26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қиямда Құран оқу (қырағат) мәселесі

Қиямда Құран оқу (қырағат) мәселесі

Намаз

«Қиямда» тік тұрып, парыз намаздарының «әуелгі екі рәкәғаттың» әрқайсысында, ең аз дегенде, қысқа болса – үш аят, ұзын болса, бір аят оқу – парыз.

Бұған дәлел, Құранда: «(намазда) Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар», – делінеді. Осыған сүйеніп, Әбу Ханифа жеңіл келген бір аят оқу парыз десе, Имам Әбу Юусуф пен Имам Мұхаммед үш қысқа аят не бір ұзын аят оқу парыз деген. Демек, Құран аяты мүлдем оқылмаған намаз құлшылық болып саналмайды.

Хадистен дәлел келтірер болсақ, Сахих Бұхариде келтірілген хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір кісіге намаз үйретіп жатып, былай дейді: «Намазға тұрғаныңда ифтитах тәкбірін ал. Кейін Құраннан жеңіл келгенін оқы да рукуғқа бар, руғуғты толығымен жаса!...». 

1.Намазда «Фатиха» сүресі мен қосымша (зам) сүре оқу (кемі қысқа үш аят) – уәжіп. Екеуінің біреуі оқылмай қалса  (Фатиха мен зам сүре), намаз соңында сәһу сәждесін жасау керек.

Бұл жайында Рифаға ибн Рафиғ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегенін риуаят етеді: «Намазға тұрғаныңда құбылаға бет түзеп, тәкбір айт. Кейін «Фатиха» сүресін және Алланың қалауымен бір сүре оқы!...». (Сахих)

Бұхари және Мүслимде риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Фатиха сүресін оқымаған адамның намазы жоқ», – дейді. Яғни, «Фатихасыз» намаз толық әрі кәміл болып есептелмейді. Аталмыш хадиске және өзге де осы тектес хадистерге сүйене отырып, кейбір мәзһаб ғалымдары «Фатиха» сүресін оқу парыз деген тұжырым жасаған. «Фатиха» сүресі оқылмаса, намаз бұзылады» деген. Дегенмен, жоғарыда келтірілген «Сахих Бұхаридегі» 724 нөмірлі хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір кісіге намаз үйретіп жатып, былай дейді: «Намазға тұрғаныңда ифтитах тәкбірін ал. Әрі Құраннан жеңіл келгенін оқы да рукуғқа бар...».

Егер Фатиха сүресін оқу парыз болса, Пайғамбарымыз міндетті түрде оған «Фатиханы оқы», дер еді. Ханафи мәзһабында аталмыш екі хадисті ұштастыра келе: «Намазда қандай да бір аят немесе сүре оқу – парыз, ал «Фатиха» сүресін оқу – уәжіп», деп, үкім шығарған. Бұдан байқағанымыздай, намазда «Фатиха» оқылмайтын болса, намаз бұзылмағанымен толыққанды ғибадат болып саналмайды. Тирмизидің «Сүнәнінда» Әзірет Әли былай дейді: «Фатиха» оқылмаған барлық намаз – толық емес». Мұнда намаз бұзылады демеген, «толық емес», деп тұр.  Бұл да «Фатиха» сүресін намазда оқу уәжіп екендігінің дәлелі.

Үш немесе төрт рәкәғатты парыз намаздарының әуелгі екі рәкәғатында ғана «Фатиха» сүресі мен қосымша сүре оқу – уәжіп, ал қалған рәкәғаттарында «Фатиханы» оқу – сүннет.

 Сахих Мүслім атты хадис жинағында риуаят етілген хадисте сахаба Әбу Қатада (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бесін мен екінті намаздарының әуелгі екі рәкағатында «Фатиханы» және (онымен қоса) бір сүре оқитын, кейде оқып жатқан аятын естіртетін. Ал, қалған екі рәкәғатында «Фатиханы» ғана оқитын».

Бұл хадис «Сахих Бұхариде» де келтірілген.

Үтір, нәпіл және сүннет намаздарының барлық рәкәғаттарында «Фатиха» мен қосымша сүре оқу – үәжіп. Тирмизи «сүнәнінда» риуаят еткен хадис бойынша, сахаба Әбу Сағид (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына сөзін келтіреді: «Намаздың кілті – дәрет. Тахримі – тәкбір. Намаздың соңы – сәлем беру. Парыз намаздарында және өзге намаздарда (нәпіл, сүннет, үтір) Фатиха сүресі мен қосымша сүре оқымаған адамның намазы жоқ (кемел әрі толық емес)». (Хасан) 

Имамға ұйыған кісі де іштей Құран оқи ма?

Имамға ұйыған адам (муқтади) «Сәнә», «тәшәһ-һуд» сынды дұғаларды ғана іштей айтып, «Фатиха» және қосымша сүре оқымайды. Бұған Ханафи мәзһабынан өзге мәзһәб ғалымдары да келіседі. Айталық, Абдуллаһ ибн Уәһәб, Мәлики мәзһабы ғалымы Әшһәб және табиғин Ибн Мусәйяб, т.б. Бұл мәселе төменде келтірілген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде де айтылған.

«Сахих Мүслимде» риуаят етілген №577 хадисте сахаба Саид ибн Сәбиттен имамның артында қосылып қырағат ету жайында сұрағанда, Ол (р.а.): «Еш жерде имамның артында қырағат ету деген жоқ», – деп, жауап берді.

Сондай-ақ, «Сахих Мүслимде» келтірілген деректе Сахаба Имран ибн Хусайн былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізге бесінде ме, жоқ екінді де ме, имам болып, намаз оқыды. Намаздан кейін бізге қарап: «Қайсысың артымда тұрып «Сәббихисма Раббикәл әълә» деген?» – деп, сұрады. Ұюшылардың бірі: «Мен едім, бірақ, жаман ойым болған жоқ», – деп, жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз: «Қайсысы менімен жарысып тұрған, деп, ойлап қалдым», – дейді өзгелердің имаммен қоса жармасып оқып тұруын дұрыс көрмей.

Хадисші Тирмизиде «сахих жолмен» жеткен бір риуаятта сахаба Жәбир ибн Абдулланың мына сөзі келтірілген. Ол (р.а.) былай дейді: «Кім де кім бір рәкәғатта болсын, Фатиха сүресін оқымаса, намазы жоққа есеп. Тек Имамның артында тұрса, оның жөні басқа». (Хадис Хасан және Сахих). 

 Дарақұтнидің «Сүнәнындағы» сахаба Әбу Дәрданың мына сөзі риуаят етіледі: «Бір кісі Пайғамбарымыздан: – Барлық намазда қырағат етіле ме? – деп сұрағанда, "Иә"  деген жауап естіді. Сонда жаңағы кісі: «бұл маған міндет болды» дейді. (Әбу Дарда) Сол кезде жұртқа қарағанда, мен Пайғамбарымызға ең жақынырақ тұр едім, Ол кісі (с.а.у.) маған бұрылып: – Алайда қашан жамағат имаммен бірге оқыса, оның оқығаны жеткілікті», – деген еді.

Имам Мәліктің «Әл-Муатта» атты хадис кітабындағы риуаятта сахаба Абдулла ибн Омардан (р.ғ.): «Имамның артында тұрған адам қырағат ете ме?», – деп сұрағанда Ол (р.а.): «Кім де кім имамға ұйып, намаз оқыса, имамның қырағат етуі жеткілікті. Ал, оңаша оқыған кезде қырағат етсін»,– деп, жауап берген. Сахаба Абдулла ибн Омар имамның артында тұрғанда қырағат етпейтін.

Жоғарыда келтірілген хадистердің барлығы имамға ұйыған кісі іштей «Фатиха» және қосымша сүрені  оқымайтындығына дәлел бола алады.

Кей ғалымдар сахаба Әбу Һұрайра мен Айша (Оларға Алла разы болсын) анамыздан риуаят етілген: «Фатиха» сүресі оқылмаған намаз толық емес» деген хадиске сүйеніп, имамның артындағы жамағат та оқуы керек дегенді алға тартады. Алайда, аталмыш хадис оған дәлел бола алмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл өсиетін намазды оңаша оқитындарға қаратып айтуы мүмкін. Бұлай деуімізге Ақиық сардардың (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) өзге хадисінде: Сахаба Жәбирдің (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім имамға ұйыған болса, имамның қырағат етуі –  оның да қырағаты болып есептеледі», – деген.

Әнас ибн Сириннің риуаяты бойынша, Омар ибн Хаттаб: «Саған имамның оқуы жеткілікті», – деген. «Фатиха» оқымаған адамның намазы жоқ» деген хадиске Имам Ахмад ибн Ханбал: «Бұл хадис өз бетінше оңаша оқитындарға қатысты айтылған», – деп, түсіндірме берген.

Кешігіп келіп, имамға ұйыған адам (мәсбуқ) имам сәлем бергеннен кейін орнынан тұрып, оқылмай қалған рәкәғаттарында «Фатиха» және зәм (қосымша) сүрені оқиды. Өйткені, ол өз бетінше оқитындардың қатарынан саналады.

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: