25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қажылық: Ихрам халіндегі адамға тыйым салынатын жағдайлар

Қажылық: Ихрам халіндегі адамға тыйым салынатын жағдайлар

Қажылық

Алла елшісі (с.а.с.) ихрам жағдайына кірген қажыларды бірқатар амалдардан жасаудан сақтандырған. Ихрамдағы адамға төмендегі іс-әрекеттерді жасауға тыйым салынады:

1. Жыныстық қатынасқа түсу және соған итермелейтін сүйісу, аймаласу сияқты әрекеттер.

2. Күнәлі істер және Аллаға бойсұнбау.

3. Жол серіктерімен, қызметшілермен және басқа адамдармен ұрсысып, жанжалдасу, оларға тіл тигізіп, ренжіту.

Бұл тыйым Алла Тағаланың: «Кім осы айларда (өзіне) қажылықты парыз қылса (яғни қажылыққа баруды ниет етсе), онда қажылықта әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжалдасу жоқ», – деген аятына негізделген.

4. Көйлек, шапан, жадағай, шалбар, жейде, тоқылған баскиім сияқты тігісі бар киім кию. Сондай-ақ иіссу себілген киім, тобықты жауып тұратын аяқкиім киюге де тыйым салынады. Кебіс сатып алуға мүмкіндігі болмаса, мәсінің қонышын қызыл асыққа жетпейтіндей тобықтан төмен етіп кесіп тастауға болады. Бүкіл мұсылман ғұламалары осы тыйым салынғандардың тек ер кісілерге қатысты екенін айтқан.

5. Әйел кісі иіссу себілген киім, бетперде және қолғаптан басқа шариғат талабына сай киімдерді кие береді. Алла елшісі (с.а.с.): «Ихрамға кірген әйел жүзін бетпердемен жаппауы және қолғап кимеуі тиіс», – деген. Әйел кісі жүзін бөтен еркектердің көзінен қолшатыр немесе сол сияқты заттармен көлегейлеуіне болады. Сондай-ақ бетін жилбабының бір шетімен жабуына да рұқсат етіледі. Айша (Алла оған разы болсын): «Біз Алла елшісімен (с.а.с.) бірге ихрамда болған кезімізде қасымыздан атты кісілер шауып өтетін. Олар қатарласқанда, біз жүзімізді жилбабтың шетімен жабатынбыз, олар кеткен соң, бетімізді ашатынбыз», – деген.

6. Изар мен рида немесе кебіс таба алмаған кісі өзімен әкелген киімін киеді. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім изар таппаса, онда кәдімгі дамбал кисін, ал кебіс таппаса, онда кәдімгі мәсісін кисін», – деп айтқан.

7. Ихрамдағы адамға тырнағын алуға, шашын алдыруға немесе қысқартуға, сондай-ақ денесіндегі басқа да түктердіалуына немесе қысқартуына тыйым салынады. Алла Тағала: «Құрбандық өз орнына жетіп барғанға дейін бастарыңды (яғни шаштарыңды) алмаңдар», – деген.

8. Ихрам жағдайында еркектерге де, әйелдерге де киіміне және денесіне иіссу жағуына тыйым салынады.

9. Ихрамдағы адамға құрлықтағы аң аулау шараларына қатысуына: оны өлтіруге, союға, көзге түскен аңды қолымен көрсетуге немесе оған баратын жолды нұсқауына тыйым салынады. Бірақ қажылық өтеушілердің судан балық аулауына

және балықты тағам ретінде пайдалануына рұқсат етіледі. Алла Тағала: «Сендерге және саяхатшыларға пайда ретінде теңіз (жануарларын) аулау мен оларды жеу халал етілді. (Бірақ) ихрамда болсаңдар, сендерге құрлық (жануарларын) аулауға тыйым салынды», – деген.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: