26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сәждеде қазақша дұға етуге бола ма?

Сәждеде қазақша дұға етуге бола ма?

Намаз

Сәждеде үш рет «сүбхана раббиял аъля» деп айтқаннан кейін, тілеуіңізді Алладан қазақ тілінде сұрағыңыз келсе, мынаны ескергеніңіз жөн:

  • Ететін дұғаңыз мазмұны жағынан Құранда айтылған дұғаларға ұқсас болуы керек. Дәлірек айтқанда, тек Алладан ғана сұралуы мүмкін нәрселерді сұрауыңызға рұқсат, мұндай дұғалар Намазды бұзбайды. Мысалы: Уә Раббым, мені кешіре гөр; Жаратушы ием, мені пейішке кіргіз; Қабірімді нұрландыр; Мені ырзықтандыр, сен Раззақсың; Мені шыншылдардан, шүкір етушілерден ете гөр; Қабір азабынан сақта; Шипа бер, сен Шәфисың т.б. .
  • Ал егер тілегіңіз, адамдардан да өтініп сұрауға болатын нәрселерді қамтитын болса, мұндай тілектер намазды бұзады. Мысалы: Уа Жасаған, мені пәленшеге үйлендір; Мені киіндір; Менің қарызымды өтеп бер т.б. [1]. 

Дұғаның адам сөзіне ұқсамауы керек дегенге хадистен дәлел келтірер болсақ,  Мұъауия ибн әл-Хәкәм әс-Сәләми атты сахабадан риуаят етілген бір хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.у):«...Намазда ешқандай адам сөзі болмауы керек. Шындығында намаз – Алланы пәктеу, Оны ұлықтау және Құран оқудан тұрады», - деп айтты[2]. 

Имам Мұхаммедтен[3] (р.а.) бір шәкірті:
- Намазда Алладан ырзық, аман-саулық  тілесе, бұнысы намазды бұза ма? ­- деп сұрайды.
Сонда Имам Мұхаммед:
- Жоқ, бұзбайды, - деп жауап береді.
Шәкірті:
- Ал егер, «Уә Жасаған, мені киіндір, мені пәленшеге үйлендір» деп тілесе ше?», - деп тағы сұрайды.
Имам Мұхаммед:
- Бұл бұзады...Егер намазда жасалған дұға Құран аятынан алынған болса, немесе Құрандағы айтылған дұғаларға ұқсас болса, намазды бұзбайды. Намазды бұзатын дұғалар ол – адамның сөзіне ұқсайтын дұғалар», - деп жауап береді[4].

Жоғарыда айтылған үкімдер тек намаз ішіндегі сәтке байланысты. Намаз сыртында қалаған нәрсеңізді Алладан өз тіліңізде тілеуіңізге болады.

 

[1] Ибн Мәзәһ әл-Бухари: әл-Мухыт – 1/185 бет; Фәтәуә әл-Һиндия – 1/111 бет; Мұндай тілектеріңіз тілде емес тек көңіліңізде болса, ол намазды бұзбайды
[2] Сахих Муслим: «Бәбу тахримул кәләм фис сала», №537 хадис.
[3] Ұлық Имам Әбу Ханифаның шәкірті,   шариғат ғылымында «Мүжтәһид» дәрежесіндегі ғұлама. Алла оған разы болсын!
[4] Имам Мұхаммед ибн әл-Хасан әш-Шәйбәнаи:Китабуль Асл – 1/194-195 бет, Әбу Суләймән әл-Жүзжәнидің нұсхасы.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: