26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әйелдердің намаз оқу ерекшеліктері

Әйелдердің намаз оқу ерекшеліктері

Намаз

Әйел баласы мен ер кісілердің намаздарының арасында бірнеше өзгешеліктер бар.

Атап айтсақ, әйелдер ер кісілер сияқты азан шақырып, қамат түсірмейді.

Бет-жүзі мен білезігіне дейінгі денесінің қолынан өзге жері жабық болады. Әйел адам үшін мешіттен гөрі үйде отырып, намаз оқығанның сауабы мол. Әйелдердің намаздағы өзге қимылдары да олардың жаратылысы мен табиғатына сай діннің үкімдерімен үйлесім табатынын айта кету керек.

Әйелдердің киімі ашылып қалмасы үшін әрі дене мүшелерінің киім сыртынан сыртқа теуіп, көзге оттай басылып, өзгелердің назарын аудармауы үшін намаздағы іс-әрекеттерінің барынша жинақы болуы басты назарға алынған. Мысалы, тәкбірде қолды құлақ тұсына дейін көтергенде жеңі сырғып төмен түсетіндіктен білектерінің ашылып қалу қаупі бар. Сондықтан, олар қолдарын көкірек тұсына көтереді. Сонымен қатар, қолдарын көкіректеріне байлау арқылы да омырауларын қосымша көлегейлеген болады. Ендеше, ардақты Алла елшісінің (с.а.у.) «Менің намаз оқығанымдай намаз оқыңдар» деген хадисін негізге алып, әйелдер де дәл еркектер тәрізді намаз оқуы керек, деп, үстірт ұқпауымыз керек.

Исламдағы төрт мәзхаб ғалымдарының басым көпшілігінің берген пәтуасы бойынша әйел баласының намаздағы қимылдарының еркектер сияқты еркін емес, жинақы болуы маңызды. Мәселен, Мәліки мәзһабында әйелдің намаздағы қимылдарының бәрі жинақы болуға тиіс.

Ханбалидағы мәзхабында да дәл солай. Ибн Құдама «әл-Муғни» атты еңбегінде әйелдің намазындағы ерекшелігі жайында былай дейді: «Намаздағы ер кісілерге қатысты үкімдер, негізінде, әйелдерге де қатысты. Бірақ, әйел баласы рукуғта, сәждеде өзін жинақы ұстайды. Ал, отырыста малдас құрып (мүтәраббиға) немесе сол жағына қарай жамбастай отырады».

Шафиғи мәзһабында әйелдің намаз қимылдарында төрт жерде өзгешелігі бар:

1. Рукуғта бір тізесін екінші тізесіне, бір аяғын екінші аяғына тигізе тақайды. Сәждеде де екі тізесі мен екі аяғының арасын ажыратпайды, қарны санына тиіп тұрғаны жөн.

2. Еркектер жария оқитын намазды жария, іштен оқитын намаздарды іштей оқиды. Әйелдер бөгде еркектердің жанында намаз оқитын болса, дауыстары естіл-мейтіндей етіп бәсең оқиды.

3. Намаздарына кедергі келтіретін қандай да бір жағдай туса, ер кісілер «Субханналлаһ» десе, әйел адам оң қолының алақанымен сол қолының сыртынан шапалақ ұрады.

4. Намазда ерлердің әурет жері саналатын кіндік пен екі бұттың арасы, ал, әйелдердің қолы мен бет-жүзінен өзге жері бүркеулі болуы тиіс. «Әссунәнуль Кубра» атты хадис жинағының авторы хадисші әл-Байһақи әйелдің қимылы жайында: «Әйелдің намаздағы қимылдарындағы өзгешілік жинақылыққа негізделген. Әйел кісі намазда жинақылыққа ең лайық қимылды орындауға бұйырылды», – дейді.

Ендеше, Ханафи мәзһабымен қоса өзге үш мәзһабтың үшеуінде де әйел кісінің намаздағы қимылдары жинақылыққа негізделгендігі бірауыздан мақұлданған.

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: