26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намазда аяқты аяққа тигізіп тұру міндет пе?

Намазда аяқты аяққа тигізіп тұру міндет пе?

Намаз

Ислам діні үнемі мұсылмандарды тәртіпке, бір жүйелілікке, реттілікке шақырады. Рухтың бірлігіне көңіл аударғаны тәрізді сыртқы көрініске де аса мән береді. Себебі сыртқы көріністегі шашыраңқылық рухтың, ішкі әлемнің де сондай бытыраңқы күйге түсуіне әкеп соғады.

Ал ішкі дүниенің бейберекетсіздігі сыртқы көрініске де кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан Алла елшісі намазда саптың түзу әрі арада бос жер қалмауына, алдыңғы сап толмай жатып келесі қатарға тұрмауға көңіл бөлетін. Бұл жайлы мына хадистерге назар аударайық: «Саптарыңызды түзу ұстаңыздар. Саптыңтүзулігі намаздың көркемдігінен болмақ».

«Жабир ибн Сумрадан риуаят етілді.«Алла елшісі біркүні бізге: «Періштелердің Раббыларының құзырында сапқа тұрғанындай сапқа тұрмайсыңдар ма?» - деді. Біз: «Уа, Алланың елшісі, періштелер Раббыларының құзырында сапқа қалай тұрады?» - деп сұрадық. Алла елшісі: «Алдыңғы қатарларды толықтырады (сосын ғана келесі қатарға тұрады) және сапта бір-бірімен тығыз (жақын) тұрады» деп түсіндірді. Ибн Омардан риуаят етілді. (Алла екеуінен разы болсын!).

Алла елшісі былай деді: «Саптарыңды түзу ұстаңдар, иықтарыңды бір қатарға келтіріңдер, бос орындарды жабыңдар. Араларыңдағы бос орынға кіруге ниеттенген кісіге иықтарыңды жинау арқылы немесе сапты түзеуге әрекет еткен адамның қолын итермеу арқылы оларға жұмсақтық көрсетіңдер.Шайтанға босорын қалдырмаңдар. Кім саптағы бос орынды толтыру арқылы сапты жалғастырса, Алла онымен жақсы қатынаста болады. Ал кім-де кім сапты үзсе, Алла да одан рақымын, нығметін үзеді» Бараа ибн Ъазибтан риуаят етілді. Ол былай деді: Алла елшісі (с.а.у.) саптардың ана жағынан мына жағына аралап жүріп кеуделеріміз бен иықтарымызды сипап көретін де былай дейтін: «Әр түрлі әрі шашыраңқы болмаңдар. Себебі соның салдарынан жүректерің әртүрлі болып кетеді. Алла алдыңғы қатардағыларға рақым етіп, дәрежесін көтереді. Ал періштелер оларға игі дұға тілейді».

Жоғарыда келтірілген риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.у.) намаз қатарларының түзу әрі жинақы болуына және алдыңғы қатар толмай жатып келесі сапқа тұрмауға қаншалықты көңіл бөлгендігін байқаймыз. Сондықтан мұсылмандар жамағат намазында осы мәселелерді үнемі қаперде ұстап, көп көңіл бөлулері қажет. Себебі саптың бұзылуы жамағат намазының сауабын кемітетін мәкрүһ амал. Бұл жайлы әр намаз алдында имамдарымыздың ескертіп отырғаны абзал.

Ал енді сұрақта көтерілген намазда иықты иыққа, тобықты тобыққа немесе аяқты аяққа тигізудің үкіміне тоқталайық. Ең әуелі тобықты тобыққа тигізу Алла елшісінің (с.а.у.) ешбір хадисінде тікелей талап етілмеген. Алла елшісі (с.а.у.) тек саптың түзу әрі жинақы болуын, арада бос орын қалмауын қадалаған. Ал арада бос орын қалдырмау – міндетті түрде қатар тұрған адамдардың иықтары мен аяқтары бір-біріне тиюі керек деген сөз емес. Аяқтар бір-біріне тимесе де, иықтардың бір-біріне жақын тұруы жеткілікі. Кейбір кісілер сахаба Нұғман ибн Бәшир және Әнәсибн Мәликтен келген риуаятты негізге алып аяқтарының арасын қатты ашуды сүннет деп ойлайды. Алайда аталмыш сахабалардың риуаяттарын талдаған уақытта бұл пікірдің қате екеніне көз жеткіземіз. Ендеше аз-кем осы риуаяттарға талдау жасап көрелік. Сахаба Нұғман Пайғамбарымыз «Саптарыңды түзеңдер» деп үш рет айтты..»,– дейді. Ал сахаба Әнәстің хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Саптарыңды түзеңдер, сөзсіз, мен сендерді артымнан да көріп тұрмын»,– деген. Бұл хадисті риуаят еткен соң сахаба Нұғман өз сөзімен «Шындығында, біздің арамыздан кей кісілер тобығын қатарластарының тобығына тигізетіндігін көретінмін...» десе, сахаба Әнәс бұл хадисті жеткізген соң «арамызда кейбіреуі» иықтары мен аяқтарын қатарлас адамға тигізетін...» деп өз сөзін қоса жеткізген. Аталмыш сахабалардың сөздерінен намазда аяқты алшайтып тұру керек деген үкім шықпайды. Үңіліп қараған адам мынадай тұжырым шығарады:

1. Сахаба Әнәс риуаят еткен хадисті Әбу Һұрайра дариуаят еткен. Алайда ол «аяқтарын тигізетін» деген сөз қоспаған. Ендеше, осы хадисті естіген Әбу Һұрайраның қасында тұрғандар аяқтарын тигізбейтін.

2.«Кейбіреуі» деген сөз сахабалардың барлығы аяқтарын тигізбегендеріне дәлел. Егер Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұйрығы болса, яки Өзі жасаған ісі болса өзге сахабалар да солай етер еді. Себебі Алланың елшісі (с.а.у.): «Менің қалай намаз оқығаныма қарап, сендер де солай оқыңдар»,- деген.

3. Сөйлем «тигізетін еді» және «көретін едім» деп өткен шақта қолданылған. Яғни, бұл сол кезден кейін ешкім бұл әрекетті қайталамаған. Бұл жайында әйгілі ғұлама хадисші Ибн Хажар әл-Асқалани (Хижри 773-852ж.) Сахих Бұхариге жазған түсіндірмесінде аталмыш сахаба Әнәс риуаят еткен хадиске түсініктеме беру барысында былай дейді: Әнәстің «арамыздағы кейбіреулер» деген сөзі аталмыш әрекет тек Пайғамбарымыздың заманында ғана болған дүние екенін айғақтайды».

4. Алла елшісінің (с.а.у.) ешбір хадисінде «аяқтарыңды бір-біріне тигізіңдер» деген сөздің жоқтығы бұл іс-әрекеттің шариғат талабы емес екендігін анық білдіреді.

5. Аталмыш хадистердегі сахабалардың сөздері саптың тығыз болуының қаншалықты маңызды екенін көрсету үшін айтылған. Сондай-ақ көрнекті ғалым Ибн Хажар Асқалани өзінің Бұхаридың «Сахихына» жазған «Фатхул бари» атты түсіндірмесінде жоғарыдағы Әнас ибн Мәлик пен Бәширибн Нұғманның «аяқты аяққа тигізу» жайлы айтқан сөзіне байланысты былай дейді:«Бұл сөздің мағынасы саптыңтүзулігі мен бос орынды жабуды артығымен білдіру, асырып айту, ұлғайтып көрсету болмақ» - дейді. Ал Әнуар Шаһ әл-Кашмири өзінің Бұхаридың Сахихына жазған «Файдул-Бари» атты түсіндірмесінде былай дейді:«Ибн Хажар бұл жайлы «бұл сөздің мағынасы саптың түзулігімен бос орынды жабуды артығымен білдіру, асырыпайту, ұлғайтып көрсету болмақ», - дейді. Иә, расымен детөрт мәзһаб та мұны осылай түсінген... Салафтардан (сахаба, табиғин, атбағут-табиғиндер) жеке намазға қарағанда жамағат намазында екі аяқтың арасы алшағырақ болады дегенін кездестірген жоқпын. Мұны тек кейінгі мәзһаб ұстанбайтындар шығарды». Сосын Кашмири былай дейді: «Тоқ етері, сахабалар мен табиғиндерде жеке намаз бен жамағат намазында екі аяқтың арақашықтығында айырмашылық болады дегенді кездестірмедік. Ендеше, тобықты тобыққа тақаудан мақсат жақын тұру, арада бос жер қалдырмау болмақ. Сосын өзің асықпай ойланып көрші. Иықтармен иықтарды қосқан кезде онымен бірге аяқты жаныңдағының аяғына қосу өзіңді қинап арнайы жаттықтырмастан мүмкін бе? Тіпті одан кейін де мүмкін емес. Бұл кейінгілердің шығарған ісі. Салафтарда мұндай нәрсе жоқ».

Алла елшісі жоғарыда Әбу Дәуітте келген риуаятта және басқа да хадистерде сахабалардың тобықтарының бір-біріне тиіп-тимегендігін емес, иықтар мен көкіректердің бір қатарда болуына, арада бос жер қалмауына, саптың жинақы әрі түзу болуына назар аударған. Сондықтан бос жер қалмайтындай иықтар бір-біріне жанасқаннан кейін екі аяқтың арасы табиғи арақашықтан көп болмауға тиіс. Екі аяқ арасының мөлшері шафиғи мәзһабында бір қарыс, мәлики және ханбали мәзһабатарында көзге ерсі көрінетіндей алшақ емес, орташа болғаны жөн. Ал Ха-нафи мәзһабында екі аяқтың арасы төрт елі мөлшерінде деп көрсетілсе де, бұл барлық адамға бірдей мөлшер емес. Себебі адам денесі әр түрлі болғандықтан, екі аяқ арасының арақашықтығы дененің ірі-кішілігіне, екі аяғының табиғи арақашықтығына қарай өзгеріп отырады. Төрт елі өлшемі бұл екі аяқтың бір-біріне жабыспауы үшін «кем дегенде» мағынасында айтылса керек. Тобықты тобыққа тигіземін деп екі аяқтың арасын табиғи мөлшерден артық ашу құлшылықтың рухына қайшы, Алла алдындағы әдепке теріс. Сондай-ақ жаныңдағы адамның тобығына тобығыңды тақау қиямда тұрған кездің өзінде адам денесінің әр түрлілігі мен ұзын-қысқалығына байланысты қиыншылық тудырса, сәжде кезінде тіптен мүмкін емес. Сәждеден тұра сала қайтадан жаныңдағының тобығын іздеп, әуре болу намазда ойыңды бұзып, көңіліңді қажет емес нәрсеге бұрғызады. Тіпті, жаныңдағының да мазасын алып, құтын қашырады. Сондай-ақ, сапқа тұрғанда тобықты емес, өкшені жаныңдағы адамның өкшесіне тигізу қажет дейтін жаңсақ «пәтуаларды» да естіп қаламыз. Аяқтың табиғи формасы өкшеге қарай кіріңкі болғандықтан, өкшені жаныңдағы адамның өкшесіне, тіпті тобықты тобығына тигізген уақытта жаппай қатардағы адамдардың аятарының басы ішке қарай қисайып, көзге ерсі көрініс пайда болады. Яғни табиғи тұрыстан ауытқуға әкеліп соғады. Бұл әрине шариғаттың талабы емес екені айтпаса да түсінікті.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: