25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жауынгер сахаба - Зүбәйр ибн Әууәм (р.а)

Жауынгер сахаба - Зүбәйр ибн Әууәм (р.а)

Ислам жұлдыздары

“Әр пайғамбардың көмекшісі бар, менің көмекшім – Зүбәйр”[1] деп пайғамбар тарапынан мақталған Зүбәйр ибн Әууәм – Исламға алғаш көңіл ашқан бақыттылардың бірі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ақиқатты жаю жолындағы ең жақын жолдастарының қатарынан табылды. Алла елшісімен (с.ғ.с.) әрі шешесі, әрі Хадиша анамыз жағынан туыстығы бар. Анасы – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) апайы (әкесінің әпкесі) Сафиия, әкесі – Әууәм болса Хадиша анамыздың бауыры.

Исламға келуі

Зүбәйр ибн Әууәм 14-15 жасында Исламды қабылдады. Ол Исламды қабылдаған кезде мұсыл- мандардың санаулы-ақ кезі. Әкесінен жастай айырылған Зүбәйрді анасы өзі тәрбиелеп, өмірдің тауқыметтерінен жеңілмеу үшін оны темірдей тәртіппен ұстады. Ара-тұра, оның тұщы етіне ащы таяқ тигізіп, сазайын тартқызып, сабап та алатын. Мұны көріп оған: “Байғұс баланы неге сонша қинайсың, өлтіретін болдың ғой”, – дегендерге: “Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды. Мен ба- ламды жек көргендігімнен ұрмаймын, оның келешекте ақылды, жаужүрек, дұшпан әскерін ойсырата жеңіп олжа әкелер қаһарман болып өсуі үшін тәрбиелеймін”,[2] – дейді екен. Шешесінің бұл тәрбиесі хазірет Зүбәйрдің келешектегі қиыншылықтарға төтеп беруде, өмір бойы ақиқатқа араша түсіп, бұл жолда ешнәрседен шімірікпеуінде үлкен көмек берді. Немере ағасы оны дінінен бас тартқызу үшін асып қойып, отқа қақтап, талай қинады. Зүбәйр ибн Әууәм “Аға, не істесең де, бұдан кейін өмір бақи күпірлікке қайта кірмеймін”, – деп қайсарлықпен табан тіреді.[3] Жүрегін кір басып, ақиқаттың шырағына көздерін бітеп алған Мекке мүшріктерінің мұсылмандарды азаптауы шегіне жеткенде, «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өлді» деген суыт хабар құлағына келіп жетті. Жастығына қарамастан, мәселенің анық-қанығына әлі көз жеткізбестен қылышын жалаңдатып, мүшріктерге қарсы біленіп, олардың көкесін көзіне көрсетпек болып жолға шықты. Жолда оны көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : – Не боп қалды, Зүбәйр? – деп сұрады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) тірі екенін көріп, өз көзіне өзі сенбей, аң-таң болған Зүбәйр: – Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, ей, Расулулла! Сені өлтірілді деп естідім. Мүшріктерге сазайын тартқызайын деп бара жатқан едім, – деді. Пайғамбарымыз оның бұл әрекетіне сүйсініп, көңілін орнына түсіріп, оған бата берді.[4] Осылайша күпірлікке қарсы алғаш қылышын қынынан суырған сахаба хазірет Зүбәйр болды.

Алғашқы һижрет және Алла жолындағы жанкештілігі

Ақиқаттың даңғыл соқпағына түскен Зүбәйр мүшріктердің талай құқайы мен қоқаңын көрді. Қызық болғанда, бұл қиыншылықтар оны алып түсер алмас қылыштай жаныды. Сөйтсе де мүшріктер оны қанша қинап бақса да, мұқалта да, мұқата да алмай дымы құрыды. Алла үшін ел-жұртын тастап Эфиопияға һижрет еткен алғашқы топтың ішінде хазірет Зүбәйр де бар еді. Кейінірек ол жерден Мәдинаға һижрет етті. Мәдинада адамзаттың Ардақтысының (с.ғ.с.) қасына бір жетіп алғаннан кейін; қуанышты да, қайғылы да күндердің бәрінде бірге болды. Бүкіл шайқастарда жанынан табылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оққағары болды. Бұл жайлы өзі былай деген: “Алла елшісімен бірге соғысқан шайқастарда жарақат алмаған жерім қалмады”. Тіпті бұл жарақаттардың ұятты жерлеріне дейін барғандығы айтылады.[5] Бәдір шайқасында дұшпандарын жандарынан түңілдіріп, қарсысына келгенін бүлдіргідей бүлдірді. Бірақ өзі де жарақаттанбай қалған жоқ. Оның баласы Үруә әкесінің денесіне терең түскен жарасы туралы “мен бала кезімде бұл жараның орнына саусақтарымды сұғып ойнайтынмын” деп айтқан.[6] Хазірет Зүбәйрдің Бәдір шайқасындағы батырлығына бас иген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : “Періштелердің сары сәлдемен Зүбәйрдің бейнесінде түскендерін көрдім” деп марапаттаған еді.[7]

Ұхұт шайқасында да Пайғамбарымыздың жанында ұрыс салған, көкіректерін қалқан еткен қайсар сахабалардың бірі – Зүбәйр. Өйткені, ол Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшін “өлімге” ант еткен еді. Хәндәк шайқасында да мүшріктердің шабуылына тосқауыл қойып, беттерін қайтарған батыр Әлидің қасында хазірет Зүбәйр де бар еді. Құрайза яһудилері Пайғамбарымызбен (с.а.с.) жасаған бейбітшілік келісімдерін бұзған кезде Пайғамбарымыз оларға қарсы аттанатын әскерге қолбасшы іздеді. “Кім қол бастап барады?” деп сұрағанда, тағы ортаға суырылып шыққан Зүбәйр болды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Зүбәйрдің бұл шынайы ықыласына сүйсініп: “Әке-шешем саған пида болсын, ей, Зүбәйр!”, – деп қолдаған еді.

Қаршадай бала кезінен қиындыққа көнтері Зүбәйр ибн Әууәм, соғыс алаңдарында жаужүректілігімен ерекшеленді. Хайбар соғысында яһудилердің батыры Ясирмен шайқасты. Шайқастан шаң борады. Бұл шайқаста анасы да бар еді. Балапаны үшін шырылдаған анасы Сафиия Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) : – Ұлым шейіт болды ма, Расулулла, әлде?.. – деп сұрады. – Жоқ, иншалла, балаң оны өлтіреді, – деді. Аз уақыттан соң хазірет Зүбәйр дұшпанын сұлатып сал- ды.[8]

Алып тұлғалы батыр, жауынгер Зүбәйр Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен халифалар тұсындағы бүкіл шайқастарға қатысып, үлкен ерлік танытты. Ол – Йәрмуқ соғысында, Сирия мен Мысырдың алынып, Ислам мемлекеті болуына да үлкен үлес қосқан сайыпқыран сахабалардың бірі.

Аманатқа сенімділігі

Хазірет Зүбәйр батырлығы, қаһармандығымен қоса тақуа, мейірімді, шыншыл, адал да арлы, саф көңілді, хақ діні үшін жанын да, малын да аямайтын мәрт адам еді. Саудамен айналысып, өз қажеттілігін қамтамасыз еткен хазірет Зүбәйр бай сахабалардың бірі болды. Сонша бай, дәулетті болғанына қарамастан, жайторы мінген қойшының қоңыртөбел ғұмырын кешті. Көптеген пақыр мұсылман бауырын мұқтаждықта зарықтырмай, оларға әрдайым қол ұшын созды.

Зүбәйр ибн Әууам (р.а.) мұсылмандардың арасында да аманатқа қиянат жасамайтын сенімділігімен әйгіленген. Сахабалар ең құнды нәрселерін оған аманатқа тастайтын. Бұл сипатына байланысты Омар ибн Хаттаб оған “діннің бір тірегі” деген.

Халифа Османның дәуірінде саяси мәселелерге араласпай өздігінен күн кешкен Зүбәйр ибн Әууәм Әли халифа болғаннан кейін Талха ибн Ұбайдұллаһпен бірге Әлиге (р.а.) барып, халифа Османның қанына қолын былғаған қаныпезерлерді жердің жарығына түсіп кетсе де іздеп тауып, олардың жазаға тартылуын талап етті. Жәмәл соғысында Айша анамыз жағында сап түзеді. Соғысу ниетінде болмаған екі әскер қарсыласқан кезде бүлікшілер араға іріткі салып, еріксіз қантөгіс белең алды. Ертеңінде Зүбәйр ойда жоқта хазірет Әлимен кездесіп қалады. Хазірет Әли одан неге қарсы шыққанын сұрап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисін есіне түсірді: – Бір күні Алла елшісімен бірге келе жатқанымызда саған жолығып, Расулулланың саған “сенікі дұрыс болмаса да бір күні Әлимен соғысасың” дегені есіңде ме? – деп жасаған ескертуінен кейін, хазірет Зүбәйр: – Иә, есіме түсті. Бұл ертерек есіме түссе, орнымнан қозғалмас едім. Аллаға ант етейін, мен сенімен соғыспаймын, – деді. Содан кейін хазірет Айшаға барып, соғыстан бас тартатындығын айтып, райынан қайтты. Басқалардың “жарты жолдан тастап кетесің бе?” дегеніне қарамастан, шындық жолында шыбынды да үркітпейтін Зүбәйр (р.а.) соғыс алаңынан сытылып шықты.[9]

Шындыққа бас иген Зүбәйр ол жерден кері қайтқанда артына Амр ибн Жүрмүз деген қанішер түседі. Зүбәйрдің намаз оқуға тұрған кезін пайдаланып, сәждеге барған кезінде, оны шейіт қылды.[10] Қанішер хазірет Зүбәйрдің атын, қылышын және жүзігін алып Әлиге (р.а.) барып сүйінші сұрамақ болды. Зүбәйрдің (р.а.) көзіндей көрген заттарына жанары түскен хазірет Әли: – Сафиияның ұлын өлтірген адамға тозақтық екенін ескерт, – деді.

Зүбәйр ибн Әууәм Алладан қатты қорыққандықтан және Алла елшісіне деген терең құрметі себепті өте аз хадис риуаят еткен. Мұның себебін сұраған ұлына:Балам, басқалардың көргендерін мен де көрдім. Бірақ мен Пайғамбарымыздың “кім менің атымнан бір жалған айтса, тозақтағы орнына дайын болсын» дегенін өз құлағыммен естідім. Оның айтпағанын айтты деп, байқамай жалған сөйлеп қоямын ба деп қорыққандықтан көп хадис риуаят ете алмадым, – деген.[11]

Хижраның отыз алтыншы жылы шейіт болған хазірет Зүбәйр өзінің ақыреттегі орнын көзінің тірісінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аузынан естіп біліп кетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Талха мен Зүбәйр – Жәннатта менің көршілерім”[12] деген болатын. Омар Фаруқ бұ дүниедегі татар дәмі таусылар шағында өзінен кейін халифа болып сайлануын қалаған адамдардың бірі Зүбәйр ибн Әууам болатын.

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды

Ummet.kz


[1] Муслим, фадаилус-сахаба:48

[2] Табақат, 3:101.           

[3] Хильятуль-әулия, 1:89

[4] Усдул-ғаба, 2:197

[5] Тирмизи, манақыб:25.

[6] Бухари, фадаилу асхабин-нәби, 13.

[7] Табақат, 3:103.

[8] Сира, 3:348

[9] Асру саадат, 1:344.

[10] Табақат, 3:112.

[11] Муснәд, IV; 367

[12] Тирмизи, манақыб: 22.

Бөлісу: