25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламдағы иман мен амалдың көрінісі

Мақалалар
Жарнама

Ислам сенім жүйесінде (ақида) қозғалған «иман және амал» тақырыбы ислам тарихының сонау ерте кезеңінің өзінде орын алып, түрлі топтар мен ағымдардың шығуына, қала берді сол ағымдардың бір-бірін имансыздықпен кіналап, тіпті өзара қантөгіске апарған күрделі мәселелердің бірі. Бұл өз кезегінде иман-амал мен қатар, иман-ислам, иман және үлкен күнә, иманның артып-кемуі, мұсылманды күпірлікпен айыптау секілді мәселелерді тудырды. Сондықтан бұл мәселелер ақида кітаптарында кеңінен талқыланды.

Тарих қайталанып отырады демекші, асыл дініміздің келуімен қатар, ақида саласында қозғалған осы тақырыптар күн тәртібіне қайта келе бастады. Тіпті елімізде неохарижиттік (отырықшылық қала мәдениетінен алшақ, радикалды, қантөккіш) сананың жалғастырушылары болып табылатын уаххабилер мен тәкфіршілер қылаң беріп, ел ішінде көптеген (жергілікті имамдарға бағынбау, намаз оқымағандығы үшін ата-анасын кәпір санап, үйінен безу немесе бір шаңырақтың астында тұрып ата-анасы әзірлеген астарын ішпеу, намаз оқымаған ата-анасын жәхил санап, некеге куәліктерін жарамсыз деп ата-анасының рұқсатынсыз қалаған уақытта неке қию, зайырлы өкіметтің ұстанымдарын кәпірлікке шығарып елден безу т.б.) алауыздықтарға себеп болумен қатар, жастардың радикалды топтар қатарына қосылып, қолдарына қару алып, ақыры шет ел асып кетуіне дейін апаруда. Бұған төтеп беріп, дұрыс ислами түсініктің қалыптасуы үшін елімізде ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ғылыми негізде қалыптасқан дәстүрлі ханафи (ақидада матуриди) мәзһабының ұстанымдарын біліп, насихаттау қажет.

Мәзһабымыздың негізін қалаушы Имам Ағзам Әбу Ханифа – мұсылман әлемі осы ақида мәселелерінде бір-бірімен қырық пышақ болып, мұсылман мұсылманның қанын төгіп  жатқан күрделі кезеңде өмір сүріп, сонау ерте кезеңнің өзінде дінде шектен шығушы (харижиттер, мұғтазилиттер, мүржиттер, мужассима, мушаббиха т.б. секілді) ағымдарға тұшымды жауаптар беріп, әхлусуннауәл-жамағаттың сенім негіздерін қалаған біртуар ғұламалардың бірі. Ал Имам әл-Матуриди – осы Имам Ағзамның ілімін жалғастырған Ора Азиялық үлкен ғұлама. Имам Ағзам мен Имам әл-Матуридидің иман түсінігі араб емес көптеген ұлттардың ислам дінін қабылдап, исламдық өркениетке өзіндік үлестерін қосуға септігін тигізді. Сондықтан да біз өзге мәзһабтардың көзқарастарына тоқталып жатпастан, мәселені осы екі имамның көзқарастары шеңберінде алып қарастырайық. 

      

Иман түсінігі

«әл-Фиқһул-акбарда» және басқа да еңбектерде келтірілген деректерге орай, Әбу Ханифаныңкөзқарасында «Иман тілмен айтып, жүрекпен бекітуден тұрады»[1]. Иман толық саналу үшін бұл айтылғандардың біреуін елеусіз қалдыруға болмайды. Мәселен, құр тілімен ғана кәлима келтіріп, ділімен иланбаған екі жүзділердің және хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм) шын пайғамбар екендігін біле тұра пайғамбарлығын мойындамаған әхлі-кітаптымүмин деп қабылдау керек еді. Анығында, Құранда ақиқатты мойындамауда табандап тұрып алған екіжүзділер мен әхлі-кітап кәпір ретінде қабылданған[2]. Бұған қоса, Құранда шындықты тілімен мойындаудың бір өтеуі ретінде, әхлі-кітаптан кейбіреулерінің жаннатпен сүйіншіленгендігінің білдірілуі[3] тілмен айтудың иманға қажетті талаптардың бірі екендігін көрсетуде[4].

Адамдар мақұлдау-мойындау тұрғысынан 3 дәрежеге бөлінеді: 1. Алла тағаланы әрі Одан келген нәрселерді һәм тілімен һәм жүрегімен мойындайды; 2. Жүрегімен қабылдап, тілмен айтпайды; 3. Тілімен мойындайды, бірақ жүрегімен бекітпейді. Кім һәм жүрек һәм тілімен мойындаса, ол – Алла тағаланың әрі адамдардың алдында мүмин. Жүрегімен мойындап, тілімен айтпағандар – Алланың алдында мүмин, адамдардың алдында кәпір. Бұл кісінің жүрегімен иланғанына қарамастан, тақия жасау арқылы, яғни өзіне келетін зияннан сақтану үшін иманын жасырып, тілімен күпірлікті айту жағдайына қатысты[5]. Жұрт иманын жасырғандықтан, оны кәпір санағанымен Алланың алдында мүмин болып табылады. Ал тілімен айтып, жүрегімен бекітпегендер мұсылмандардың алдында мүмин саналғанымен, Алла тағаланың алдында кәпір[6].   

Әбу Ханифа «әл-Алимуәл-мутааллим» атты кітабында «Иман жүрекпен бекіту, мағрифат (дәлелмен білу) және оны тілмен айтудан тұрады. Ал Ислам – пенденің Алланы Жаратушы Ие деп танып, тілмен айтуы, Оған терең иманмен илануы. Бұлар сөздік тұрғыдан әр түрлі болғанымен, екеуінің мағынасы бір. Оның мағынасы – иман. Өз кезегінде Ислам «берілу» және Ұлық Алланың бұйрықтарына мойынсұнуды білдіреді»[7], – дейді. «әл-Фиқһул-акбарда» сөздік тұрғыдан иман мен Ислам бір-бірінен бөлек дегенімен, имансыз Исламның, ал Исламсыз иманның мәні жоқ. Ал дін – иман, Ислам мен шариғаттардың барлығына берілген ортақ атау[8].

Имам әл-Матуриди тұжырымына келсек, ол иманды тек қана тілмен айтудан тұрады деп санаған кәррамилерге қарсы: «Біз нақыл (аят-хадистер) және ақыл жолымен белгілі болғандай иманның қалыптасуына ең лайық қабілет – жүрек екенін айтамыз»,– дей келе, өз тұжырымын Имам Ағзам Әбу Ханифа секілді әрі аят-хадистерге әрі ақылға сүйене отырып дәлелдейді. Имам әл-Матуриди иман үшін ең маңызды элементтің жүрекпен құптау екенін айта келіп, кәлиманы тілмен айтудың осы жүректегі иманның айнасы, олай айту діни үкімдерді орындау тұрғысынан қажет екенін, өйткені біз адамның ішіндегіні біле алмайтындығымызды баяндайды[9].        

Матуриди де иман мен исламның сөздік тұрғыдан бөлек болғанымен, ұғым ретінде бір екендігін Құран аяттарында қолданылған мағыналарына сүйене отырып айтады. Оның пайымдауынша әрбір мұсылман – мумин және әрбір мумин – мұсылман. Мұсылман мен муминді бір-бірінен бөлек қарастыру – алғашқы кезең мұсылмандарының ұстанымдарына қайшы. Дін сенімнен, ал ол сенім исламнан тұрады[10].

 

 

Амал иманның бір бөлігі ме?

Имам Мәлік, Имам Шафиғи, Имам Ахмед ибн Ханбал секілді ғалымдар мен хадисшілер амалды иманның бір бөлігі деп есептегенімен иман негіздеріне жүрегімен сеніп, тілімен сенімін айтқан, құбылаға бет бұрған кісіні кәпір деп есептемеген. Амалды тәрк еткендігі үшін күнәһар болады, бірақ иман шеңберінен шықпайды. Істеген күнәсі үшін о дүниеде жазасын өтеген соң, түбінде жәннәтқа баратындығын қабыл етеді[11].

Анығында, Әбу Ханифа амалды иманның талабы ретінде емес, оны иманнан бөлек қарастырғаны белгілі. Әбу Ханифа бойынша амал иманнан кейін келеді. Адам намаз оқып, ораза ұстағандығы үшін Аллаға және пайғамбарына иланбайды, қайта Аллаға және Пайғамбарына сенгендіктен құлшылық етеді. Құранда да алдымен иман ету, содан кейін барып амал ету мәселесінің айтылуы да амалдың иманнан бөлек екендігін көрсетеді[12].  Хайыз бен нифас жағдайларында әйелдердің кейбір парыздардан босатылуы да осы мәселеге дәлел. Өйткені, мұндай күйдегі әйелдер құлшылық жасамағанына қарамастан, мұсылман болып қала береді. Сонымен қатар, кедей адамдардың зекет парызын өтей алмаулары да олардың имансыздығын білдірмейді.

Әбу Ханифа бойынша күнә істеу мүминді иманнан ажыратпайды. Өйткені, Құранда зина жасап, кісі өлтіргенді имансыз демеген, бір түйір жақсылық жасаушыға да сауабы берілетіндігі білдірілген. Хазірет Али де өзіне қарсы соғысқан Шамдықтардың мүмин екендігін айтқан. Егер күнә жасау адамды діннен шығаратын болса, ширктен кейінгі күнәның ең үлкені кісі өлтірушіні хазірет Әли кәпір деп атаған болар еді. Бұл бір жағы сахабалардың да осы мәселеге деген көзқарасын ұқтыруда[13]. Олай болса, күнәхар адам да мүмин ретінде қабылдануы тиіс, ал күнәсіне ақыретте жауап беру мәселесі – Алла тағаланың еркіндегі іс. Қаласа, жазалайды, қаласа, кешіреді. Осыған орай, тек пайғамбарлар мен настарда үкімі айқын айтылғандардың ғана тікелей жұмаққа баратындығын айтуға болады[14].

Мүмин бір кісінің табанды түрде «Мен расында да мүминмін» деуі керек. Неге десеңіз, иман күдік, күмәнді қабылдамайды. Хазірет Ибраһим пайғамбардың қайсарлықпен иманын ашық айтуы[15] осыған дәлел.

Имам әл-Матуриди «Бақара» сүресіндегі: «Міне, (мұғжиза) Кітап. Онда еш күмән жоқ, тақуа жандарды тура жолға бастаушы. Міне, солар ғайыпқа кәміл сенеді, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды және өздеріне ризық етіп берген нығметтерімізден жұмсайды»,[16] ‒ деген аятының «міне, солар ғайыпқа кәміл сенеді», деген бөлігінің тәпсірінде былай деген: «Бұған қатысты екі түрлі пікір айтылған: біріншісінде ‒ олар Аллаға ғайыптан (яғни, көрмесе де) иман келтіреді...делінсе, екіншісінде ‒ олар Құранның өздеріне ғайыптан жеткізген хабарларына кәміл сенеді. Әсілі иман тек қана ғайыпқа қатысты мәселелермен байланысты болады. Өйткені ол сену/растау дегенді білдіреді. Ал сену/растау мен сенбеу/жалғанға шығару мәселесі тек қана хабарға қатысты болмақ. Сондықтан да, хабар өз кезегінде көзбен көрілетін нәрселерге емес, тек қана ғайыпқа қатысты болмақ. Негізі бұл аят құлшылыққа қатысты амалдардың бәрін иман деп санайтындардың сөзін жоққа шығарады. Өйткені Хақ тағала мұнда намаз бен зекет сынды құлшылықтардың атқарылуынан бұрын аталмыш жандардың иман иесі болғандықтарын нақты білдірген».[17]

Жоғарыдағы аятта мүміндер Алланың алдында қанша жерден айыпты болса да, Хақ тағала оларға «уа, иман еткендер», деп үн қатқан. Егер амалдар иманның ажырамас бір бөлігі болғанда, оларға аяттағыдай «мүмін» деген ат берілмес еді. Өйткені олар күнә жасау арқылы иманның бір бөлігін тәрк еткен әрі соның ойсырап қалған орнын күпірлікпен толтырған болар еді. Себебі, сауапты істерді иманның ажырамас бөлігі деп қабылдау, күнә атаулыны да күпірліктің ажырамас бір бөлігі ретінде қабылдау дегенді білдіреді.

Матуриди «кімде-кім толық иман келтірген мүмін ретінде игі істер істейтін болса», деп басталатын «Та­Һа» сүресінің 112 аятының тәпсірінде де иман мен амалдың бір­бірінен бөлек ұғымдар екенін меңзеп былай дейді: «Бұл аятта адам баласының игі істер істемей­ақмүмін деген атқа ие бола алатындығын көрсететін дәлел бар».[18]

Расында бұл аятта игі істің мүмін деген сипаттан кейін орын алғандығын көреміз. Демек бұл амалдардың иманның ажырамас бір бөлігі еместігін білдіру үшін.[19]

Сондай-­ақ,Матуриди «Уа, иман еткендер, рукуғ жасаңдар, сәждеге бас қойыңдар, Раббыларыңа толыққанды құлшылық етіңдер және жақсылық жасаңдар»,[20] – деген аяттың тәпсірінде былай дейді: «Бұл аятта иманның жалқы әрі өз алдына бөлек нәрсе екенін, сондай­ақ жақсылық атаулының (игі істердің) атауы емес екенін көрсететін дәлел бар. Ол (иман) – сену/растау деген сөз. Өйткені Алла оларды әу бастан­ақмүмін деп атап, содан кейін оларға рукуғ жасауды, сәждеге бас қоюды және игі істер істеуді бұйырған. Себебі, бұл аяттың нақты кімдерге қаратыла айтылғаны белгілі. Егер иман жақсылық атаулының бәрін қамтитын жалпылама атау болғанда, онда бұл аяттың нақты кімге қатысты айтылғаны белгісіз болар еді. Себебі, жақсылық атаулының бәрін бірдей орындауға ешкімнің шамасы келмейді. Міне, бұл иманның жалпы емес, жалқы әрі белгілі нәрсе, яғни өз алдына бөлек нәрсе/ұғым) екенін көрсетеді. Сондықтан, оның иесі де белгілі әрі мәлім болмақ. Ең дұрысын Алла біледі».[21]

Матуридидің бұл сөзінен мынаны түсінеміз, аятта Алла тағала әуелі пенделеріне «уа, иман еткендер», деп үн қатып, содан кейін оларға белгілі ғибадаттар және өзге де ізгі амалдармен және басқа да игі істерді атқаруды бұйырған. Міне, осының өзі жүректегі иманның амал атаулыдан бөлек өз алдына дербес ұғым екенін көрсетеді. Егер иман мен амал біртұтас ұғым болғанда немесе амал иманның құрамдас бөлігі болғанда, онда пайғамбарлардан өзге адамдардың бірде­біреуі толыққанды мүмін бола алмас еді. Өйткені ондай иманға қол жеткізу үшін аятта бұйырылғандай ғибадаттар және өзге де ізгі амалдармен қатар жақсылық атаулының бәрін бұлжытпай әрі үздіксіз орындау, сондай­ақкүнә­қателік атаулының бәрінен ада, пәк болу шарт болар еді. Бұған ешбір пенденің шамасы жетпесі анық.

Міне, имам Матуриди осы тұжырымы негізінде, Аллаға иман келтіргеніне қарамастан шариғатта бұйырылған ғибадаттар мен өзге де ізгі амалдарды орындамаған кісіге, сондай­ақ үлкен күнәға батқан мұсылманға кәпір деп айып тақпаған. Яғни, ол діндегі талассыз әрі міндетті мәселелерді жоққа шығармау шартымен шын жүректен иман еткен кісіні мұсылман деп санаған. Ендеше, имам Матуридидің бұл пікірінен діндегі парыз амалдарға иман ету бір бөлек, ал парыз екенін мойындай отырып, оларды орындау немесе орындамаудың мүлдем басқа мәселе екенін түсінеміз[22].

 

Тәкфир

Үлкен күнә жасаған мұсылманның жағдайының қандай болатындығына қатысты түрлі ағымдардың ұстанымдары да түрліше өрбіген-ді. Мәселенхарижиттердің ойынша мұсылман ауыр яки жеңіл күнә жасаса кәпір саналады, тозақта мәңгі қалады деумен қатар оларға қарсы соғыс ашу халал деп түсінген. Уаххабилер де тарих сахнасына шыққан кезде дәл осы түсінікті ұстана отырып, мұсылмандардың қанын төккен болатын. Ал, мұғтазилиттер үлкен күнә жасаған мұсылманды  (әл-мәнзилатубәйнәлмәнзилатайн), яғни жәннат пен тозақтың екі ортасында болады деп ашық кәпір қатарына кіргізбесе де, мұсылман қатарына да жатқызбайды. Мүржиялар қандай ауыр күнә жасаса да, таза мүмін болып қала береді деп санап, жаңсақ пікірді ұстанды.

Әбу Ханифа бойынша, адамдар өз сөздеріне қарай, ғибадат түрлеріне және діни рәміз болып табылатын киім киістеріне қарай кәпірге саналатын[23]. Мүмин екенін айтумен қатар, иләһи сипаттарды жоққа шығаратын немесе жаратылыстардың сипаттарына ұқсататын, тағдырға сенбейтін, Құранда ашық белгіленген үкімдерді мойындамаған, күнә істеуді халал санаған, Құранның бір әрпін болса да мойындамаған адам кәпір болып табылады. Алайда, Құранды тәпсір немесе тәуил (жорамал жасап түсіндіру) жасау арқылы үкім шығаратын немесе Пайғамбарымызға (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм) тән деп айтылатын хадистерде келген кейбір сенім негіздерін қабылдамаған адамды кәпір санауға болмайды[24]. Әбу Ханифаның «әл-Фиқһул-әкбар» кітабында осыған сай мынадай сөз бар: «Мейлі үлкен күнә істесе де, ол істеген үлкен күнәсін халал санамайынша, оны  кәпір деп айта алмаймыз. Мұсылман деген атты одан алып тастай алмаймыз. Біз оны мүмін деп атаймыз». Олай болса, кәлима шәһадат айтып жүрген мұсылманның ең үлкен қателігі – күнә ісі үшін мұсылман бауырын діннен шығарып, оны кәпір санауы.

Мына төмендегі оқиға Имам Ағзамның иман түсінігінің қандай болғанын көрсетеді. Бір күні Әбу Ханифа мешітте отырғанда «Күнә жасаған мұсылман кәпір болып мәңгілік тозаққа түседі, мұсылман саналмайды» дейтін  харижиттердің[25] бірі қаруын асынып, баса-көктеп Әбу Ханифаның үстіне кіріп келеді де былай дейді:

– Мешіттің алдында екі мәйіт жатыр. Бірі арақтан өлген ер кісінікі, екіншісі зина жасаған әйелдікі. Жүкті болып қалғанын білгеннен кейін асылып қалған. Бұл екеуіне қатысты не айтасыз?

Әбу Ханифа олардан:

– Бұл екеуі яһуди ма? – деп сұрайды.

– Жоқ, – дейді харижит.

– Христиан ба?

– Жоқ.

– Пұтқа табына ма?

– Жоқ.

– Сонда қай үмбеттен?

– «Алла тағаладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі» дейтін өзіміздің мұсылман, – деп жауап берген харижитке:

– Куәлік кәлимасы иманның қаншасын құрайды? Үштен бірі, төрттен бірі, мүмкін бестен бірі шығар? – деп сұрайды.

– Иманның үштен, төрттен, бестен бірі болмайды. Иман біртұтас, ол бөлінбейді.

– Иманның қаншасы сонда?

– Тұтасы.

– Ендеше, жауабын өздерің бердіңдер. Олардың мұсылман екенін айттыңдар – деп Әбу Ханифа өз ауыздарымен олардың мұсылман екенін айтқызады. Артынша жауап таба алмаған Харижиттер:

– Сен мұны қой. Олар жаннаттық па, әлде жәһәннәмдық па? – деп, Әбу Ханифаны сүріндірмек боп бастырмалай береді.

– Бұл жайында айтарым мынау, – дейді имам Ағзам саспастан, – Ибраһим (а.с.) бұл екеуінен де зор күнә істеген қауымы үшін Аллаһтан: «Уа, Алла тағалам! Маған мойынсұнғандар менен. Маған қарсы шыққандарға Сен кешірімді әрі рақымдысың»[26] – деп кешірім тілеген. Иса пайғамбар (а.с.) да: «Уа, Алла тағалам! Егер оларды азапқа салсаң, олар Сенің құлдарың. Егер кешірсең, Сен мейірбан әрі рақымдысың»[27], – демеп пе еді. Сендерге оларды соншама айыптайтындай не көрінді? – деген екен. Осылайша, Әбу Ханифа оларға мәселенің шешімін Құран кәрімнің дәлелдерімен егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Орынды уәжге жығылған харижиттер қаруларын тастап, кейін қайтты[28].

Қорытындылай айтар болсақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезеңінен бастап, қазіргі күнге дейінгі ахлусуннауәл-жамағат ғалымдары жүрегінде иманы бар және иманын тілімен айтқан, бірақ амалдарды орындамай, үлкен күнә жасаған кісілерді кәпір демеген, мұсылман санаған. Ондай жандар дүниеден өткенде жаназалары шығарылып, олардың артынан дұға оқылып,  Алладан жарылқау тілеген. Сондықтан да қазіргі таңда ескілікті қайта жаңғыртып, ел ішінде діни алауыздыққа жол ашып жүрген харижиттік түсініктің жалғастырушылары болып табылатын, елдігімізге, діни тұтастығымыз бен тыныштығымызға үлкен қауіп төндіретін уаххаби түсініктің таралуына жол бермеу үшін ел арасында өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі осы әлусуннауәл-жамағаттың дұрыс түсінігін үйретіп, кең насихаттауымыз қажет.

 

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы, доцент

 

 

[1]  Фиқһул-акбар, Хайдарабад, 10-б.

[2]  «Мұнафиқун» сүресі, 1-аят, «Бақара» сүресі, 146-аят, «Әнғам» сүресі, 20-аят.

[3]  «Маида» сүресі, 85-аят.

[4]  Бәззәзи, Манақиб, 2-т., 201-202-б.

[5]  Бұған Аммар ибн Ясирдің мысалын беруге болады. Өйткені оны мүшріктер қинаған кезде тілімен күпірлікті айтқан болатын. Пайғамбарымыз оның жүрегіндегі иманының беріктігін білгендіктен бетіне басып, сөккен жоқ.

[6]  Беязизаде, Имамы Азам Ебу Ханифенин итикади гөрүшлери, 119-122-б.

[7] Әбу Ханифа, әл-Алим уәл-мұтааллим. 11-б.; Ибн Хазм, әл-Фасл фил-миләл уәл-ахуа уән-нихал (баспаға дайындаған Мұхаммед Ибраһим Наср-Абдуррахман Ұмайра), Жидда 1982, 3-т., 227-б.

[8]   Фиқһул-акбар, 11-б.

[9] Әбу Мансур әл-Матуриди,Китабут-Таухид, Тхқ.: Б. Топалоглы,  2-басылым, Бейрут 2010, б.471-475.

[10] әл-Матуриди., Китабут-Таухид, б.491-495.

[11]   Сайм Клавуз, ж.к.е., 18-25 бет.

[12]  «Мәида», сүресі, 9-аят;  «Мүмин» сүресі, 40-аят

[13]  Әбулхайр, Ақидатул-Ислам уәл-имам әл-Матуриди, 190-б.

[14]  Әбу Ханифа, әл-Алим уәл-мутааллим, 18-б. Матуриди, Китабут-таухид, 615-616-б.

[15]   «Бақара» сүресі, 260-аят

[16]«Бақара» сүресі, 13 аят.

[17] әл­Матуриди,сонда, I 373 б.

[18] әл­Матуриди, сонда,VII 313 б.

[19] ән­Нуәйһи, әл­Уасит фи ῾ақайд әл­имам әл­Матуриди, 251 б.

[20] Хаж сүресі, 77 аят.

[21] әл­Матуриди, Тәуилат әһл әс­Суннә,VII 445 б.

[22]А. Әкімханов. Имам Матуридидің иман мен амал арақатынасы мәселесіне қатысты ұстанымы және аталмыш мәселенің бүгінгі таңдағы маңызы.

[23]  Әбу Ханифа, әл-Алим уәл-мутааллим, 24-б.

[24]  Әбу Ханифа, әл-Фықхул-әбсат, 37-38 б. Баязизаде, сонда. 105-106, 149, 200, 278, 307-б.

[25]  Ислам дініндегі шектен шыққан ағым

[26]  «Ибраһим» сүресі, 36-аят

[27]  «Маида» сүресі, 118-аят

 

[28]  Әбу Захра, 36-б.

Бөлісу: