26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

17. Оразаны бұзбайтын іс-әрекеттер

Ораза

 

Жоғарыда оразаны бұзатын іс-әрекеттер мен оразаның қазасын өтеу жайында айтылған болатын. Ендігі кезекте оразаны бұзбайтын іс-әрекеттер жайында айтсақ дұрыс болады. Оған мына іс-әрекеттер жатады:

1. Ұмытып ішіп-жеу. Мұндай жағдайда ораза екені есіне түскен адам ішіп-жеуден тыйылуы тиіс. Біреудің ұмытып тамақтанып жатқанын көре тұрып оны ескертпеу – мәкрүһ тахрим.[1] Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Сендерден оразада ұмытып iшiп-жеп қойған адам оразасын толықтырсын. Бұл – Алла Тағаланың оны тамақтандырып, сусындатқаны»,-деген.[2]

2. Ихтиләм[3] болу. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Үш нәрсе оразашының аузын ашпайды.[4] Ол: қан алдыру, құсу және ихтиләм».[5] Ораза ұстаған адам күндіз ұйықтап, ихтиләм болған халде оянған жағдайда бастан-аяқ толық жуынып, оразасын жалғастырады. Бұл жағдайда оның оразасы бұзыл-майды.[6]

3. Қан алдыру. Жоғарыда айтылған хадис қан алдыру мәселесіне де қатысты.[7] Біреулер: «Оразада қан алдырса ораза бұзылады»,-деген айтқанның ешбір негізі жоқ. Мысалы, анализ үшін қан алдырудың не зияны бар?!

4. Ұрықтың еріксіз шығуы.[8]

5. Шәһуетсіз сүю.[9]

6. Сүрме жағу.[10]Айша анамыз[11] (родиял-лаһу ъанһа) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ораза бола тұрып көзіне сүрме жағатын».[12] Оразада сүрменің қай түрін болмасын пайдалануға рұқсат. Мұның мәнісі: көз арқылы денеге ештеңе кірмейді. Бұл мәселе көзге дәрі тамызуға да қатысты.[13]

7. Тамаққа еріксіз түтін, шаң-тозаң, шыбын-шіркейдің кіруі. Себебі, осы айтылғандардың ауыз, мұрынға кіруінен сақтану мүмкін емес.[14]

8. Бетті жуғанда немесе терлегенде ауыз, мұрынға бет-тегі судың кіруі.[15]

9. Жүзгенде немесе шомылғанда құлаққа судың кіруі. Себебі, шомылу – қажеттілік. Сонымен қатар, құлақты тазалау да оразаны бұзбайды.[16]

10. Тістің арасындағы бұршақтан кішкентай нәрсені жұту.[17]

11. Ерінді жалау.[18]

12. Еріксіз ауызды толтырып құсу. Бұл жағдайда құсық ішке кетпеуін қадағалаған жөн.[19]

13. Өзін зорлап құстырған жағдайда ауыз құсыққа толмаса. Адам ауыздағы құсықтың себебінен сөйлей алмайтын болса, ауызды толтырып құсқан болады. Ханафи ғалымдары[20] оразада өзін зорлап құстыру мәселесіне қатысты түрлі пікір айтқан. Мәселен, Имам Әбу Юсуф: «Ауыз құсыққа толмаса ораза бұзылмайды»,-десе, Имам Мухаммад[21] бұзылатыны жайында айтқан.[22]

14. Бойы дәретсіз,[23] яғни ерлі-зайыптылар жыныстық қатынаста болған халде таң атыру. Оразада тәуліктің ауыз бе-кітетін мезгілінде болмаса, күн батқаннан таң атқанға дейінгі ара-лықта ішпі-жегенге, ерлі-зайыптылар қосылуына рұқсат етіледі.[24]

Айша анамыз бен Умму Саләма анамыз[25] (родиял-лаһу ъанһума) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бойы дәретсiз халде таң атырса шомылатын, кейiн ауыз бекiтетiн».[26]

Бойы дәретсiз халде таң атырған адам сәресi iшкенге уақыты аз болған жағдайда алдымен сәресi iшiп, кейiн шомылып ауыз бекiтсе болады.

15. Ауыз ашуды ниеттеніп тұрып, алайда бір себептермен аузын ашпаса.[27] Мысалы, сапарға шығам деп тұрып, шықпай қалса.

16. Ғайбат[28] сөз айту.[29]

17. Түкірік жұту.[30] Себебі, түкірік сырттан келмейді. Ауыздан шыққан түкірікті жұту, ол – басқа мәселе.[31]

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 



[1]яғни, харамға жақын. «Тахрим» сөзі «тыйым салынған» деген мағынаны білідреді. Шариғатта «тахрим» деп харамға жақын амалды айтады. Мысалы, үтір уәжіп намазын оқымау. Мәкрүһ тахримнің үкімі: оны істеуші харамды істегендей болып, жазаға лайық болады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[2]«Сахихүл-Бухари».

[3]ихтиләм – ұйықтап жатқанда ұрықтың шығуы.

[4]яғни, оразасын бұзбайды.

[5]«Тухфатүл-Ахуази».

[6]«Әл-Фиқһ».

[7]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[8]Бұл да сонда.

[9]Бұл да сонда.

[10]Бұл да сонда.

[11] Айша анамыз (родиял-лаһу ъанһа) – Пайғамбарымыздың с.ғ.с. зайыбы. Пайғамбарымыздың с.ғ.с. зайыбына қатысты «ана» деп айту – Қасиетті Құран Кәрим талабына еру. Жаратушы Ие Құранда Расулуллаһтың с.ғ.с. әйелдерін «ана» деп атаған. Осы себептен Нәбидің с.ғ.с. зайыбына қатысты «ана» деп айту – мұсылмандық әдепке жатады. Бір сахаба (родиял-лаһу ъанһу) Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) әйелі қайтыс болғаны жайында хабарлағанда Ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу) тікелей сәждеге жығылды. Біреу одан мұның себебі жайында сұрағанда, ол: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) басымызға бір қайғы түссе намазға жығылуды бұйырған еді. Уммүл-Му`минин, яғни мүминдердің анасы қайтыс болғаннан артық қайғы бола ма?»,-деп жауап берген болатын.

[12]«Сунәну Ибн Мажәһ».

[13]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[14]Бұл да сонда.

[15]Бұл да сонда.

[16]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[17]Бұл да сонда.

[18]Бұл да сонда.

[19]Бұл да сонда.

[20]яғни, Әбу Ханифа мазһабының ғалымдары.

[21]Имам Әбу Юсуф және Имам Мухаммад – Имам Әбу Ханифаның шәкірттері.

[22]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[23] дәретсіздіктің екі түрі болады. Ол: дәретсіздіктің жеңіл және ауыр түрлері. Жеңіл дәретсіздікке мысалы, адамның қиы немесе несептің шығуы. Бұл жағдайда сумен дәрет алынады, су жоқ болса таяммум арқылы тазарады. Дәретсіздіктің ауыр түріне мысалы, ихтилам (ұйықтап не ояу кезде ұрықтың шығуы) жатады. Дәретсіздіктің ауыр түрінен тазару үшін дәрет алу жеткіліксіз. Міндетті түрде ғұсыл (шомылу) қажет.

[24]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[25] Умму Саләма анамыз (родиял-лаһу ъанһа) – Пайғамбарымыздың с.ғ.с. зайыбы.

[26]«Сунәнүт-Тирмизи».

[27]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[28] араб тiлiнде бiреудi жамандау «ғойбатун» деп айтылады. Қазақ тіліндегі ғайбат сөзі дәл осы «ғойбатун» сөзінен туындап, әдетте «бiреудi жамандау» ұғымында «ғайбаттау» немесе «ғайбат сөз айту» үлгiсiнде қолданылады. «Ғайбат» сөзiнiң тiлдiк және шарғи мағынасына келер болсақ, ол: бiр адам екiншi адам жайында айтқан уақытта, оның кемшiлiктерiн әңгiме ету деген мағынаны білдіреді. Аллаһ Тағала Қасиеттi Құран Кәримде бiр адамның екiншi бiреудi ғайбаттауына қатысты: «Бiр-бiрiңдi жамандамаңдар. Сендердiң бiрiң өз бауырының етiн жеуiн қалайды ма?»,-деген («Хужурат» сүресi, 12 аят). Демек, ғайбат сөздi айту – адам етiн жеумен тең. Ислам жеке тұлғаның абыройын, ары мен намысын дүниедегi барлық нәрседен, тiптi Кағбаның қасиеттiлiгiнен де жоғары қойып, адамның басқаларды жамандау әдетiн, оның бойындағы адамгершiлiк және саналық қасиеттерiнiң төмендiгiмен түсiндiредi. Хадис мәселесіне келер болсақ, Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм): «Аллаһ Тағалаға және Қиямет күнiне иман келтiрген адам қонағын құрметтесiн. Хақ Тағалаға және Қиямет күнiне иман келтiрген адам көршiсiне зиянын тигiзбесiн. Аллаһ Тағалаға және Қиямет күнiне иман келтiрген адам жақсы сөз айтсын немесе үндемесiн»,-деген. («Сунәну Әби Дауд»)

[29]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[30]Бұл да сонда.

[31] «Ораза дұрыс болудың екінші шарты» тақырыбын қараңыз.

Бөлісу: