26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадір түнінің ең үлкен кереметі

Қадір түнінің ең үлкен кереметі

Ораза

Қадір түнінің маңызы дүниенің ең үлкен төңкерісін жасап, жаһанды қараңғылық қапасынан айықтырып, нұрға бөлеген Құранның сол түні түсе бастауында жатыр.

Кейбір ғалымдар Қадір түнінің онсыз өткен мың айдан артық екендігін айтады. Мың ай шамамен сексен төрт жыл. Ендеше бұл түн, сексен төрт жыл бойы жасаған амал және құлшылықпен тең болмақ. Сүре атауы аяттағы «Қадір түні» сөзінен алынған. Меккеде түскен бұл сүре бес аяттан тұрады.

«إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ» – «ِРасында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік». Біз осы мұғжиза Құранды қадірі мен беделі үстем бір түнде түсірдік . Тәпсіршілер: «Құран «Зікірден» бөлініп, аспан әлеміндегі «бәйтул-иззаға» (ізет үйі) түсірілді. Содан кейін Жәбірейіл оны жайлап Алла елшісіне түсіре бастады» – деген дерекке сүйеніп, оның аспан әлемінен түскендігін мақұлдайды. Құранның Қадір түнінде түсірілуі – сонымен қатар сол түнде түсіріле бастады деген де мағынаны береді. Өйткені, уахи алғаш рет Қадір түнінде түскен. Кейбір ғалымдар Қадір түнін «тағдыр түні» деп жорамалдаған. Кейбірі де, Қадір абырой, бедел мағынасына келетіндіктен «қасиетті түн» деп те түсіндіреді. Басқа ғалымдар да Қадірді «тарылту» мағынасы дейді. Өйткені, сол түні періштелерге жер беті тар келмек. Негізінде Қадір осы үш мағынаға да келеді. «Қадір түні» деп үш рет қайталаған.

«وَمَا أَدْرَاكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ» – «Қадір түнінің не екенін білесің бе?». Қадір түні деген не? Қадір түнінен сен нені ұқтың? Бұл жерде сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатымен айтылған . Яғни, қандай түн екендігін білдірмесек оның қадірін біле алмас едің. Бірақ, оның қадірін де Біз білдірдік.

«لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ» – «Қадір түні мың айдан да қайырлы». Сол түні жасалған амалдар мен құлшылықтар және Хақ Тағаланың ризалығын алу жолындағы өзге де амалдар Қадір түні болмаған мың айда жасалынған амал, сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ.

«تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ» – «Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі». Сол түні жер бетіне Рух пен бірге періштелер түседі. Тәпсіршілердің басым көзқарасына қарай бұл аяттағы Рух – Жәбірейіл . Кейбір ғалымдар да Рух – өте алып періште деп жорамалдаған. Егер ол көктер мен жерді жұтса оған бір шайнам ғана болар деп түсіндірген.

بِإِذْنِ رَبِّهِم – «Раббыларыңның рұқсатымен». Періштелер Хақ Тағаланың рұқсатынсыз, жарлығынсыз қанаттарын да қимылдата алмайды. Бірақ, бұл жерде осы істің аса маңыздылығына назар аударту мақсатымен айтылған.

مِّن كُلِّ أَمْرٍ – «Әр әмірден». Яғни, сол түні әмір берілген әрбір іс үшін деген сөз. Олардың істері әрқашан да жақсылық, періштелер жамандыққа аттап баспайды. Олар жақсылық өлшемінде өмір сүреді. Соны білдіру мақсатымен былай дейді:

«سَلَامٌ هِيَ حَتَّىٰ مَطْلَعِ الْفَجْرِ» – «Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады». سَلَامٌ «Сәләм», яғни, бейбітшілік, есендік, амандық деген сөз. Ол – Хақ Тағаланың жіберген сәлемі. Періштелер мұсылмандарға сол түні сәлем беріп тұрады. Өйткені, періштелер түннен бастап, таң қылаң бергенге дейін, топ-топ болып жер бетіне түседі. Әр түскен топ сәлем бергендіктен таң ағарғанға дейін сол түні сәлем берулері толастамайды . Не болмаса, аяттағы «сәләм» амандық, саламат мағынасында берілген. Сол түні жер бетіне зиянды нәрселер түспейді. Түні бойы адамдарға пайдалы нәрселер түспек. Ол түн – амандық түні. Періштелер сол түні ешқандай жамандық пен азап түсірмейді.

هِيَ حَتَّىٰ مَطْلَعِ الْفَجْرِ  – ِ«Сол түні таң бозарып атқанға дейін». Мұнда мұсылманға сол түнді Құранның түсе бастағанын адамзатты қараңғылықтан нұрға бөлегенін ойлап, шынайы ынтамен Құран оқып, нәпіл және қаза намаздарын оқып, дұға қылып өткізуі насихатталған. Алла Елшісі: «Кімде-кім шынайы сеніп, Хақ Тағаланың ризалығы үшін Қадір түнінде тұрып (намаз оқып, құлшылық қылса) оның өткен күнәлары кешіріледі»,– дейді.

Ең кереметі осы түнді мың айдан артық қылған Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Мұсылманның міндеті – алдымен Құран оқуды үйреніп, одан кейін мағынасы мен тәпсірін меңгеріп сол білгендерімен амал ету. Одан кейін осы ақиқаттарды өзгелерге жеткізіп, олардың да тура жолға түсулеріне күш-қайратын жұмсауы қажет. Қадір түнін ғана қадірлеп, сол түнді ұйықтамай өткізіп, басқа түндерде Құраннан тыс ғұмыр кешу дұрыс емес.

Бұл түннің қандай түн екендігіне байланысты әртүрлі көзқарастар бар. Ғалымдар қырыққа жуық көзқарастарын білдірген. Қадір түні бір жылдың ішінде жасырулы. Негізінен Рамазан айында, әсіресе сол айдың ақырғы он түнінің – тақ түндері. Жиырма жетін-ші, яки, ақырғы түн болуы мүмкін. Бұл мүбәрак түн әр жылы қайталатындығы айтылады. Ислам ғұламаларының басым көпшілігі Рамазан айының жиырма жетісін Қадір түні деп қабылдайды.

материал «Мәңгі мұғжиза» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: