26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ислам тарихындағы алғашқы шейіттер

Ислам тарихындағы алғашқы шейіттер

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ясир Меккеге Йеменнен келіп, махзум руынан Әбу Хузайфа ибн Мұғираны паналаған-ды… Кейінірек Әбу Хузайфа оны күңі Сүмаййамен үйлендіреді…Олардан Аммар және Абдуллаһ есімді екі ұл туады…

Ясир отбасымен бірге мұсылмандықты өз еркімен қабылдайды. Бірақ махзумдар олардың бұл әрекетін теріс көріп, ауыр азапқа душар етеді. Махзум мүшріктер иманнан, Исламнан бас тартқызу үшін күннің ми қайнатқан аптабында ыстық құмға Ясирді бала-шағасымен қоса жатқызып, қинайды. Тағы бір күні Ясир отбасын залым мүшріктер азаптап жатады. Мұны көрген Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) жан жүрегімен егіліп тұрып: «Ей, Ясирдің отбасы, сабыр сақтаңдар! Сабыр сақтаңдар! Аз шыдаңдар, таусылмаңдар, Алла сіздерге жәннат сыйын беретін болады. Сабыр сақтаңдар», – дейді.

Жаны қиналып, төзімі таусылған Ясир: «Қашанғы шыдаймыз, уа Расулулла, маңдайымыз ашылар күн болар ма?» дейді үздігіп, әрең сөйлеп. Алланың Нәбиі сол жерде: «Мейірімі шексіз, Рахымы мол Алла! Ясир отбасын мейірімге бөле, шарапатыңды тигіз, рахымыңды түсір!» - деп, шапағатқа толы тілегін айтады. Сәлден соң Хазіреті Ясир азаппен арпалысып жатып жан тәсілім болады да, мұсылман ерлер арасында тұңғыш шейіт, яғни Алла жолында дегенінен қайтпай, жанын пида етуші мәртебесіне ие болады.

Кәрілік қажытып, қайраты қайтқан Ясирдің әйелі Хазіреті Сүмаййаны азаптау Әбу Жәһилге тапсырылған-тын… Әбу Жәһил әлсіз, дәрмені қайтқан Сүмаййаны қорлаған сайын жаны кіріп, қаны қарая түседі. Тіпті оған: «Сен Мұхаммедтің ажарына қызығып, соның дінін жақтадың» - деп, ауыр мысқылмен қағытады. Жүрегінде, өн бойында иман нұры толып-тасқан жасампаз рух иесі Хазіреті Сүмаййа да бұл айтылғандарға шыдас бере алмай, қиналып жатып Әбу Жәһилдің надандығын, адамгершіліктен ада айуандығын бетіне басып төтеп береді. Мұндай қарсылықты күтпеген Әбу Жәһил найзасын денесіне шаншып кеп қалғанда Сүмаййа ана құлап түседі. Әйелдер арасында бірінші шейіт құрметі соған бұйырады.

Қаһарман ана Сүмаййадан туған ержүрек ұл Аммар көрген азапты ешкім дұшпанына да тілемейтін шығар. Кәпірлер темір сауытты оның жалаңаш тәніне зорлап кигізіп, шыжыған ыстықта әрлі-берлі қайнаған құм үстімен айдайтын… Бір күні аяусыз жауыздардың көзін ала бере қаша жөнелген ол зымыраған күйі Расулулланың қасына келеді де: «Уа, Расулулла, қу азаптан құтылар күн бар ма? Денем күйіп, сау тамтығы қалмады» – деп шағымданады. Пайғамбарымыз оны тағы да сабырға шақырып тұрып: «Ей, Жасаған Жан Алла! Аммар және оның отбасына жар бола көр, жәһаннам азабынан сақта» - деп дұға етті. Хазіреті Аммарды қолға түсірген мүшріктер бір күні күннің қызуы аздай, бас терісін отқа күйдіріп, әлекке салады. Азапты көрініске куә болған Мұхаммед (с.ғ.с.) Аммардың басынан сипап: «Ей, от, Ибраһим пайғамбарға салқын самал боп ескенің сияқты, Аммарға да көмектес» - деп бата қылды да, «Ей, Аммар, сен бұл азаптардан аман құтыласың, өмірің ұзақ болады. Сенің ажалыңа азғын бір топ себепші болады» - деп сүйіншіледі. Иман ләззатын татқан Аммар Хазіреті Мұхаммедтің сөздерін дәтке қуат етті.

Пайғамбар айтқандайын, Аммар араға ұзақ жылдар салып Сыффын шайқасында қаза тапты. Аммардың қайсарлығы кәпірлерді ашындыра түсті. Отқа салса күймеген, суға салса батпаған жігіттің жігерін жасыту мүшріктерге оңайға түскен жоқ. Аммардың ішкі күйзелісі бір Аллаға және өзіне ғана аян еді. Діні мен ділін қорғап қалу үшін қасарысып баққанмен зәуде бір көз жасына ерік беретін. Сондай сәтті байқап қалған пайғамбарымыз: «Ей, Аммар, кәпірлердің қорлығы өтті ме?! Сенің жолың - сара жол, алда-жалда тағы да кәпірлер тұтқындап, азаптар болса, сен солардың айт дегенін айтып, құтыл» - деп рұқсат береді. Бұл – Аммардың өмірін сақтап қалу үшін берілген рұқсат еді. Арадан бірнеше күн өткенде Аммар айнала торуылдаған мүшріктердің қолына түсіп қалады. Соққыға жығып, жалғыз жігітке жабылып құмарларын тарқатқан соң: «Мұхаммедке (с.ғ.с.) тіл тигізіп, оның дінін жоққа шығар. Лат пен Уззаға табынудың дұрыс екенін мойында, әйтпесе мұнан соңғы өмірің ит қорлықпен өтеді» - деп тықсырады. Шарасыздықтан шаршаған, әбден діңкелеген Аммар олардың айтқанын сөзбе-сөз қайталады. Есірген кәпірлер соған мәз боп, Аммарды еркіне қоя берді. Тұтқыннан босаған Аммар алдымен ардақты Пайғамбарымызды іздеп тапты. Басын салбыратып, салы суға кеткен ол кінәлі адамдай жалтақтап тұрды да: «Ей, Алланың Елшісі сенің рұқсатыңмен мүшріктердің айт дегенін айтып құтылдым. Бүйтіп құтылғанша өмір бойы азаптанғаным артық еді-а» - деп отыра кетті. Жүрегінің түкпіріне иман нұрын ұялатқан Аммардың сол сәттегі ішкі жан арпалысын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Кінәлі жандай көзін төмен салған күйі тебіреніп тұрды. Оның ойлы жанарынан «мүшріктердің қорлығынан құтылдым-ау, Алланың азабынан қалай құтылармын?» - дегенді оқуға болар еді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүшріктердің сөзін сөйлегенде өзіңді іштей қалай сезіндің?» - деп сұрады. Аммардың жауабы: «Тілім қайталағанмен, жүрегім қан жылады. Иманым – жүрегімнің түкпірінде ғой». Мұнан соң Алла Расулы: «Мұңайма Аммар! Кәпірдің тілегін тіліңмен айтқанда жүрегіңмен қостамаған болсаң, Алла сені кешірер. Тағы да ұстап, жаныңды қинайтын болса «сендердің дегендерің болсын» деп басыңды арашалап ал» - деп Аммардың көңілін демдеді. Осы оқиғадан соң іле-шала Құранның төмендегі аяты түсті: «Жүрегі иманға толы бола тұра, Аллаға қарсы шығуға күштеп көндірілгендерден тыс кімде-кім иман келтіргеннен соң көңіл ризашылығымен күпірлікке барар болса, Алланың ауыр азабына душар болады» (Нахыл сүресі, 106-аят). Аятта қиын жағдайда қалған мұсылмандарға рұқсат берілген. Жау қолына түсіп, жанына, тәніне залал келсе, көңілін пәк тұтып, тілімен күпірлік сөзін айтуға болады…

Дегенмен діні үшін, Хақ жолында күпірлікті аузына алмастан жанын пида ету – ең үлкен ерлік. Алғашқы мұсылмандардың басына түскен азап, нәубет, қиыншылық – бәрі-бәрі біле-білгенге Алланың сынағы еді… Өйткені, Алла деген сөз жеңіл демекші, иман келтірдім, иландым деу – айтуға оңай болғанмен, оның астарындағы ауыр салмақты түйсіну, көтеру ердің ерінің ғана қолынан келсе керек. Кедергі, тосқауылдарға кеуде керіп, қарсы тұру арқылы әрбір мұсылман имандылық дәрежесін, сабырын, рухани күшін көрсетеді. Қаншама ауыртпалыққа душар болса да, ақиқат иманмен сусындағандар ештеңеге мойынсұнбай, Алланың хақ бағытынан ауытқымайды.

Алланың емтиханынан сүрінбей өту арқылы нағыз мұсылман мен жай қызығушылыққа берілгендердің (ермелердің) ара-жігі ажыратылады. Демек, шын имандылықтың өлшемі – нендей зорлыққа тап болсаң да, мойымау, мәрттікпен қасқая қарсы тұру. Исламның енді тарала бастаған кезінде-ақ қорлық пен қинау, зорлық-зомбылық нағыз мұсылмандарға кедергі бола алмады. Тосқауылдар керісінше Ислам нұрының алаулай түсуіне итермелеуші күш. Мүшріктер қарсыласқан сайын діндарлар күшейіп, иман нығая түсті. Қарасыз ақтың мәртебесіз болатыны, көлеңкенің де жарықтан жаратылатыны сияқты. Күпірге бейім, еліккіш көңілдер еліріп, есірген сайын Исламның нұр шеңбері кеңейді. Қара ниет, теріс пиғыл ежелден бері адалдықпен, пәктікпен тайталаса келгенмен ешқашан жеңіс тұғырына көтеріле алған емес. Ақиқат жолы ауыр болғанмен түптің түбінде жеңері хақ. Бұған адамзат тарихы куә.

Асры саадат яғни бақытты ғасыр аталған Ислам дінінің пайда болу кезеңінде өмір сүрген алғашқы мұсылмандардың бастарынан өткергендері – шындық деп шырылдаған әрбір адамға таптырмас өнеге. Тұңғыш мұсылмандардың сабыры, хақ үшін күресі, ынта-ықыласы мен ынсабы ақыретке дейін жалғасар адамзат ұрпағына өшпес үлгі.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» атты кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: