24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Умра мен қажылықта шашын тақырлап алып тастау шарт па?

Умра мен қажылықта шашын тақырлап алып тастау шарт па?

Қажылық

Умра қажылығын немесе үлкен қажылықты өтеуші кісі ихрамнан шығатын кезде шашын алып ихрамнан шығады. Ихрамнан шығарда шашын алу (немесе қысқарту) – уәжіп.

Осы тұрғыда, шашын тықырлап алу шарт емес, қысқартуға да болады. Ең аз саусақ ұшындай (2 cм) көлемде қысқартcа, ихрамнан шыққан болып саналады. Құран Кәрімде мынадай аят бар: «Алла қаласа, аман-есен шаштарыңды алдырып және қысқартып, қорықпаған күйі Харам мешітіне кіретін боласыңдар...». Осы аятта «алдырып не қысқартып» дей келе, ихрамнан шығар кезде шашты қысқартса да болатындығын ұғындыруда. 

Қайсысы абзал десеңіз? Ихрамнан шығарда шашын тақырлап алу абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у.) үш рет «шаштарын тықырлап алғандарды жарылқа» деп дұға етеді, төртіншісінде ғана «қысқартқандарды да жарылқа» деп дұға жасаған[1].

Бұл ер адамдарға қатысты. Ал, әйел кісілер шаштарын тақырламайды, олар ихрамнан шығарда тек шаштарының ұштарынан (2 cм) қысқартады, осылайша ихрамнан шыққан болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған қатысты: «Әйелдер шаштарын тақырлап алмайды, олар қысқартады» - деген. (Әбу Дәуід: «Сүнән»). 

Басында шашы болмаған кісі не істейді?

Басында шашы жоқ кісі ұстараны немесе қайшыны яки шаш алатын мәшінкені басынан жай ғана бір жүргізіп өтіп, осылай ырымын жасаса жеткілікті - ихрамнан шыққан болады[2].

 

[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[2] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус санаиъу». 3\97 бет.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: