25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жаужүрек әрі жомарт - Талха ибн Ұбайдұллаһ (р.а)

Жаужүрек әрі жомарт - Талха ибн Ұбайдұллаһ (р.а)

Ислам жұлдыздары

“Алла Тағалаға шүкір! Пайғамбарым аман болсын, басқа қиындық түк те емес”. (Талха ибн Ұбайдұллаһ)

Екі жаһан сардары хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) “Талха мен Зүбәйр – Жәннаттағы қоңсыларым” деп ілтипат білдірген, көзінің тірісінде мәңгілік бақытпен сүйіншіленген он сахабаның бірі.

Батырлығымен қоса сансыз асыл қасиеттерімен Алла мен елшісінің марапатына ие болған Талха ибн Ұбайдұллаһ, әсіресе, Ұхұт ұрысындағы ерлігімен ғасырлар бойы қастерленіп еске алынды. Ақиық пайғамбардың (с.ғ.с.) ең жақын, хас сахабаларынан болып, бүкіл ғұмырын Ислам жолында пида еткен хазірет Талха төрт халифаның тұсындағы кеңес мәжілісінің де тұрақты әрі белді мүшелерінен еді.

Қаһарман сахабаның иманға келуі

Талханың (р.а.) мұсылман болуына сауда сапары себеп болды. Басрада болған кезінде бір поп: – Іштеріңізде Меккеден келгендер бар ма? – деп сұрады. Талха ибн Ұбайдұллаһ:

 – Иә, мен Меккелікпін, – деді.

 – Ахмет келді ме?

 – Ахмет деген кім?

– Абдуллаһ ибн Әбдулмүттәліптің ұлы. Меккеден келгендерді іздеген себебім, сол жерден шығатын Пайғамбарлардың ең ақырғысының келген-келмегенін сұрастырып білейін деп едім. Өзі сол қасиетті жерден қуғындалып, құрмасы мол, тастақты және аңқа кептірер аптап есілген жерге көшеді, – деді поп. Бұл поп хазірет Пайғамбардың (с.ғ.с.) келуін өз кітаптарынан оқып біліп, оны күткен, ақиқатқа көзі ашық кісілердің бірі еді. Мәлім болғандай Пайғамбарымызға пайғамбарлықтың берілуі қарсаңында ол нұрды асыға күткендер болған еді. Өйткені, Алла Тағала Тәурат пен Інжілде ақыретке дейінгі аманатты жеткізуші соңғы Пайғамбардың келетіні жөнінде айтқан.

Поптың айтқандары Талханы үлкен ойға жетелеп, көңіліне қанат бітірді. Меккеге келе сала бұл хабар жайлы жөн-жосық сұрай бастады. Ол Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед әл-Әминнің пайғамбарлығын жариялағандығын және Әбу Бәкірдің оған ергенін естіді. Алғаш иман ету бақытына ие болған Әбу Бәкір Сыддыққа барып:

– Сен Мұхаммедке ердің бе? – деп сұрағанда, хазірет Әбу Бәкір (р.а):

– Иә. Сен де оған барып, Соның айтқанына мойынсұн. Өйткені, ол ақиқат пен шындыққа шақырады, – деді.

Екеуі Пайғамбарымызға бірге барады. Ардақты елшімен (с.ғ.с.) алғашқы кездесуінен кейін-ақ жүрегіне иман ұялап, көңілі нұрға толып, мұсылман болады. Қалай мұсылмандықты қабылдайды, солай мүшріктердің табалауына түседі. Оған қысым көрсетушілердің басында өзінің мүшрік бауыры да бар. Аспан айналып жерге түскендей аптап ыстықта қаталап шөлдеген оны көшеде адақтатып азаптайды. Қорлық пен зорлықтың ешқайсысына мойымай, иманы одан сайын күшейе түсті.

Хазірет Талха Бәдір шайқасына қатыса алмады. Өйткені, Пайғамбарымыз хазірет Талха мен Саид ибн Зәйд екеуін Әбу Суфиянның басшылығындағы мүшріктердің керуені жайлы мәлімет алып келуі үшін барлауға жұмсаған еді. Олар қайтып оралғанша, Бәдір шайқасы бітіп, мұсылмандар алғашқы жеңістеріне жетіп, масайрап жатты. Өзіне жүктелген басқа тапсырмамен жүріп ұрысқа қатыса алмаса да, Пайғамбарымыз оларға ұрыста бастан-аяқ болған жауынгерлердің үлесімен бірдей олжа береді. Ардақты елші оларды соғысқа қатысқандай сауап алғандықтарын сүйіншілеп көңілдерін марқайтты.

Жоғарыда айтқандай Ұхұт шайқасында хазірет Талханың қаһармандығы аңызға айналды. Ақиқаттың ақ таңы атса да, оның алғашқы хабаршы сәулесінің күнін сөндіруге тырысқан мүшріктер Алла елшісін (с.ғ.с.) өлтіруге бар күштерін сарықты. Сүйікті елшінің амандығын көздерінің қарашығындай сақтауға ант бергендер серттерінде тұрды. Оны жаудың бұршақтай бораған оғынан қорғау үшін өз денелерін қалқан еткен қаһармандардың ішінде Талха ибн Ұбайдұллаһ та бар еді. Ұхұт шайқасының жан берісіп, жан алысып жатқан шағында мерген Малик ибн Зүхейрдің Расулулланы көздегенін байқап, оққа қолын тосады. Алла елшісіне ажал құштыра жаздаған оқ Талханың бармағын жаралайды. Осылайша Алла елшісінің өмірін сақтап қалды. Пида болған бір бармақ нәтижесінде сақталып қалған Ардақты елшінің өмірі болғандықтан, Талха (р.а.) кеткен бармағын ойлап қайғырған да жоқ, Алла елшісінің (с.ғ.с.) аман қалғанына қатты қуанды. Хазірет Талха бірнеше жерінен жарақат алғанына қарамастан Алла елшісін бір сәт болса да, жалғыз тастамады. Алайда қан көп кеткендіктен есінен танып қалады. Пайғамбарымыз оны хазірет Әбу Бәкірге тапсырды. Бетіне су бүріккен кезде есін жинаған ол, көзін ашар-ашпас:

– Расулулла қалай? – деп сұрады. Басын сүйеп отырған Әбу Бәкір (р.а.) :

– Аллаға мың да бір шүкір. Өте жақсы. Мені саған Расулулла жіберді, – дегенде, демін терең алып: – Алла Тағалаға шүкір! Пайғамбарым аман болсын, басқа қиындық түк те емес, – деді.

Шамалыдан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазірет Талханың қасына келді.Қолдарын көкке жайып: – Уа, Алла, оның жанына шипа, бойына қуат бер, – деп дұға жасады. Пайғамбарымыздың дұғасынан кейін хазірет Талха түк болмағандай ширақ қимылдап, қайтадан суға сүңгігендей ұрысқа қойып кетті. Ұхұт шайқасында Талха (р.а.) көп жерінен жарақат алады. Хазірет Талханың жанқиярлығы мен ерліктеріне сүйсінген Пайғамбарымыз оған “Талхатул-хайр” (Қайырлы Талха) деген лақап берді. Мұнымен қоса: – Талхаға Жәннат уәжіп болды. Талха Жәннатқа кірерлік іс жасады, – деп оның сүйіншісін паш етті. Хазірет Талха өзін шадыман-шаттыққа бөлеген бір оқиғаны былайша баяндаған еді: “Сахабалардың біреуі күндердің бір күнінде Алла елшісінен: “Мүминдердің ішінде сондайлары бар… олар Аллаға берген сөздерінде тұрды. Олардың кейбіреулері жандарын пида етті, кейбіреулері бұл абыройды (шейіт болуды) күтуде” деген аяттағы “шейіт болуын күткендердің” кімдер екенін сұрады. Алайда Пайғамбарымыз жауап бермеді. Сол кезде үстіме жасылдан киім киіп мен мешітке кірдім. Расулулла (с.ғ.с.) мені көріп: “Жаңағы сауал сұраған қайда?”, – деді. Сахаба: “Мұндамын, Расулулла”, – дегенде, мені нұсқап: “Міне, мынау шейіт болуды күтушілердің бірі”, – деген еді. Хазірет Талха Пайғамбарымыздың дәуірінде Бәдірден өзге бүкіл шайқастарға қатысты.

Қолы ашық, көңілі кең сахаба

Талха ибн Ұбайдұллаһ батырлығымен қоса дәулетті де болатын. Меккеде саудамен айналысқан ол, Мәдинаға көшкеннен кейін диқаншылықты кәсіп етеді. Дәулеті жеткенмен, нағыз тақуаның жұпыны тірлігін қанағат тұтты. Қылышымен қалай соғысса, мал-мүлкімен де солай шайқастарға қатысты. Тәбук соғысына дайындалған әскерді жасақтауға басқа сахабалар сияқты ол да қуана-қуана қатысты. Байлығының ауқымды үлесін жихадқа дайындалған әскерге беру үшін Пайғамбарымызға келіп: – Бұл Талханың кішкене ғана сыйы, – деп әкелгендерін берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның бұл жомарттығына сүйсініп:

– Уа, Талха! Сен өте жомартсың, – деді.

Тағы бірде жиһадқа шыққан мүминдердің сусыз қалмауы үшін Зуль-Қарадә соғысында бір құдықты сатып алып, оларға сыйға береді. Хунәйн шайқасында көрсеткен ерлігі мен жомарттығына дән разы болған Алла расулы оған “Талхатуль-жуд” (Жомарт Талха) деген лақап тағады. Талха ибн Ұбайдұллаһ жетім-жесір, кедей десе ішкен асын жерге қоятын абзал жанды адам болатын. Тейімұлдарының мұқтаж адамдары тегіс оның қол астында болды. Ол жағдайы жоқтарды үйлендіріп, қарызданғандардың қарыздарын өтейтін еді. Тек жыртқыштық үстемдік ететін жырынды қоғамда дәулетті, бай адамдардың кембағалдарға қол ұшын беріп жәрдем етуі сол қоғамдағы әділетсіздік, ұрлық-қарлық пен зұлымдықтың саябыр табуына, ептеп те болса түзелуіне септігін тигізері сөзсіз.

Сахабалар өмірі – жалпы адамзат үшін үлгіге толы ғұмыр. Хазірет Талха жомарттығымен бірге келгендерді кеудесінен итермейтін, есігі ашық, дастарқаны жаюлы тұратын өте қонақжай еді. Бір күні мұсылмандықты қабылдағандарына көп бола қоймаған екі кісі үйінде қонақ болады. Олардың біреуі екіншісіне қарағанда мінәжатына мінсіз қарайтын адам еді. Бұл кісі бір уақыттан кейін шайқастардың бірінде шейіт болады. Екіншісі одан бір жыл кейін қайтыс болды. Хазірет Талха бұл екеуін Жәннатқа кіруге кезекте тұрғанын түсінде көреді. Алғашқы кезек екінші қайтыс болғанға беріліпті. Ертеңінде таңертең Талха ибн Ұбайдұллаһ Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп түсін айтып берді. Пайғамбарымыздың қасында отырған сахабалар таңырқап, мұның сырын сұрады. Пайғамбарымыз олардың сұрақтарына сұрақ бере отырып, әңгіме бастады:

– Кейін қайтыс болған адам әуелгіден бір жыл ұзақ өмір сүрді, солай емес пе? – дегенде сахабалар:

 – Иә, Расулулла, – деді.

– Бұл кісі Рамазан айына үлгеріп оразасын ұстады ғой?

– Иә.

– Ол кісі бір жыл артық ғибадат жасаған жоқ па?

– Иә.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа да амалдары жайлы сұрап, сахабалардан “иә” деген жауап алғаннан кейін былай деді: – Олай болса, екеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар.

Хазірет Талха жүзі жылы, түсі игі ақкөңіл жан еді. Адамдар бір нәрсе сұраса мүмкіндігінше олардың қолын бос қайтармайтын. Өзіне жасалған қандай да бір жақсылықты азсынбай, үнемі алғысын жаудыратын. Оның осындай асыл қасиеттерін білген көркем мінезді және ардақты әйелдердің бірі Үммү Әбан атты әйел басқа да сахабалардың көңіл білдіргеніне қарамастан, ол хазірет Талханы таңдайды.

Алғашқы халифалардың сенімді кеңесшісі

Жүрегінің жұмсақтығы сондай, Пайғамбарымыз дүние салғанда кейбір сахабалар халифаның кім болатынын талқылай бастаған кезде, ол бір бұрышқа тығылып ап, көңілі алай-дүлей болып, нұрын шашқан шуақты күн сөніп, суып сала берген әлемнен өгей күй кешіп, қимастықпен Алла расулын (с.ғ.с.) жоқтап жылау үстінде болды. Ол хазірет Әбу Бәкірдің халифалығын қабыл етіп, оның кезеңінде ақылдастар алқасының құрамында болды. Мұсылмандар бас қатыратын мәселеде Талханың кеңестеріне құлақ түретін. Мемлекетті екі жыл басқарған Әбу Бәкір Сыддық әл үстінде жатып, өзінен кейін кімді халифа етіп тағайындау керектігі жайлы сахабалардың көзқарастарын сұрады. Талха ибн Ұбайдұллаһтан ойын сұрағанда ол, бұл орынға тағайындалуға қара қылды қақ жарған әділ Омарды лайық көретінін айтты. Хазірет Омардың халифалығы тұсында да үнемі ақылдастар алқасында болып, қиын мәселелердің оңтайлы шешілуіне үлесін қосты. Қайтыс болмастан бұрын Омардың (р.а.) өзінен кейін халифа болсын деген адамдардың қатарында хазірет Талха да бар болатын. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартып, Осман ибн Аффанды жөн көрген. Оның халифалықтан бас тартуы бекзаттықтың ен тағылған ерен белгісіндей ғой. Өйткені, хазірет Омардың тұсында Ислам мемлекетінің көлемі мейлінше ұлғайып, беделінің де күшейіп, дәулетке кенелген шағы еді. Осындай мерейлі мемлекетті басқаруға әркімнің-ақ құштар болары сөзсіз. Алайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ізгі тәрбиесін көріп, қара бастан гөрі халықтың игілігін алдыңғы орынға қойған хас сахабалардың дүниеге, билікке деген ұстанымдары осындай еді. Олар Ислам мемлекетінің бүтіндігі мен беделін бірінші кезекке қойды. Осман Зун-нурәйннің кезеңінде мұнафықтардың бүлігіне қарсы тұрып, үнемі халифаны қорғады. Алайда бүлікшілердің әрекеттеріне төтеп беру өте қиын еді. Талха ибн Ұбайдұллаһ та Жәмәл шайқасында мұнафықтардың қолынан қаза тауып, шейіт болды. Хазірет Әли соғыс алаңын аралап жүріп, Пайғамбарымыздың көптеген мақтаулары мен марапаттарына ие болған асыл ер - Талханы (р.а.) шейіттік шәрбаттан татқандардың арасынан көріп, өліміне қатты қайғырып, көз жасын төкті. Оның әлі суи қоймаған денесін құшағына алып тұрып: – О, Талха, жымыңдаған жұлдызға толы бұл аспанның астында сенің топыраққа көмілуіңді көру менің жаныма қатты батады. Әттең-ай, әттең, мен жиырма жыл бұрын көз жұмып, бұл күнді көрмегенімде ғой, – деді қараңғы түнде жол сілтер жарық жұлдыздардың бірінің аспаннан ағып өткенін кеудесіне сыйдыра алмай.

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды

Ummet.kz

Бөлісу: