26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан – Жаратқанның тәрбиелік мектебі

Рамазан – Жаратқанның тәрбиелік мектебі

Ораза

Рамазан – асыға күткен мұсылман қауымы үшін Алланың шексіз мейіріміне бөленетін үлкен мүмкіншілік айы.

Бұл айдың қадір-қасиетін түсінген мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал қайта қауышқанда құрметті қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірім сыйлайтын сауабы мол маусым.

Рамазан – жыл сайын бір ай бойы есігін айқара ашатын Жаратқан Иеміздің тәрбиелік мектебі. Алланың құлдары бұл айда өздерін Хақ Тағалаға бойсұнуға және де күнәлардан тыйылуға жаттығады.

 

Оразаның анықтамасы:

Тілдік мағынасы: اَلْإِمْسَاكُ عَنْ أَيِّ فِعْلٍ أَوْ قَوْلٍ كَانَ «Қандайда бір іс пен сөзден тыйылу»,-дегенді білдіреді.

Дініміздегі оразаның анықтамасы: «Ораза дегеніміз – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауыз бекітуге қабылетті мұсылманның белгіленген уақытта таң атқаннан күн батқанға дейін дәм-судың барлық түрінен, сондай-ақ жыныстық құмарлықтан Аллаға деген құлшылық ниетімен тыйылуы».

«Рамазан» сөзінің атауы:

«Кәнзул ъуммәл» кітабында ибн Аббас (р.ғ.): «Бұл айда күнәлар өртеніп жағылады (яғни, кешіріледі). Осы себепті ол «Рамазан» деп аталады»,-дегенін келтірген.

 

Рамазан оразасы – парыз:

Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың біреуі. Бұл айдағы ораза хижри мұсылман күнтізбесі бойынша екінші жылы парыз етілді. Парыз болуы турасында Құран және сүннет дәлел. Құранда Жаратқан Иеміз былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Уа, мүміндер! Сендерден бұрын өткен қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» (Бақара сүресі, 183-ші аят).

 

Алла елшісі (с.ғ.с.)-нің рамазан айының қарсаңында айтқан  өсиеті:

«Әт-Тарғиб уат-тарһиб, Мишкәтул-масабих, кәнзул-уммал» еңбектерінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) рамазан айының қарсаңында айтқан өсиеті келтірілген. Сахаба  Салман әл-Фариси (р.ғ.) былай дейді:

خَطَبَنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي آخِرِ يَوْمٍ مَنْ شَعْبَانَ

«Шағбан айының соңғы күні Алланың Елшісі (с.ғ.с) бізге мынадай хұтпа жүргізіп уағыз айтты:

أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّهُ قَدْ أَظَلَّكُمْ شَهْرٌ عظَيِمٌ ، شَهْرٌ مُبَارَكٌ ، شَهْرٌ فِيهِ لَيْلَةٌ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ ، جَعَلَ اللَّهُ صِيَامَهُ فَرِيضَةً ، وَقِيَامَهُ تَطَوُّعًا

«Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды.

Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай (сауап иеленеді). Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді». Осы тұста сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Ауызашар жасауға бәріміздің мүмкіндігіміз бола бермейді ғой», – деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Оразашының аузын, тіпті, бір түйір құрмамен, не бір жұтым сумен, сүтпен аштырған жанға да сондай сауап жазылады.

Бұл айдың басы рақым, ортасы кешірім, ал соңы тозақтан құтылу кезеңі»,-деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің бұл хадисі барша мұсылман қауымына қатысты екендігі айдан анық.

 

Рамазан айы Құран түсуімен ерекшеленеді:

Рамазан «ораза айы» деумен қатар «Құран айы» деп те аталады. Өйткені Құран осы айда түсе бастаған. Алла Тағала қасиетті кітабымызда былай деген:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан айы – адамзатқа жолбастаушы болған һәм тура жолға салатын, ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын ең айқын дәлелдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай» (Бақара сүресі, 185 аят).

Ибн Аббас (р.ғ.): «Құран – қадір түнінде ләухул махфуздан бәйтул ъиззаға түгелдей түсті»,-деп айтқан.

Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Себебі, осы айда Құран түскен.

Имам әз-Зуһри (р.х.) рамазан айы кірген сәтте: «Бұл (яғни, рамазан) – Құран оқу мен адамдарды тамақтандыратын ай»,-дейтін.

Ибн Аъбдул Хакам айтады: «Имам Мәлик (р.х.) рамазан айы кірген кезде хадиспен айналысудан және ілім иелерімен мәжіліс құруын ығысып, Құранды жүзіне қарап оқуға бет бұратын еді».

 

Ораза жұмаққа кіруімізге себеп:

Суфйан ибн Ъуяйна (р.х.) айтады: «Алла Тағала Қиямет күні пендесін жауапқа тартып, амалдарын тізіп, ондағы кемшіліктері үшін айыптайды. Оразаға кезек келгенде Хақ Тағала амалдардағы кемшіліктерді кешіріп, оразаның себебінен пендені жәннатқа кіргізеді» («Мажәлису шәһри Рамазан»).

Рамазанға тән ерекшеліктер:

Имам Тирмизи риуаят еткен хадистеАлла елшісі (с.ғ.с) ұлық айдың ерекшелігі жайлы былай дейді:

إِذَا كَانَ أَوَّلُ لَيْلَةٍ مِنْ شَهْرِ رَمَضَانَ صُفِّدَتِ الشَّيَاطِينُ وَمَرَدَةُ الْجِنِّ ،وَغُلِّقَتْ أَبْوَابُ النَّارِ فَلَمْ يُفْتَحْ مِنْهَا بَابٌ،  وَفُتِّحَتْ أَبْوَابُ الْجَنَّةِ فَلَمْ يُغْلَقْ مِنْهَا بَابٌ

«Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен қара ниетті жындар кісенделеді. Тозақтың есіктері біреуі де қалмай жабылады. Жәннәттің есіктері біреуі де қалмай айқара ашылады. Сонда бір жаршы:

وَيُنَادِى مُنَادٍ:  يَا بَاغِىَ الْخَيْرِ أَقْبِلْ، وَيَا بَاغِىَ الشَّرِّ أَقْصِرْ .وللهِ عُتَقَاءُ مِنَ النَّارِ وَذَلِكَ كُلَّ لَيْلَةٍ

«Ей, жақсылық қалаушы, жақсылық  істеуге кіріс! Ей, жамандық қалаушы, зиян істеуді доғар! Бұл айда Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады».

Бұл хадистің мағынасы турасында Қади Иьяд (р.х.) тағы басқа да ғалымдар түсінік берген. Соның бірінде:

«Рамазан айында Жаннатың есіктері айқара ашылып. тозақтың есіктері  жабылады», деген сөйлем тозаққа жетелейтін күнәлардан пенденің ойы аулақ болуы себепті тозақтан алыстап жұмаққа жақындайтындығы жайында айтылуы мүмкін. Ал шайтандардың байлануы олардың азғыруға деген дәрмендерінің құрып, нәпсі құмартқан істерді безендіруде әлсіздік танытулары сөз етілуде»,-делінген.

Күллі денеміз ораза ұстауы тиіс:

Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Расында, Алла өтірік айтуын доғармаған біреудің ішіп-жемін тоқтатқанына мұқтаж емес». (Имам Ахмад, Әбу Дәуіт, Тимизи риуаят еткен). Ендеше ауызбен қоса тілмен де ораза тұтуымыз қажет.

Ибн Мәжә жеткізген басқа бір риуаятта: «Қаншама ораза тұтушылар бар, олардың бар тапқаны пайдасы – шөлдеу ғана»,-деп ораза ережелерін дұрыс сақтамаған кейбір адамдардың оразасының қабыл болмауы мүмкін екендігін ескерткен.

Жабир ибн Аьбдиллә (р.ғ.) айтады:

قَالَ جَابِرُ بْنُ عَبْدِ اللَّهِ : إِذَا صُمْتَ فَلْيَصُمْ سَمْعُكَ وَبَصَرُكَ وَلِسَانُكَ عَنِ الْكَذِبِ وَالْمَحَارِمِ

«Егер ораза ұстасаң құлағың, көзің, тілің өтірік пен харам істерден ораза ұстасын!».

Имам Ахмад ибн Ханбал (р.х.): «Алғашқы буындағы ізгілер «сәләф солих» ораза ұстаған кездерінде мешіттерде отырып:

نَحْفَظُ صَوْمَنَا وَلَا نَغْتَابُ أَحَدًا  وَلَا نَعْمَلُ عَمَلاً يُجْرَحُ بِهِ صَوْمُنَا.

«Оразамызға сақ болып, ешкімді ғайбаттамайық! Оразамызға зиян келтіретін әрекеттен аулақ болайық!»,-дейтін»,-деп айтқан.

Пайғамбар (с.ғ.с.) мен бұрынғы ізгілердің дұғасы:

Имам Ахмад жеткізген риуаятта пайғамбар (с.ғ.с.) ражаб айы кірген уақытта:

اَللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ

«Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен.

Ибн Фадл (р.х.) айтты:

كانُوا السَّلَفُ يَدْعُونَ اللهَ تَعَالَى سِتَّةَ أَشْهُرٍ أَنْ يُبَلِّغَهُمْ رَمَضَانَ, ثُمَّ يَدْعُونَهُ سِتَّةَ أَشْهُرٍ أَنْ يَتَقَبَّلَ مِنْهُمْ.

«Алдыңғы буынның ізгілері Алла Тағаладан алты ай бойы рамазанға жеткізуін тілейтін, содан соң рамазаннан кейін олардан оны қабыл етуін сұрайтын».

Иахя ибн Әбу Кәсир (р.х.) айтты олардың дұғасы:

اللَّهُمَّ سَلِّمْنِي إِلَى رَمَضَانَ, وَسَلِّمْ لِي رَمَضَانَ, وَتَسَلَّمْهُ مِنِّي مُتَقَبَّلًا

«Аллам! Мені аман-есен рамазанға және рамазанды маған жеткізе гөр! Сондай-ақ оны менен қабыл еткейсің!

 

Нұрлан Рамазанов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің бас имамы

 

 

Бөлісу: