05
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Ең қайырлы үй

Ең қайырлы үй

Мақалалар
Жарнама

Ислам діні жетім балалардың құқығының қорғалуына аса мән береді. Оларға қатысты көрсетілетін әділетсіздік пен зұлымдықтың кез келген түрі қатаң ескертіледі.

Мәселен, Құран Кәрім аяттарында: «Негізінен сондай жетімдердің малдарын зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын от пен толтырған болады. Сондай-ақ жалындаған тозаққа кіреді»[1], «Жетімнің малына жақындамаңдар; бірақ ол, есейгенге дейін жақсы басқаруға болады. Өлшеуді, тартуды туралықпен орындаңдар. Біреуге шамасы келетінді ғана жүктейміз. Жақындарың болса да әділдікті айтыңдар. Және Алланың уәдесін орындаңдар. Осыларды Алла нұсқады. Түсінерсіңдер. Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, сонда сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. Сақтанарсыңдар»[2], - деп келген. Мұнда Құран бізге сондай әлеуметтік статустағы жасөспірімдермен қалай құқықтық қарым-қатынаста болумыз керек екенін үйретеді.

Алла Тағаға Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға: «(Мұхаммед ғ.с.) олар сенен жетімдертуралы сұрайды. Оларға: «Жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың (бөтендігі жоқ)...» де»[3], - деп олардың этикалық, эстетикалық, педагогикалық құқықтарын еске сала отырып жақсы, көркем түрде қарайласу керек екендігін айтады. Сонымен қатар, хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мен және жетімді өз қолына алған адам мына екеуі сияқты (жәннатта жақын аға інідей туыс) боламыз(сұқ саусақ пен орта саусақтарын көрсетті)»[4], - деп оларға қарайласушының ақыреттегі мәртебесін нұсқаған. Тағы бір хадисте жетім балаға көркем түрде қарайласатын адамның сыйлығы жайлы баяндап Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кім жетімді, Алла оны (жетімді) байытқанға дейін, өз қолына алып қараса, оған жәннат уәжіп болады»[5].

Міне, осы арқылы Ислам діні қоғамды бұл статустағы жасөспірімдерге мейірімділік жасауға үндейді. Себібі, оның ақыреттік пайдасымен қатар дүниелік пайдасы да орасан. Әсіресе, жүректің мейірімді болуына пайдасы орасан. Ол туралы Әбу Дәрдәдан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла Елшісіне (с.ғ.с.) бір кісі келіп, өзінің жүрегінің қаттылығына шағымданады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған: «Жүрегің жібіп, қажетің орындалғанын қалайсың ба? (Онда) жетімге мейірімді бол, басын сипа, тағамыңнан тамақтаңдыр, жүрегің жұмсарып, қажетің іске асады», - дейді»[6], - деп келтіріледі.

Шариғатымызда олардың хақылары мен құқықтарына толыққанды кепілдік боолуы үшін жетім балаларды өз қолына алатын кісіге келесідей бірнеше талаптар қойылады:

– жетімнің ешкімнен кем түспейтіндей (адал тамақтан, аш болмайтындай) ішіп-жеуін қамтамасыз ету;

– тұратын жері болуы. Яғни баспанамен қамтамасыз ету;

– киетін киімдері (бар және бүтін) болу;

– аурып қалса емдету;

– басқа құрдас-құрбылардан (жан-жақты даму жағынан) кем болдырмау;

– баратын жеріне (мектепке, қосымша курстарға, әр түрлі қоғамдық іс-шараларға) қиындықсыз, (жаяу, көлік түрімен) емін-еркін жету;

– тәрбиесімен айналысу және білімін дамыту, т.б. әлеуметтік-психологиялық маңызды мәселелер қарайласушының мойынына міндеттеледі.

Ал, егер осының қайсысына жеңіл қарап, орындамай қойса, немесе орындалуына кедергі келтіретін болса, онда жетімнің құқығына қиянат жасаған болып есептеледі. Осыған байланысты, Имам Нәуәуи былай деп айтқан: «Жетімді өз қолына алған адам, жетімнің азығына, киіміне, әдебіне, тәрбиесіне және бұдан да басқасына жауапты». Сонымен бірге, Ислам ғалымдары жетім балаларды құрметтеп, оларға қуаныш сыйлап, ешбір кемсітпеуді мұстахаб[7] амал деп санаған.

Жетім балалар Ислам дінінде екі әлсіз (қамқорлыққа, мейірімділікке, қарайласуға мұқтаж) топтың бірі болып есептеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы екі топ үшін Алладан жәрдем сұрап: «Аллам! Расында мен екі әлсіздің хақысы үшін қиындыққа ұшырауынан сыйынамын: жетімнің хақысы және әйел затының хақысы»[8], -  деп дұға етуші еді.

Қорыта айтқанда, жетімге жасалған жақсылық, жасаушыға артығымен қайтарылып беріледі: жүрек жай табады, қажеті орындалады, жәннатта Алла Елшісімен (с.ғ.с.) бірге болады, тозақ отынан құтылады[9], күнәсі кешіріліп, сауап жазылады және дәрежесі артады.

Ақиқатында, жақсылық жасалған жетімі бар үй – мұсылмандардың үйлері арасындағы ең қайырлы үй[10].

Берікбол ЖАНАҚ


 

[1]«Ниса» сүресі, 10-аят.

[2]«Әнғам» сүресі, 152,153 аяттар.

[3]«Бақара» сүресі, 220-аят.

[4]Имам Бұхари.

[5]Имам Ахмад, Имам Табарани.

[6]Имам Табарани.

[7]Діни терминде «таңдаулы», «ең көркем амал» деген мағынаны білдіреді.

[8]Нәсәи.

[9]«Инсан» сүсесінің 8-11 аяттарын қараңыз.

[10]Имам Бұхари, «Әл-Әдәб-уль-Муфрад» кітабынан.

Бөлісу: