26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

10. Кәффарат түрлері

Ораза

Ораза қазасы кәффарат мәселесімен тығыз байланысты болу себебінен кәффарат, яғни шариғатқа қайшы амалдың өтемі жайында әңгімелеп кетсек дұрыс болады.

Шариғат саласында «кәффарат» сөзі негізінен «төлем», «өтем» мағыналарында пайдаланылады.[1] Сонымен қатар, шариғатта зекетке берілетін мал-дүниенің түрі мен көлемі баян етілгендей, әрбір шариғатқа қайшы, дәлірек айтқанда қате не болмаса күнә істің кәффарат жолдары қарастырылған.

Ораза мәселесіне келер болсақ, оның кәффараты үш жолмен өтеледі. Ол:

1. Құлды азат ету. Бұл жағдайда құлдықтан азат етілетін адамның мұсылман болуы шарт емес.[2]

2. Құлды азат еткенге шамасы жетпесе екі ай үздіксіз ауыз бекітеді.[3]Ораза кәффаратын осы жолмен өтейтін адам алдымен қаза болған күндерін өтеп, кейін артынша екі ай ауыз бекітеді. Мәселен, бір күні қаза болса, алпыс бір күн, екі күні қаза болса, алпыс екі күн ораза ұстайды. Бұл мерзім айт және ташриқ күндеріне[4] сәйкес келмеуі тиіс. Әйел адам кәффаратын өтеген жағдайда оразасын хайз күндерінде үзіп, кейін тазарған күннен жалғастырады. Сонымен қатар, кәффаратын өтеп жатқан адам құлды азат еткенге шамасы келіп қалған жағдайда оразасын тоқтатып, құлды азат етеді. Бұл жағдайда оның құлды азат еткені алпыс күннің орнын басады.[5]

3. Әлсіздігі немесе ауруы себебінен алпыс күн бойы ауыз бекітуге шамасы жетпеген адам алпыс міскінді[6] тамақтан-дырады.[7] Тамақтың мөлшері ретінде таңертеңгі және кешкі астың мөлшерінде алынады. Мұндай жағдайда бір уақытта алпыс міскінді тамақтандыру шарт емес. Уақыт және санын бөліп-бөліп толықтырса да болады. Мысалы, бір жағдайы келгенде он адам-ды, кейін тағы бір жағдайы келгенде жиырма адамды тамақтан-дырады. Сонымен қатар, бір адамға алпыс күн бойы алпыс адамға берілетін асты, не болмаса алпыс күн тамақтың ақшасын берсе болады.[8] Айналып келгенде кәффараттың алпысын толтырса болғаны.

Кәффаратқа берілетін астың мөлшеріне келер болсақ, біріншіден: ол міскін тоятындай мөлшерде болуы тиіс. Екінші-ден: шариғат бойынша оның құны жарты саъ[9] бидайдың немесе бір саъ[10] құрма, арпаның құнымен тең келуі тиіс.[11]

Жоғарыда айтылған кәффарат тәртібі Имам Муслим Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадиске негізделеді. Әбу Һурайра (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Нәбиге (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір адам келіп: «Уа, Расулуллаһ с.ғ.с.! Мен құрыдым»,-дегенде, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Не істеп қойдың?»,-деді.

- Рамазан айы бола тұрып күндіз әйеліммен жақын-дасып қойдым.

- Құлды азат ете аласың ба?

- Жоқ.

- Екі ай бойы үздіксіз ауыз бекіте аласың ба?

- Жоқ.

- Алпыс міскінді тамақтандыра аласың ба?

- Жоқ.

Осы сөзден кейін әлгі адам отырып Нәбиді (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) күтті. Бір кезде Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір ыдысқа салынған құрманы алып келіп: «Мынаны садақа етіп бер»,-деген еді, әлгі адам: «Мадинаның төңірегінде бізде аш жанұя жоқ»,-деді. Сонда Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тістері көрінетіндей дәрежеде күлімсіреп: «Ондай болса бар да, жанұяңды тамақтандыр!»,-деді».[12]

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 



[1]қар. «Мәида» сүресі, 89 аят.

[2]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[3] Бұл да сонда.

[4] Зул-Хижжа айының бес күні, яғни Арафа күні мен кейінгі Құрбан айтының үш күні «Аййамут-Ташриқ» (ташриқ күндері) деп аталады. Бұл күндері парыз намаздарынан кейін ташриқ тәкбирі айтылады. Дәлірек айтқанда тәкбирдің айтылуы Арафа күнінің таң намазынан басталып, айттың төртінші күнінің аср намазына дейін созылады. Ташриқ тәкбирі: «Аллоһу әкбар, Аллоһу әкбар. Лә иләһә илләл-лоһу, уоллоһу әкбар. Аллоһу әкбар уа лилләһил-хәмді». Ташриқ тәкбирін айту ер кісілерге - уәжіп. Әйел және мусафирге шарт емес. Алайда, мусафир муқим кісіге ұйыса, оған ташриқ тәкбирін айту уәжіп болады. Ташриқ тәкбирі жалғыз да, жамағатпен де оқылған парыз намазында сәлем бергеннен кейін бір рет айтылады. Жамағат ер-әйел аралас болған жағдайда әйелдер тәкбирді ерлерге естіртпей төмен дауыспен айтады.

[5]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[6]яғни, қаріп-қасер, кембағалды.

[7]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[8]Бұл да сонда.

[9]саъ – 4,375 килограмға тең салмақ өлшемі. Жарты саъ – 2187,5 гр.

[10]4,375 килограм.

[11]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[12]«Сахиху Муслим».

Бөлісу: