26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадір түні Рамазанның қай түніне жасырылған?

Қадір түні Рамазанның қай түніне жасырылған?

Ораза

Қасиетті Рамазан айының іргемізден алыстауына аз ғана уақыт қалыпты. Мәртебелі айдың ендігі санаулы күндері барша мұсылман үшін сауапты молынан жинайтын құнды мүмкіндік болып тұр. Өйткені мүбәрак айдың соңғы он түнінде «мың айдан да қайырлы» Қадір түні жасырылған.

Құран Кәрімнің «Қадр» сүресінде: «Күдіксіз, біз оны (Құранды) қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін сен қайдан білмексің! Қадір түні мың айдан да қайырлы. Сол түні Раббыларының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі. Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады» делінген. Осы жердегі «Ләйлатуль-қадр» сөзі қазақ тілінде «Тағдыр түні» дегенді білдіреді. Яғни, бұл түні пенденің тағдыры  періштелерге мәлім болып, адамдардың бір жылдық өмірі, ризық-несібесі белгіленеді. Сондықтан да болар, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадистерінде әр мұсылманның Қадір түнін қалт жібермей жан-тәнімен Аллаға құлшылық қылып, істеген күнәлары үшін кешірім сұрап, жалықпай дұға ету керектігін айтып кеткен.

83 жылдық құлшылықтың сауабына асыққан әрбір жан Қадір түнін мінәжатпен өткізуді қалайды. Ол үшін әрине қадірлі түннің қашан болатынын білуіміз керек. Алайда Құран Кәрімде қасиетті түннің Рамазан айының қай бөлігіне сәйкес келетіні жазылмаған. Ал, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадистер Қадір түнінің уақытын аңғартады, бірақ «мына күні» деп дөп басып көрсетпейді.

Мәселен, Убада ибн Самит (р.а) былай дейді:

"Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Қадір түнін хабарлау үшін көпшілік ортасына шықты. Сол кезде сөзге келіспей жанжалдасып тұрған екі мұсылман кісіні көріп қалады да:

- Мен сендерге Қадір түнін хабарлау үшін шыққан едім. Алайда пәленше мен түгенше тартысып жатыр екен. Сөйтіп маған Қадір түні ұмыттырылды. Бәлкім, бұл сендер үшін – қайырлы. Енді тоғыздан, жетіден, бестен  ұстаныңдар(тақ күндерге көңіл бөліңдер)," - дейді. (Бухари).

Ал, Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман айтты: «Мен Әбу Саид Әл-Худриден (р.а) Пайғамбардың (с.ғ.с) Қадір түні жайында қандай да бір нәрсе айтқанын естіген бе едің?» – деп сұрадым. Әбу Саид Әл-Худри (р.а) былай деп жауап берді: "Иә, біз пайғамбарымызбен (с.ғ.с) Рамазанның ортасындағы он күнінде иғтикаф жасап, одан жиырмасыншы күннің азанында шықтық. Сол кезде пайғамбарымыз бізге хұтба айтты. Хұтбасында: «Маған Қадір түні көрсетілді. Алайда мен ол күнді ұмытып қалдым. Рамазанның соңғы он күнінің тақ сандарына назар салыңдар. Мен түсімде балшықтың үстінде сәжде жасап жатқанымды көрдім. Кімде-кім Алла елшісімен иғтикаф жасаған болса, иғтикафқа қайта оралсын,» –деді.Сөйтіп, біз мешітке оралдық. Аспан шайдай ашық еді. Бұлт  үйіріліп, жаңбыр жауып кетті. Намаз оқыдық. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) жаңбырдан лайланған жерде сәжде жасады. Кейін Расулулланың маңдайы мен мұрнының ұшына балшықтың ізі жұққанын көрдім."

Осы жəне осы мəндес Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистерін талдай отырып ғұламалар Қадір түні Рамазанның соңғы он түнінде əсіресе тақ түндеріне сəйкес келуі мүмкін екенін айтады. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыздың өзі де (с.ғ.с.) Рамазан айының соңғы он күнін мешітте иғтикафта өткізген.

Ал, Ислам ғұламалары «Қадір түнін» Рамазан айының 27-ші жұлдызына сәйкес келеді деп есептейді. Бұл болжамның да өзіндік дәлелдері бар. Қадір түні жайлы айтылған Құрандағы "Қадір" сүресі отыз сөзден тұрады. Бұл рамазан айының отыз күні іспетті. Ал сол аталмыш сүредегі қадір түнін нұсқайтын "һиа" сөзі сүренің жиырма жетінші сөзге тура келеді. Ал, "Қадір" сүресіндегі қадір түні деген мағынаны беретін арабша "лайлатуль қадр" сөзі тоғыз əріптен тұрады əрі бұл сөз сүренің үш жерінде кездеседі. Тоғызды үшке көбейтсек, жиырма жеті шығатыны белгілі. Осы екі математикалық тəсілді қолданып ғалымдар Қадір түнін Рамазан айының жиырма жетінші түніне сəйкес келуі мүмкін дейді. Бұл бір жағынан Қасиетті Құран аяттарының керемет математикалық дəлдікпен орналасқанын білдірсе керек. Дегенмен Қадір түнінің нақты қай түн екені Құран мен сүннетте нақты белгіленбегендіктен Қадір түнін әр түннен іздеп, күтіп, үміт етіп құлшылықпен өткізген ләзім.

ummet.kz

Бөлісу: