25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

САХАБАЛАР ЖАЙЛЫ ЖАЛПЫ МӘЛІМЕТ

Ислам жұлдыздары

Сахаба: мәні мен мағынасы

  Сахаба – арабшадағы схб түбірінен туындаған көпше түрдегі есім сөз, жекеше түрі – сахаби.

Сахаба (етістігі) серік, жолдас, дос болу және сұхбаттасу деген мағынаны білдіреді. Мейлі аз, мейлі көп болсын, сұхбаттасқан адамға осы есім беріледі.

  Терминдік мағынасына келсек, Алла елшісін (с.ғ.с) көрген, аз уақыт болса да оның сұхбатын тыңдап, иман келтірген және дүниеден иманды болып өткен кісі «сахабаға» жатады.

Сахабалардың «мұһажирлер» және «ансар» деп аталуы

   Мұһажирлер: Пайғамбарымызға (с.ғ.с) пайғамбарлық келгеннен кейін ең алғаш иман келтіріп, бүкіл қиындықтарға қарамастан Алла мен сүйікті Расулдың қауіпке толы жолында еш нәрседен тайынбаған жанкештілер. Ақиқат дінінің дәстүр-талаптары бойынша өмір сүре білу үшін Меккенің алынуынан бұрын Меккеден Мәдинаға туған жер, бала-шаға, шаруа-кәсіптерін Алла үшін тастап көшкен әзиз жандар. Олар – Исламның кең таралуы жолында үлкен қызмет атқарып, өшпес іс қалдырған, Алланың разылығына және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйіспеншілігіне ие болған ардақтылар.

  Мекке азат етілгеннен кейін һижрет ету біржолата тыйылса да, алғашқы мұһажирлердің даңқымен, мәртебесі мәңгі сақталып қалды. Мұһажирлік дәреже  -ең жоғарғы дәрежелердің бірі болды. Құранда мұһажирлер жайында былай делінеді:

 «Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал етушілердің амалдарын зая етпеймін. Және сондай босқындардың (мұһажирлер), жұрттарынан құрылғандардың және Менің жолымда жапа шеккендердің, соғысқандардың, өлтірілгендердің жамандықтарын жасырамын. Сондай-ақ бұл істерінің сыйы ретінде оларды астынан өзендер ағатын Жәннаттарға кіргіземін. Әрине, сыйдың ең жақсысы Алланың қасында» (Әли – Имран, 195).

  Ансар: Ансардың сөздік мағынасы – жәрдем ету. Терминдік мағынасы – Ислам дінінің дәстүрлеріне сай өмір сүріп, оны таратуға Меккеден Мәдинаға көшкен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен мұһажирлерді ыстық ықыласпен құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алған, оларды өздерінің күйбең тіршіліктерінен де жоғары қойып, барын солармен бөлісіп, қолынан келген жәрдемдерін аямай, мұһажирлермен бауыр болып, бауырлары үшін қилы-қилы қиындықтарға төзуге разышылығын білдірген сахабалар.

  Ансарлар өмірлерінің соңына дейін Ислам жолында қызмет етті. Солардың көмегінің арқасында мұһажирлер мұқтаждықтың не екенін білмеді. Осындай иық селбесіп, бір-біріне жәрдемдесудің дәнекерлігімен Мәдинада Ислам мемлекеті құрылып, аз уақыттың ішінде рухани һәм материалдық жағынан басқа мемлекеттерді басып озды.

  Ансардың жасаған жақсылықтары Құранда ерекше аталып, олар жайлы: «Міне, нағыз құтылушылар осылар», - делінген.

  Алла елшісі (с.ғ.с) Ансардың дәрежесін былай бағалаған:

 «Һижрет болмағанда мен ансардың қатарынан табылар едім. Барлық адамдар бір жолға, ал ансар басқа жолға түссе, мен ансардың жолымен жүрер едім. Аллаһым, ансарды, балалары мен ұрпақтарын да қорғам гөр!».

   Мұһажирлердің жаппай қоныс аударып, оларға ансардың жәрдем етіп, қолдауының нәтижесінде Алла расулы да Мәдинаға көшті. Осылайша Мәдина Ислам дінінің орталығына айналды. Ислам шуағын тарату орталығы болған қала «Мәдина мунаууара» (нұрлы қала) деп аталды.

«Саңлақ сахабалар» кітабынан 

Бөлісу: