26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадір түні: ең маңызды 7 сұраққа жауап

Қадір түні: ең маңызды 7 сұраққа жауап

Ораза

Қадір түніне байланысты жиі кездесетін жеті сұраққа жауап:

1.    Қадір түні қашан болады?

Қадір түні – Рамазан айының соңғы он түнінің бірі. Яғни, он түннің бірінде жасырылған. Ал жиырма жетінші түн – Қадір түні болуы ең ықтимал түн.

 

2.    Қадір түнінде міндетті түрде ұйықтамау керек пе?

Қадір түні мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, дұрысы, дұға-тілек жасап, адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беріп, мешітке барғаныңыз абзал.

 

3.    Қадір түні қай уақыттан басталып, қай уақытқа дейін жалғасады?

Ол күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады. 

 

4.    Қадір түні Қыдыр ата келе ме?

Қадір түні де, басқа түні де Қыдыр ата келмейді. Ол – қате түсінік. Қадір түнін дұға, тілек, құлшылықпен өткізген адамға бір жыл бойы береке-бақыт, байлық, ырыс-несібе келеді.

 

5.    "Қадір" деген сөздің мағынасы қандай?

Қадір деген сөз "қадірлі" деген жəне "өлшем", "тағдыр" деген мағыналарды береді. Ол сөздер бұл түннің аса қадірлі екенін жəне адамның бір жылдық тағдыры өлшеніп берілетін сəт екенін білдіреді.

 

6.    Қадір түні дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қою керек пе?

Қадір түнінің құрметіне дастархан жаю керек емес. «Үйге жақсылық кіреді» деп есік-терезелерді ашып қою да қате түсінік. Керісінше, Алла сіздің дұға жасап, намазға жығылып, кешірімді, мейірімді адамға айналғаныңызды қалайды. Бұл түні сізден өзгеріп, мүлде жақсы адамға айналғаныңызды күтеді. 

 

7.    Қадір түнгі ең жақсы амал қандай іс?

Қадір түнгі ең жақсы амал – Құран оқу, аудармасын оқып, мағынасын түсінуге ұмтылу. Сосын намаз оқу, ата-ананы қуанту.

ummet.kz

Бөлісу: