26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ораза айт: Пайғамбар (с.ғ.с) және жетім бала

Ораза айт: Пайғамбар (с.ғ.с) және жетім бала

Ораза

Бір Ораза айт күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) айт намазынан соң мешіттен шығып үйіне бара жатқан кезінде жолда айт мейрамының қуанышымен ойнап жүрген бір топ баланы көреді.

Барлығы мерекеге байланысты жаңа киімдерін киіп, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап, сайран салып ойнап жүреді. Бірақ іштерінде арық, әлсіз бір бала (Зухайр бин Сағир) бар еді. Киімдері жыртық, ескі-құсқы. Өзі мұңды күйде бір шетте ойнап жүрген балаларға қарап тұрған еді. Арасында көз жасын тыя алмай өксіп-өксіп жылап алатын. Күліп-ойнап жүрген жолдастарының арасындағы бұл көзі жасқа толы баланың халі жұмсақ жүректі Пайғамбарымызға (с.а.с.) қатты ауыр тиді. Бірден ол баланың жанына барып мейіріммен сұрайды:

- Неге достарыңмен бірге күліп-ойнамай, бір шетте жылап отырсың?

Бала қарсы алдында күлімсіреп, жүзінен нұр шашып тұрған адамның екі әлем сардары Пайғамбар (с.а.с.) екенін білмейді. Шынайы жаны ашып сұрап тұрған жылыжүзді адамға бала былай деп жауап береді:

- Әкем бір соғыста Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жанында жүріп шейіт болды. Анам күйеуі қайтыс болған соң бір адамға тұрмысқа шықты. Өгей әкем менің әкемнен қалған мирасымды алып қойып, мені осындай халде көшеге қуып жіберді. Енді күні бойы аш-сусыз көше кезіп жүремін. Түнейтін бір жерім болмағандықтан түнді де көшелерде өткіземін. Білесіз, бүгін Ораза айт мейрамы. Барлық әке-шешесі бар балалар ең әдемі мейрам киімдерін киіп, мәз-мейрам ойнауда. Олар аш-сусыз көше кезіп жүрудің де, түн ішінде рахаттанып жатып ұйықтайтын төсек таба алмаудың да, түні бойы көшеде ұйқылы-ояу жатып таң атырудың да қиыншылығын түсінбейді. Ешқандай хабарлары да жоқ. Ата-анадан мақрұм, шарасыз жетім қалудың қайғысын да сезініп көрген емес. Қазір бұл балалардың топтасып шаттанып ойнап жүргендерін көргенде әкемнің шейіт болғаны, және оның артынан бірінен соң бірі басыма келген қиыншылықтарым есіме түсіп көз жасымды ұстай алмадым. 

Жетім баланың айтқандары Пайғамбар (с.а.с.) жүрегін қарс айырғандай еді. 

Пайғамбарымыз (с.а.с.) шексіз мейіріммен баланың қолынан ұстап, үлкен сүйіспешілікпен басынан сипады да былай деді: 

- Балақай, мен сенің қандай сезімде екеніңді өте жақсы түсінемін. Өйткені, мен де кішкентай бала кезімде әкемнен де, анамнан да айырылғанмын. Балам, Расулуллаһ жаңа әкең, Айша жаңа анаң және Фатиманың жаңа әпкең болуын қалайсың ба? Сонда өзіңді жақсырақ сезіне алар ма едің?

Жетім бала алдындағы мейірім толы, нұр жүзді адамның Пайғамбарымыз (с.а.с.) екендігін түсініп, шеккен барлық азаптарының бітетінін сезіп қуанғанынан:

- Әрине қалаймын, Йа Расулаллаһ! Бұл - дүниедегі ең жақсы нәрсе,- деп күлімсіреп, тіпті секіріп кетті.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) баланың қолынан жетектеп үйіне алып барады. Айша анамыз (р.а.) балаға аналық мейірімін көрсетіп, құшағына алады. Жетім баланы жуындарып, шашын тарап, көшедегі балалардың барлығыныңкінен де әдемі киімдер кигізеді. Тәтті тамақтарды да жеп қарны жақсылап тойған жетім бала жаңағы өзі қарап жылап отырғанда ойнап жүрген балалардың арасына жүгіріп кетті. Ойнап жүрген бір топ балалар бірнеше сағат бұрын араларында болған бейшара жетім жолдастарын тани кетеді. Ондағы үлкен өзгерістерді көрген достары таңқалып қасына жиналып:

- Бірнеше сағат бұрын ғана үстіңде ескі-құсқы киіммен мұнда жылап отыр едің! Осыншалықты қысқа уақыттың ішінде мұндай әдемі киімдерің пайда болыпты. Сонымен қатар, біздің барлығымыздан да артық қуаныш, шаттыққа қалайша кенелгенсің?! - деп сұрайды.

- Қалай қуанбайын?! Бірнеше күн бойы аш жүрген едім, қазір тоқпын. Жыртық-жыртық киім киіп жүр едім, қазір сендердіңкінен де әдемі мейрам киімім бар. Ешкімі жоқ жетім едім, ал қазір Пайғамбардай (с.а.с) әкем, Айшадай (р.а.) анам, Фатимадай (р.а.) әпкем бар. Барлық қайғы-қасіреттерім бітті. Мен қуанып шаттанбағанда кім шаттансын?!

Балалар бірнеше сағат бұрын қасірет толы көздері жасқа бұланып қарап отырған баланы Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз қамқорлығына алғанын түсінеді. Және қуанышы қойнына сыймай тұрған достарын біраз қызғанып, барлығы бір ауыздан:

- Шіркін, біздің де әкелеріміз сол соғыста шейіт болып, бізді де Пайғамбарымыз (с.а.с.) қамқорлығына алғанда ғой!.. -дейді. 

Пайғамбарымыз (с.а.с.) фәни дүниеден өткенде жылдар бойы оның жанында жүріп, әкелік мейірімін көрген шейіттің ұлы есін жоғалтып, мең-зең болғандай бір күйде бар даусымен айқайлап былай дейді:

- Міне бүгін мен ешкімі жоқ нағыз жетім қалдым! Дүниедегі жалғыз және теңдесі жоқ қамқоршымды жоғалттым. 

Жүректі қарс айырар бұл сөздерден кейін өздері де ауыр жағдайда тұрған сахабалардың көз жастары көл болды. 

Пайғамбарымыздан (с.а.с.) кейін оның ең жақын досы Әбу Бәкір (р.а.) жетім баланы қамқорлығына алу арқылы оның қайтадан ешкімсіз көше кезіп кетуінің алдын алды. 

түрік тілінен аударған Шынар Ә.Т.

islam.kz

Бөлісу: