26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сіз кімнің ықпалындасыз?

Мақалалар
Жарнама

Сіз кімнің ықпалындасыз?

Адамның нәпсісі айналасындағы қоршаған ортамен әсерленеді. Мәселен, егер саудагердің қасында жүрсеңіз саудагер болуды қалайсыз. Адал ниетті тақуа жандардың қасында жүрсеңіз, оларға ұқсағыңыз келеді. Сол сияқты, адамның араласып-құраласатын ортасы жаман болып, солардың қасында көп уақытын өткізіп жүрсе, көп кешікпей-ақ сол ортаның жағымсыз қылықтарын бойына сіңіре беретіні ақиқат. Пасық пенделердің маңында жүріп, олармен ұзақ қарым-қатынаста болсаңыз, оларға ұқсап қалғаныңызды сезбей қаласыз. Мұндайдан Құдай сақтасын!

Дана халқымыз:

Жаманмен жолдас болсаң,

Кесірі жұғар,

Жақсымен жолдас болсаң,

Несібі жұғар.,-деп дөп басып айтқан.

Демек, қоршаған орта адамның жақсы немесе жаман жаққа қарай өзгеруіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі.

Осы орайда, Жаратушы Иеміз Құран аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ

«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар!»,-деген әмірінен кейін, аяттың жалғасында Алладан қорқудың жолын нұсқап:

وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِين

«Және шыншылдармен бірге болыңдар»[1],-деп ескертті.

Міне, Хақтың да, халықтың да ыстық ықыласына бөленуіміз үшін ізгі, тақуа, шыншыл жандармен жолдас болуымыз қажет. Жақсылармен жолдас болудың өзі сауапты игі іс болып есептеледі.

Қамшының сабындай ғана бес күндік өмір қас пен көздің арасында қалайша тоқтаусыз зымырап өтіп жатыр десеңізші! Қазір жастыққа басымызды қойғанымыз сол-ақ екен ілесе таң атып, күн батып бір күніміз өтеді де шығады.

Әлбетте, өткен бір күнінде амал дәптерін салихалы істермен толтырған жан ғана өзін бақытты сезінуге лайықты. Олай болса, өзімізге сұрақ қойып көрейікші! Бүгін мен амал дәптерімді қандай іспен толтырдым? Мен ілгері алға қарай жылжи алдым ба, жоқ па? Мен Алланың алдында қандай дәрежеге иемін?

«Сын тағылмай мін түзелмейді» демекші, осылайша өзімізден есеп алып тұруды әдетке айналдырсақ, амалдарымыз сауапты, күндеріміз пайдалы өтпек. Бұл ретте, Жаратқанға бойсұнуға жәрдемдесетін жақсы адамдармен дос болу өте маңызды.

Нұрлан Бекболатұлы,

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

[1]Тәубе сүресі, 119 аят.

Бөлісу: