26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаздың жамағатпен оқылу үлгісі

Намаздың жамағатпен оқылу үлгісі

Намаз

Жамағаттың әрбірі имамға ұюға ниет етеді. Мысалы: «Бүгінгі бамдат намазының парызын өтеуге ниет еттім. Ұйыдым имамға». Одан кейін имам қолдарын көтеріп, жария түрде «Аллаһу әкбар» деп намазға бастайды.

Жамағат қолдарын көтеріп, құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, имаммен бірге намазға бастайды. Имам мен жамағат «субханаканы» жасырын оқиды. Имам құпиялай ә’узу мен Бисмиллаһты оқып, әрі қарай жариялай «Фатиха» және қосымша сүре оқиды. Имам бамдат, ақшам және құптан намазының алғашқы екі рәкатында және үтір намазының үш рәкатында, жұма мен айт намазының барлық рәкаттарында «Фатиха» мен оған қосымша аяттарды жамағат еститіндей жария оқиды. Және тәкбірлер мен «сами’ Аллаһу лимән хамидаһты» және де сәлемді жария айтады. Ақшам намазының үшінші және құптан намазының үшінші, төртінші рәкаттары мен бесін, намаздыгер намаздарының барлық рәкаттарындағы тәкбірлер мен «сами’ Аллаһу ли мән хамидаһ» сөзін және сәлемдерді жария түрде, ал «субханака» мен қырағатты құпия оқиды. Имам бамдат намазының алғашқы рәкатындағы аяттарды, екінші рәкатта оқитын аяттардан екі есе көп оқу керек. Бұл – сүннет.

Жамағаттың алғашқы рәкатқа жетуіне көмектеседі. Жамағат тәкбірлерді құпия айтады. Имам рүкүғтен тұрған кезде жариялай «сами’ Аллаһу лимән хамидаһ» деп, құпиялай «Раббәнә уә ләкәл-хамд» дейді. Имам Ағзамның басқа бір риуаятында имам «Раббәнә ләкәлхамдты» айтпайды. Жамағат құпиялай «Аллаһумма Раббәнә уә ләкәл-хамд» немесе «Раббәнә уә ләкәл-хамд» дейді. Одан әрі рүкүғ пен сәждеде бәрі бірге құпиялай тәсбихтарды айтады. Имам сәлемді жария түрде, жамағат құпия түрде береді. Имам да, жамағат та «әминді» құпиялай айтады. Имам сәлем бергеннен кейін мына дұға оқылады. «Аллаһумма әнтәс-сәләәм уә минкәс-сәләәм тәбәәрактә иәзәл-жәләәли уәл-икрәәм» дейді. Мағынасы: «Аллаһым! Сен сәлемсің. Сәлем сенен. Сен күллі нұқсандық атаулыдан пәксің. Дүние мен ақырет сәлеметі мен бейбітшілігі сенің көмегіңмен ғана болады. Нағыз қасиетті, Сенсің. Ей, құдірет пен жомарт иесі, Раббым» Бұнан кейін имам мен жамағат құпиялай «Аятулкүрсіні» оқиды да, отыз үш рет «Субханаллаһ», отыз үш рет «Әлхамдулилләһ», отыз үш рет «Аллаһу әкбар» тәсбихатын жасайды. Бұдан кейін: «Ләә иләһә иллАллаһу уахдаһу ләә шәрикә ләһ. Ләһул-мулку уә ләһул-хамду уә һуә а’лә күлли шәй’ин қадиир» дұғасын оқып, имам мен жамағат дұға жасайды. Мағынасы: «Аллаһтан басқа құдай жоқ. Ол – жалғыз. Оның теңдесі мен серігі жоқ. Күллі мүлік иесі – Ол ғана. Мадақ Оған лайық. Ол барлық нәрсеге күші жетуші, аса құдіретті». Жеке намаз оқығандар да осыны оқи алады.

материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: