26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ғасырдың проблемаларын сүннет арқылы шешу

Ғасырдың проблемаларын сүннет арқылы шешу

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) заманында оның басшылығымен (сүннетімен) өз шешімін тапқан надандық, кедейлік және алауыздық секілді проблемалар қазіргі таңда да шешілуі кезек күттірмес мәселе болып отыр. Бүгінгі таңда мұсылмандар осы түйткілдердің шешімін іздеп шарқ ұруда.

Бұған қатысты Саид Нұрси «Біздің дұшпанымыз надандық, кедейлік және алауыздық. Бұл үш мәселені өнер, мағрипат және бірлік арқылы шеше аламыз. Бұған қоса, бізді осы мәселеде жетістікке жетелеп, қырағы болуымызға себеп бауырларымызбен және айналамыздағы көршілерімізбен құқұшақ айқастырып дос боламыз. Себебі, араздықтың түбінде жамандық жатады, біздің біреуге дұшпандық жасауға уақытымыз жоқ» деген болатын. Бұрын басқаға жәрдем қолын соза алатын мұсылмандардың қазіргі таңда қайыр сұрап, тіленшілік жағдайға түскендігі, сол арқылы Ислам әлемінің іргесі шайқалып, аянышты хәлге жеткендігінің негізгі себебі жылдар бойы «жаратылыс кітабын» оқуға мән бермей, селқостық танытқандығы. Енді Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай түйткілдердің түйінін қалай шешкендігіне назар салып көрейік.

Пайғамбар қаласы саналған Мәдина да бұл проблемалардан ада емес еді. Һижреттің алғашқы жылдарында жоқшылықта өмір сүрген суффа сахабаларының жағдайы Пайғамбарымызды алаңдататын. Бірде ауыр тұрмыстың салдарынан қолдары күс болып кеткен қызы Фатима (р.анһа) Алла елшісінен бір қызметші сұрайды. Сонда ол: «Суффа сахабалары таршылық көріп жатқанда саған қызметші бере алмаймын, қызым. Олардың жыртығын бүтіндей алмай жатырмын. Құлдыққа түскендерді сатып, одан түскен қаражатпен суффалықтардың қажеттіліктерін өтеймін», – деп жауап берген еді.

Расулалланың ошағында апталап, тіпті айлар бойы қазан асылмайтын. Суффа сахабаларының бірі Әбу Хурайра мен Әбу Зәррдің (р.анһумә) айтуынша, олар кеш батқанда Алла елшісінің үйіне келеді екен. Пайғамбарымыз оларды үйінде қонағына берер азығы бар бірлі-жарым сахабалардың үйіне жібереді де, қалғандарын өзі тамақтандырады екен. Бұл ұлы тұлғалардың сол кезеңде жоқшылықпен сыналғанына Мәдина көшелері куә. Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Бүлігінен сақта деп Аллаға сыйынған», «Мұқият болмаса, күпірлікке итермелейтінін» айтқан осы кедейлік мәселесін шешу үшін – бірінші кезекте мүміндердің өзара бірлігін қамтамасыз етіп, қолындағы барын Меккеге тастап келген мұхажирлер мен оларды құшақ жайып күтіп алған ансарлардың арасында бауырластық орнатты. Осы бауырластықтың нәтижесінде ансарлардың мұхажирлерді демеуі яғни, өзі мұқтаж бола тұра қолындағы барын беріп, жомарттық жасауы олардың жараларының жазылуына майдай әсер етті. Сөйтіп нәтижеде Мәдинада жаңадан құрылған мұсылман мемлекеті экономика саласында алдыңғы қатарға шықты. Мұхажирлердің ұйытқы болуымен құрылған Мәдинада бой көтерген базар арқылы Ислам экономикасының сауда-саттыққа байланысты принциптері нақтыланып, яһудилердің саудадағы үстемдігін уақыт өте келе әлсіретті.

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жасаған бұл бастамасы – себептерге сүйене отырып, кедейлік пен жоқшылықтан құтылуда қолғанған тәсілі.Хижреттің алғашқы жылдарында сахабалар арасында оқу-жазу білетіндердің саны тым аз еді. Құранның арабтарды умми халық екенін баяндауының бірден бір себебі осы болса керек. Пайғамбарымыз бұған қатысты: «Біз арабтар үмми (оқу, жазудан бейхабар, сауатсыз) бір қауымбыз» – деген болатын. Осы себептен оқып жаза алатын адамдардың сасанын арттыру ісіне алғашқы күннен бастап көп күш жұмсалғандығын байқаймыз. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинаға бара сала алдымен мешіт салдырады, сол жерде жүргізілетін білім мәжілістерінде сахабалардың оқып үйренуін қадағалайтын ұстаздарды тағайындайды. Мешіттің бір бұрышына көлеңкелік баспана жасатып берген суффалықтарға Құран тәлімі мен оқу жазуды үйрету үшін Убәда ибн Самитті тағайындайды. Абдуллаһ ибн Сағыд әл-Аса (р.анһу) хикмет ілімімен айналысатындығы үшін оған «хикмет мұғалімі» лақабы берілді. Бәдір шайқасында қолға түскен Меккеліктерді он балаға оқу-жазу үйреткен жағдайда босататындығы туралы келісім Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының оқып, үйреніп білім алуы үшін қандай мүмкіндік туса, соны қалт жібермей қолданғанын көрсетеді. Расулалла оқып-үйренуде тың жоспарлар жасап, надандықты жеңудің бірден-бір жолын ашып көрсетті.Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығынан бұрын араб әлемінде ру-тайпаға бөліну, сол кездегі қауымдардың арасындағы алауыздықтың басты себептері болатын.

Расулалланың келуімен Мәдинада өмір сүрген Әус пен Хазраж тайпалары арасында да тура осы жағдай бар еді. Исламды танып білместен бұрын өшпенділік, өкпе, кек, дұшпандықпен жүз жылдық қан кегі үшін бір-бірін өлтіру, мал-мүлкін тартып алу әрекеті орын алған. Бір жерде бас қосып тұра алмайтын дәрежеге жеткен. Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) биат етуден бірнеше жыл бұрын Буас соғысында бір-бірін аяусыз қырып, жаншыған осы екі тайпа, Алланың игілігі мен қолдауының арқасында бір-біріне сүйіспеншілікпен қарайтын, құшақтары айрылмас бауырларға айналды. Алла ол мүміндердің жүректерін жарастырды және барлығы тек бір жүрекке айналып тыныштыққа қол жеткізді. Олар Алла елшісінің иләһи ескерту ретінде ұсынған «Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, (жүз шайысып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар)! Міне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!» бұйрығына бойсұнуы арқылы бақытсыздықтан құтылған еді. Олар әз Елшінің: «Уа, адамдар! Алла жалғыз, барлықтарың Адам атаның ұрпағысыңдар. Ал Адам болса топырақтан жаратылған. Араб араб еместен, ақ нәсілді қара нәсілдінәсілдіден тақуалықтан басқа нәрседе артық бола алмайды. Адамдар бір-бірінен тақуалық дәрежесіне қарай үстем бола алады»33 деген өсиетіне соншалықты адалдық көрсеткен және осы жетістіктердің тек қана иләһи қолдаудың нәтижесінде ғана іске асқандығын ешқашан ұмытпаған. Мәдинадағы бұл бауырластық пен бірлік, сезімнен бұрын ақыл, логика және ерікті түрде жүзеге асқан бауырластық еді.

Сүннеттің бүгінгі күндегі мұсылмандар үшін беретін ең басты насихаты – сүйіспеншілік пен ауызбірлікте тек сезіммен ғана шектеліп қоймай жан дүниесімен, бар ой-санасымен, сенімі тұрғысынан біріккен саналы бауырластыққа ұмтылу. Сондықтан да Саид Нұрси кез-келген мәселенің әрдайым логикалық қыры мен динамикасын назарға алып отырған. Мысалы, «Жаратушыларың бір, барша мүліктің иесі болған тәңірлерің бір, құлшылық ететін құдайларың бір, ризықтандырушыларың да бір, бір, бір мыңға дейін бір. Сонымен қатар, Пайғамбарларың бір, діндерің бір, құбылаларың бір. Бір, бір, жүзге дейін бір, бір...», – дейді. Сондықтан адам баласы осы секілді жүздеген ортақ нәрселерді назардан тыс қалдырмай татулық пен бауырластықтың қаншалықты маңызды екендігін ұғынуы керек және оның қалыптасып, әрі қарай жүзеге асуы үшін барын салуы қажет.

Қорыта айтқанда, сүннеттің өміріміздегі рөлін ұғыну өте маңызды болмақ. Мұны тиісінше түсіну үшін сүннетке деген мұқтаждығымызды жан дүниемізбен сезініп, оған көңіл қою, маңыздылығын ұғыну, өмірімізді дұрыс арнаға бұру үшін қандай негіздерге сүйену қажеттігін одан үйрену, сонымен бірге үйреніп қана қоймай оны тіршілігіміздің қайнар бұлағына айналдырып, одан қанып ішу, сөйтіп өмірімізге сіңіру арқылы мүмкін болады. Әсіресе, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «мәнһәлул-азбил-мәурид» (тәтті су қайнар көзін) қазіргі таңдағы мұсылмандарға ұсынып, оны әрі шариғат, әрі жаратылыс заңдылықтары тұрғысынан түсіну һәм қарау маңызды. Міне, осындай таным көкжиегі арқылы сүннеттің нұрлы жарығы шеңберінде кешегі күні қалайша өркениет құрып, адамзаттың игілігіне жараған болсақ, Алланың қолдауымен бүгінгі күні де, ертең де соның іске асуы мүмкін. Сондықтан да біздің басты міндетіміз – сүннетті шын көңілден құрмет тұтып, оны тиісінше дәріптеу.

материал «Сүннет – пайғамбар жолы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: