25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қажылық –сауабы мол қасиетті құлшылық

Қажылық

Қажылық ғибадаты ықыласпен орындалса, күнәлар кешіріліп, жүрек күнә дақтарынан тазаланады. Бір хадисте:

من حج فلم يرفث ولم يفسق رجع من ذنوبه كيوم ولدته أمه

«Кімде-кім әйелімен жақындаспай (жақындасуға себеп болатын барлық нәрседен аулақ болып) және күнә істемей қажылық жасайтын болса анасынан жана туғандай күнәларынан арылып қайтады,»[1]–делінген. Басқа бір хадисте:

العمرة إلى العمرة كفارة لما بينهما، والحج المبرور ليس له جزاءٌ إلا الجنة

«Бір умра келесі умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларды өшіреді. Қабыл болған қажылықтың қарымы тек жаннат қана,»[2]–дейді.

  Ең абзал амалдың не екенін білмекке құмартқан кісіге Расулулла (с.ғ.с): «Алла мен елшісіне иман ету,»–деп жауап береді. Содан кейінгісі сұралғанда: «Алла жолында күрес,»–дейді. Содан кейінгісі тағы сұралғанда: «Қабыл болған қажылық,»–деп жауап береді.[3]

Алланың құзырына барғанда қажылық жасаған мұсылмандардың дәрежелері биік тұрмақ. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қажылық жасаушылар мен умраға барғандар–Алланың сыйлы қонақтары.егер бұлар тілек тілесе , Алла тілектерін қабыл алады, күнәларына кешірім сұраса, күнәларын кешіреді,»[4]–деп сүйіншілеген.

Басқа бір хадисте: «Қажылық пен умраны қатар жасаңдар. Өйткені темір, алтын және күмістің дағын көріктің[5] кетіргені секілді қажылық пен умра кедейлік пен күнәларды жоқ қылады,»[6]–делінген.

Қажылық кезінде төрткүл дүниенің төрт бұрышынанәр нәрседен, әр тілде сөйлейтін, мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін бай демей, кедей демей әр ұлт өкілінің бір жерде бас түйістіріп, қасиетті Қағбаның алдында ерекше толқып, аппақ ихрамға оранып, бір зікірді қайталап қажылықты орындауы мұсылман жұртшылығының өзара ынтымағы мен бірлігін күшійтіп, иманын нықтай түседі. Өйткені шартараптан келген мұсылмандар мынаны ұғады. Бәріміздің де Жаратушымыз бір, ризық беруші Иеміз бір, құлшылық етеріміз де бір. Дініміз де бір. Пайғамбарымыз да бір. Құбыламыз да бір. Осылай  кете беретін жүздеген бірлер... баршамызға ортақ осынау дүниелер өзара бірлік пен келісімге, сүйіспеншілік пен бауырмалдыққа шақырады.

Қажылық–мұсылман ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Қажылық кезінде мұсылмандар бай-кедей, білімді-надан, ұстаз-шәкірт болып бөлінбейді, атақ-лауазымына көңіл бөлмейді. Бәрінің киетін бірдей ақ ихрамдары да бұған жол бермейді.

  Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 13-ші аятында:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَىٰ وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا ۚ إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Әй, адам баласы, шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Шындығында, Алланың қасында ең ардақтыларың–тақуаларың. Күмәнсіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы,»–дейді. Ұлт пен ұлысқа бөлінуіміздің астарында бір-бірімізді тану, қоғамдық ерекшеліктерімізбен танысу жатыр. Сол себепті қашанда бауырмалдықты басты негізде ұстауымыз керек.

Қажылық–ханиф дінінің көне тарихында еске түсіреді. Мәселен, қасиетті Мекке жеріне аяқ басқан уақытта жалғыз өзі бір үмбетті құраған хазірет Ибрахим мен ұлы Исмаилдың оқиғалары, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с) пұтқа табынушылардын тартқан жапасы, иманын қызғыштай қорғап өмңр мен өлімнің арасында ажалмен арпалысқан даңқты сахабалардың ерліктері – бәрі де осы қажылық кезеңінде көз алдымыздан өтіп жатады.

Егер мұқият көңіл бөлінсе, адам өмірін жан-жақты қарастырған Ислам діні бес уақыт намаздың өзін жамағатпен оқуды бұйырады. Одан қала берді аптасына бір рет мешітке бас сұғып жұма намазын оқуды парыз еткен. Жыл сайын екі рет айт намазында да мұсылмандардың басын қосады. Ал қажылықта болса, бұл дәстүр өз шарықтау шегіне жетеді.

Қажылық

«Қажылық» сөздікте– қасиетті орындарды зиярат ету деген мағынаны береді. Ал діни терминалогияла «Арафат тауында ғибадат ниетімен бір уақыт тұру, одан соң шарттарына сай тауап ету арқылы Қағбаға зиярат жасау, тағы да басқа амалдарын орындау» дегенді білдіреді. Және бір түсіндірмеде қажылық деп «қасиетті Қағбаны белгілі күндерде , белгілі шарттармен зиярат ету»[7] делінген.

Намаз, ораза, зекет секілді қажылық та исламның бес парызының бірі. Ол хижраның тоғызыншы жылы парыз болған.

خطبنا رسول الله صلى الله عليه وسلم فقال أيها الناس قد فرض الله عليكم الحج فحجوا فقال رجل أ كل عام يا رسول الله فسكت حتى قالها ثلاثا فقال النبي صلى الله عليه وسلم لوقلت نعم لوجبت ولما استطعتم

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с): «Уа, жамағат! Алла Тағала сендерге қажылық жасауды парыз етті, қажылық жасаңдар!»–дейді. Сонда сахабалардың бірі: «Әр жыл сайын ба, уа, Алла елшісі?»–деп сұрады. Алла елшісі (с.ғ.с) ләм-мим демеді.сахаба бұл сұрағын үш мәрте қайталады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер «Ия» дегенімде, сендерге жыл сайын қажылық жасау парыз болар еді. Бірақ оған шамаларың жетпес еді,»[8]–деп қажылықты жыл сайын емес, өмірде бір мәрте жасау жеткілікті екенін ұқтырды. Алайда біреуден көп жасағысы келгендерге шектеу жоқ. Бұған дәлел мына хадис: «Кімде-кім бірден көп қажылық жасаса, артығы нәпңл болып саналады.»[9]

Сонымен қажылыққа бара алатындай байлығы мен денсаулығы бар әрбір мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз.

Қажылықты өтеген кісі «қажы» атанады. Көпше түрі «хужаж» дейді.

Парыз қажылық «Хаж әкбар» «үлкен қажылық», ал умра «Хаж асғар» (кіші қажылық) деп аталады. Шамасы жеткен әрбір мұсылман үшін өмірінде бір рет қажылық ғибадатын жасауы–парыз, ал умра ғибадатын жасау–сүннет. Қажылық Сауд Арабиясының Мекке қаласындағы Қағба-муаззамада жасалады. Әлемнің басқа ешбір жерінде қажылық ғибадаты жасалмайды. Қағба-муаззама – Алла Тағаланың әмірімен Ибраһим (а.с.) пайғамбардың Мекке қаласында алғаш тұрғызған (кейбір деректерде жөндеген) төрт бұрышты биік ғимарат тұрған қасиетті орын. Бұл жер–бүкіл мұсылман баласының құбыласы. Муаззама–Бәйтулла, Харам шариф және Мәсжидул-Харам аталатын мешіттің ортасында орналасқан. Мешіттің айналасына айшықты мұнаралар салынған. Жеті мұнарасы, көптеген қақпалары, ішінде мінбері, Зәмзәм құдығы және Ибраһим (а.с.) пайғамбардың орны бар


[1]Бухари, Муслим, Ибн Мажә, Тирмизи, Нәсаи

[2]Муслим «Хаж 437»; Нәсаи «Манасик 4»

[3]Бухари «Хаж 4»; Нәсаи «Манасик 4»

[4]Ибн Мажә «Манасик 5»

[5]Көмірді үрлеп, темірді қыздыру үшін жасалған үрлеуіш.

[6]Тирмизи «Хаж 2»

[7]Тахмаз «Фиқхул ханафи фи саубиһил жадид 447»

[8]Муслим «Хаж 412»

[9]Ахмад «Муснад 2/508»

Бөлісу: