25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әбу Үбәйда ибн Жәррах (р.а)

Әбу Үбәйда ибн Жәррах (р.а)

Ислам жұлдыздары

 “Әр үмбеттің бір сенімдісі бар. Ислам үмбетінің сенімдісі – Әбу Үбәйда ибн Жәррах”. (Хадис)

 Исламмен алғаш табысып, Жәннатпен сүйіншіленген бақытты кісілердің бірі – осы Әбу Үбәйда. Азан шақырып қойған аты – Амир, лақап есімі – атасының атына байланысты Әбу Үбәйда ибн Жәррах деген атпен танымал болды. Шежіресі жетінші атада хазірет Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) туыстығы бар. Ардақты елші (с.ғ.с.) “Әр үмбеттің бір сенімдісі бар. Ислам үмбетінің сенімдісі – Әбу Үбәйда ибн Жәррах” (Муслим VII, 6 127; Ибн Маже, I, 136) деп оны мақтаған.

Әлбетте, Пайғамбарымыздың сахабаларының бәрі сенімді әрі әділетті. Алайда кейбір дара қасиеттер сахабалардың дәрежесін айқындауда үлкен рөл ойнайды. Сондықтан да Пайғамбарымыз сенімділік сипатының Әбу Үбәйда да көбірек көрініс тапқандығын атап көрсеткен. Ибн Хиббан Әнәс ибн Маликтен риуаят еткен бір хадисте хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.): “Үмбетімнің ең мейірімдісі – Әбу Бәкір, ең қаталы – Омар, ең ұялшағы – Осман, халал мен харам- ды ең жақсы білгені – Муаз ибн Жәбәл, мирас ілімін ең жақсы меңгергені – Зәйд ибн Сәбит, Құранды ең дұрыс оқитыны – Үбәй ибн Қағб, ең сенімдісі – Әбу Үбәйда” деп нақтылаған.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) адалдығы

Исламды қабылдағаны үшін – жас болғанына қарамастан – мүшрік әкесі Әбу Үбәйданы үйінен қуды. Ең қиын шарттар мен шақтарда дініне опасыздық жасап орта жолда тастап кетпеуге бар күшін салды. Эфиопияға һижрет етуге жол ашылған кезде мүшріктердің зәбірліктері мен зұлымдықтарынан құтылу үшін һижрет етті. Кейін Мәдинаға һижрет етіп, Расулулланың (с.ғ.с.) қасына барды. Пайғамбарымыз мұһажирлер мен ансарларды бауырластырған кезде оның бауыры Сағд ибн Муаз болды. Қаһарман сахаба, ержүрек жауынгер хазірет Әбу Үбәйда бүкіл шайқастарда Пайғамбарымызбен бірге болды. Ислам тарихындағы ең маңызды Бәдір шайқасында жеңіске жету жолында бар күш-жігерін салды. Бұл шайқаста мұсылмандарға қарсы шептегі мүшріктердің арасындағы әкесі Абдуллаһпен бетпе-бет келеді. Әкесі ұлы қайда барса, сонда барып, артынан қалмай, өз баласын өлтіруге жанын салды. Әбу Үбәйда болса, мүшрік әкесін өлтіріп алмау үшін одан алапестен безгендей қашты. Алайда әкесінен қашып құтыла алмады. Хазірет Әбу Үбәйда дін мен әкесінің біреуін таңдауына тура келді. Ол дінін таңдап, өзін өлтірмекші болған әкесін өлтіруге мәжбүр болды. Бұл оқиғаға байланысты: “Аллаға, ақырет күніне иман келтірген бір елдің аталары, не балалары, яки туыстары немесе ағайындары болса да Аллаға, Оның Елшісіне қарсы келгендерді сүйгенін көрмейсің. Міне, Алла солардың жүректеріне иман жазған, әрі өз жағынан бір нұрмен қолдаған. Және оларды астынан өзендер ағатын, әрі онда мәңгі қалатын пейіштерге кіргізеді…” (Мүжәдәлә, 22) деген аят түскен.

Ұхұт шайқасында Пайғамбарымызға шабуыл жасаған мүшріктер Алла елшісінің бетін жарақаттап, тістерін сындырды. Пайғамбарымыздың дулығасынан үзілген екі темір бетіне қадалды. Әбу Үбәйда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) халіне төзе алмады. Пайғамбарымыздың бетіне қадалған темірлерді тісімен суырған кезде, оның екі тісі сынды.

Йемендіктер Пайғамбарымыздан Исламды және сүннетті үйрететін мұғалім сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.) оларға осы Әбу Үбәйданы (р.а.) жіберген. Әбу Үбәйда саф жүректі, Алла елшісінен алған кез келген бұйрықты екі етпейтін жан еді. Сәләсил оқиғасында Амр ибн Ас Әбу Үбәйда мен оның қасындағыларға өз қол астына кірулері жайлы ұсынысына қарсы шықпады. Амр ибн Асқа Пайғамбарымыздың “Амр ибн Аспен таласқа кірме” деген сөзін еске салып “сен мені тыңдамасаң да, мен сені тыңдаймын” (Муснәд, 1: 196) деп оның әміріне мойынсұнды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хабат шайқасында Әбу Үбәйданы үш жүз кісілік жасаққа қолбасшы етіп жіберді. Жолда тамақтары таусылғанда бірнеше күн екі жүз құрмамен, ағаш жапырақтарын сулап жеп күнелтті. Арабтар бұл жапырақтарды «хабат» деп атайтындықтан, тарихта Хабат шайқасы деген атпен қалды. Талғажау етер қорек болса да жоқ. Қаптың түбі тесілген. Олар жағалауға таяғанда үлкен бір балықтың судың жиегінде жатқанын көреді. “Өлмегенге өлі балық кезігеді” демекші, ол балықты бірнеше күн азық етеді. Мүшріктердің керуендерін бақылау үшін жіберілген жасақ міндеттерін атқарып аман-сау қайтып келді.

Дініне адалдығы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғанда мүминдер хазірет Әбу Бәкір, Омар және Әбу Үбәйданы халифалыққа лайық деп тапқан еді. Хазірет Пайғамбар бір хадисінде хазірет Әбу Бәкір және Омардан кейін Әбу Үбәйданы “қандай жақсы адам” (3 Тирмизи, Манақыб:33.) деп оның мақтауға лайық, қадірлі тұлға екенін айтып кеткен. Хазірет Әбу Бәкір халифа сайлар кезде Омар Фаруқ пен Әбу Үбәйданың қолдарынан ұстап, мүминдердің осы екеуінің бірін халифа етіп тағайындауларын ұсынды. Ол екеуі болса Әбу Бәкірді (р.а.) лайық көріп, соған серт берді. Хазірет Әбу Үбәйданың басшылық қабілетін, парасаттылығын жоғары бағалаған халифа Омар оны өзінен кейін халифа болып сайлануға ең лайық адам деп тапқан еді. Омар ибн Хаттаб “Егер Әбу Үбәйда тірі болғанда, соны сайлар едім. Өйткені, Алла оны неге таңдағанымды сұрар болса, Алла расулы ол жайлы “үмбеттің сенімдісі” дегенін естігенімді айтар едім…” деген болатын.

 Әбу Бәкір Сыддықтың халифалығы кезінде ол Сирияны алу үшін жасақталған әскерге қолбасшы болып тағайындалды. Хумус, Сирия және Антакияға дейінгі жерлер Әбу Үбәйда бастаған Ислам әскерлерімен алынды. Одан кейін Иерусалимді қоршауға алған Әбу Үбәйда ибн Жәррах иерусалимдіктерді бейбіт бітімге көндірді. Бірақ иерусалимдіктер бейбітшілік келісімін тек Омар Фаруқпен жасайтындықтарын айтты. Әбу Үбәйданы Мәдинаға жіберді. Хазірет Омар Әлиді (р.а.) орнына қалдырып, ұзақ жолаушылықтан кейін Иерусалимге аман-есен жетіп, ол жердің кілтін қолына алды. Омардың халифалығы тұсында мұсылмандардың арасында аштық белең алды. Хазірет Омар әкімдерден жәрдем сұрады. Оған алғаш жәрдем еткен де Әбу Үбәйда болды. Сирияның әкімі болған ол төрт мың жүк артқан керуенді Мәдинаға өзі бастап барып, халыққа бөліп берді. Қанағатпен-ақ қарын тойғызып, жұпыны тірлік кешті. Хазірет Омар оған үйіне шақыруын өтінген. Ондағы ойы – өзінің тағайындаған әкімінің тұрмысын өз көзімен көру еді. Олар әдейілеп Әбу Үбәйданың үйіне барады. Табалдырықтан аттағанда мүминдердің әміршісі қылыш, қалқан және бірнеше үй жарағынан басқа мүлік көре алмады. Хазірет Омар: – Бұдан басқа еш нәрсең жоқ па? – дейді. – Бұлар менің қажетіме жетеді. – Оның бұл жүдеу тұрмысына толқыған халифа Омар: – Ей, Әбу Үбәйда! Дүние бәрін өзгертті, бірақ сені өзгерте алмапты-ау, (Исәбә, 2:254; Усдул-ғаба, 3:85.) – деді.

Әділдігімен көңілдерді жаулаған жан 

 Хазірет Әбу Үбәйда қолына түскенін мұқтаж кісілерге таратып беретін аса жомарт жан еді. Бірде хазірет Омар оған шапқыншысы арқылы төрт жүз дирхам беріп жібереді. Ол шапқыншысына “ақшаны не істейді екен, байқап көрші” деп тапсырады. Әбу Үбәйда қолына ақша тиер-тиместен соңғы тиынына дейін мұқтаждарға таратып берді. Өз міндетіне адал, Алла елшісіне сүйіспеншілігі шексіз Әбу Үбәйда (р.а.) қол астындағыларды өз балаларындай көріп, қанаттыға қақтырмайтын, тұмсықтыға шоқытпайтын. Оның мейрімділігін тек мұсылмандар ғана емес, христиандар да көрді. Сондықтан да христиандар оған адал қызмет етті. Сол кездегі жалпы мұсылман қоғамының өзге дінді ұстанған басқа да халықтар қалай қабылдағанын баяндау үшін тарихта болған мына оқиғаны айта кеткеніміз жөн. Халифа Омардың тұсында Әбу Үбәйда Сирияның әкімі болып тұрды. Рим императоры Геракл Сирияны өзіне қаратып алуға тырысты. Бұл кезде Әбу Үбәйданың айналасына аз ғана әскер топтасқандықтан, қаланы жаудан қорғау мүмкін емес-ті. Дереу Сирия тұрғындарын жинап алып “сіздерден жизия салығын алдық. Сол себепті сіздерді жаудан қорғауымыз керек болатын. Алайда дәл қазір бізде жауға төтеп беретін күш жоқ. Сіздерді қорғай алмайтындықтан жизия салығын қайтарып беруді жөн көрдік. Өйткені, бұл жағдайда оның бізде болуы дұрыс емес”, – деді. Жиналған салық иелеріне қайтарылды. Бұл оқиғаға куә болған христиан дін адамдары шіркеулерді лықа толтырып, мұсылмандардың жанын аман алып қалуын Жаратқан Иеден жалбарына сұрады. Христиан діндарлары күллі шіркеуді күңірентіп былай дұға оқыды: Мұсылмандармен бірге бізді қанқұйлы Гераклдың жауыздығынан құтқара гөр» (Әбу Дауд, Әдәб, 164; Муснәд, 1/404) деп мұсылмандар үшін көз жастарын көлдетті. Ислам үмбетінің шынайы иманға ие болып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) әкелген діні бойынша жүрген кездегі тарихта алған орны мен қалыптастырған көзқарасы осындай болатын.

Үмбеттің сенімдісі Әбу Үбәйда Сирияға билік құрған тұста тарихта “әмуәс обасы” деген атпен белгілі болған оба індеті қамысқа тиген өрттей лап ете қалды. Ол өңірде обаның шыққанын естіген хазірет Омар оған Мәдинаға қайтуын өтініп хат жолдайды. Әбу Үбәйда “бауырларымнан айырыла алмаймын” деп сол жерде қалып қояды. Ақырында обаға шалдығып, шейіт болады. Бұл обадан басқа да көптеген сахабалар баудай түседі. Әбу Үбайда өзінің орнына Муаз ибн Жәбәлді қойдырып, мына өсиетті айтады: “Намаздарыңды оқып, оразаларыңды ұстап, садақаларыңды беріп, қажылықтарыңды өтеңдер. Бір-бірлеріңізге қамқор болып, басшыларыңызға бағынып, оларға адал қызмет етіңдер. Дүние сізге опық жегізбесін. Адам мың жыл өмір сүрсе де, көретін нәтижесі мынау: Алла адамдардың пешенесіне өлімді жазған, сондықтан бәрі де өледі. Адамдардың ең ақылдысы – Аллаға бағынып, ақырет үшін еңбек еткен адам. Бәріңізге Алланың есендігі мен мейірімін, кешірімі мен берекетін тілеймін…”

 Сирияның әкімі болып тұрған кезде сол жердің халқы түгел Әбу Үбәйданың әділ басшы екеніне бірауыздан куәлік еткен. Ол хижраның он сегізінші жылында дүниеден өтті. Оның мүбәрак сүйегі қазіргі Йорданияның Бәйсин аймағындағы өзінің атымен аталатын елді мекенде жатыр.

 Алла оған разы болсын!

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: