26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазанға дейін жасалуы керек амалдар

Рамазанға дейін жасалуы керек амалдар

Ораза

Қасиетті Рамазан айына 16 күн қалды. Алла разылығы үшін бір ай бойы ораза ұстауға тиянақты түрде дайындалу аса маңызды. Бүгін Рамазан айы келгенше тындырып қоюымыз керек істер туралы әңгіме өрбітеміз:

1. Оразаның қаза болған күндерін өтеп, қарыздарымыздан құтылу

Тақуалардың анасы Айша анамыздың (р.а.) былай айтқандығы келтірілген:

«Менің өткен Рамазаннан ұсталмай қалған қаза күндерім болатын еді, мен сол күндерімді Шағбан айында ұстайтынмын» [Бұхари, № 1849; Мүслим, № 1146]. Хафиз Ибн Хаджар бұл хадиске келесідей түсініктеме берген: «Айшаның (р.а.) ыждаһатынан Рамазан айында қаза болған оразаның күндерін келесі Рамазан айы келгенше өтеу қажет екендігін көреміз” [Фатхуль-Бари, жуз 4, 191 б.]. Шағбан айында біздің амалдарымыздың Алла Тағалаға көтерілетінін есімізден шығармайық.

2. Ораза ұстаудың қасиеттеріне байланысты ұйғарымдармен танысу

Рамазан айының алдында ораза ұстауға қатысты барлық шарттармен, қағидалармен – кімдерге ораза парыз етілген, оразаны бұзатын амалдар, адам қай кезде ораза ұстаудан босатылады және т.б. міндетті түрде танысу керек.

3. Рамазан айына дейін барлық істерді тәмамдап қоюға тырысу

Бірінші кезекте, егер сіздің денсаулығыңызда бір ақау болатын болса, онда міндетті түрде білікті дәрігерге қаралуды ұсынамыз. Сондай-ақ, Рамазанға дейін қажетті емдеуден өтіп алу қажет, мысалы үшін, тіс дәрігеріне көріну, өйткені кейбір процедуралар оразаны бұзуы мүмкін. Физикалық жүктемені талап ететін істерді және алыс жолға сапарға шығуды ораза келгенше тәмамдап алуға тырысу қажет.

4. Отбасының кішкене мүшелерін ораза ұстауға баулу

Балалары бар отбасында Рамазанға дейін және Рамазан кезінде тиісінше жағдай жасап отырған жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және оразаның қасиеті туралы айту балаларға дініміз туралы көбірек мағлұмат алуға көмектеседі. Сондай-ақ, бұл ай балаларды Құран оқу мен намаз оқуға үйретудің ең жақсы мүмкіндігі болып табылады.

5. Рамаза айында оқитын кітаптарды әзірлеп қою

Мүміндерге Қасиетті Құранды көбірек оқу ұсынылады. Салама ибн Кухайл былай айтқан: «Шағбан айы –  Құранды оқып-үйрену айы». Ал Амр ибн Кайс Шағбан айы келісімен шағын дүкенін жауып, Қасиетті Құранды оқуға кірісетін болған екен.

Сол себепті қасиетті Рамазан айына дайындалуға асығайық, өйткені Алла Елшісі (с.ғ.с) мен сахабалар өздерінің үлгісімен оразаға дайындалудың маңыздылығын көрсетіп кеткен.

Егер сіз Құранды оқи алсаңыз, онда тәжуид қағидаларын есіңізге түсіріңіз, ал егер өздігіңізден Құранды оқи алмасаңыз, онда жуырда Құранды оқып-үйренуді жоспарлаңыз. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаянымен танысыңыз. Сондықтан осы кезден бастап Рамазан айының соңына дейін оқылатын кітаптардың тізімін анықтап қойыңыз. Бұл уақытыңызды анағұрлым пайдалы өткізуге септігін тигізетін болады.

ummet.kz

Бөлісу: