Мейірімді де рахымды Раббымыз, бізге берген нығметтеріне шүкіршілік ету белгілері ретінде, адам баласын ықыласты түрде Өзіне құлшылық етуге бұйырады. Әрине, біз қанша амал жасасақ та толыққанды шүкіршілік білдіре алмаймыз.
Бірақ, шынайы ниетпен дұрыстығына мән бере отырып, ғибадаттарды орындау арқылы, Алланың қалауымен жақсылыққа қол жеткіземіз.
Исламның бес негізінің бір намаз. Намаздардың ішінде аптасына бір рет оқылуы керек ол- жұма намазы. Бұл намаз жұма күні бесін намазының орнына оқылатын, екі ракағатты парыз намазы. Екі рет азан шақыру да осы намаздың ерекшеліктерінің бірі. Бірінші азан шақырылғаннан кейін, намаздың төрт ракағат сүннеті оқылады. Екінші азан шақырылғаннан кейін, имам екі құтпа оқиды. Қамат түсіріліп, намаздың екі ракағат парызы, артынша төрт ракағат сүннеті оқылады.
Әуелгіде — Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұсында бір рет азан шақырылған. Бұл сүннет кітаптарында келген және барша ілім иелеріне белгілі жайт. Екінші азанды шақыру Халифа Осман заманынан басталған. Исламды қабылдаған мұсылмандар саны өсе келе жұма намазының азанын естімей қалу және намазға кешігу де көбейген. Сол себепті Халифа Османның басшылығымен бірінші азан арқылы намаздың уақыты кіргенінен халықты хабардар етіп, жамағат жиналғаннан кейін екінші азанды шақыру бекітілген. Одан кейінгі Халифа Әли және Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ардақты сахабалары да бұл істе халифаға ерген. Бұл амал Осман халифаты және одан кейінгі кезеңдерде орын алды. Бұл шешім өзге де өңірлердегі мұсылмандарға таралып, тәжірибе ретінде сақталып қала берді.
Сондықтан жұма намазында екінші рет азан шақырудың ешқандай айыбы жоқ. Осман халифа екінші азан шақыруды мұсылмандарға деген шынайы ниетімен бекіткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) имам әт-Тирмизидің кітабында риуаят етілген хадис шәріпте: «Менен кейін өмір сүргендер көптеген келіспеушіліктер мен дау-дамайға куә болады. Сендер менің сүннетімнен және әділ де тура жолға бастаушы халифаларымның (алғашқы 4 халифа) сүннетінен мықтап ұстаныңдар. Оларға азу тістеріңмен жармасқандай екі елі айрылмаңдар», - деп ескертіп айтқан.
Жұма намазында екінші рет азан шақыру әһли сунна уәл-жамаға тарапынан қабылданған және олар одан бұл тәжірибеден ешбір қателік көрмеді, өйткені бұл тура жолдағы халифалар Осман мен Әлидің және сахабалардың тәжірибесінің бір бөлігі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- ФиқҺ әл-ғибадат [Мәтін] : (ханафи мазһабы негізінде) / ; араб. ауд. құраст. Р. Мухитдинов – Алматы : Кәусар-саяхат, 2014. - 526 б.
- Ислам ғылымхалы [Мәтін] : (Ханафи мәзҺабы бойынша) / М. Исаұлы Қ. Жолдыбайұлы – 2-ші басылым – Алматы : Алтын қалам, 2005. - 408 б.
- https://www.muftyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2015-01-06/20732-abyilbek-zhmabekov-ran-hadis-zhne-pajambar-snnet/
Айгерім Қадыл,
«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің ұстазы