26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тұғырнама: Ислам және ғылым

Мақалалар
Жарнама

Ислам діні - ғылым-білім діні. Ислам ғұламалары ғылымды діни дүние деп бөлмейді.Ислам діні пайда болғалы мұсылмандарды ғылым-білімге шақырумен келеді. Сондықтан, Қасиетті Құранның 719 жерінде ғылым, білім туралы бекер айтылмаса керек.

Құранның адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!» екені де кездейсоқтық емес. Күллі мұсылманды білім алуға шақырған бұл сөз Құранның алғашқы «Алақ» сүресінің бірінші аятында бұйрық райында айтылған.Ислам дінінде мұсылмандарға парыз болғандардың ең үлкені - білім. Білімді мұсылман - толыққанды мұсылман. Ислам мен ғылым екі түрлі тақырып сияқты көрінгенімен, дінге бет бұрған мұсылман бір-бірімен тығыз байланысты екенін ұғады. Құран Кәрімде «Алла Тағала сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді, істегендеріңді толық біледі» (Сужадала сүресі, 2-аят) делінген. Абай атамыз айтпақшы, «толық мұсылман - толық адам, жартылай мұсылман - жарты адам». Ендеше, толық адам болу үшін ғылымның маңызы ерекше.

Ислам келгеннен кейін мұсылмандар үлкен жетістіктерге жете бастады. Алдымен Құранның ғылымға шақырған үгіті септігін тигізсе, одан кейін пайғамбарымыз да мұсылмандарға парыз екендігін айтып, білім алуға шақырған. Қасиетті Құран алғашқы мұсылмандардың бойында ғылымға деген құлшынысын арттырды. Исламдағы ғылым жәй ғана құрғақ сөзден емес, әлемді жаратушының қойған сауалдарына жауап іздеу нәтижесінде қарқынды дамыды. Ал Еуропа өркениетіне тек орта ғасырдағы мұсылман ғалымдар ғана емес, ислам өркениетінің көптеген аспектілері ықпал етті. Сондықтан батыс ғылымы мұсылмандар әлеміне борыштар деңгейіне жетті. Хазірет Әли (р.а.) Күмейілге:«Ғылым – байлықтан қайырлы. Өйткені, малды сен қорғайсың, ал, ғылым болса сені қорғайды. Ғылым бағындырушы, байлық бағынушы. Байлық, берсең азаяды, білім, берсең көбейеді» деуі де бекер емес. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді» делінген. Ғылым жолындағылардың басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары тұратынына «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9) деуі дәлел болады.

Әбул Әсуад: «Ғылымнан бағалы нәрсе болмайды. Өйткені сұлтандар адамдарға басшы, ал ғалымдар сұлтандарға басшы», – дейді. Ендеше кез келген ел тек ғылымға бас қойып қана дами алады. Мұхтар Әуезов бұл жөнінде «Халық қанша бай болса да уақыт өте келе бүкіл байлығы білімді халықтардың қолына өтеді», – деп дөп басқан. Сондай-ақ «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе, ол – білім» дейді ұлы жазушы М.Әуезов. 

Барша ғаламның жаратушысы жер жүзіндегі күллі нығметті адам баласы үшін жаратты. Алайда адамзат өкілі бүкіл жаратылыстың құпиясын зерттеп ұғудан ешқашан жалыққан емес. Ал ғылым дамыған сайын Ислам дінінің кереметтері ашылып келеді. Он төрт ғасыр аясындағы ғылыми жаңалықтардың қайнар бұлағы Құран Кәрімге келіп тірелуде. Мұсылмандар орта ғасырда ғылым мен мәдениет саласының ұйытқысы болды. Ежелгі дәуір мен жаңа заман арасында алтын көпір орналастырған ислам діні батыс пен шығыс әлемінде өркениет пен ғылым саласында мызғымас байланыс қалыптастырды. Сондықтан ислам мен ғылым егіз ұғым күйінде қала бермек. Өйткені әлемнің раббысы Алла Тағала өз ақиқатын жаратылыс құпиялары мен мұғжизаларын Ислам дініне жасырған. Француз ғалымы капитан Жак ив Кусто "Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол - Алланың хақ сөзі" деген. Мәселен, бүгінгі күні астрономия ғылымы дәлелдеп жатқан ғаламның пайда болуы осыдан он төрт ғасыр бұрын хабарланып қойған. Оған дәлел, 6-сүренің 101-аятында «Ол - көк пен жерді жаратушы. Оның жұбайы жоқ, баласы қалай болады? Ол әр нәрсені жаратты және Ол нақ нәрсенің бәрін біледі» делінген. Бұны ғалымдар толықтай растап отыр. Ғалам, ондағы кеңістік пен уақыт және материалдық денелер бұдан шамамен 15 млрд жыл бұрын ғаламат жарылыстың нәтижесінде пайда болған және одан бері ғалам кеңеюде. Ал осыдан он төрт ғасырға шегініс жасасақ, астрономия ғылымы туралы ештеңе білмей тұрған тұста ғаламның үздіксіз кеңеюі жөнінде хабар түсірілді. 51-сүренің 47-аятында «Біз аспанды құдірет күшімізбен орнаттық. Және біз оны кеңейтеміз» делінген. Иә, Жаратушының құдіреті шексіз. Ислам мен ғылымның тұтас дүние екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Немесе құрсақта шарананың жаратылуы туралы «Сендерді аналарыңның құрсағында үш қараңғылықта жаратылыстан жаратылысқа жеткізіп, жаратуда!» делінген аят бар (39-сүре, 6-аят).  Ал адам анатомиясына назар салсақ, жатыр негізгі үш қабаттан: сыртқы, (іш астар), ортаңғы қабат (бұлшық етті қабықша), ішкі қабат (шырышты қабықша) тұратынын және тоғыз ай бойы суға толған бұл үш қабаттан тұратын қабық шарананы сыртқы соққылардан сақтайтынын білеміз.  «Үш қараңғылық» дегеніміз осы болса керек.

Алла Тағаланың білім-ғылымға аса назар аударғанын «Өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұрап, үйренуге талпыныңдар!» («Нахыл» сүресі, 43-аят) дегенінен-ақ білуге болады.Фәтхи Мусылы: «Ғылым және хикметтен (Аллаһ Тағаланың сүйікті құлдарына беретін ғылымы) мақұрым жүрек ішіп-жей алмайтын ауру сияқты, өлімге душар болды деген сөз өте орынды. Өйткені денені жеп-ішу арқылы сақтаймыз, ал жүректің асы – ғылым және хикмет. Жүрек осы екеуімен өмір сүреді. Ғылымсыз жүрек өлімге жақын» деген.

Ислам діні – мұсылманның екі дүниедегі қорғаны. Мұсылмандардың білім-ғылымға жол көрсетушісі – Құран. Құран – адамзаттың тәрбие құралы, өмір сүру ережесі. Жылдар жылжып, заман өзгерген сайын, Құранда келтірілген әр сүре, аят өз маңызын жоғалтпай, қайта өміршеңдігін, ұлылығын дәлелдеуде, ғылым жолына түскендердің «ықтимал» дегендері ақиқатқа айналуда. Қазіргі таңда бұны еуропалықтар да мойындап, күннен күнге мұсылмандар қатары көбейіп келеді. Ғылым үйрену туралы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деп баяндайды: «Бір күн бойы білім үйрену, үш ай ораза тұтудан абзалырақ». Зүбәйр ибн Әбу Бәкір:«Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар».

 

Ислам ғұламаларының арқасында көптеген ғылым салалары дамып, кеш болса да батыс ғалымдары оны қуаттауда. Бүгінгі күні ислам арқылы ғылымның түрлі салалары бойынша жаңалық ашуды, дәлелдеуді қажет етеді. Ол үшін араб тілін еркін меңгерген мамандардың Құранды тәпсірлеу жұмысы кезек күттірмес жұмыстардың бірі. Бұл ең алдымен адамзатқа пайда келтіру қажет. Атақты  ғалым Шоқан Улиханов «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген екен. Құран Кәрімде «Уа, Раббым, менің (көкірек көзімді ашып) ғылым-білімімді артыра гөр!» деп дұға ет делінген. («Таһа» сүресі, 114-аят) Сондықтан, Алла Тағаладан түскен діндегі парыздарды өтеп, білмегенімізді үйреніп,білгенімізді өзгелерге үйрету – бізге  міндет. 

Мақсат қажы АЛТЫБАЙ,

ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы

 

 

Бөлісу: