01
Жұма,
Қараша

һижри

Қажылыққа жеткізетін төрт көлік

Қажылық

Ислам тарихында өнегелі өмірімен есте қалған салиқалы тұлғалар көп. Соның бірі – Ибраһим ибн Адхам (р.а).  Патшалардың ұрпағы болған Ибраһим ибн Адхам (р.а) биліктегі қызметінен бас тартып, өз заманының захид (дүниені тәрк етіп, ақырет пайдасы үшін өмір сүруші) адамы мәртебесіне ие болған еді. «Қажылыққа жеткізетін төрт көлік» пен «Зікір айтудың пайдасы» атты Ибраһим ибн Адхамның (р.а) басынан өткен тағылымды хикаяларды назарларыңызға ұсынамыз.

Осы үшін жаралдың ба?

Әкесі Хорасан билеушілерінен болған Ибраһим ибн Адхам (р.а) күндердің күнінде достарын ертіп аңшылыққа шығады. Сонда бір кісі оған: «Әй, Ибраһим, сен осы үшін жаратылған ба едің?» дейді. Бұл сөз Ибраһимге қатты әсер еткені сонша, ол сол жерде: «Мен бұдан кейін ешқашан Алла тағалаға қарсы келмей, Хақ жолында жүруге сөз беремін» деп уәде етеді.  Сөзінде тұрып кейінгі өмірінің барлығын Алланың ризалығын іздеп, ғибадатқа көңіл бөліп, жердің түкпір-түкпіріне барып ілім-білім жинаумен өткізеді.

Қажылыққа жеткізетін төрт көлік

Бірде Ибраһим ибн Адхам (р.а) жаяулатып қажылыққа қарай жолға шықты. Оны көрген танысы: «Әй, Ибраһим, қайда бет алдың?» деп сұрайды.

«Қажылыққа бара жатырмын» дейді Ибраһим ибн Адхам (р.а).  Сонда әлгі кісі «Сенің көлігің қайда? Жол алыс әрі өте қиын ғой» деп таңғалады.  Ибраһим ибн Адхам (р.а):

-         Менің мінетін көлігім өте көп дейді.

-         Көп болса, кәне?

-         Басыма қиындық түссе, «сабыр» деген көлікке мінемін. Нығметке бөленсем, «шүкіршілік» көлігіне отырамын. Қазаға тап болсам, «разылық таныту» деген көлігім бар. Ал егер нәпсім оянып, қандай да бір күнәлі іске шақырса, мен басқа көлікті таңдаймын. Ол көлігім маған: «Әй, ИбраҺим, сенің қалған өмірің – өткеніңнен аз ғана» деп ескертеді.

Бұл жауапты  естіген адам: «Ендеше жүре бер, расында көлікке мінген сен екенсің. Мен болсам қара жаяу қалыппын» дейді.

Имам ибн Ражаб (р.а) былай деген: «Қажылықтың қабыл болғанын қаласаңдар, онда Ибраһим ибн Адхам (р.а) сияқты қажылық жасаңдар. Ол өзінің досымен Балх қаласынан Меккеге дейін барып, зухдпен оралған». Яғни, қажылықтан ой түйіп, мүлде өзгеріп келген. Дүние қызықтарын тәрк етіп, ақырет үшін сауап жинайтын зухд дәрежесімен оралған.

Зікір айтудың пайдасы

Бірде Ибраһим ибн Адхам (р.а) Ұмра қажылығын жасап, кейін Меккеден Мәдинаға барып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мешітіне кіреді. Ол құптан уақыты еді. Намазын оқып болып, тасбихын айтып отырады. Бір кезде мешіт қызметкерлері есікті жабу керек деп, Ибраһим ибн Адхамның (р.а) сыртқа шығуын талап етеді. Сонда Ибраһим ибн Адхам (р.а): «Мен әлі түнейтін үй жалдағаным жоқ. Сыртымнан жауып, осы жерде қалдырсаңыздар, ин ша Алла таң намазында мені осы жерден табасыңдар» деп өтініш білдіреді. Алайда бұл ұсыныстан қызметкерлер қауіптеніп қалады. Себебі бұл кісі мешітке қандай да бір зиянын тигізгісі келеді деп қорқады да, шапанынан тартып оны сыртқа жұлқылап шығара бастайды. Бұл дауды мешіттің жанынан өтіп бара жатқан бір адам байқап қалып, не болып жатқанын сұрайды. Қызметшілер мән-жайды түсіндірген соң, «Ендеше осы адамды менімен жіберіңдер, қонатын жер тауып беремін» дейді. Ибраһим ибн Адхам (р.а) түнетуге ниет білдірген адамның артынан ереді. Жолда ол кісі өзін таныстырып:

-Мен түні бойы нан пісіремін. Таңертең әйелім мен бала-шағам сол ыстық нанды сатумен айналысады. Наубайханамда кішігірім жататын жер бар, төсегіңізді салып беремін. Қаласаңыз, сол жерде қонып шыға аласыз, - дейді.

Сөйтіп Ибраһим ибн Адхам (р.а) наубайханаға барады. Бірақ ұйқысы келмей, жаңағы адамның іс-әрекеттерін бақылайды. Байқаса, наубайханашының ерекшелігі бар екен. Ол нанды пешке салар кезде «Бисмилләһ» деп, нанды пештен шығарарда «Әлһәмдулиллә» деп айтады екен. Әр нанды пісіретін кезде солай қайталайды. Наубайханашының бұл әрекетіне таңғалған  Ибраһим ибн Адхам (р.а) оған:

-         Бұдан басқа зікірің жоқ па еді? – деп әзілдейді.

-         Ант етемін, нан пісіретін кезде осы зікірді мен 20 жыл бойы айтып келемін.

-         Бұл зікірлер өміріңе қалай әсер етті?

-    Алла тағала үнемі дұғаларымды қабыл етіп, не сұрасам да берді. Бірақ 5 жылдан бергі бір ғана тілегім орындалмай келеді. Қалған тілектерімнің бәрі орындалды.

-         5 жыл бойы не тілеп жүрсің? – деп Ибраһим ибн Адхам (р.а) таңғалады.

-         «Йа, Алла, мені   Ибраһим ибн Адхаммен (р.а) бір кездестірші. Ол өте тақуа адам. Онымен тілдесіп, білмегенімді білгім келеді» деп күнде сұраймын.

Сол кезде Ибраһим ибн Адхам (р.а) күліп жібереді де:

-         Расында сен – Ибраһим ибн Адхамнан (р.а) да артықсың! – дейді.

-         Сен мені мазақ қылып тұрсың ба?

-         Жоқ. Ибраһим ибн Адхамның (р.а) шапанынан тартып, жұлқылап жатқан жерінен Алла тағала оны саған тапсырды. Сөйтіп, сен оны осы жерге алып келдің. Ибраһим ибн Адхам деген мен боламын, - дейді.

Осыны естіген наубайханашы:

-         Әлһәмдулиллә! - дейді.

 

Аударған: Айбек Әбдіқадыр

Дайындаған: Мәдина Жақып

Ummet.kz

Бөлісу: