25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Халифалық кезде жасалған қызметтер

Ислам жұлдыздары

Әбу Бәкірдің (р.а.) халифа болып тұрған кезіндегі жасаған қызметтеріне қысқаша тоқтала кеткен жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болмастан бұрын Ямама, Йемен және басқа да жерлерде жалған пайғамбарлар шыға бастаған еді. Олар тайпаларын өздерінің ырқына бағындырғысы келіп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көз жұмуын пайдаланып, әрекетке көшті. Әбу Бәкір (р.а.) оларға әскер жіберіп, жаңадан бой көтеріп келе жатқан бүлікті басып тастады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін  кейбір араб тайпалары діннен шыға бастады. Яһудилер мен христиандар да қарап жатпады. Бұл мұсылмандардың жағдайын қиындатты. Әбу Һурәйраның айтқанындай, “егер Әбу Бәкір болмағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүние салуынан кейін мұсылмандар күйреуге ұшырар еді”. Бұл жайлы кезінде қаталдығымен танылған Омар ибн Хаттаб:

”Діннен шығушыларға қарсы жасалған соғыста Әбу Бәкірдің менен де қатал және өте ынталы екенін көрдім. Ол халифа болып тұрған кезінде халықты Ислам әдептеріне керемет баулығаны соншалық, мен билікті қолыма алған кезімде оларды басқаруда еш қиындық көрмедім”,- деп болмысынан жұмсақ мінезді Әбу Бәкірдің ақиқатты қорғауға келгенде босаңдық танытпай, үлкен жаупкершілікпен қарағандығын атап көрсеткен. Әбу Бәкір Алланың көмегі мен өзінің басшылық қабілетінің арқасында мұсылмандарды бұл қорқынышты апаттан құтқарып, Ислам бірлігін сақтап қалды.

Оның Ислам үшін атқарған ең маңызды ісінің бірі – Құранды жинатуы. Ямама соғысында көптеген хафыз-дардың шейіт болуы, сонымен бірге әр түрлі материалдарға жазылған Құран аяттарының жоғалып кету қаупін туғызды. Хазіреті Омардың жасаған ұсынысына Әбу Бәкір алғашында: “Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірі кезінде жасамағанын мен қалай жасаймын?” деп тартыншақтаса да, бұл істің маңыздылығын сезінгеннен кейін Құранды жинастыруды бұйырды.

Құранның жинастырылуы үшін арнайы алқа құрылып, жетекшілігіне Құранды ең жақсы оқып-білетін жас Зәйд ибн Сәбит тағайындалды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көз алдында жазылғандығына екі куәгердің куәлік етуі шартымен Құран аяттары жинастырылды. Бір жылдың ішінде бөлек-бөлек болған Құран парақтары бір жерге жиналды. Әбу Бәкірдің әмірі бойынша Құран ең жақсы білетін сахабалардан құрылған арнайы алқаның алдында оқылып, бірауыздан қабылданды.

Халифа Әбу Бәкір жинастырылған бұл Құранды өмірінің соңына дейін өзінің жанында сақтады. Ол қайтыс болғаннан кейін бұл нұсқа Омар ибн Хаттабқа, одан кейін Омардың қызы әрі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларынан Хафса (р.а.) анамызға берілді. ("Саңлақ сахабалар" кітабынан)

Бөлісу: