04
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Өз нәпсісін жеңген – батыр

Өз нәпсісін жеңген – батыр

Мақалалар
Жарнама

Абдулла ибн Амр ибн Әл-Астан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Сендердің ешқайсыларың, оның нәпсісі[1]мен әкелген нәрсеге (Құран мен сүннетке) ермегенге дейін, (шынайы түрде) иман келтірген болмайды»[2], - деп айтқандығы жеткізіледі.

Өз бойында асыл қасиеттерді сақтай білген адам  – нағыз мұсылман. Оның істеген істері айтқан сөздерімен, ал өмір сүру мәнері мен ақыл-ойы ниет-ықыласпен сәйкес келеді. Нәпсіге еру күнәға, бидғатқа[3], ақиқатты мойындамауға себеп болуы мүмкін. Өйткені, өз нәпсісінің қалауына еру арқылы, адам шариғатта тыйым салынған істерді істеуі әбден мүмкін. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл туралы: «Сонда да саған жауап бермесе, шын мәнінде олардың өз көңілдері (нәпсілерінің қалаулары) тартқан жаққа кеткенін біл. Алладан бір жол-жорықсыз өз көңілдері ауған жаққа ілескеннен әрі адасқан кім бар? Әрине Алла, залым елді тура жолға салмайды»[4], - деген.

«Өз нәпсісін жеңген – батыр»[5]. Мұсылман адам нәпсісін өзіне бағындыруы тиіс екен, өзі нәпсіге емес. Әдетте, бағынушы бағындырушының айтқанын істейді. Егер де мұсылман адам нәпсісіне иелік етіп, оны өзіне толықтай бағындыра білген әрбір азамат (бұл, әрине, оңай іс емес), Алла және Оның Елшісі (с.ғ.с.) бұйырғандарын жақсы көріп, соған талпынады, тыйым салғандарын жек көріп, одан алыстайтыны белгілі. Ақиқатында, Құран Кәрімде: «Алла (Тағала) және Елшісі (с.ғ.с.), қашан бір іске үкім берсе, Мүмін ер және Мүмін әйел үшін олардың (өз) істерінде ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ кім Аллаға, Елшісіне қарсы келсе, сонда рас ашық адасқан болады»[6], - делінген.

Осыдан түсінетініміз, Алла Тағала мен Оның Елшсін (с.ғ.с.) жақсы көру және нәпсіге иелік ету бір-бірімен тығыз байланысты. Алланы және Пайғамбарды (с.ғ.с.) жақсы көруүшін, ең әуелі нәпсіні өзіне бағындыру қажет. Кімде-кім Алла Тағала мен Оның Елшсін (с.ғ.с.) жақсы көрсе, иманның ләззатын сезінеді. Хадисте бұл жайында былай делінеді: «Кімнің бойынан мына үш қасиет табылса, ол адам иманның ләззатын сезінеді: Алла мен Елшісін баршадан артық көру; біреуді Алла үшін жақсы көру; Алла тағала оны күпірліктен құтқарғаннан кейін, сол күпірлікке қайта ұрынуды отқа түсердей болып жек көру(одан мейлінше қашу)»[7].

Жақсы көрудің белгісі, әрі оның көрінісі – келісу және соңынан еру. Демек, егер мұсылман адам Алла Тағаланы және Елшісін (с.ғ.с.) жақсы көретін болса, онда Алла Тағалаға қалтқысыз бойұсынады. Сол кезде нәпсі де Құран мен сүннетті негізге алған аһлі сүннәнің жолында болмақ.

Берікбол ЖАНАҚ


[1]Хадисте келтірілген «нәпсі» деген сөз араб тіліндегі «һәуә» сөзінің қазақша мағынасы. «Һәуә» сөзінің өзіне келетін болсақ, араб тілінде бұл сөз бір нәрсені жақсы көріп, соған құштар болған кезде қолданылады. Яғни, һәуә = нәпсі Алла Тағаланы жақсы көріп, Оған құштар болу мүмкін, немесе Аллан басқа нәрсені қалауы мүмкін деген ұғымды білдіреді.

[2]Имам Нәуәуи.

[3]Бидғат – ислам дінінің кез келген бір құндылығын алып тастау немесе дінге жат (Құран мен сүннетке сәйкес келмейтін) нәрселерді дінге енгізу.

[4]«Қасас сүресі», 50-аят.

[5]Қазақтың мақал-мәтелі.

[6]«Ахзаб» сүресі, 36-аят.

[7]Имам Бұхари.

Бөлісу: