Мешіт – Алла Тағалаға ғибадат-құлшылық жасалатын орын. Жаратқанға жалбарынатын жер болғандықтан оны Алла үйі деп те атайды.
Сондықтан мұсылман баласының мешітке құрмет көрсетіп, кішіпейілділікпен «бисмиллә, О Жаратқан, Маған рахмет есіктеріңді аша гөр!» деп дұға оқып, оң аяғымен кіруі – сауапты іс. Алла үйіне дәрет алып кірген абзал. Шығарда «О Жаратқан, жарылқай гөр!» деп дұға айтып, сол аяғымен шығу – мешіт әдептерінің бірі.
Мешітке әр адам әр түрлі себептермен кіреді. Көбісі бес уақыт намазын жамағатпен оқу үшін келсе, кейбіреулер нәрестенің құлағына азан шақыртуға, бірі некесін қидыруға, бірі қайғысын бөлісуге, тағы бірі сауат ашу курсына қатысуға, бірі Ислам діні туралы сұрап білуге, дәрет, намаз үйренуге келеді. «Батаменен ел көгерер» дегендей, кейбір жандар дұға оқытуға келсе, ал біреулер садақа беріп, қайырымдылық жасау ниетімен Алла үйіне қадам басады. Әрине, келген қауымның қадамдарына Алла сауаптан жазғай, ниеттері қабыл болғай деп тілейміз.
Мешітке келген мұсылман баласы Алла үйінде бос әңгімелерді, дүниелік сөздерді айтудан өзін тыйғаны абзал. Дауыс көтеріп сөйлеу де – бейәдеп іс. Мешіт құлшылық жасалатын орын болғандықтан, қасиетті орында уақытымызды Алланы еске алумен, дұға жасаумен, шүкір айтып, намаз оқумен өткізуіміз керек.
Мешітке деген махаббат әр пендені Алла үйін көркейтуге жетелейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде:
«Алла Тағала мешітті жақсы көрген пендені жақсы көреді», - деген.
Демек, мешітті жақсы көрген адамды Алла жақсы көреді екен. Баршамыз Алланың жақсы көрген пенделерінің қатарынан болуды нәсіп еткей!
Тағы бір хадисте айтылғандай, «мешіт салған адам үшін Алла Тағала жәннатта сарай тұрғызады». Мешіт салу – сауабы үзілмейтін сауапты іс! Демек, мешіт салған адам және оған өзіндік үлесін қосқан пенде, тіпті көмек қолын соза алмаса да тілеулес болып, дұға жасап отыратын кісі де о дүниеде шынайы ниеті мен амалына лайық сауабын алмақ.
Мешіттің рухани жұмыстарын (Құран оқу, жаназа шығару, сауат ашу курсын жүргізу, неке қию, азан шақырып, ат қою, уағыз-насихат айту, т.б.) дін қызметкерлері, яғни имамдар жүзеге асырады. Ал мешіт ұстау (коммуналдық шығындарды төлеу, шаруашылық жұмыстар, т.б.) ісі көпшілікпен атқарылатын амал.
Мешіт ісі халқымыздың қолдауынан қашанда тыс қалмаған. Аллаға шүкір, егемендігімізді алып, етек-жеңімізді жиып, дамудың даңғыл жолына түстік. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Зайырлы мемлекеттер ішінде өзімізге қандас Түркия мемлекеті де біз сияқты дінді мемлекеттен бөлек деп қарайды. Бірақ, мешіттерді мемлекет қаржыландырады. Мешітте істейтін имамдар мемлекет қызметкері саналады. Еліміздің экономикасы қарқынды дамып, 30 елдің қатарынан табылуды мақсат тұтқан жайымыз бар. Олай болса, алдымызда рухани жағынан да бай болсақ деген үлкен міндет тұр.
Бақтыбай Бейсенбаев
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы