26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қажылық ғибадаты

Мақалалар
Жарнама

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қажылық парызының жауапкершілігі зор әрі марапатының шексіз екенін өз хадистерінде ескерткен. Адамды анадан жаңа туғандай пәк, таза кейіпке бөлендіретін қажылық нендей құлшылық?!

 Оның маңыздылығы мен мәні неде деген сауал әр мұсылман жанды ойландырса керек. Сонымен, қажылық сөзі, араб тілінен алғанда, «құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету» мағынасын береді. Ал, қолданудағы немесе терминдік мағынасы, Алла Тағаланың ризалығы үшін құлшылық ниетімен қажылық айлары деп аталатын уақытта Мекке қаласындағы Қағбаны тауап етіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкес барша қажылық рәсімдерін орындау болып табылады. Жоғарыда айтылған қажылық ғибадатының орындалатын айлары: Шәууәл, Зулқағда және Зулхижжа айының алғашқы он күні. Қажылықтағы әрбір амал үшін белгіленген арнайы уақыт бар. Зиярат тауабының уақыты құрбан айт күні таң атысымен басталып, қажылыққа ниет еткен адамның өмірінің соңына дейін. Бірақ зиярат тауабын құрбан айттың алғашқы үш күнінде орындау уәжіп болғандықтан, кімде-кім осы уақыттан кешіктірсе, қажылығының дұрыс болуы үшін құрбан шалуға міндетті. Ал Арафат тауында тұрудың уақыты болса, арафа күні түс ауғаннан құрбан айт күні таң намазының уақыты кіргенге дейінгі уақыт.

Қажылық ғибадатының пайдалары мен хикметтері жайлы айтар болсақ, шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы, ең бірінші, Алланың сый-сияпатына кенеліп, күнәларынан арылады. Өйткені Алла Тағала Өзінің әмірлерін орындаған құлдарын ақыретте сый-сияпатқа бөлейтіні туралы уәде еткен. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған құлдардың күнәларының кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,– делінген (Имам Бұхари). Иә, жүрегінде Хақ сәулесі ұялаған әрбір мұсылманның асыл-арманы – Алла Тағаланың құзырына мына жалған дүниеде пендешілікпен істеп қойған күнәларынан арылып, анасынан жаңа туған сәбидей пәк күйде, жарқын жүзбен бару. Өміріндегі әрбір мүмкіншілікке, әрбір істеген жақсылығына, күнәларының кешірілуіне себеп болар деген үлкен үмітпен қарайды. Енді бірде Пайғамбарымыз: «Бір умра (кіші қажылық) екінші умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат», – деген.

Осы орайда, қажылық парызын орындау арқылы мұсылманға келетін пайдалардың бірқатарына тоқталып өтсек.

1. Ислам діні өмірге келіп, құлаш жайған бұл қасиетті топыраққа бару Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және атақты сахабалардың қаһармандықтарымен таны-сып, жүрегімізге жаңару, өмірімізге үлкен серпін әкеледі. Мыңдаған қасиетті есте-ліктердің қазынасы және Алланың сүйікті Елшісінің (с.ғ.с.) иісі сіңген топырақтың әрбір бұрышында теңдесі жоқ әлемнің нұрлы сыры жатыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шыққан ол топырақта өлі жүректер тіріліп, жан рахаты мен қуанышына кенеледі.

2. Қажылық кезінде мұсылмандардың әр құрлықтан ағылып келуі психологиялық тұрғыдан адамның дүниетанымын кеңейтіп, оның тағы бір беймәлім қырын аша түседі. Осы наным-сенімді ұстанып, соның үкімін атқарып жүрген жалғыз мен емес екенмін деген ой-пікір қалыптасады. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан әр тілде сөйлейтін, түр-түсі бөлек, мемлекет басшысынан бастап, қарапайым халыққа дейін әр ұлт өкілінің бір жерде бас түйістіріп, қасиетті Қағбаның алдында ерекше бақытты күй кешіп, аппақ ихрамға оранып, бір зікірді қайталап, қажылық парызды атқаруы – мұсылман жұртшылығының өзара ынтымағы мен бірлігін күшейтіп, иманын нығайта түседі. Бұл біздің үлкен күш, үлкен жамағат екенімізді ұқтырады. Қажылыққа келген мұсылмандардың саны қанша болса, қажылық барысында біздегі иман да сонша есе арта түскендей әсер қалдырады.

3. Ұлтына, нәсіліне қарамастан мұсыл-мандардың арасындағы имани байла-ныстардың артуы, Ислам бірлігінің күшеюі қажылыққа келу арқылы іске асады. Өйткені дүниенің шартарапынан келген мұсылмандар мынаны ұғады: «Бәріміздің де Жаратушымыз бір, Ризық беруші Иеміз бір, Құлшылық етушіміз де бір… Дініміз де бір… Пайғамбарымыз да бір… Құбыламыз да бір»… Осындай ойлар өзара бірлік пен келісімді, сүйіспеншілік пен бауырмалдықты арттыруға ықпал етеді.

4. Қажылық – мұсылман ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Неге десеңіз, мұсылман ұлттар қажылық кезінде, бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, шен-шекпен жағынан кім болса о болсын барлық дүниелік атақ-лауазымдарын бір жаққа ысырып қояды. Киімдерін шешіп, бәрі бірдей аппақ ихрам киеді. Басқа мұсылман бауырларынан ажыратқысыз кейіпке еніп, ешбір айырмашылықтары болмайды. Сырттай көз тастасаң, бәрі бірдей ақ кебінге оранған секілді. Еріксіз Мақшарда мазардан түрегелер сәтті елестетеді. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Шындығында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Күмәнсіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп бұйырады. Яғни, сендерді ұлттар мен ұлыстарға, қауымдар мен тайпаларға бөлуімнің астары бір-бірлеріңді тануда, бір-біріңнің қоғамдық өмірлеріңмен етене танысуда жатыр, сол себепті қашанда өзара көмектесесіңдер, әйтпесе сендерді әр бөлек қауым ретінде жаратуымдағы мақсат – бір-біріңнен суып, бір-біріңе алакөзденіп жауласу емес деген сөз.

5. Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасау арқылы нәпсінің тізгінін тартуға, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Қажылық сапары барысында ешбір қайтарымсыз мал жұмсау, Алла үшін не нәрсені болса да шығындау парасаты өседі. Жақсылық пен жамандықтың ара салмағы бағамдалып, Алланың дұшпаны мен досының ақ-қарасы ажыратылады. Шайтанға тас атқан кезде, Қағбаны тауап еткенде, Мәдинаға ат басын бұрғанда, қара тасқа сәлем салғанда осындай терең ой құшағында тербеліп, ішкі жан сарайымыз тазарып сала береді.

 6. Қажылық – мәңгілікке ойып жазылған иләһи естеліктердің еске түсірілуі. Оған мысал, жалғыз өзі бір үмбетті құраған Хазреті Ибраһим мен ұлы Исмайылдың ғибратты ғұмыры, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көктегі періштелердің өзін қызықтырған өнеге-үлгісі, иманын қызғыштай қорғап, өмір мен өлімнің арасында ажалмен арпалысқан даңқты сахабалардың ерліктері – бәрі де тізбектеліп қажылық кезінде көз алдымыздан өтіп жатады. Қажылықтың парыздары

1. Ихрамға кіру;

2. Арафаттта тұру;

3. Тауап ету.

Ихрам – «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата, қажылық, умра немесе екеуін бірге жасау ниетімен, басқа уақытта істеуге рұқсат кейбір іс-әрекеттерді қажылық, умра уақытында өзіне харам қылу. Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ, ниетті тілмен айту – мустахаб. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, Ихрам мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстіне ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені ниет пен «тәлбия» дұғасы ихрамның шарттарынан.

Арафатта тұру – арафа күні түс ауғаннан кейін құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уақытына дейін, Арафат тауында бір мезет болса да тұру. Сондықтан кімде-кім Арафатта тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қажылық дегеніміз – арафат, кімде-кім арафатқа үлгерсе, қажылық-қа үлгерген болады», – деп, Арафатта тұрмаған кісінің қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен. Арафатта тұрудың дұрыс болуы үшін ниет және дәретті болу, тіпті ояу болу шарт емес. Дәретсіз, жүніп, хайыз, нифас күйіндегі адамдар да Арафатта тұра алады. Айша анамыз Пайғамбарымыздың бұйрығы бойынша, хайыз күйінде Арафатта уақфа (тұру) жасаған.

Тауап ету – араб тілінде «бір нәрсені айналу» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы – Қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Тауап Алла Тағаланың аршының айналасында тауап ететін періштелер тәріздес Алла Тағалаға деген сүйіспеншілікпен, тағзыммен жасалатын ғибадат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тауаптың намаз тәріздес ғибадат екенін білдіреді: «Байтулланың (Қасиетті Қағба) айналасында тауап жасау – намаз оқу сияқты. Ерекшелігі тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін», – деген. Қағбаның оңтүстік жағындағы бұры-шында «Хажарул асуад» деп аталатын қасиетті қара тас бар. Тауап осы қара тастың қарсысынан басталады. Қағбаны жеті рет айналады. Әрбір айналымға «шаут» делінеді. Жеті рет айналғанда, бір тауап толық бітті деп саналады. Тауапта айналымдарды бірі-нен кейін бірін істеу шарт емес. Тауап толық бітпей жатып, ортасында дәрет алып, намаз оқып, айналуды одан әрі жалғастыруға болады.

Қажылықтың түрлері:

1. Ифрад қажылығы – Миқатта ихрамға кірер кезде тек қана қажылық ғибадатының атқарылуы ниет етілсе, бұл қажылық түріне «ифрад» қажылығы делінеді. Ифрад қажылығында умрасыз тек қана қажылық ғибадаты жасалады. Ақаба жәмрасына (Үлкен шайтан тас) тас лақтырып болғаннан кейін, қаласа, құрбан шалады. Өйткені ифрад қажылығын орындағандарға құрбан шалу уәжіп емес. Сосын шашын алғызып немесе қысқартып ихрамнан шығады.

 2. Тәматтуғ қажылығы – қажылық айларында умра үшін ихрамға кіріп, умраны бітірген соң, сол жылғы Зилхижжа айының сегізінші күні немесе одан да бұрын қажылық үшін қайтадан ихрамға кіру арқылы жасалатын қажылық түріне «тәматтуғ қажылығы» дейді. Тәматтуғ қажылығында умра және қажылық үшін бөлек-бөлек ихрамға кіреді. Бұл қажалықтың тәматтуғ қажылығы болып саналуы үшін умра мен қажылықтың қажылық айларында сол жылда жасалуы шарт. Тәматтуғ қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағандықтан шүкір құрбанын шалу – уәжіп.

 3. Қиран қажылығы – Миқатты қажылық пен умраны бірге ниет етіп, бір ихраммен істелетін қажылыққа – «қиран» қажылығы делінеді. Умрасын тәмамдағаннан кейін ихрамнан шықпай қажылық амалдарын да сол ихраммен аяқтайды. Қиран қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағаны үшін шүкір құрбанын шалу – уәжіп болып табылады.

 

 

Қабылбек Жұмабеков

Бөлісу: