27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Жаратқан жалғыз Алла – хақ

Мақалалар
Жарнама

Тілін кәлимаға келтірген кез келген иманды жанның бұл өмірдегі ұстанымы «Алла – бір, пайғамбар – хақ, Құран – шын» деген қағида болып табылады. Шынында осыншама алып ғаламды жаратып, оған жүйелі тәртіп орнатқан бір ұлы құдіреттің бар екенін әрбір ақыл жүгірткен пенде мойындары хақ. Өйткені, жаратқан Алла ақылымыз арқылы өзін тануға мүмкіншілік бергені сөзсіз. Дініміз исламның іргетасы – «таухид» сенімі. Яғни, тілімізбен айтып, жүрегімізбен растайтын «Кәлима таухид» және кәлима шәһәдат» сөздері «Алладан басқа ешбір жаратушының жоқтығын» айқын айғақтайды.  

Ардақты сахабалардың бірі Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бірде жолаушыларға жол бастаған бейтаныс жетекші Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келді де: «Біз сонау алыс жерден келе жатырмыз. Бізге нақты және түсінікті бір амал айтыңыз. Оны басқаларына да үйретейік әрі онымен жәннатқа да кіретін болайық», - деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оларға: «Алладан басқа тәңір жоқ екеніне, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың құлы және елшісі екеніне куәлік ету», - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаратушы жаббар иенің жалғыздығы жайында: «Кімде-кім Алладан басқа ешбір тәңір болмағандығына куәлік келтірсе, Алла оған жәһаннамды харам етіп, жәннатты уәжіп етеді», - дейді.

Бір сәт ислам тарихына көз тастайықшы. Исламға дейін жалпы адамзат қауымы бір Аллаға деген сенімнен ада қалып, көптәңіршілдікке әп-сәтте бой алдырды. Әркім ойына келгенін жасап, бұтқа табынуды абырой көрді. Тіпті6 сол надандық дәуірде қасиетті қағбаның іші-сыртындағы қаптаған пұттардан көз сүрінетіндей еді. Сол мүшріктер жансыз пұттарға «Аллаға жақындатушы» деген түсінікпен құлдық ұрып, ақымақтың әрекетін жасап әурешілік күн кешті.

Олардың ең күлкілісі ұн, халуа, ірімшік секілді азықтар түрінен қалта пұттарын жасап алып, оған табынып, алыс жолдар үстінде қарны ашқандықтан «әлгі тәңірлерін» жеп қою секілді жексұрын әрекеттерімен де елдің есінде қалды. Құранда мүшріктердің бұл әрекеті былай сипатталады: «Олар Алладан өзге, өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге шоқынып: «Оларды, Алланың қасында шапағатшымыз» дейді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Сендер Аллаға, көктердегі әрі жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?», - де. Алла, олардың қосқан серіктерінен пәк, жоғары». («Юныс» сүресі, 18-аят)

Міне, жаратқанның қалауымен соңғы пайғамбарлық міндетпен келген Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ең алдымен адасқан араб қауымын Алланың барлығы мен бірлігіне үндеді. Әрдайым пұтқа табынуға жол бермей, жалғыз Жаратқанға илануға талмай шақырды. Тіпті, мүшріктердің өзі Алла Елшісіне (с.ғ.с.) келіп:

«Сенің иман келтіруге шақырған Аллаң біреу ме, үшеу ме? Ол алтыннан ба, күмістен бе? Ұлы мен қызы бар ма? Бейнесі қандай? Бізге осылардан хабар бер!» - деп ақымақтың әрекетін жасады. Олардың бұл сауалдарына қатысты Алла тағала: «(Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: Ол Алла, біреу ақ. Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес», - деген аяттар қамтылған «Ықылас» сүресін түсірді.

Қасиетті Құран аяттары Алланың жалғыздығы хақында және былай дейді: «Алла еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ. Ондай болғанда, әрине әр тәңір өз жаратқаның алып кетер еді де бір-біріне үстемдік қылар еді. Алла, олардың сипаттағанынан пәк. («Мүминун» сүресі, 91-аят) «Егер жер-көкте Алладан басқа да тәңірлер болса еді, әлбетте екеуі де бұзылып, кетер еді. Ғаршының Раббы Алла, олардың жасанды сипаттарынан пәк». («Әнбия» сүресі, 22-аят)

Жаратушының бір екенін дәлелдейтін ақиқат сөздерді мұнан әрі де тізбектей беруге болады. Дегенмен, аяттардың адам баласына нені ұқтырғысы келгенін бажайлай алу ақылдылықтың ісі. Ал мына аятта былай делінеді: «Яһудилер: «Ғұзайыр Алланың ұлы» деді. Және Христиандар да: «Иса Алланың ұлы» деді. Бұл, бұрыңғы кәпірлердің сөзіне ұқсатып, ауыздарымен айтқандары... Негізінде олар, бір тәңірге ғана құлшылық қылуға бұйырылған болатын. Өйткені, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол, олардың қосқан шерігінен пәк». («Тәуба» сүресі, 30,31-аяттар)

Алла жалғыз, ол құдірет иесі. Иә, бір Алланың қалауынсыз жапырақта жерге түспесі анық. Аталарамыз «Құдайсыз қурайда сынбайды» деп мағыналы сөз қалдырған. Алты алашты аузына қаратқан азулы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлы:

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас.

Аманту оқымаған кісі бар ма?

Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер...» - десе, асқан ақындығымен артына мол мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлы:

«Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,

Құдайсыз қу қолынан іс те келмес», - деп жырлайды. «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен» деген ақын Мұқағали Мақатаев:

«Жаратушы, жалғыз Ием, қуат бер.

Азабымды-тозағымды жеңейін.

Жаратушы, жалғыз Ием шуақ бер,

Өзіме де, өзгеге де төгейін», - деп өз заманында бір Алладан медет тілеген.  

Өмірдегі адамдық борышымыздың бірі – өзімізді жоқтан бар етіп жаратып, рызық-несібелі еткен Алланы тану, бұйырғанын орындап, тыйғандарынан алыс болу. Өмір сондай қас-қағым сәтте өте кетеді. Дегенмен, өмір өткелінде шайтанның сансыз айласына тұтылған жандар да көп бұл әлемде. Сонысымен олар бір Аллаға деген сенімге селкеу түсіріп, ақиқаттың ақ туынан алыстап барады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жаратушы деп Алланы, дін деп исламды, пайғамбар деп Мұхаммедті қабыл етіп, разылық танытса, жәннат оған уәжіп болады», - дейді.

Енді "Алла – бір, жалғыз" дегенді қалай түсінеміз? Қызылды-жасылды мына дүние өмірі әрбір жұмырбасты пендеге сынақ. Бұл өмірдің «қамшының сабындай» ғана қысқа екенін білген бабаларымыз да әу-бастан бір Алласына сыйынып, тілге жеңіл, таразыда ауыр басатын «Лә иләһә иллаллаһ...» деген кәлима сөзін аузынан тастамай, соған лайықты мұсылман болып қалуды мақсат етті.

Шындығында, Жаратқанды бір деп таныған иман иесі Алладан басқа ризық-несібе беретін, сырқаттанса шипа беретін, тағысы тағы тіпті, сұраса дұғасын қабыл ететін тәңірдің жоқтығына һәм құдіретті, бақылаушы, естуші бір сөзбен айтқанда әр нәрсеге толықтай күші жетуші екеніне иланады. Өйткені, жаратқан жалғыз Алла – хақ.

 Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

дінтанушы

Бөлісу: