26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алғашқы мұсылмандар

Алғашқы мұсылмандар

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) Хирадағы муғжизадан соң Алла тарапынан жүктелген қасиетті елшілік міндетін қабылдады. Ендігі жерде осынау ұлы да ауыр қызметтің талаптарын орындауға тиіс. Өзі өмір сүріп отырған ортада мұның оңай бола қоймасы анық еді.

Ең бірінші мұсылман – Хазірет Хадиша

Ол кезеңде Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) жалғыз өзі – бір бөлек, күллі дүниеден мүлдем алыста. Ол қалайда Алладан алған әмір бойынша адамдарды жақсылыққа, иманға шақыруға тиіс. Алланың Расулы ақырзаманға дейін адамзатқа нұр шуағын төгетін асыл қызметіне қалай, қай жерден кірісу қажеттігін нақты жобалап алды. Маңызды мәселені ең алдымен жан жары – Хазірет Хадишаға ашып, сырласты. Хазірет Хадиша еш күмәнсіз, бір ауыз сөзге келместен мойынсұнды да, жер бетіндегі тұңғыш мұсылман болу құрметін иеленді…

Расулулла Жәбірейілден үйренгені бойынша Хазірет Хадишаға дәрет алуды үйретті. Іле-шала періштенің көрсеткеніндей, өзі имам болып, зайыбына екі рәкат намаз қылдырды. Бұл – пайғамбарымыздың имам ретінде оқытқан тұңғыш намазы, ол дүйсенбінің кешіне сәйкес келген.

Хазірет Әлидің мұсылман болуы

Хазіреті Хадишаның шәк келтірместен иман айтып, мұсылмандықты қабылдауы Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) үлкен қуанышқа кенелтті, жігерін жаныды. Жер жүзінде өзін мойындаған, иманға ұйған біреудің болуы неткен бақыт! Пайғамбарымыздың Исламға шақырған екінші адамы – тағы да ет жақындарынан – жас бала Әли болды. Ол төрт- бес жасар бала шағынан бастап Хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тәрбиесінде болған, өзі құралпы балалардан адамгершілік, ақылдылық, тәрбиелілік жөнінен оқ бойы озық тұруы соның көрінісі іспетті. Кішкентай Әли бір күні Мұхаммед (с.ғ.с.) пен Хадишаның намаз оқып жатқанын көріп қалады. Намаз аяқталғанша аңтарылып қарап тұрады да, бітірген соң: “Бұл жасағандарыңыз не?”, – деп сұрайды. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.): “Уа, Әли! Бұл – Алланың өзі қалаған дінінің талабы. Мен сені де бір Аллаға иман келтіруге шақырамын. Адамға пайдасы да, зияны да жоқ пұттарға – Лат пен Уззаға табынуды бүгіннен бастап доғар”, – дегім келеді. Әли көзін төмен салып ойланып қалды, аз кідірістен соң: “Менің өмірімде естімеген нәрселерімді айттың. Әкем Әбу Тәліппен ақылдасып көрейін” – деді.

Алайда пайғамбарымызға әлі дініне ашықтан-ашық шақыруға рұқсат берілмеген еді. Сол себепті Әлиге: “Ей, Әли! Менің айтқандарымды қабылдағың келсе, ешкімге тіс жармастан қабылда. Ал, егер жасағың келмесе, онда ерік өзіңде, тек көрген-білгеніңді ешкімге айтушы болма,” – деп ескертті. Әли пайғамбардың ескертуінен соң сырды сақтайтындығын айтып, уәде берді. Бірақ сол түні ойға беріліп, дөңбекшумен болды. Таң арайлап атқан шақта Хазірет Әлидің көңілінде шуақты ой орнықты. Бала көңілі батыл шешімге келген еді. Таң сәріден Алла Расулына барып, түйінді ойын жеткізді. “Алла мені жарататын кезде Әбу Тәліптен рұқсат сұраған жоқ қой, мен де енді құдіреті күшті Жаратушы Иеме ғибадат ету жайында әкеммен ақылдаспасам, ерсілік бола қоймас”, – деп тоқтамын білдіріп мұсылман болды.

Ең алғашқы бала мұсылман атанған Әли (р.а) сол кезде небары он жаста. Абайлау – әрдайым қажетті қасиет. Әсіресе, қандай да болсын, жаңа істі бастауда абай болу әсте керек. Әр нәрсені, мейлі ол шындық та болса, барлық жерде жария етуге болмайды. Мұхаммед те (с.ғ.с.) “Үйренгеніңді ешкімге айтпа” деп Әлиге ескерткенде жаңа істе – дін таратуда сақ болудың үлгісін көрсеткен-ді. Алланың ақ жолын уағыздауда қоғамдық, әлеуметтік шарттарды ескере отырып, ақырын жүріп, анық басу – біздің заманымызға да керек өлшем.

Хазірет Зәйдтің мұсылман болуы

Иман шәрбатымен сусындау бақыты Хадиша мен Әлиден соң бір кездері сүйікті Пайғамбарымыз асырап алған Зәйд ибн Харисаға бұйырды…

Мұсылмандыққа мойынсұнғаннан кейін Хазірет Әли мен Хазірет Зәйдтің Расулаллаға деген сүйіспеншіліктері бұрынғыдан да арта түсіп, пайғамбарды пір тұтты.

Иманнан нәр алған екі жас ғибадаттарын да Хазірет  Мұхаммедпен бірге орындайтын. Үшеуі бірге қасиетті Қағбаға барып намаз оқитын. Пайғамбарымыз Ислам дінін көпшілікке ашық жарияламаса да мүшріктер саусақпен санарлық мұсылманның Қағбада намаз қылғандарын жаратпаған, өзгеше ғибадат жасағандарға тыжырына қарап, ұнатпаған. Мұны байқаған Хазірет Мұхаммед көбінесе Хазірет Әлимен бірге намаз-ғибадаттарын қырда, тау мен тастың қалқасында – көпшілік көзінен таса жерлерде жасаған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасынан бір елі айырылмаған соң Әлидің әке-шешесінің көңіліне күдік ұялады. Әсіресе, анасы Фатима қатты қауіптеніп, күйеуіне : “Ұлың Мұхаммедпен күндіз-түні бірге, бірдеңеге ұрынып қалып жүрмесін”, - деп қара аспанды төндірді. Әбу Тәліп саспай салқынқандылығына салып, жағдайды пайғамбарымыздың өзінен естігенді жөн көрді.

Осы мақсатпен Хазіреті Мұхаммед пен ұлының ізіне түсті. Олардың жазық далада екеуден-екеу намаз қылып тұрғандарын көрді. Әбу Тәліп келген бетте екі дүниенің сұлтаны - Хазіреті Мұхаммедкe қарап: “Ей бауырымнан қалған жалғыз тұяқ! Сені асылдың сынығына балаймын, бірақ мен түсінбейтін бір нәрсе бар – осы сенің уағыздап жүргенің не дін?”, – деп сұрады. Пайғамбарлар падишасының жауабы: “Көке! Мына дүниедегі жанымдай жақсы көретін жандардың бірі – өзіңізсіз. Бұл дін – Алланың діні. Періштелердің, пайғамбарлардың және арғы атамыз Ибраһимнің діні. Құдіреті күшті Алла осы ақиқатты тарату үшін маған жауапты міндет жүктеді. Тура жолға шақыратындарымның және менің үндеуіме алғашқы боп үн қосатындардың қатарында сен де барсың. Сен бұған ең лайықты адамсың. Пұттарға табынғанды қой, бір Аллаға иман келтір”.

Әбу Тәліп біраз ойланып тұрды да: “Мен ескі дінімнен айырыла алмаймын. Бірақ саған кедергі де болмаймын. Сен өз білгеніңді ұстан. Мен аман тұрғанда, ешкім сенің жолыңа көлденең тұра алмайды. Уәдем - уәде”- деді. Сонан соң Әлиге бұрылып: “Ұлым-ау, сенің ұстанған дінің не?” деп сұрады. Хазіреті Әли: “Әке! Мен Аллаға және оның елшісіне иман еттім. Алланың нәбиінің Жаратушыдан алған хабарларына сеніп, мойынсұндым. Расулға ұйып, намаз оқыдым”, - деп жауап берді. Ұлының жауабын ден қойып тыңдаған Әбу Тәліп: “Ей, ұлым, үміт еткен көзімнің нұры сенсің. Мұхаммед саған бөтен емес. Туысқан болып бір-біріңді жаттай сыйламасаңдар, өзгелерден жақсы қарым-қатынас күтпей- ақ қойыңдар. Ағаңның айтқанын мақұлдап, оның дініне өз еркіңмен кіргенің жөн-ақ. Ол сені тек жақсылыққа шақыратынына сенемін. Мойынсұнған екенсің, айтқандарын екі етпе. Мен сендердің сырттай тілеулестерің болуға жарасам болды емес пе?” – деп Хазірет Мұхаммедті де, Хазірет Әлиді де қуантып тастады. Сосын келген ізімен кері қайтты. Үйде Фатима күйеуін дегбірсіздене тосып отырған. Әбу Тәліп табалдырықтан кірер-кірмес бас салды: “Қайда ұлың? Неге ертіп келмедің? Қызметшімнің айтқаны рас болса, біздің Әли Хазірет Мұхамедпен (с.ғ.с.) бірге Жиад алқабында өзгеше құлшылық қылып жүр дейді. Не деген сұмдық! Елдің бетіне қалай қараймыз?” Әбу Тәліп мұнан ары сөйлеуге шамасын келтірмеді: “Көкесінің баласына бас-көз болып, көмектесу – Мұхаммедтің міндеті. Бауырына қолдау көрсеткеннің несі айып! Егер Әбдімүттәліптің дінін тастау үшін нәпсімді жеңе алсам, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жолын бірінші болып мен қабылдар едім. Өйткені, ОлӘмин[1], Халим[2] әрі Тахир[3].”

Хазірет Әбу Бәкірдің мұсылман болуы

Хазіреті Әбу Бәкір пайғамбарымызбен көп уақыттан бері дос, қашан көрсе, шынайы көңілден шұрқырасатын. Хазіреті Әбу Бәкірдің сырт көзге бірден байқалатын ерекшелігі – жәһилияның надандықтарынан аулақтығы, рухының күштілігі, асқан ақылдылығы әрі жайдарылығы еді. Ең бастысы, ол мүшріктік салттарға жирене қарайтын… Сауда-саттықта адалдығымен сол өңірде аты шыққан. Онысымен де қарап қалмай, құрайыштың көп мәселелерінде қазылық жасап, дау-дамайдың әділ шешілуіне үлес қосатын. Тағы бір ерекшелігі, құрайыштың түп шежіресін, тарихын, өткен-кеткен жақсылы-жаманды ақиқатты анық білетін. Расулулла әлі де ашық үндеуге кіріспеген-ді. Дегенмен, ұзын құлақ тыныш жатсын ба, азды-көпті болған жайды естіп үлгерген. Әбу Бәкірдің Йемен сапарынан жаңа келген беті болатын. Әбу Жәһил бастап, Уқба ибн Әби Муайт қостап құрайыштың құзырлы қариялары оған сәлем бермекке келеді. Амандық-саулықтан соң Хазіреті Әбу Бәкір: “Мен жоқта нендей оқиғалар болды? Ел аман, жұрт тыныш па? Айта отырыңдар”, – деді. Ақсақалдар:

“Ей, Әбу Бәкір! Ел ішінде бүлік шықты, мұндай сұмдықты кім естіген бұрын-соңды” деп орағытып әкеп “Әлгі Әбу Тәліп ақсақалдың қолында өскен жетімек Мұхаммед деген бар емес пе еді, сол өзін пайғамбармын деп жариялаған көрінеді. Біз ұзын құлақтан естіп жағамызды ұстап, не де болса сенің келуіңді тосайық дедік. Әйтпесе шыдас берерлік оқиға ма осы?! Досыңа өзің барып, мән-жайды анықтап, ақылға шақырмасаң болмас”, - деп жамыраса шуласты. Хазіреті Әбу Бәкір айтылғандарды мұқият тыңдап алған соң кезек күттірместен Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үйін бетке алды. “Уа достым! Пайғамбармын дегенің, қауымыңнан бөлініп, ата-бабаңның дініне қарсы шыққаның рас па? ” – деп сұрады келген бойда. Ардақты Пайғамбарымыз құлын тайдай тебісіп, кішкентайынан бірге өскен досы Әбу Бәкірдің айтқандарын күлімсірей отырып тыңдады да: “Ей, Әбу Бәкір! Жаңсақ емес, естігендеріңнің бәрі дәп солай. Мен саған және жалпы адамзатқа жіберілген Алланың елшісімін. Халқымды бір Аллаға сенуге шақырамын. Сен де куәлік айт, иманға кел!”, – деді. Хазіреті Әбу Бәкірдің көңілі алабұртып, санасын сан сұраулар шырмап, аласапыран күйге енді. Бұл сөздерді бала күнінен асыр салып бірге өскен, жанындай сүйетін, өмір-жалғанда ойнап та болса шындыққа қайшы сөз айтпаған Мұхаммед Әминнің өз аузынан естіген ол, сол мезетте күмән келтірместен: “Әшһәду әл-ләә иләәһә иллаллаh уә әшһәду әннә Мұхаммедәр-расулаллаһ” деп кәлимаға тілін келтіріп, мұсылман болды.

Хазіреті Әбу Бәкірді Ислам ақиқаттарына шақырғанда титтей де наразылық көрсетпеуін Расулулла ылғи да былайша еске алған: “Әбу Бәкірден басқалардың бәрі иманға кел дегенімде сәл де болса, күмән келтіріп кібіртіктеп қалған еді. Ал, ол болса еш ойланбастан менің сөзімді қабыл етті!” Ардақты досының муминдер қатарынан орын алуы Хазіреті Мұхаммедке қанат бітіргендей. Хазіреті Айша анамыздың бұл жайт турасында былай дегені бар: “Алланың нәбиін Хазіреті Әбу Бәкірдің мұсылман болуынан артық шаттандырған оқиғаға куә болған емеспін.” Исламға мойынсұнған Хазіреті Әбу Бәкірдің бұған дейін көрген, әрдайым есінен шықпай жүрген бір түсі де өңіне айналды. Ол түсінде толықсыған бір айдың Меккеге барынша нұрын төккенін, сосын жайлап бірнеше бөлікке бөлініп үйді-үйге таралғанын, ең соңында қайта жиналып көз шағылыстыратын сәуленің өз үйіне енгенін көрген-ді. Бұл түсін сол кездегі Тәурат, Інжілден мол хабары бар оқымыстыларға жорытқанда, бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, көптен күтілген соңғы пайғамбардың Меккеден шығатынын, Әбу Бәкірдің Соның ізінен еріп, бақыттылар сапында орын алатынын айтқан. Хазіреті Әбу Бәкір мұсылмандықты қабылдағанын ашық айтудан да жасқанбады. Әрине, күтпеген оқиға құрайыштардың қабырғасын қайыстырғандай әсер етті, олар қанша байбалам салғанмен кері қайтар жол жоқ еді. Өйткені, ол құрайыш арасында беделді, сенімді, сертіне берік, баршаға сыйлы болатын. Хазіреті Әбу Бәкір мұсылмандықты қабылдаған ерікті еркектердің символы іспетті. Оның иманға келуі бұл шеңбердің кеңейе түсуіне, ақ жолды таңдаушылардың артуына себеп болды.

Біләл Хабашидің иманға келуі

Тек еріктілер ғана емес, құлдар да иман кәусарынан өз үлестерін ала бастады. Солардың бірі әрі бірегейі – басыбайлы құл Хазірет Біләл Хабаши. Әрқайсысы әр түрлі топтың өкілдері сынды алғашқы мұсылмандар мыналар: Әйелдерден – Хадиша; Балалардан – Әли; Ерікті ерлерден – Әбу Бәкір; Құл еркектер арасынан – Біләл Хабаши; Азат болған құлдардан – Зәйд ибн Хариса.

Хазіреті Әбу Бәкір де мұсылман болған соң Исламға, иманға үндеу жұмыстары жасырын да болса жылдамдады… Исламның ләззатын татып үлгергендер жақын-жуық, туған-туысқандарымен осынау бақытты бөлісуге асықты. Ет жақын, жора-жолдастарын мүшріктіктің азабынан, жәһилияның жиіркенішті ортасынан құтқаруды аңсады… Бұл мәселеде де Әбу Бәкір алдыңғы сапта. Осы аптал азаматтың ықпалымен күннен күнге мұсылмандар қатары толыға түсті.Олардың кейбіреулері: Осман ибн Аффан, Зүбәйір ибн Аууам, Абдурахман ибн Ауф, Саад ибн Әби Уаққас, Талха ибн Убайдуллаһ (Аллаh олардан разы болсын) Осы бесеуі кейіннен жәннаттан жай алған сахабалар арасында аталады. Тек ерлер ғана емес, мұсылман әйелдер қатары да күн санап көбейе берді… Хазіреті Хадишадан соң іле-шала Ислам нұры нәсіп болғандар қатарында ол кезде әлі иманға келе қоймаған Расулулланың көкесі Аббастың әйелі Үммү Фазыл, Әбу Бәкірдің қызы Әсма және Омардың қарындасы Фатималар бар. (Аллаh олардан разы болсын) Иман жолына шақыру екі жақты жалғасын тапты. Ерлер ер кісілер арасында, ал әйелдер өз араларында Ислам ақиқаттарын түсіндіруге тырысып бағады. Осы жерде әйелдер қауымының иманға жарыса ұмтылғаны байқалады. Бұл жалпы әйел затының сезімге берілгіш, тез иланғыштығынан болса керек. Әрине, бір жағынан муминдер батылданды дегенмен, мүшріктер де қол қусырып қарап қалған жоқ. Тура жолды таңдағандарды қорлап, менсінбей, көрінген жерде былапыт сөздермен балағаттады. Бірақ олар қанша қорласа да, әлемді жаратушы күш – Аллаға иман келтірген бақытты ғасырдың бақтиярларына бөгет бола алмады. Керісінше сонша әрекеттерінің желге ұшып, мұсылмандарға шыбын шаққан құрлы әсер етпегенін көргенде олар өздерінен өздері онан сайын ызаға булықты.

Хазірет Біләл Хабашидің азапталуы

Дінге жасырын шақыру кезеңінде Исламды мойындап, сол үшін мүшріктердің аяусыз азаптауына душар болған алғашқы мұсылмандардың бірі Біләл Хабаши аталып кеткен Біләл ибн Рабах. Хазірет Біләл мұсылмандардың қас жауы Умаййа ибн Халафтың құлы боп жүргенде Хазіреті Әбу Бәкірдің себеп болуымен мұсылмандықты қабылдаған. Қас қағым сәтте көңіліне қонған иман нұры Хазіреті Біләл үшін батылдықтың қайнар бастауы болды. Құл бола тұрып, қожайыны мен мүшріктердің ауыр азабына кеудесін керіп, иман келтіргендігін ашық түрде жария етті. Иә, имансыз жүрек тастан да қатты, Алладан қорықпайтын ұждан жартастан да сезімсіз. Жүрегі тастай қатты, ұжданы жақсылыққа селт етпейтін адам аталатын екі аяқты мақұлықтан мейрімділік күту де – ерсілік. Мұндайлар жыртқыш айуаннан бетер. Исламның ата жауы Умаййа ибн Халаф та осындай қара пиғылдылардың бірі. Хазірет Біләл осы жауыз мүшріктің басыбайлы құлы еді

Дұшпанның көзімен қарағанда, Хазірет Біләлдің бір Аллаға иман айтып, оның елшісін мойындауы кешірілмес күнә! Сондықтан қожайыны байғұс құлдың басында әңгір таяқ ойнатып, ойына келгенін істеді. Жиырма төрт сағат бойы ас-сусыз байлап, кейде мойнына қарғы бау салып, бала-шағаға ит сияқты жетектетіп, көше-көше аралатқызатын. Умаййа ибн Халафтың ешбір жазасы оны дегеніне жеткізбеді. Хазірет Біләл иманмен көңілі біржола тұтасып, Аллаға бар ықыласымен берілген-тін. Жүрегі Хазірет Мұхаммедке деген сүйіспеншілікпен толып-тасып, қанша қиналса да алған бетінен қайтпауға бекінген. Қорлық пен зорлыққа тістеніп тұрып, мүшріктердің алдында Жаратушысының бірлігін айтудан жалықпады. Қинаған сайын қуаттана түскендей “Аллаhу ахад! Алла жалғыз! Алла біреу! Мұхаммед — Оның елшісі!” деуден танбаған. Умаййа ибн Халафтың көздері қанталап, қайтсем де дегеніме жетем дегендей, Хазірет Біләлді шыжыған ыстықта далаға қайнаған тас пен құмның үстіне жатқызып, аузына қурап кеткен бір кесек етті тығып, кеудесін ауыр таспен бастырып: “Я сен өліп аузың құм құятын боласың, я да Мұхаммедтің дінінен безіп, Лат пен Уззаға табынатын боласың. Арманыма жеткенше азабыңды арылтпаспын.” – деп гүрілдейтін үстінен төніп тұрып. Бірақ та жан-тәнімен иманның күшін сезінген Хазірет Біләл қиналып жатып: “Мен Лат пен Уззаны өлсем де мойындамаймын. Алла біреу! Менің Тәңірім жалғыз – Алла! Оның ортағы да, серігі де жоқ, болуы да мүмкін емес! Алла! Алла! Алла!” деп ышқына айқайлаумен болды.

Мұны естіген қожайынның қаны басына теуіп, нөкерлеріне бұйырып Хазірет Біләлді сау-тамтығын қалдырмай сабап, есінен тандырып, шіліңгір аптапта далаға тастап кететін. Хазірет Біләлдің осынша ауыр азаптан қорғанар сауыты - жүрегіне мықтап орныққан иманы еді. Иман, бүткіл дүниені жалғыз құдіретке бағындыратын иман, Хақ Тағаланың ұлылығына сенім, шексіз берілушілік адам баласы үшін таусылмас таяныш, сарқылмас сүйеніш. Бұл адамзат жаратылғалы бері өлмей жалғасын тауып келе жатқан асыл да қасиетті қағида. Өкініштісі, пендешілік осының парқына барғыза бермейді. Иманы күшті адамды мына өмірде ешкім де, ештеңе де жеңе алмайды. Хазірет Біләл асқан қаһармандығымен “Иман – нұр әрі қуат. Нағыз иманды адам күллі әлемді аузына қарата алады” деген ақиқатты айғақтағандай еді. Хазірет Біләлді ұрып-соғу, тепкілеп төмпештеу күн сайын, сағат сайын жалғаса берді.

 Бір күні сол маңнан өтіп бара жатып, осындай азапты оқиғаның куәсі болған Хазірет Әбу Бәкір Умаййаға: “Сен Құдайдан қорықпайсың ба? Бұл байғұсты қашанғы азаптай бермексің” – деді. “Жаның ашып қалыпты ғой, шындыққа келсек, өзің кінәлісің, сенімін өзгертіп, қайдағы жоқты шығарып жүргеннің бірі сен емессің бе? Дым білмегенсіп, жанашыр бола қалыпсың ғой енді?! Шын аясаң, сатып алып құтқармайсың ба?” – деді Умаййа кекесінмен. Хазірет Әбу Бәкір: “Ей, Умаййа, менің қол астымда сенің дініңді ұстанатын бір құл бар. Өзі еңгезердей, Біләлден әлдеқайда күшті. Соны саған берейін, ал Біләлді маған бер, айырбас жасайық”, – деді. “Жарайды” – деді Умаййа, артынша “Әлгі айтқан құлыңды әйелімен қоса бересің онда”.

Хазірет Әбу Бәкір “Мақұл” – деп келіскендігін білдірді. Сол-ақ екен Умаййа жымысқыланып күлді де: “Құлыңның әйелімен қоса қызын да бермесең болмайды”- деді. Хазірет Әбу Бәкір бұған да бас изеді. Бірақ жексұрын Умаййа мұнымен де тынбай, мазақ қылғандай: “Үшеуіне екі жүз динар қосып бермесең келіспеймін”- деп қиқарланды. Бұл жолы Хазірет Әбу Бәкірді ашу қысты: “Неткен ұятсыз едің, беретін түрің де жоқ, кімді ақымақ етіп тұрсың” деп төніп келді. Умаййа қорқып кетіп: «Жо-жоқ, Лат пен Уззаның атымен ант етемін, осы сұрағандарымды берсең, Біләл сенікі»– деп кері шегіншектеді. Хазірет Әбу Бәкір айтқандарын беріп, Хазірет Біләлді залымның қолынан құтқарды. Құтқарып қана қоймай, оған бас еркіндігін берді. Көп ұзамай Біләлдің анасы Хамаманы да сатып алып, күңдіктен азат етті. Хазірет Біләл Хабаши пайғамбарымызға шын берілген, біртуар азамат, мұсылман қауымның алғашқы азаншысы. Оның пайғамбарлар сәруары – Хазірет Мұхаммедке деген сүйіспеншілігін айтуға тіл жетпес. Бір сәтке де қасынан ажырамайтын. Екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) ақыретке аттанғанда, қайғырып Мәдинада қала алмай, Шамға кетіп қалған. Сол тұстағы халифа Хазірет Әбу Бәкір Біләлдің алысқа кеткенін қаламай, қанша жібермеуге тырысса да Хазіреті Біләл: «Уа, Әбу Бәкір, рас сен мені құлдықтан құтқардың. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда алып қал. Ал, егер Алланың ырзалығын көздеп, сатып алған болсаң, еркіме жібер, Алланың жолында жиhадқа қатысайын», – деді. Хазірет Әбу Бәкір рұқсат берген соң Хазірет Біләл Хабаши Шамға барып, Ислам туын көкке көтеріп, бірнеше соғысқа қатысқан.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Сенімді

[2] Жұмсақ мінезді.

[3] Таза, пәк.

Бөлісу: