхари, Мүсілім риуаяты). 

Алла Тағала уәдесінде тұрған мұсылманды Құранда мақтайды. Аятта бұл турасында былай дейді: 

مِنَ الْمُؤْمِنِينَ رِجَالٌ صَدَقُوا مَا عَاهَدُوا اللَّهَ عَلَيْهِ فَمِنْهُم مَّن قَضَى نَحْبَهُ وَمِنْهُم مَّن يَنتَظِرُ وَمَا بَدَّلُوا تَبْدِيلاً

«Мүміндер арасында Аллаға берген сертін орындаған адамдар көп болды. Олардың кейбіреулері шәһит болып кетті. Енді біреулері (шәһит болуды) күтуде. Олар уәдеден ешқашан тайған жоқ» ( «Ахзаб» сүресі, 23-аят).

Әнәс ибн Мәлік (р.а.) аталмыш аяттың көкесі Әнас ибн Надр және сол секілді жандар үшін түскен деп ойлайтынын айтқан. Өйткені,  оның көкесі Әнәс ибн Надр Бәдір соғысына қатаса алмаған екен. Сөйтіп Пайғамбарымызға (ﷺ) барып: «Ей, Алланың Елшісі (ﷺ)! Мүшіріктермен болған алғашқы соғысқа қатыса алмадым. Егер Алла мені мүшіріктермен болатын ендігі соғыста майдан алаңында болуды нәсіп етсе, көрсететін батырлығымды Алла барлығына міндетті түрде көрсететін болады», - дейді.

Ұһұд соғысында мұсылмандар жеңіліп жатқан шақта Әнәс ибн Надр: «Алла! Мұсылмандардың жеңілгені үшін Сенен кешірім сұраймын. Мүшіріктердің Пайғамбарымызға (ﷺ)  қарсы жасап жатқан озбырлығынан Саған сыйынамын», - деп мүшіріктерге қарай жылжыды. Сол кезде Әнәс ибн Надрға Сағд ибн Муаз кездесіп қалды. Оған: «Ей, Сағд ибн Муаз! Жәннатты қалаймын. Надрдың Раббысына ант етемін, мен жәннаттың исін Ұһұдтан сезіп тұрмын», - деді. Сағд ибн Муаз Пайғамбарымызға (ﷺ): «Ей, Алланың Елшісі (ﷺ)! Әнәс ибн Надр дұшпанға қарсы сондай жанқиярлықпен соғысты, оның көрсеткен ерлігін айтып жеткізе алмаймын», - дейді.

Соғыс біткен соң шейіт  болғандардың арасында Әнәс ибн Надрдың мәйітін табады. Қараса, денесіндегі қылыш пен найзаның ізі  сексенге жетеді. Мүшіріктер оның мұрнын, құлағын және өзге де ағзаларын кескілеп тастаған екен. Шейіт  сахабаны тану мүмкін болмай, қарындасы саусағынан ғана таныған еді.

Иә, Пайғамбар (ﷺ)  тәлімін алған сахабалар Алла алдындағы берген уәделеріне осылайша берік бола білген еді. Сахабалар әрдайым уәделеріне берік болып, ешқашан берген сөздерінен айнымаған.

Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) Жәбир ибн Абдуллаға  екі қолымен ымдай көрсетіп: «Егер Бахрейннен дүние келетін болса, саған мынандай сый беремін», – дейді. Алайда, жылдар жылжып, айлар өтседе Бахрейннен келетін олжаның шеті де көрінбеді. Бұл аралықта екі әлем Сардары да дүниеден озады. Хазреті  Әбу Бәкірдің  (р.а.) кезеңінде уәде етілген олжа Бахрейннен келіп жетеді.  Әбу Бәкір (р.а.) : «Расулаланың  берген уәдесі немесе қарызы болса, сол адам бізге келсін», – деп жариялайды. Жәбир мұны естіп: «Пайғамбар маған мынандай сый беремін деп уәде еткен еді», – дейді. Хазреті  Әбу Бәкір оған екі уыс ақшаны ұстатады. Санағанда артық та емес, кем де емес, тұп-тура 500 динар шығады.  Әбу Бәкір (р.а.)  оған: «Осының екі есесін тағы ал», – деп бұйырады. (Риязус Салихин, 2 том, 694 х.).

Мұсылманның арманы жәннат болса, жәннатқа жетелейтін  амал көп-ақ. Сол амалдың ішінен алты амалды орындаған мұсылманға Пайғамбарымыз (ﷺ) жәннатты сүйіншілеп әрі жәннатқа кіретіні жайында кепілдік беремін деп айтқан болатын. Сол алты амалдың бірі – уәдеде тұру. Олай болса, қадірлі бауырым, жәннатқа жетелейтін осы амалдарды толық орындап, Пайғамбарымыздың (ﷺ) кепілдігімен жәннатқа кіруге асыққан жөн болады.

Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Маған мына алты нәрсе үшін кепілдік беріңдер, мен де сендерге жәннатқа кіруге кепілдік берейін:

– Сөйлегенде шындықты айтыңдар;

– Уәделеріңді орындаңдар;

– Аманатқа сенімді болыңдар;

– Ұятты жерлеріңді сақтаңдар;

– Көздеріңді харамға жұмыңдар;

– Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар» (Имам Ахмад, Муснәд, 5323)

Өкінішке орай мұсылмандардың кейбірі жәннатқа жетелейтін уәдеге беріктік деген қасиетті өз деңгейінде орындай алмауда. Адамға берген уәдесінен тайқыған секілді Аллаға берген сөзінде де тұрмай жатады. Алланың атымен ант ішіп, сөз береді де, сертіне беріктік танытпайтыны өкінішті. Қала берсе намазхан бауырлар арасында мұндай жаман қылықтың көрініс беруі, иманның әлсіздігінен деп білеміз.

Адам болғасын көп жағдайда басына түрлі іс түскенде Аллаға жалбарынып, осыдан жұмысым жүріп кетсе, науқасымнан жазылсам, жұмысқа тұрсам, осы бәледен құтылсам, түрмеден шықсам намаз оқимын, садақа беремін, жетімге қарайласам, ішімдікті тастаймын деген секілді уәдені шын жүректен айтып жатады. Алланың қалауымен ниетіне жеткен соң, көбіне көп Аллаға берген сол уәдесін орындамай жалтарады. Біле білсек бұл Алла құзырында күнә әрі тозаққа жетелейтін әрекет. Алла Тағала уәде беріп, сөзінде тұрмағандар жайында аятта былай деп баяндайды: 

فَأَعْقَبَهُمْ نِفَاقاً فِي قُلُوبِهِمْ إِلَى يَوْمِ يَلْقَوْنَهُ بِمَا أَخْلَفُواْ اللّهَ مَا وَعَدُوهُ وَبِمَا كَانُواْ يَكْذِبُونَ

«Аллаға берген уәделеріне қиянат еткендіктері, өтірікшіліктері үшін Алламен жүз көрісетін күнге (қияметке) дейін екі жүзділікке толы тағдыр жазды оларға Алла тағала» («Тәубе» сүресі, 75-76-аяттар ).

Осындайда ұлы бабамыз Абайдың мына сөзі ойға оралады: «Асыл адам айнымас, бір бетінен қайрылмас».

Қадірлі бауырлар! Мұсылманға сай уәдемізге берік, сөзінде тұратын, сертінен таймайтын шынайы мүмін болуға тырысайық. Ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына өсиетін ұмытпағайық: «Діндес бауырыңмен керіспе, орынсыз қалжыңдаспа, оған сөз берсең, сертіңнен тайма» (Термези, Бирр 58). 

,Смайыл СЕЙІТБЕКОВ
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы

Бөлісу: